С. НЕГІМОВТЫҢ ӘДЕБИ ТҰЛҒАСЫ
А.Қ. Тұрышев, Ш.Ж.Тұрышева
(С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті)
Серік Негімовты мен 1993 жылдан білемін. Серік Негімов — ф.ғ.д., профессор келеді, дәріс оқиды, шақырдық деді кафедра меңгерушісі Е. Өтебаев. Ия, ұзын да емес, қысқа да
емес, тапал да емес, нағыз сұңғақ келген, адамға мейірмен қарайтын, қарағанда тікелей қадала көзі үлкейіп, бар пейілімен қарайды екен, ғалым келді. Студенттерге дәріс оқуға кірісті. Дауысы жұмсақ, әдебиетті шемішкеше шағатын, теорияға да барады, шешендік сөздерді жатқа соғады, баталардың түр-түрін айтады, және айтып қана қоймайды екен, мәтін ішіндегі ескіліктерді түсіндіріп, мәнін-мазмұнын ашып, жан-тәнімен беріле түсіндіреді. Студенттер де, біз де Секеңді жақсы көріп кеттік. Кейін тағы 1993 жылыС. Торайғыровтың 100 жылдық мерей тойына қатысып, баяндама жасады. Сөйтіп жүріп достасып кеттік. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевке арнап халықаралық, республикалық конференциялар ұйымдастырып Сәкең сол шараның бел ортасында жүретін болды. Сол С. Торайғыров конференциясында менің «Таныстыру», «Айтыс» (қала ақынымен дала ақынының айтысы) турады баяндамам жарияланды. Секең менің «дала заңының конститутциясы» — деген пікірімді көпке дейін ұмытпай айтып жүрді. Секеңнің бір ауыз сөзіне «Қаз тойғанына семірмейді, орғанына семіреді» — деген риза болып, кәдуескідей марқайып қалдым. Секең мәшһүртауға зор еңбек сіңірді, «Егеменді Қазақстан» газеттерінде ақын жөнінде құнды-құнды мақалалары жарияланды. Мінекей, Серік Негімов
- сияқты дара тұлғаға біздің берер ықыласымыз да кездейсоқ емес екен. Серік Негімовтың қолымызда «Өлең өрімі» деген зерттеу еңбегі бар. «Өлкетану өлкесінде» деген тарауында: Интонацияның ішкі иіріміне тоқталады. Интонация жүйесінің ауызекі сөйлеу теориясында (теория публичной речи) көңіл бөлген. Шешендік өнерін құрметтеген арнаулы мектептер көне Греция мен Римде болғаны баршамызға аян. Олар интонациялық құбылыстың белгісі есебінде мыналарды таныған: 1) сөйлеу методикасы, 2) пауза, 3) сөйлеудің шапшаңдығы немесе баяулығы, 4) бұтақталып мүшеленуі, 5) ырғақ, 6) сөйлеудің барысы (потоки речи) — деп интонацияның алғы шарттарын жіліктеп береді. Ахмет Байтұрсынов осы — мәселелерге қатты мән берген. «Сонадай-ақ сөздің өлең болып, көңілге ұнап, реттілігінен туатын қасиет сөзді айтқан кезде сағаттың шық-шық жүргені сияқты, тамырдың бүлк-бүлк соққанының арасы қандай бірдей болса, сөз сөйлегендегі дауыс ырғақ-ырғағының арасы да сондай бірдей болады. Сөйтіп дауыс ырғақ-ырғағы сөзді бірдей-бірдей буынға бөледі. Сондықтан сөз табиғи негізінде қамыс сияқты бунақ-бунақ буыны бар нәрсе болып шығады және де сөздің буындары бір қалыпқа құйып шығарған кірпіш сияқты бірдей деп білуіміз керек. Сөйлем сөзден құралатын нәрсе болғандықтан, сөз ішіндегі буындар, ырғақтар, сөзбен бірге түгелімен сөйлемге кіреді. Өлең сөйлемдерінде сөз ырғақтарының үстіне өлең ырғақтары қосылады. Өлең ырғағы жорға жүрісінің тайпалуы, теңселуі сияқты екінші өңдіырғақ болады. Бұл ырғақ сөйлемдердің ішіндегі буын санының бірдейлігімен, кестеленуінің реттілігімен, сөздердің әуездес ұқсастығымен келетін ырғақ. Буын ырғағынан өлең ырғағын айыру үшін бұл ырғақты жорғақ деп атаймыз» — дейді [1, 189 б.]. Демек, өлеңге қойылатын талапты А. Байтұрсынов нақты айтып, жазып отыр деуге әбден болады.С. Негімов келесі тарауда қазақ өлеңдерінің интонациялық және мелодиялық табиғатын қарастырады. А. Байтұрсынов «мелодия» дегенді әуезділігі деп алғанға ұқсайды. «Сөйлеу әуезділігі буын екіпіні мен сөз екпіні қолайлы орналасуынан болады. Әуелі буын екпіндерінің арасы тым жақын келсе, я алыс келсе әуезділігінде кемшілік болады. Тым жақын болып келу өңшең қысқа сөздер бір өңкей келгенде болады да, тым алыс болып келу өңшең ұзын сөздер бір өңкей келгенде болады. Сөйлеу әуезділігі түрлі сөздердің үндері орайласып ұнамды құралуынан болады. Олай құрастыру сөйлеушінің яки жазушының шеберлігін талғайды. Сөздің кестесін келтіріп айту деген сөз Абайдың «тілге жеңіл» деген сөзі. Бұлардың бәрін сөйлеу әуезділігіне тиісті сипат туралы айтылған сөздер. Сөз кестесі келсе, құлаққа жағымды болады, құлаққа жағымды болуы әуезділік болады. Сондықтан да ондай сөздердің сөйлемдері өрнекті сөйлемдер деп аталады.
Өрнекті сөйлемдердің өлеңдісі де, өлеңсізі де болады. Өлең біткеннің бәрі әуезді сөйлеу тобына жатады.» — дейді [1, 179 б.]. Негімовтың өзі «Халық өлеңінің құрылысы. Ол дыбыс әуезділігіне сүйенеді» — деп жазды [2, 18 б.]. А. Байтұрсыновтың «Сөздің әуезділігі ішіндегі дауысты-дауыссыз дыбыстар оңтайлы орналасуынан болады» [1, 179 б.] — деген сөзін басшылыққа алғаны айдан анық. Профессор Негімов Интонациялық көріністі қаратпа сөз, психологиялық, логикалық екпін арқылы жасалатынын айтады. Ол жазба әдебиетте бунақ құрайтын буын санының әр қилылығына орай және сөз жігіне сәйкес өлең интонациясы түрленіп отырады деген. А. Байтұрсынов: «Өлеңнің жорғағы тіл табиғатына қарай түрлі жолмен келеді. Сөзден өлең жасап шығару жағынан тіл үшке бөлінеді: 1. Дауысты дыбыстардың ұзын-қысқалық бар тілдер. 2. Екпін буыны бірыңғай келетін тілдер. 3. Екпін буыны бірыңғай келмейтін тілдер» деп [1, 189]; Аталған мәселелерге қатысты нақты мысылдар келтірген. «Қазақ өлеңі — қашаннан силлабикалық өлең, қазірде солай» — дейді академик З. Қабдолов [3, 276 б.].
С. Негімов қазақ өлеңінің метрикалық жүйесі буынға негізделген. Буын бунаққа, бунақ тармаққа айналып, бір бүтін бөлшек құрайды. Бунақ дауыс ырғағының бірде көтеріліп, бірде төмендеуіне жағдай жасайды. Халық өлеңінің ырғақтық кестесі буын санының бірдейлігімен, бір бүтін бөлшектің тұтастығын сақтайтын бунақ жіктерінің бірдей түсіп, қабысып отыруымен тығыз байланысты. Алайда, сөз салмағы мен бояуына, тыныс-деміне сәйкес, стильдік сипаты мен күйлілік құрлысына орайлас өлеңнің интонациялық өң-әлпеті өзгеріп отырады- деп жазды. Мысал ретінде Иса Байзақовтың
«Ақбөпе» поэмасынан ұқсас екі шумақты талдайды. Зерттеуші Ыбырай Сандыбайұлының
«Жалғызтау», Ілияс Жансүгіровтың «Күйші», ауыз әдебиеті жаңашылдық үлгісін Жамбыл Жабаев жырларынан іздеді. «Импровизатор-ақындар халық өлеңдерінің әуезін, ырғағын, ұйқасымын жоғалтпайды» — дейді Негімов өз сөзінде. Сөз өнері сөз етпейтін сала жоқ. Ол бәрін қамтиды, оған күллі құбылыстар арқау бола алады. Сондықтан да ұйқасушы сөз мейлінше мол келеді. Ұйқас жүйесінде заттық дүние мен адамзаттық дүниесінің құбылыстары кіре алады. Сөйтіп, ұйқас мүшесі әр түрлі сөз таптарынан жасаланыда.
- Зат есім мен етістік ұйқас мүшесі болады: Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлейін десең өзің біл.
(А. Құнанбаев)
- Ұйқас зат есімдерден жасалынады: Дарияның ортасында сіз қоңыр қаз, Қалқама көңілім сүйген айтамын наз.
(Ы. Сандыбайұлы)
- Етістік ұйқастар қазақ өлеңіндегі өнімді әдіс: Адаммен өмір бапталар,
Өмірім сайран, шаттанар. Сексен жыл сақтап Нұрпейіс, Алтын ойды ақтарар.
Жыр асылы басталар, Ортаңа халық орамал Өлеңімен тасталар.
Ғасырдың ұлы тойында, Той бастарың сақтанар.
(Н. Байғанин («Ақын шабыты»)
Әр текті сөз үлгілерінің үндесе байланысуы ұйқас байлығын тудырудың кепілі. Өлеңдегі әуен сұлулығы әр түрлі жолдармен жүзеге асып отырады — деп, тіл білімі саласының да интонацияға қатысты екендігін мысалдар арқылы дәлелдейді.«Шешендік өнер» деген кітабында «Сөздің айтылу және дыбыстау мүшелерінің қызметі» деген тарау алдыңғы кітаптың жалғасы іспетті, толықтыру, кеңінен талдау сияқты көрінеді. Сөйлеу барысында сөйлемнің мән-мәйегін жарқыратып көрсету үшін, сөздің мәнерлі әрі экспессивті баяуын түрлендіріп беру үшін, дыбыстың мейлінше айқын, мөлдір, таза естілу үшін, көркемдік ерекшеліктерін жетік жеткізу үшін шешеннің дыбыстау мүшелері аса жетілген, дамыған болуы керек. Сонда ғана тыңдаушының әдемілік, сұлулық, эстетикалық ой-сезімін оятып, қалыптастырады — деп жазды. Дыбыстау мүшелері — күрделі жүйе. Ол — тыныстау, вибратор, резонатор және артикулятор аппараттарынан құралады. Осылар дауыстың 1) әуезділігіне, 2) орындау жылдамдығына (темп), 3) жоғарылығына, 4) дыбыстың ерекше естілуіне және 5) дыбыстау мүшелерінің қызметіне әсер ететінін айтады[4, 122-125 бб.]. Тағы да А. Байтұрсыновтың сөзіне назар аударсақ. «Шешен сөзде айтушының мақсаты баяндап, сипаттап түсіндірумен қоймай, пікіріне нандыру, сендіру, ұйыту, бұйыту, иман келтіру болады» — деген [1, 222 б.]. А. Байтұрсынов шешендік сөздердің түрлерін беске: Шешендер жиында аузына қаратып, нандырып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығару мақсатымен сөйлегенде — саясат шен сөзі деп аталады. Екінші — шешендер сотта айыпкер адамдарды ақтау, я қаралау мақсатпен сөйлеп, сот билігіне әсер ету үшін айтқан сөздері — билік шешен сөзі деп аталады. Үшінші — Біреудің халық алдында еткен еңбегін, өткізген қызметін айтып, қошеметтеп сөйлеген шешеннің сөзі — қошемет шешен сөз деп аталады. Төртінші — Білімділердің, ғалымдардың пән мазмұнды сөйлегені — білімір шешен сөзі деп аталады. Бесінші — Дін жайынан сөйлеген ғұламалар сөзі, молдалар сөзі — уағыз деп аталады — деп бөліп, талдап берді. С. Негімовта шешендік сөздер кітабын осы — негізге байланысты құрды. Шешендік сөздер кітабында Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Сырымның шешендік өнері, Ақтайлақ би, Бөлтірік шешен сөздері, Абайдың шешендік өнері қамтылып, зерделі тұрғыдан талданғанын байқаймыз. Бұдан әрі профессор Қазақ жұртының тергеу хакімі хақында, Қазақбилерінің жұмыстарды тексеретұғыны турасынан, Бұрынға замандағы қазақтардың билік қылуы, Бұрынғы замандағы билердің билік қылуы, Әлихан Бөкейханов. Би һәм билік, Тағы да би Һәм билік, Шәкәрім Құдайбердіұлы. Би һәм билік туралы, Ахмет Байтұрсынов. Шешен сөз, Мұхтар Әуезов Билер айтысы би, билік туралы айтылған қазақ ғұламаларының шешендік сөз жайындағы ойларын, пікірлерін пайымдаған, жан-жақты қарастырған, үлкен ой түйгені көрінеді.
Атақты Жанқұтты шешен Абайды бозбала шағында көріп, ақыл ойын, білім-білігін, таным-өресін текесереді.
-Шырағым, дүние неге сүйенеді? — деп сұрайды Жанқұтты шешен. Абай лезде:
-Дүние үмітке сүйенеді.
-Көздің көрмесі бола ма?
-Көз қабағын көрмейді.
-Шам жарығының түспесі бола ма?
-Шам жарығы табағына түспейді.
-Болат пышақтың кеспесі бола ма?
-Болат пышақ өз сабағын өзі кепейді.
-Тамағына тартпайтын мақлұқат бол ма?
-Өз тамағына тартпайтын мақлұқат болмайды,- дейді бала Абай.
Жанқұтты шешен осы ойларыңды өлең сөзбен кестелеші дейді. Сонда Абай:
Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы, Талпынған мен балапан ұядағы, Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем, Дүниенің жалғыз үміт тиянағы, Көз көруі жатпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табағына,
Өз сабын болат пышақ өзі кепес
Мақұлқат тартпай қоймас тамағына, — депті.
-Ата, арзан не, қымбат не, даусыз не? — деп, тосыннан сауал қойыпты Абай.Оқыста Жаңқұтты: -Шырағым, арзан — өтірік, қымбат — шындық, даусыз — кәрілік емес пе, жанарыңның оты бар екен — ақындығың шығар, маңдайың жарық екен — ойлылығың шығар, сөзіңнің нәрі бар екен — елің сусағанда шөлін қандырар бұлағы боларсың — деп фатихасын беріпті.Абай мен Жаңқұтты шешеннің білікті айтысын, ақылды сөз тартысынСерік Негімов кітабында оқтайлы келтіріп, асыл мысалдардар келтіріп, талдап берген. Қ. Жұмалиев: «Сондықтан, Абайдың тілін зерттеу тек кешегі тарихты білу ғана емес, бүгінгі әдебиетімізді білу үшін де негізгі мәселенің бірі» — деген [5, 356 б.]. С. Негімов шешен баяндама жасағанда мыналарды қаперге алған орынды деп: 1.Материал жинау, жүйелейбілу, көздеген мақсат-нысанаға ыңғайластыра, сәйкестендіре алу, композицияның, логика мен психологияның заңдарына, ауызша сөйлеу мен аудиторияның ерекшеліктеріне үйлестіру.2. Сөзді дауыстап айта білу өнерін меңгеру, мінбеде өзіңді-өзің билеу ережесін қатаң сақтау, аудиторияның тілеу, қалауын қабылдау, ескеру.3. Аудиторияның тұтқиылдан қойылған сұрақтарына тапқыр жауап беру, білім-ғылым бәсеке- таласын ұйымдастыра білу — дегенді атап өтеді. Шешен сөйлеуге төселу үшін үздіксіз ойлану, машықтану, үнемі жаттығу, толассыз еңбек керек. Ғылым, өнер, мәдениет майданындағы әйгілі адамдарды бейтаныс аудитория өте жылы қабылдайды. Қоғамдағы орнын, білімділігін, атақ-даңқы яки заңғар тұлғасын бек сыйлайды. әрі оған сенеді.Белгілі аудитория алдында әлі бедел-құрметке ие болмаған шешенге олардың сенімінен шығу үшін көп қажыр-қайрат жұмсау қажет. Не болмаса аудитория есігін тұңғыш рет ашқанда, оны бір беделді адам таныстыратын болса, ісінің оңға басқаны. Шешеннің сипат-белгілерін, қырларын, дарынды ділмәр-шешеннің даралық қайталанбас қасиеттерін, жан мен тәннің қуатын түп-тамырынан қозғау мүмкін емес.
«Бір шешен топты жойқын, буырқанған шабытымен билеп-төстейді, екіншісі жатық, әсем жеткізу шеберлігімен, үшіншісі — әзіл-оспақ, күлкілі, айтқыштық талантымен, төртіншісі — желілі, сабақтас, анық баяндауымен баурайды» — деп жазады В.Г. Белинский[4, 35 б.]. Осы қасиеттер профессор Серік Негімовтан да табылады. ««Әдеби» сөзінің төркінін әдептілікке баулитын «әдеп» сөзімен байланыстырған Ә.Т. Қайдаровтың пікіріне сүйенсек, әдеби тіл, алдымен, сөзді әдепті етіп қолдану, сөз әдебін сақтау, сөзді мәнерлеп, келістіріп айту деген ұғымды білдіреді» — деп жазды Гүлбану Қосымова [6, 6 б.].Олай болса, «С. Негімовтың әдеби тұлғасы» деген тақырыпты таңдағанда осы қағидаларға сүйеніп барып айтқан едік.
Әдебиет:
- А. Байтұрсынов (шығармалары) өлеңдер, аулармалар, зерттеулер. Алматы «Жазушы» 1989, 179, 189, 222 б.
- С. Негімов. Өлең өрімі. Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, Алматы-1980 жыл, 18 б.
- З. Қабдолов. Сөз өнері. «Мектеп» баспасы, Алматы-179 жыл, 276 б.
- С. Негімов. Шешендік өнер. Алматы «Ана тілі» 1997 жыл, 122-125, 35 б.
- Қ. Жұмалиев. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы-1960 жыл, 356 б.
- Г. Қосымова. Шешендік өнердің негіздері. «Баянжүрек» баспасы, Алматы 2007 жыл, 6 б.