СЕРІК НЕГИМОВ — АЙТЫС ӨНЕРІН ЗЕРТТЕУШІ

СЕРІК НЕГИМОВ — АЙТЫС ӨНЕРІН ЗЕРТТЕУШІ

 

Серікзат Дүйсенғазы

(Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к.)

 

 

Қазақтың айтыс өнері туралы зерттеулер алғаш ХІХ ғасырдың орта шенінде қолға алына бастады. Оның алғашқы белгілері Орынбай мен Жанақтың айтысын суреттеген поляк саяхатшысы А.Янушкеевичтің жазбаларында көрінсе, кейін Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, В. Радлов, М.Көпейұлы сияқты зерттеушілер оның үлгілерін жинап бастырып, салмақты пікірлер айтты. Шоқан Уәлиханов айтыстың сипатына мән беріп, оның сыншылдығы мен мадаққа құрылатынын, тапқырлық пен шешендікті ортаға салуын жазса, В.Радлов айтысты «қайым өлең» ретінде қарастырып, қазақ халқының ақынжандылығын, табан астында тауып айтуға алғырлығын таңданыспен жазады. Ал Ыбырай Алтынсарин кейбір айтыстарды өзінің Хрестоматиясында жариялап, оқушыларға көркем үлгі ретінде ұсынады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болса айтыстың тың үлгілерін жинастырып, оны хатқа түсіріп, ұрпаққа мұра ретінде аманаттады.

Негізінен, айтысты теориялық тұрғыда жан-жақты зерттеу ісі ХХ ғасыр басынан басталады. Аса көрнекті ғалым А.Байтұрсынұлының 1926 жылы жарық көрген

«Әдебиеттанытқыш» еңбегінде айтысқа алғашқы ғылыми-теориялық сипаттама берілсе, кейін оны тереңдете зерттеу ісін Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, т.б. алыптарымыз қолға алды. Одан кейінгі лекте Р.Бердібай, М.Базарбаев, М.Дүйсенов, С.Қасқабасов, М.Жолдасбеков, К.Сейдеханов, Б.Адамбаев, М.Жармұхамедұлы, т.б. ғалымдар төл өнерімізді әдебиет пен мәдениеттің төріне шығаруға ғылыми негіздеме жасап берді. Осы лектің қатарында белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің де еңбегін ерекше атауға болады.

Профессор Серік Негимов қазақтың шешендік өнері мен сал-серілер поэзиясын індете зерттеген ғалым. Соның ішінде айтыс өнерінің ХІХ ғасырдағы ірі өкілдері Орынбай, Арыстанбай, Біржан сал, Құлтума, Тайжандардан бастап бүгінгі Баянғали Әлімжановтардың шығармашылығына дейін ғылыми талдау жасады. 1991 жылы жарық көрген «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелігі» атты зерттеу еңбегінің үшінші тарауында айтыс өлеңдерінің бейнелілік сипатына мән беріп, оның лексикалық байлығын, образды қолдану шеберлігін, метафоралық тіркестерін, фразеологиялық оралымдарын ашып көрсетті. Осы ретте, ғалымның: «Айтыс ақындары сөз бәсекесінде, өнер бәйгесіне түскенде ең алдымен ақындық қуатын, өнерпаздық қабілетін, сөз қисыны мен нақысын келтірудегі зергерлігін көрсетуге тырысады. Бұл әріден тамыр тартқан дәстүр. Ақын бейнесі бейнелі сөздерден, өз өлеңдеріндегі бейнелі сөздерден сәулеленіп көрініп тұрады. Небір әсерлі, көрікті сөз-ұғым, сөз-символ осынау ақын образының айналасында жанды, көрікті суреттер жасап, тамырласа тұтасқан.

 

Өлең сөзге жүйрік екенін таныту үшін «Түлкісін қызыл Алтай сөздің қуып», «шаңқан боздай  сөзіме  шаң  жұқпайды»  (Үмбетәлі),  «Өлеңнің  таңдайымда  ұясы  бар»   (Ләтипа),

«Өлеңнің  тау мен  тасын  құлат  маған,  кәрі  тарлан  Жамбылдан  дәмең болса» (Жамбыл),

«Өлеңге жел жетпейтін желқобызбын» (Ілияс Манкин) деп тоқылған ақындық образдарға қарау керек болады», – деген пікірі ойымызды қуаттай түспек.

Ғалым айтыс өлеңдерінің көркемдік-эстетикалық қолданысына, образдардың символикалық-поэзиялық мәніне, лексикалық стилистикасын назар аударады. Айтыс ақындарының халықтың сан ғасырлық ой-санасынан, болмыс-дүниетанымынан туған образды символдарды, тілдік бейнелілік құралдарын, фразеологиялық қазынасын шебер пайдаланып, қайта жаңғыртып отыратын қабілетін саралайды. Айтыс үстінде туатын суретті сөз бен образды ойды жаратылысы құпия, күрделді синтетикалық құбылыс ретінде көрсетеді. Ақынның сөз сайысы кезінде өзінің еркінен тыс космостық, мифологиялық тылсым дүниелерді, табиғаттағы шексіз құбылыс жағдайларды, ұғым-түсініктерді бейнелі сөзге айналдырып айта білетін дарындылығын зерделейді.

С.Негимов тарихта тұлғалары көмескі тартқан ескі ақындардың көпшілігінің шығармашылық портретін жасаған ғалым. Сол бағытта көп ізденіп, жылдап архивтерде отырып, шаң басқа көне қолжазбаларды ақтарды. Әсіресе, «Қазақтың сал-серілері» еңбегінде жазған Орынбай, Сегіз сері, Құлтума ақындардың өмірі мен шығармашылығына қатысты кейбір таласты жағдайларға ғылыми білдірген ғылыми көзқарасы құнды. Мәселен, Орынбай ақынның туған жылы мен тегіне байланысты жазылып жүрген екіұшты пікірлерге өзіндік байлам жасаған. Орынбай ақынның туған жылына қатысты «Қазақ совет энциклопедиясы», «Бес ғасыр жырлайды», «Асыл сөз» жинақтарында ақынның ақын 1813 жылы туған делінгенін, ал поляк саяхатшысы Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына жасаған саяхатының күнделіктері мен хаттары» кітабындағы деректе жылы туған делінгенін, ал поляк саяхатшысы Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына жасаған саяхатының күнделіктері мен хаттары» кітабындағы дерек бойынша 1816 жылы, көкшетаулық ақын Жұмабай Ескеевтің дерегі бойынша 1814 жылы, тағы бір деректе 1818 жылы туып 1897 жылы қайтыс болғаны туралы көрсетілгенін жазады. Соңында А.Янушкевичтің күнделігінде жазылған 1816 жылы деген деректі дұрыс нұсқа ретінде ұсынады. Осы тұста ғалымның бұл пікіріне біз де өз тарапымыздан күмәнді ойларымызды қоса кеткіміз келеді. Өйткені, А.Янушкевичтің күнделігін ақтарып отырғанда кездескен бірнеше күдікті деректен аттап өте алмаймыз.

Біріншіден, күнделіктің 27 маусым күнгі жазбасында генералдың қабылдауында соқыр жыршымен өнер сайыстырған Орынбай өзінің тегі Найман екенін ашық айтады. Ал тарихтағы Орынбай ақынның Арғын Қарауыл елінен шыққан жампоз екені мәлім.

Екіншіден, күнделіктің 23 маусым күнгі жазбасында А.Янушкевич атақты Түбек ақыннан өзімен салыстырмалы түрде Орынбайдың ақындық деңгейін сұрағанын жазады. Сонда Түбек өзінің ақындығын халық жоғары санатқа қосатынын, сондай-ақ, өзі қазіргі жағдайды еркін жырлайтын кең құлашты ақын екенін, ал Орынбайдың тек ел арасындағы ескілікті  ғана  жырлауды  үйренген    өзінен  төмен  ақын  екенін  айтады.  Ал  С.Негимов:

«Орынбай ХІХ ғасырдағы айтыс өнерінің «бас ақыны», «төбе ақыны» атанған. Ол Қаракесек Шаншар хан асында отыз ақынмен, Абайділдә (Ғұбайдолла) ханның таққа отыру салтанатында он ақынмен, Ерден Сандыбайұлы аға сұлтандыққа сайланғанда он жеті ақынмен, Орынбордың Кеңшалғын деген жерінде патшаның мұрагерін қарсы алғанда он екі ақынмен, Түркістан, Қазан шаһарларында сексендей ғұлама-хазіреттермен сөз майданында ой, өнер жарыстырған», – дейді. Осындай биік дәрежедегі және атақты ғалымдар  Ш.Уәлихановтың,  В.Радловтың,  Я.Лютштің,  Г.Потаниннің  қаламына іліккен,

 

бар қазақ құрметтен тұтқан Орынбай ақынды Түбек өзінен соншалықты төмен санамаса керек еді ғой деген күмәнді ой осы тұста қылаң беретінін жасырмаймыз.

Бұл жерде біз ғалым Серік Негимовтің ғылыми байламын түбегейлі жоққа шығара алмаймыз. Бірақ тарихта басқа да Орынбай ақын болуы бек мүмкін деген пікірімізді қоса кеткіміз келеді. Мәселен, халық ақыны Қалихан Алтынбаев Аягөз өңірінен шыққан әйгілі Сыбанның он жеті ақынының арасында Орынбай Сәметұлы деген айтыс ақыны болғанын жазады.

Орынбай ақынның тегі туралы сөз қозғағанда, М.Ысқақовтың зерттеу мақаласында, Х.Сүйіншәлиевің «ХІХ ғасыр» монографиясында және айтыс туралы бірнеше жинақ, монографияларды Кертағыұлы болып қате жазылып жүргенін айтады. Ол жайында ғалым:

«Шындығында, Орынбайдың тегі Бертағұлы болуы керек. 1939 жылы Қазақстанның солтүстік аймағына, Омбымен шекаралас елді-мекендеріне арнайы ұйымдастырылған экспедицияға қатысушы Дүйсенбек Еркінбековтің Орынбайдың өмірбаяны туралы латын әліпбиімен жазылған Қазақстан Республикасы Орталық Ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар қорында сақтаулы қолжазба нұсқасы бар. Осы қолжазбада: «Байғожа – Бертағының баласы, Орынбай – Байғожаның ұлы. Бертағының тәрбиесінде болады. Олар жасынан баланың ыңғайына қарата өлеңге, әнге, әңгімеге үйір етіп тәрбиелей бастайды… Орынбайдың дауысы зор болған» – деген тарихи-әдеби дерек бар», – дей келіп, ақын ұрпағы Молдахмет Ержановтың балаларына қалдырған мұраларына және оның қызы Зияш Молдахметқызының айтуына сүйеніп оның тегі Бертағыұлы болған деген тұжырым жасайды. Зияш Молхаметқызының «Кертағы деген ат біздің үрім-бұтағымызда болмаған, ал «Бертағы» деген ат аталарымыздың Тәңірден қалап «тағы бер, бер тағы» деген тілегінен туған» деген сөзі мен ғалым М.Ғұмарованың «Оның фамилиясы Кертағыұлы емес, Бертағыұлы екені белгілі болды» деген ғылыми пікірін дұрыс деп санайды.

Ғалым Орынбай ақынның өлеңдерінің тектологиясына да мән беріп «Ғұбайдоллаға»

және «Ерденге» деген арнау өлеңдерін талдаған.

Деректердер тегі әртүрлі жазылып жүрген ХІХ ғасырдағы айтыс ақындарының қатарында Құлтуманы да айтуға болады. «Қазақ мәдениеті» атты энциклопедиялық анықтамалықта Құлтума Сармұратұлы деп берілсе, «Қазақ энциклопедиясының» ҮІ томында Құлтума Өтемісұлы деген деректі кездестіреміз. Құлтума Сармұратұлы 1860 жылы Ақмола облысының Қорғалжын ауданының аумағында туған десе, Құлтума Өтемісұлы 1860 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Жартытөбе ауылында дүниеге келгені нақты жазылған. Қазір бұл екі ауданның шекаралас екенін білеміз. Бірақ әдебиет тарихы үшін ақынның тегі мен туған жерін бір ізге түсіру маңызды. Ал С.Негимовтың дегері бұлардан сәл өзгеше. Оның жазуынша Құлтума ақын: «1840 жылы қазіргі Қарағанды облысының Теңіз ауданындағы Жартытөбе деген жерде балық пен құс аулап күнелткен кедей отбасында туады. 1915 жылы сол атақонысында қайтыс болады» делінген. Дегенмен, бұл әлі бір арнаға түспеген, зерттеуді талап ететін мәселе. Түрлі әдеби оқулықтарда әртүрлі жазылып жүрген ақынның келешекте бір ізге түсуі тиіс деп  санаймыз.

Осындай тағдыры талас тудырған ХІХ ғасырдағы тарихи тұлғалардың бірі Сегіз сері Баһрамұлы туралы жазған мақаласы да сегізтанушылардың зерттеулеріне дәйек болатын құнды еңбек.

С.Негимов Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Нұрпейіс Байғанин сынды айтыс саңлақтарының шығармашылығының көркемдігіне үңіліп, текстологиялық талдаулар жасады. Мәселен, Жамбылдың 1955 пен 1982 жылғы жинақтарында шыққан «Менің өмірім» деген жыр хикаясындағы:

 

Қазақтың қанға құмар Кене ханы, Кеше ғана басылды шыққан шаңы. Хан болмады, қанішер қасқыр болды, Белгісі жоқ көмілген мола сәні, –

деген шумақтың 1946 жылғы басылымда жоқ екенін айтады. Сол басылымда жарық көрген «Сыздыққа» деген өлеңінде:

Сәлем бердім, алдияр, Орын бердің қасыңнан. Сен бір қалған көз едің, Кенесары асылдан, –

деп жырлаған ақынның Кенесарыға бұлайша шүйлігуіне күмәнмен қарайды. «Алайда екі түрлі сөйлеу жамбыл тәрізді ақынға тән емес. Бұл әдеби хатшының қосқаны не газет редакциясының ісі ме немесе баспа қызметкерлерінің «жақсылығы» ма… Қалай болған күнде де себебі біреу, ол – отаршылдық саясатқа құлдық ұрудын туындаған ой» деген пікірін айтады.

Ізденімпаз ғалым бұлардан бөлек Арыстанбай Тобылбайұлы, Біржан сал Қожағұлұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Ыбырай Сандыбайұлы, Доскей Әлімбайұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Кенішбай Жұбандықұлы, Тайжан Қалмағамбетұлы, Қалқа Жапсарбайұлы, Майасар Жапақұлы, Болман Қожабайұлы, Иса Байзақұлы, т.б. қазақ айтыс өнерінің ірі өкілдері туралы зерттеу мақалаларын жазды. Толықтыра айтқанда, айтыстың екі ғасырлық даму жолын, тағылым мектебін ғылыми зерделеді.

Осы мақалаларының арасында оқшау көрінетіні – 1943 жылы 4 желтоқсанда сұрапыл соғыс жүріп жатқанда Алматыда Опера және балет театрында өткен айтыс туралы жазған мақаласын айтуға болады. «Тарих қаһармандарын тірілткен айтыс» деп аталатын мақалада М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, А.Жұбанов, Е,Ысмайылов, К.Бәйсейітова сынды ұлт зиялылары атсалысқан айтысты жыр алыбы Жамбыл Жабаев ашып, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбайұлы, Қуат Терібаев, Майасар жапақұлы, Орынбай Тайманов, Нартай Бекежанұлы, Нұрлыбек Баймұратов, Омар Шипин, Көшен Елеуов, Ілияс Манкин, Жолдыкей Нұрмағамбетов т.б. дүлдүлдердің қатысқаны жөнінде жазады. Аталмыш мақала айтыс тарихы үшін үлкен маңызға ие екенін айта кеткіміз келеді. Ғалым

«Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі» монографиясында осы кезеңдегі ақындардың өлеңдері мен айтыстарын көркемдік тереңдей тұрғыдан талдап, ғылыми-теориялық тұрғыда байыпты бағасын берген.

Ал осы монографияда 1963 3-5 тамызда Алматыда Қазақ КСР Ғылым академиясы сен Қазақстан жазушылар одағы ұйымдастырған халық ақындарының бас қосуын 1943 жылғы айтыстан кейінгі елеулі оқиға деп бағалайды. Көпшілігінің көзі кетсе де Кенен Әзірбаев, Майасар Жапақов, Болман Қожабаев, Нұрлыбек Баймұратов, Есдәулет Қандеков, Шәкір Әбенов, Көшен Елеуов, т.б. айыр көмей, жез таңдай айтыс жүйріктері қатысқан доданы ғылыми таразылап, ақындардың ауызынан төгілген көркем тіркестерді, мифологиялық образдарды, тапқыр теңеулерді, оқшау метафораларды салыстырады.

Дәл осылай, 1980 жылы өткен республикалық айтысқа қатысқан Мұқаш Байбатыров, Қалдыбек Әліқұлов, Мүтәліп Қыраубаев, Қасымқан Алдабергенов, Қалидолла Іздекенов, Тілеумұрат Қожамұратов, Әсімхан Қосбасаров, Айтуған Шәйімов, Жұмаш Оспанбекова, Шолпан Қыдырниязова, Елеусіз Кенебаев, т.б. сынды бүгінде аттары ұмытыла бастаған көптеген айтыскерлердің сөз барымтасында айтқан көркем тіркестерін теңізден маржан сүзгендей теріп алып зерттейді.

 

Қорыта айтқанда, зерделі ғалым Серік Негимовтің қазақ халқының төл өнері айтысты зерттеуде сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны осы шағын мақаланың көлемінде зерттеп тауысу мүмкін емес. Ол келешекте толығырақ зерттелуі тиіс мәселе.

Әдебиет:

  1. Негимов С. Шығармалары (зерттеулер). І том, – Астана: Фолиант, 2015, 424 бет
  2. Негимов С.  Шығармалары  (зерттеулер,  эсселер  және  ой-толғаныстар).  ІІ  том,       – Астана: Фолиант, 2015, 424 бет
  3. Айтыстану. Ғылыми жинақ. – Астана: Жалғас-Print, 2013, 420 бет

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *