«СӨЗ ЖОҚ, СОНЫҢ ІЗДЕРІНДЕГІ» ЖЕКЕ АДАМҒА ТАБЫНУШЫЛЫҚ ЗАРДАПТАРЫ  

«СӨЗ ЖОҚ, СОНЫҢ ІЗДЕРІНДЕГІ» ЖЕКЕ АДАМҒА ТАБЫНУШЫЛЫҚ ЗАРДАПТАРЫ

 

Ф.ғ.к., доцент Құлыбекова Ж.С., ҚТӘ-17 топ студенті Құрметбек А.

(М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті,

19zhanka71@mail.ru)

 

 

Ұлттық әдебиеттің зергері Ғ.Мүсіреповтің «Сөз жоқ, соның іздері» әңгімесі алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің 1962 жылғы 5 қазандағы санында басылып шыққан. Бірқатар сын пікірлер тудырған шығарма жоғары бағаға ие болған. Белгілі С.Қирабаев, Қ.Мырзалиев сияқты әдебиет майталмандарының мақалалары жарыққа шыққан. Туындының бірауыздан қазақ әдебиетіндегі көрнекті құбылыс ретінде танылуының себептері де айқын: әрі тақырыптық, яғни солақай саясаттың адам тағдырын ойыншық

 

етіп, әділетсіздіктің орнауы, әрі кейіпкерлерін сомдауы жағынан автор шеберлігінің көрінуі. Осы екі басты ерекшелік арқылы Ғ.Мүсірепов әңгімесінде дәуірдің  айықпас  індеті мен ауыр трагедиясына айналған жағдай — өзге жазықсыз жандарға қара  күйе жағып, қиянат көрсету, жеке адамға табынушылық культі, сатқындық жасау сияқты сорақы әрекеттер бас кейіпкердің бірі Жантастың аянышты тағдыры мен оған опасыздық жасаған Айдарбектің жексұрын бейнесі арқылы кеңінен баяндалады.

Оқиғалар қатары Жангөбек атты кейіпкердің атынан, бірнеше жылдардан кейін, күз айының бір күнінде Нәзікенді көрген сәтінен бастап, өткенді еске түсіре отырып, қилы өмірлік кезеңдердің сырын аша суреттеледі.

Араға көп жылдар салынса да, Жангөбектің Нәзікенді тануы қиын болған жоқ, сол жас кездерге бір сәтке оралғандай болып, ақ жарқын мінезі де, бойындағы әдебі мен ұяңдығы да таза қалпында қалғандай әсер етеді. Нәзікеннің «ысқаяқтана бастаған саусақтарын», «жұпыны киімін», «реңсіздеу шыққан дауысын» бүге-шігесіне дейін суреттеу арқылы оның тұрмысының қоңыр-төбел, жанының жаралы, тағдырдың аяусыз қыспағына түскені танылады: «Ең алдымен, алты-ақ ай отасып, ұшты-күйлі айырылған жарын – Жантасын есіне түсіреді. Екінші, амалсыздық қыспағында қосылса да, қазіргі жолдасы Айдарбек болғандықтан, бұрын аралас-құраласы бар дос-жарандарының шеттеп кеткенін есіне түсіреді. Нәзікен үшін мұның екеуі де ескірмеген,  егіз-егізек жаралар…Әуелі азғана реңсіздеу шыққан дауысы сөйлей келе ажарланып кетті: әрі алғашқы күйеуін, әрі алғашқы баласын көз алдына әкеліп тұрғаны сезіледі. Сол екеуі жайында ғана сөйлескісі келіп тұр» [1,203-204 бб.]. Алты-ақ ай отасып, ұшты-күйлі айырылған, бұрын аралас-құраласы бар дос-жарандарының шеттеп кеткені дегеннің астарында бір жұмбақтың бар екені, өткеннің суық ызғар-лебі ескендей әсер қалады. Жангөбекпен бірге сол уақытқа кейін шегініп, оқиғаның мән-жайына қанығамыз, кейіпкерлер мен олардың тағдырларына әсер еткен жағдайлардан хабардар боламыз. Осының бәрі уақытқа ретроспективалық тұрғыдан қарауға әкеледі: «Ол бір дарынды туған жігіт еді. Орта, жоғары мектептердің екеуін де ойран-ботқасын шығарып, еркін бітірген кен инженері болатын.Оның ең алғаш жазған «Алтай кендері» деген еңбегіне «Алтай поэмасы» деген алғы сөз жазылып еді. Қазір Жантастың өзі де жоқ. Алтай поэмасы да жоқ. Ана бір жылдары екеуі бірге тұтқындалып кетті. Жантас «барса келместен» қайта алмай, біржола жоғалды да, еңбектері енді ғана басылғалы жатыр» [1,204 б.].

Сталиндік репрессия жылдарында талай жазықсыз жандар итжеккенге айдалып, талай отбасының күл-талқаны шыққаны тарихтан белгілі, бұл – адамзат баласының өзіндей тектестерге өз қолымен жасаған қиянаттарының ішіндегі ең бір сорақы, ешқандай да ақтап алуы мүмкін емес ауыр қылмыстың түрі болатын. Адамды адамға айдап салу, тырнақ астынан кір, адам бойынан мін тауып, түймедейді түйедей етіп көрсету, адамның тағдырын аяқ асты етіп, «халық жауы» атандыра салу — сол заманның сұрқия ойындарының біріне айналды.

Оқиға желісі саяси қуғын-сүргіннің азабын тартып, соның құрбанына айналған Жантас сияқты білімді, дарынды, адал жастардың өмірлері қыршынынан қиылса да, соңында қалған Сейіл сияқты ұрпағының институтты аяқтап, әке жолын қуып қызметке орналасып, арманының жүзеге асатынына меңзегендей.

Алдыңғы шығармалардан аталмыш әңгіменің ерекшелік белгілері — жазушы оларда көбінесе кеңес өкіметі әкелген игі жаңалықтар мен оң өзгерістерді сөз етіп, мақтаныш еткен еді. Сол негізде адамдардың іс-әрекеттері мен көзқарастары да жақсы жағына қарай өзгеретін. «Сөз жоқ, соның іздерінде» жағдай мүлде басқаша, яғни қаламгер заманның аяусыз қанды шеңгелі салған жара мен жарақаттардың соңы трагедиямен аяқталатынын

 

баян еткен. Бұл – кеңестік саясаттың адамдарға қойылған эксперименттерінің бірі болды. Жасанды түрде аштыққа ұшырату, фашизмнің бейбіт елдерді жаппай қырып-жою әрекеттері т.б жантүршігерлік дұшпандық науқандарды атап өтуге болады. Осының бәрін ұйымдастырушы да, жүзеге асырушы да – адам баласының өзі. Міне, автор бұл туындысы арқылы адамзат баласын өткен тарихтан сабақ ала отырып, болашақта соларды қайталамауға шақырғандай.

«Дегенмен, жағымды өзгерістер әкелген социализмнің өзі адамдар жанына, сезімі мен жүрегіне ауыр жара салғаны жазушының назарынан тыс қалмаған. Әлеуметтік әділеттілік бұзылған қоғамда, табиғи-ырғақты дамуынан айрылған елде заңсыздықтың, жүгенсіздіктің, өктемдіктің етек жаятынын еске салады. Тоталитарлық жүйенің қылмыстары және әркездегі басты байлық – адамға, адамның мәдени-имандық ұстанымдары мен құндылықтарына әкелген ойраны он екі беттік «Сөз жоқ, соның іздері» әңгімесінде драмалық, тіпті трагедиялық толғаныспен зерделенген» [2,183 б.].

Уақыттың ащы шындығын баян еткен шығарманың өзектілігі бүгінгі таңда, әсіресе, артып отыр. Социалистік кеңістік, байқап отырғанымыздай, халықтың бәріне бірдей қуаныш пен бақыт әкелмеген, керісінше, қаталдық пен әділетсіздік көрсетіп отырған. Жаппай сенімсіздік, үрей мен күдік белең алған алмағайып кезең еді. Адамдардың гуманистік қағидалардан бас тартып, өзіндік «менін» жоғалтуына, адами кейпінен айрылуына әкеліп соқты, бұл – сол кездегі кеңес өкіметі заманындағы саясаттың басты нұсқауы, оны жұрттың бәрі де бұлжытпай орындауы тиіс еді, кім оған бағынғысы келмесе

  • «халық жауы» ретінде өзі де, ұрпақтары мен туыстары да айыпталды, атылды, жер аударылды, жоққа шығарылып, есімдері аталуға тыйым салынды. Көбі сол саясаттың қолжаулығына айналып, шығармадағы Айдарбек сияқты, өз жолдастарын өздері сатып, қара бастарының қамын ойлап, опасыздық жасады: «Айдарбектің маскүнем болып алғанына мен таңданған жоқпын. Оның болашағы сондай бірдемеге апарып соғарына әр түрлі белгілер ертеден бар еді. Шала оқыған кен инженері, бір мекеменің өндіріс бөлімінің бастығы, ішкі істерді басқаратын облыстық мекеменің өндіріс жақтарын бақылайтын адамы, ГАИ-ды басқарып Гаитанин атанған адам, жасы елуге жетпей-ақ пенсионер болса, ол жүріп кеткен бұраң жолдар да көз алдыңа келуі мүмкін. Сондай бұраң жолды адамның қармағына ілініп қалған Нәзікенге ашуым келе бастағанын сездім.Ең ауыр жарасы осы болса, қаттырақ бір тырнап қалғым келіп:
    • Пенсияға шығуға оған әлі ерте емес пе еді? – дедім.
    • Біле тұра сұрасаң да айтайын, ана жылдары көп жұртты жазықсыздан жазықсыз халық жауы етіп шығарғандар бар емес пе? Айдарбек солардың бірі болып шыққан…Кейін пенсия беріп, жұмыстан босатып жіберген. – деді Нәзікен.

Мен оны аз-ақ шапалақпен тартып жібермедім. Еріндерім жыбырлап, көздеріме ып-ыстық қан құйылып бара жатыр. Денем қалшылдап кетті» [1,207 б.].

Жаңа тақырыпты игере бастаған Ғ.Мүсірепов өз кезінің өзекті мәселесіне уақытында үн қосып, өзге қаламгерлерге де тыңнан жол ашты, себебі саяси, қоғамдық-тарихи мәні бар, халық үшін қаншалықты жақын, үкімет үшін соншалықты қажетсіз саналатын, әрі көп сөз бола қоймаған осындай күрделі тақырыпты қозғаудың өзі де үлкен батыл қадам болатын. «Еліміздегі жеке адамға табынушылық тұсындағы адам айтқысыз сорақылықты, қалың бұқараны ұмытылмас қайғы-қасіретке ұшыратқан шексіз зұлымдықты терең сезіммен, байыпты толғаммен, рухани тебіреніспен суреттеген шығарма – «Сөз жоқ, соның іздері» әңгімесі еді. Символикалық қанық бояулар, өткір детальдар, естен шықпас жарқын суреттер бұл шығарманың идеялық мазмұнын тереңдетіп, көркемдік еңсесін көтеріп тұр»

 

[1,8 б.], — деп ғалым Ә.Нарымбетов атап көрсетпекші, осындай бірқатар ерекшелік белгілері айқын көрінетін шығарма бойында автор қатты алаңдаған өзінің ішкі ой- толғаныстарымен де бөліскендей әсер қалады. Өйткені, Мүсіреповтің өз заманында да тоталитарлық жүйе әбден орнығып, жеке бір ұлттың өз алдына дербес мемлекет ретінде дамуына, бөлек отау болып шығуына жол жабық еді. Сонда қаламгер уақыттың даму жағдайын жіті бақылап, өткеннің тарихын бүгінмен байланыста көркемдік тұрғыдан танытып, болашаққа терең ой тастайды.

Әңгіменің атауында әрине, үлкен астарлы мағына жатқаны сөзсіз. Із қалдыру – тура мағынасында, көбінесе аңдар мен адамдарға да байланысты айтылады. Немесе адамдар соңынан жақсы ісімен, үлгілі сөзімен, тәрбиелі ұрпағымен де із қалдыра алады. Ал шығармада теріс пиғылды Айдарбек соңынан тек жағымсыз іс-әрекеттерге толы із қалдырып кетті,оның зияны өзгеге де, өзіне де молынан тиді, оның салған ойранының іздері сайрап жатыр: «Асфальтты жауып кеткен қырбық қарда екі адамның ізі айқын жатыр. Екеуі де аяқтарын сүйрете басатын адамдар сияқты. Екеуінің аяқ киімдері де түр- сиқынан айрылған, мылжа-мылжа бірдемеге ұқсайды.Кейде қатар түскен, кейде асфальттан тайып кетіп арыққа барып тіреліп, қайта оралған іздер адам жарықтықтың мас кезінде қандай қор болатынын асфальтқа жаза берген сияқты. Бетін ақ қар жапқан асфальтқа жазыпты! Қайда болғандықтары, қандай халде екендіктері сайрап жатыр… Ия, соның ізі…Теріскей шығып алып ұзақ соққан ызғырық дәуірдің ізі, үрей кірмеген үй қалмаған дәуірдің ізі. Сол ызғырыққа қосылып алып бірге ысқырған, қияға шығып алып ысқырған, аяғында сол қиядан құлағанда батпаққа батып кетіп, енді содан шыға алмай қойған әкенің іздері» [1,208-211 бб.].

Осы Айдарбектің жасаған қиянаты досының отбасын да, тікелей өзін де бақытсыз еткені аян. Қызы Сәулемен арада әкелі-балалы адамдар арасындағы жылы сезімдер жоқ. Он үш-он төрттегі қыз баланың бойында сенбестік бар. Бұл бүтін бір отбасының ауыр қасіретіне айналған жайт: «Балғын жастың сеніспеу дәуірінде туып, сенімсіз әкеден түңіле өскені байқалады. Маскүнем адам үй ішіне күнде бір өтірік айтады. Өтірік айтып кетеді, өтірік айтып келеді. Оның өтірігін өңдеймін деп шеше өтірікші болады. Шеше арқылы қыз бала не барлық дүниеге сеніммен қарайтын болып өседі, не болмаса, өмірден тұрақтылық таппай, сенім іздемей, сеп іздеу жолымен кетуі мүмкін. Қыз баланың жүзіндегі із жүрегіне айғыздап түскен көп іздердің сыртқы елесі ғана» [1,211 б.]. Адамға адамның, әсіресе, бұл оқиғадағыдай, ұрпағының ата-анасына сенбеуінен ауыр қасірет жоқ шығар.

Үй ішіндегі жүдеу тұрмыс та отбасы мүшелерінің әбден берекесі кеткенін, бақытсыздық пен сенімсіздік орнаған мекенге айналғанын меңзеп тұрғандай, Жангөбек осы үйді торлап алған көп қасіреттің бір шетіне жанасқандай. «Қан иісі бар, азап үні бар, Жантастың тартқан азабы мен төгілген қанына ортақ үйде» үміт етерлік жарық – Сәуле, себебі ол барлық қасіреттің шындығын сезіп, көріп, біліп өскен бала еді, сондықтан әке- шешенің сондай бейшара тірлік кешіп отырғанына барлық жастық болмысымен наразы. Балғын жас болса да, заман салған таңба жүзінен-ақ байқалады. Дегенмен, осы тар кеңістіктен безіп, шектеулі шеңберді үзіп шығуға болатынына үмітті: «Осыдан екі күн өткен соң, таңертең әлдекім ақырын ғана есікті тықылдатқанға шыға келсем, есік алдында Сәулеш тұр екен. Жұпыны ғана киінген.Жүзі алқызыл жадыраңқы, көзі жарқырап, күлімдеп амандасты. Сәулеш емес, қыз Нәзікеш келіп тұрғандай көрінді. Мен құшақтай алып, бауырыма тартып едім, Сәулеш іркілген жоқ, жып-жылы боп жабыса кетті.

  • Апам жіберді. Бізді вокзалға шығарып салмас па екен деп еді, — деді Сәулеш. Бұлтсыз биік көк аспаннан күлімдей қараған күн Сәулештің тереңнен қопарыла көтерілген

 

ішкі қуанышын жарқыратып тұр. Мен бәріне түсіне қалдым. Жарқын жүз бәрін дәл ұғындырды.

Жолдарың болсын, Сәулеш! Келемін, — дедім.

Сәулеш жүрегі барлық ауырлықтан арылғандай, жүзіне тек бақыт іздері шыға келген екен» [1,213 б.].

Талай ұрпақтың соңына шам ала түсіп, тағдырларына үнемі қауіп төндірген сұрқия саясаттың, замана дауылының ықпалы еді бұл. Сол жағдайды реалистік суреттер арқылы бере білген де жөн.

Ғ.Мүсірепов бұл туындысы негізінде уақыт пен кеңістіктің өзара бірлігін әдеби шындық пен тарихи шындықтың биік көркемдік-танымдық деңгейде ұштасуы тұрғысында шебер көрсете алған.

Сонда әдебиеттегі уақыт пен кеңістік ұғымдарының бірлігін көрсету негізінде Ғ.Мүсірепов сияқты шебер қаламгер осындай күрделі категорияны өз шығармаларында  сөз болатын белгілі бір тарихи кезең, географиялық мекенді ала отырып, бір адамның тағдырынан бастап тұтас елдің жағдайына дейінгі кезеңді көркем суреттеп берген. Сол орайда адамдардың күнкөріс әрекеттері, әр қилы тағдырлары, психологиялық  және  рухани күйзелістері, белгілі бір өзгешеліктерді қабылдау-қабылдамауы, халықтың өсіп- өнуі, т.б. өзгерістер хронологиясына қанығамыз.

Қазақ халқының тарихи өмірімен тығыз байланыста туып, қалыптасқан басқа да шығармалардың көркемдік-тарихи кеңістігінде – колхоздастыру науқаны, ашаршылық уақыты, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі жылдар, тың игеру саясаты мен кеңес өкіметі кезеңі жатса, бүгінгі өзгерген ел жағдайындағы кезең де — соның заңды жалғасы. Міне, осы кезеңдердің өмір шындығы, тарихи-мәдени, саяси-әлеуметтік және психологиялық жақтарының барлығын да көркем проза уақытында көтеріп жатты. Түрлі-түрлі әдеби әдіс- тәсілдерді қолданып, көркемдік-эстетикалық ізденістерге де барып отырды.

Олардың  жекелеген  қырлары,  атап  айтар  болсақ,   «Кездеспей  кеткен  бір  бейне»,

«Тулаған толқындадағы» азамат соғысы кезеңіндегі қазақ елінің көрінісі, «Жеңілген Есрафил»,  «Өмір ертегісіндегі» өндіріс жайы,  «Талпақ танау»,  «Этнографиялық  әңгіме»,

«Көк  үйдегі  көршілер»,  «Алғашқы  адымдардағы»  ұжымдастыру  шындығы,  «Шұғыла»,

«Күсен»,     «Туннелдегі»    кеңес     адамдарының    реалистік     бейнесі,     «Тұтқын  қыз»,

«Автобиографиялық әңгіме», «Сөз жоқ, соның іздері», «Үздіксіз өсудегі» ел ішіндегі дүрбелең, дүбірлі кезең, «Қазақ солдатындағы» Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиындық, елжандылық мәселелері тілге тиек етіліп, бұл шығармалардағы идеялық нысанның көркемдік деңгейі, қаламгердің осы бағыттағы көркемдік ізденістері, шеберлік жолындағы жетістіктерін көреміз [3].

Байқап отырғанымыздай, Ғ.Мүсірепов сияқты талантты қаламгердің осы туындыларын оқып, тану барысында ел тарихының кезеңдік оқиғаларына молынан қанығамыз. Бұл — қаламгердің әр шығармасының тарихи негізде жазылып, ел тарихының қилы кезеңдерінің әдебиеттегі көркем көріністеріне айналғанын және сол туындылар тұрғысында уақыт пен кеңістіктің бірлігін кең мағынада танып-білуімізге негіз бар деген сөз. Осы ретте кеңістік категориясына қарағанда, уақыт табиғи процестермен ғана емес, тарихи процестермен де тығыз байланысты екенін зерделейміз.

 

 

 

Әдебиет:

  1. Мүсірепов Ғ. Көп томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы: Жазушы, 2002. – 288 бет.

 

  1. Көкейкесті әдебиеттану. 2-кітап /құрастырып, баспаға әзірлеген профессор Р.Н.Нұрғали. – Астана, 2002. – 352 бет.
  2. Бекбергенов М. Ғабит Мүсіреповтің прозасы. – Алматы: Рауан, 1990. – 151 бет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *