ТАҒЫЛЫМДЫ ТҰЛҒА

ТАҒЫЛЫМДЫ ТҰЛҒА

 

Қадыров Ж.Т.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ

Zhkadyrov_777@mail.ru)

 

 

Қазақтың әдебиеттану ғылымы әл-Фарабилер қаңқасын құрып кеткен алып алтын орда. Кейінірек бұл орданың босағасын Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынұлы секілді тау тұлғалы ғалымдарымыз бекемдеді. З. Қабдолов, З. Ахметов, С. Қирабаев, Т. Кәкішұлы секілді бір топ ғалымдар легі орданың керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетті. Бүгінгі таңда бұл қара шаңырақты шайқалтпай, қайта оны өркендетіп, түтінінің түзу ұшуына сеп болып отырған ғалымдарымыз аз емес. Солардың бірі – Негимов Серік Нығметоллаұлы. Оның есімі еліміздің ғылыми жұртшылығы мен педагогиқалық қауымына кеңінен таныс. Ол өзіннің ғылыми еңбектерімен және педагогикалық қызметімен ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуына және білім беру ісіне елеулі үлесін қосып келеді. С. Негимов – 10 монографиялық зерттеулер мен үш оқу құралының және жеті жүзге жуық ғылыми, әдеби- сын мақалалардың авторы. Ол – 20 кандидаттық және 1 докторлық диссертацияға жетекшілік жасап, жас ғалымдар дайындауда соңынан шәкірт ергізген ұстаз-ғалым.

Ғалым 1948 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ш.Уәлиханов ауданы, Қулыкөл ауылында дүние келген. Алғашқы еңбек жолын Шапай орта мектебі жанындағы интернатта тәрбиеші, құрылыс учаскесінде жұмысшы болып бастайды. 1972 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін тәмамдап, сол жылы ҚР ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға лаборант қызметінен бөлім меңгерушісіне дейінгі еңбек сатысынан өтеді. 1992-1997 жылдар аралығында Қазақ Қыздар мемлекеттік педагогика институтында Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 1997-1999 жылдар аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің кафедра меңгерушісі, 2000- 2005 жылдары ҚазМҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, 2005 жылдан

 

бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінде құрметті профессор, білікті ұстаз секілді жауапты қызметтер атқарады.

С. Негимов ғылыми ортада аса белгілі есім. Ол ұлттық әдебиеттану ғылымның дамуына, өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан әдебиеттанушы ғалым. Профессор С. Негимов кемел ой мен терең білімнің иесі, дарынды, өз ісіне адал еңбекқор ғалым, жоғары мәдениетті, адамгершілік рухы биік азамат ретінде өз шәкірттеріне, кейінгі жас ғалым ұрпаққа өнегелі және тағылымды тұлға.

С. Негимовтің қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына салған салымы мол. Ол қазақтың халық ауыз әдебиетін, жыраулар, сал-серілер мен ақындар поэзиясын, шешендік өнер турасында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 700-ден аса ғылыми, әдеби-сын мақала мен рецензиялар, ғылыми зерттеу еңбектерін жазып шықты. «Жамбыл және қазіргі қазақ поэзиясы» (1975), Шашубайдың (1984), Доскейдің (1986), Мәлік Ғабдуллиннің (1985) шығармаларын және «Ардақ» (1989), «Ақ бата» (1992), «Ақ бата – ақ тілектер» (2003) жинақтарын топтастырып, жалпы 25-тей том құрастырып шықты. Оның «Әдебиеттану» терминдерінің сөздігі әдебиеттану ғылымында аса құнды еңбек. Ғалымның еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымында өз бағасын алған. Әсіресе, «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі» (1991), «Өнерпаздық өрнектері» (1996), «Шешендік өнер» (1997), «Ақын- жыраулар поэзиясы: Генезис. Стилистика. Поэтика» (2001), «Қазақтың сал-серілері» (2005), «Әдебиет әлемі» (2008), «Таным мен пайым» (2009), Серік Негимов шығармалары. Зерттеулер. Т. І-ІІ. (2015), Ақын Сәрінжіп Әзбергенұлы және оның заманы (2015) секілді еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымына зор серпіліс әкелді. Аталмыш еңбектер біздің университетіміздің де оқу бағдарламасына енгізіліп, болашақ тіл мен әдебиет мамандарын даярлауда қолданылады.

Өнер – адамзат баласы ойлап тапқан ең ұлы дүние. Ал өнердің ең сұлу, ең көркем түрі – сөз өнері. Тарихқа көз тастасақ әр халық өзінің дүниеге деген көзқарастарын, салтын, тарихын қағаз бетіне түрлі трактаттар түрінде түсіріп, картиналармен әрлеп, мүсіндермен беріп, сол арқылы сақтаған. Ал қазақ халқы болса дүние турасында ойларын, еркіндікке ұмтылған жан аямас күресін, үмітін, ғасырлар бойы басынан өткерген тарихын, жылнамасын «сөз өнеріне», «өлең өнеріне» сыйдырған. Және бұл өлеңдерді ақын, сал-сері, жыршы, термешілер арқылы дүйім халыққа ауызша таратып, оларды өміршең етті. Бұл да болса қазақ халқының санасы мен қиял әлемінің аса дамығандығының көрінісі. С. Негимовтің қазақ өлеңін зерттеуінің сыры осы болса керек. Оның «Өлең өрімі» атты еңбегінде қазақ өлеңінің ерекшеліктері көрсетіліп, оның жасалу тәсілдері талданады. Ғалым қазақ өлеңінің жасалуындағы негізгі үш дүниеге баса назар аударады. С. Негимовтің бұл еңбегін оқу арқылы, қазақтың сөз өнерінің қандай жоғары даму сатысына жеткенін көруіңізге болады. Өлең құрылысының, ұйқасының мінсіздігі, дыбыстардың үйлесімділігі мен әуезділігі қазақ өлеңінің ерекшелігі. Ғалым сонымен бірге, ақын- жыраулар поэзиясының бейнелілігін де талдап көрсетеді. С. Негимовтің зерттеулерінің дені қазақтың сал-серілеріне арналған. Ғалым есімдері алты алшқа белгілі Ақан сері, Сегіз сері, Орынбай, Біржан сал, Доскей, Үкілі Ыбырай, Естай, Шашубай, Мәди секілді ақындармен қатар, әлі де болса зерттеулерді қажет ететін Құлтума Өтемісұлы, Қанапия Басығарұлы, Кенішбай Жұбандықұлы, Қалқа Жапсарбайұлы, Тайжан Қалмағанбетұлы, Майасар Жапақұлы, Болман Қошабайұлы, Ғазиз Файзоллаұлы секілді бір топ ақындардың шығармашылығын зерттейді.

С.Н. Негимов өзін іскер, әділ, ұйымдастырушылық қабілеті зор басшы ретінде танытты. Талапты да талантты жастардың ғылымға келуіне қамқорлық жасады, адал да өнімді еңбегімен кафедра мерейін көтеріп жүрген оқытушыларды танып, бағалай білді.

 

Кафедраның оқу-әдістемелік, ғылыми, тәрбие жұмыстарына жаңа серпін беріп, қарышын кеңейтті, адымын нығайтты, бойға сенім ұялатты. Бүгінгі күні «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ғылым кандидаттары мен магистранттарының ғылыми дәрежелі болуына С.Н. Негимовтің сіңірген еңбегі зор. Сондай-ақ, «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтарында   оқитын   магистранттар   мен   студенттер    «Әдебиеттануға   кіріспе»,

«Әдебиет теориясы», «Көркем мәтін теориясы», «Шешендік өнер», «Қазақ әдебиетінің тарихы» пәндерінен ғалымның «Әдебиеттану» терминдерінің сөздігі, «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі», «Өнерпаздық өрнектері», «Шешендік өнер», «Ақын-жыраулар поэзиясы:  Генезис.  Стилистика.  Поэтика»,   «Қазақтың  сал-серілері»,   «Әдебиет  әлемі»,

«Таным мен пайым» атты ғылыми-зерттеу еңбектерін оқу үрдісінің барлық түрінде қолданылады. Университетіміздің кітапхана қорында С. Негимовтің 13 ғылыми-зерттеу еңбегі бар. Яғни, ғалымның еңбектері оқытушылар, мектеп мұғалімдері және білім алушылар арасында кең қолданыста. Сондықтан да болар, осындай қамқор аға, тәлімді ұстаздың аз уақытта қалыптастырған қаншама игі істерін кафедра ұжымы ерекше құрметтейді.

Филология ғылымының докторы, профессор С.Н. Негимов – қазіргі әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар көрнекті тұлға. Оның ғылыми еңбектерін, зерттеу-сын мақалаларын оқи отырып, терең білімділікті, ғылыми сарабдалықты, көп қырлылықты және әдебиетке деген адалдықты, дарын иелерін бағалаудағы тазалығын байқаймыз. С.Н. Негимов ешқашан арзан, жасық, әлі толық аяқталмаған, айтарын айта алмаған шала- жансар еңбектерге көтермелеп баға бермейтін талғампаз, әділ сыншы. Бойына біткен тектілік оның әрбір ісінен, сөйлеген сөзінен, айтқан ойынан көрінеді.

Өзінің саналы ғұмырын ғылыми зерттеу жұмыстарына, студент жастарды тәрбиелеуге, жас ғалымдарды ғылым әлеміне жетелеуге арнаған С. Негимов  әрқашан көңіл көкжиегімен ұрпақтың ертеңін бүгіннен ойлаған сан қырлы тұлға.

«Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы ұстайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп… қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген кемеңгер ғалым әл-Фарабидің ұстаз туралы айтқан әр сөзінен Серік ағаның тұлғасын көреміз.

Қызметте адал, ғылымда талапшыл ғалым – ұстаздың белгілі бір мәселе, тақырып тұсында немесе ұлттық ғылымның жалпы мәселелері туралы талқылау кезінде адалдығы, іскерлігі, тазалығы танылып тұратын. Ол үнемі игілікті істерімен, асыл да адами қасиеттерімен, әділдігімен, ғибрат кеңестерімен жас маманды және жас өркен студент жастарды тәрбиелеуде бар қажыр-қайратын жұмсап, кішілік пен кісілік ұлылықтың  белгісі екендігін тағы бір жарқырата көрсеткен еді. Профессор С. Негимов ғылыми ортада биік азаматтылықтың, кемел ой мен терең білім иесі, өз ісіне адал, еңбекқор, жоғары мәдениетті, адамгершілік рухы биік азамат ретінде құрметтеледі.

Ер еңбегі ел алдында елеусіз қалмайды. С. Негимов Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылары мен Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР білім беру ісінің үздігі, Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы, «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл», Ы.Алтынсарин, Қанжығалы қарт Бөгенбай медальдарының иегері, Мәдениет қайраткері, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі» үшін төсбелгісінің және «Қазақ тілінің жанашыры» Құрмет белгісінің иегері,

 

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының Құрметті Азаматы, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры.

Өмір адамға бір ғана мәрте беріледі. Ол өмірді ғылымға, ұстаздыққа арнау – үлкен ерлік десек қателеспейміз. Себебі, ғылым жолында сапар шегу үшін адамға үлкен жүрек, болаттай берік мінез, қажымас қайрат, ерен еңбекқорлық керек. Қазақ әдебиеті секілді үлкен қорды игеріп, оның тарихында қалу екі есе үлкен қажырлықты талап етеді. Ғылым кәсіп емес, өмірлік мақсат дейтін болсақ, Серік Негимов ағамыздың еңбек, ғылым жолына қарап, бұл мақсаттың орындалғанын көруімізге болады. Әйтсе де, ғалым ағамыздың әлі де болса ашар жаңалығы, жазар еңбегі мен тәрбиелейтін шәкірттерінің мол боларына бек сенеміз! Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Ғылым аспандағы күн секілді жарығы зор дүр. Әркімнің терезесіне қарай сәулесі түседі. Ғылым – ұшы жоқ ұзын, түбі жоқ терең дария. Әркімнің ыдысына қарай суы құйылады»,- деген екен. Ендеше Серік Негимов ағамызды мерейлі 70 жасқа толуымен құттықтап, оның ғылым көгіндегі жұлдызының жарық болуын тілейміз.

Серік Нығметоллаұлы мен үшін тағылымды тұлға, ұстаз. Өмірімнің тарам-тарам жолдарының бір тармағы ұстазыма апаратын жол түскеніне бүгінгі күні ризашылықпен айтамын, сонау 1993 жылы ұстазым Аманжол Ыдырысұлы Көкшетау қаласында Ақан серінің тойында Серік Негимовпен кездестіріп таныстырған еді. Мені жас ізденуші ретінде бетімнен қақпай аспирантураға шақырғаны да есімде. Сол жетекші болып тағайындалған күндерден бастап Серік Нығметоллаұлымен ғылым жолында біргеміз. Әлі күнге дейін ғылыми еңбектеріме пікір жазып, ақыл кеңесін беріп, қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ, Кенжекей апайымыз да қиналған сәттерімде нұрлы, мейірімді жүзімен үйінде қарсы алып, берекелі дастарханын, сырға толы шайын ұсынып, жылы сөзімен әрдайым алға жетелеп отырды. Сондықтан, бүгінде ұстазымның ғана емес апайымның да арқасында үлкен жетістіктерге жеттім деп ойлаймын. Осынау мерейлі тойда Серік Нығметоллаұлы мен Кенжекей апайыма зор денсаулық, ұзақ өмір, бала қуанышын тілеймін.

 

 

 

Әдебиет:

  1. Қаратаев М. Қайта қарауды қажет ететін мәселе // Қазақ әдебиеті, 10 август, 1956, 3 б.
  2. Қоңыратбаев Ә. М. Ж. Көпеев лирикасы // Қазақ әдебиеті, 19 июнь, 1959, 3 б.; Базарбаев М. Қазақ әдебиет тарихын зерттеудің кейбір мәселелері // Қазақ тілі мен әдебиеті, 10, 1958, 31-39 б.; Сүйіншәлиев Х. Ғылыми мәні зор еңбек // Қазақ әдебиеті, 2 декабрь, 1980, 3 б.; Әуезов М. Әдеби мұра және оны зерттеу. – А., 1961. – 358 б.; Кенжебаев Б. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. – А.: Мектеп, 1976. – Б. 63-65; Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. –А.: Жазушы, 1970. – Б. 7-10.
  3. Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. – А.: Жазушы,1970.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *