ПРОФЕССОР С.НЕГИМОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ БИ-ШЕШЕНДЕР МҰРАСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ  

ПРОФЕССОР С.НЕГИМОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ БИ-ШЕШЕНДЕР МҰРАСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

 

Серікқазы Қорабай,

(М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты,Абайтану және әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі, профессор)

 

 

Ежелден белгілі дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі ретінде би лауазымы басты рөл атқарды. Халық түсінігінде бұл киелі атау төрт түрлі мағынада: 1) ел билеушісі; 2) сотқа төрелік жасаушы; 3) батагөй, шешен; 4) бітістіруші, елші ретінде ұғындырылды. Билер институты Қазақ хандығы тұсында арнайы мемлекеттік қызмет саласы ретінде үлкен беделге ие болды.

Би болу үшін де басты қасиеттің бірі – шешендік өнерге жете мән берілген. Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов: «Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған өкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болған. Би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің заң ісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екеңдігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған» деп (1,135) бидің шешендік өнермен тығыз ұштасқан қадыр-қасиетін терең ашып көрсеткен. Мұның өзі халқымыздың қай заманда да сөйлеу өнерін жоғары бағалағандығын анық байқатса керек. Сол себепті де сөз өнері, біз әңгіме етіп отырған шешендік өнер өнер атаулының биік өлшемі болып саналды.

Міне, сол бір-бірінен ажырамас өрелі өнер өкілдері – би-шешендердің тұғырлы талант қырларын жете зерттеп келе жатқан фольклортанушы, әдебиеттанушы-ғалым, профессор Серік Негимов деп нық сеніммен айта аламыз. Әрине, бұған дейін кеңестік кезеңде қазақ билерінің шешендік сөздері туралы әдебиет зерттеуші Ә.Мәметова кандидаттық диссертация қорғап, көрнекті фольклортанушы-ғалым Б.Адамбаев ұлттық шешендік өнер туралы үзбей зерттеп, үлкен қажырлық танытты, көптеген жинақтар дайындап шығарып, ғылыми еңбектер қалдырды, ал белгілі әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор М. Жармұхамедұлы 1988 жылы «Шешендік өнер» атты ғылыми зерттеу жазды.

 

Профессор С.Негимов қазақ шешендік өнеріне қызығушылық танытып, еліміз тәуелсіздік алған кезден бері би-шешендер шығармашылығын зерттеу ісімен үзбей айналысып келеді,оның қалыптасу, даму жолдарын, көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын үлкен біліктілікпен, жан-жақты саралап қарастыруда. Сол ізденістер нәтижесінде 1997 жылы «Ана тілі» баспасынан ғалымның «Шешендік өнер» атты көлемді оқу құралы жарық көреді.

Шешендік өнер тарихынан, шешендік сөйлеу мен ұлттық шешендік өнерден терең сыр шертетін «Шешендік өнер» кітабының С.Негимовтың ғылыми шығармашылығында алатын орны бөлек.

Байырғы ұлттық өнер туралы алғашқы тәжірибе ретіндегі оқу құралында ұлттық шешендік өнердің болмысы, жанрлық табиғаты терең талданады, ұлттық әдебиет, мәдениет, фольклор тарихындағы елеулі туындылар сөз болып, қазақтың белгілі шешен- билері мұрасындағы шешендік өнерге байланысты ой-пікірлер таразыланады. Ғалым «би» деген ұғымның этимологиясын, шешендік, болмысын, психологиялық-физиологиялық ерекшеліктерін, шешен сөйлеудің қисынды-композициялық құрылысын, тақырыбы мен түрлерін, стильдік табиғатын, оның біртұтас үрдіс, суырыпсалмашылдық өнер екендігін егжей-тегжейлі баяндайды.

«Шешендік өнер» еңбегінде тақырып таңдау, жоспарлы ойды айқындау, материал жинау мен іріктеу, ретке түсіру, шешендік сөйлеу композициясы мен логикалық құрылысы, айғақ-дәлелдер, сөзді айта білу шеберлігі мен дыбыстау мүшелерінің қызметі, аудитория мен шешенннің өзара байланысы, шешеннің сыртқы түр мәдениеті мен ым- ишарат, дене қимылдарын шебер пайдалану мәнісі, конспект жасау мен сөйлесуге жаттығу сырлары, шешеннің сендіру, үйрету, тәрбиелеу сияқты мақсат-міндеттері мен талдау, ойлай білу, тексеру қабілеті, шешен сөздегі қисын заңдылықтары, қабылдау мен түсінудің проблемалары (мотивтер, аудиторияның әлеуметтік құрамы, жас ерекшеліктері, білім-білік деңгейі), шешендік өнгердің басқа ғылымдармен байланысы, шешендік өнердің тілдік стильдік табиғаты, көркемдік кестесі тиянақты түрде талданады. Қазақ шешендік өнерінің заңғар тұлғалары, әйгілі би-шешендер Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым шешен, Ақтайлақ би, Бөлтірік шешен, Абайдың шешендік таланттары жеке сөз болады. Еңбектің әр тарауының соңында жаттығу сабақтары мен сұрақтар және ғылыми трактатардан шағын үзінділер, ал кітап соңында шешендік өнер туралы зерттеу еңбектерден үзінділердің және әлем ойшылдарының шешендік өнер туралы нақылдары мен қанатты сөздерінің берілуі оқу құралының қүұндылығын арттыра түскен.

Осы «Шешендік өнер» атты жұртшылық ілтипатына бөленген іргелі еңбегінен кейін де қай зерттеуінде болсын, ғалым қазақ би-шешендерінің мұрасына арнайы тоқталып, өзі қарастырған мәселелермен тығыз байланыстыра қарастырды. 1999 жылы жарияланған

«Қарауыл Қанай би» атты мақаласында от ауызды, орақ тілді Қанай бидің өз атағына сай қызметі мен шешендік өнеріне кеңінен тоқталса, 2000 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты іргелі ғылыми еңбекте қазақтың би-шешендік өнерінің аса көрнекті өкілдері Әйтеке би мен Қаз дауысты Қазыбек би туралы жазған тараулары жарияланды. Бұл ел тарихында ерекше орны бар ұлы билер туралы монографиялық тұрғыда жазылған алғашқы тәжірибе түріндегі мақалалар ретінде осы тарихи тұлғалар жайындағы одан кейінгі зерттеулерге негіз болды.

Профессор С.Негимов республикалық, халықаралық деңгейде өткізілген алқалы ғылыми жиындар мен конференцияларда да шешендік өнер туралы тынбай сөз қозғап, көптеген мағыналы баяндамалар жасады. Соның айқын бір айғағы – 2002 жылы Талдықорғанда І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 30

 

жылдығына арнап өткізілген «Мыңжылдықтар тоғысындағы Қазақстан білімі мен ғылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Шешендік өнер тарихындағы Ескелді, Балпық билердің орны» деген тақырыпта осы Жетісу өңірінен шыққан атақты екі би туралы баяндама жасап, жергілікті зиялы қауымды разы қылғаны бар. Өзі солтүстіктің тумасы болса да, оңтүстіктен шыққан сөз саңлақтарының шешендік талантын жан-жақты айшықтап берген білімпаздығына бәрі де таңқалып, ұзаққа дейін ду қол соғып қошамет білдірген.

Ғалым үнемі ізденіс үстінде жүріп, жауынгерлік дауылпаз поэзияның белді өкілі Махамбет Өтемісұлының айтулы ақын ғана емес, ділмар шешен екендігін нақты дәлелдеп, ой түйген болатын. Оның бұл ғылыми мақаласы 2005 жылы Қытайдың Құлжа қаласында шығатын «Іле педагогикалық журналында» жарияланып, алыстағы ағайынды бір тамсантқан еді. Профессордың осы тақырып төңірегінде Қытайда жарияланған жалғыз осы мақаласы ғана емес. Әлгі мақала Қытай ғалымдарының назарына іліккен болуы керек, 2006 жылы Үрімжіде қытай тілінде шыққан «Қазақ әдебиетін зерттеу» атты жинақта ғалымның «Ұлттық шешендік өнер» атты мақаласы жарияланды.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары профессор С.Негимовтың би-шешендер мұрасын зерттеген отызға жуық мақаласы жарық көріпті. Осы жайттың өзінен-ақ ғалымның бұрыннан қаузап келе жатқан тақырыбына адалдығын байқаймыз. Оның өз нысанына қызығушылық танытқаны соншалық, тіпті сонау орта ғасырлардағы шешендік өнер тарихын да тереңнен барлайды. Бұл ретте оның «Әдебиет әлемі» атты кітабында жарық көрген «М.Х.Дулатидің шешендік өнерге қатысты ой-пікірлері» атты мақаласының мәні зор. Мақалада Мұхаммед Хайдар Дулатидің мемлекет қайраткері ғана емес, шешендік өнерге байланысты терең ой өрбіткен пайымдаулары кеңінен қарастырылған. Ғұламаның әскери шешендік өнер туралы ғибратты кеңестері мен құнды пікірлерін оның басты шығармасы – «Тарихи Рашиди» кітабынан жеке бөліп алып, үлкен үлгі-өнеге ретінде жұртшылық назарына ұсынған. Ең соңында келіп: «Сайып келгенде, М.Х.Дулати «Тарихи- и Рашиди» еңбегінде көшпелі халықтың көркемдік ойлау жүйесін, дәстүрлі түркілік дүниетанымын, өз заманындағы аузынан дүрлер төгілген ділмарлардың шешендік қабілетін, сөз сөйлеу мәдениетін жарқын түрде көрсеткен деуге болады» деп келелі ой түйеді (2, 218).

Би-шешендер мұрасының қазақтың басқа да бірқатар көркемсөз шеберлерінің шығармашылығында қарастырылуы жайлы мұндай ой тамызығы ғалымның бірнеше зерттеуінде өзінің жалғасын тапқан. Осы тақырып профессордың атақты ойшыл, ақын Мәшһүр  Жүсіп  Көпейұлы  туралы  жазылған   «Мәшһүр  Жүсіп  әлемі»  атты   зерттеуінің

«Мәшһүр Жүсіп шығармашылығындағы би-шешендер мұрасы» тараушасында терең қозғалса, жыр дауылпазы Сәкен Сейфуллиннің 1932 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті» атты еңбегінде шешен-билер мұрасын жинап, талдап зерттеуі кеңінен сөз болады. Билік, шешендік өнерде тарихи сабақтастық, дәстүр жалғастығы бар екендігін айта келіп: «… ұлттық әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет заман қайшылықтарын бүгежектемей, би- шешендер шығармашылығын, билер дәуірінің әдеби нұсқаларын жинақтап, жүйелеп, түбірлей тексерген Сәкен Сейфуллин демекпіз» деп парасатты пайымдау жасайды (2, 138).

Би-шешендер шығармашылығы – С.Негимов өмірінің темірқазығы іспетті. Ол билердің ата сөздерімен, шешендік өнермен сусындап есейді, өсті, қанаттанды, биікке көтерілді. Фольклор – халық жаны десек, сол фольклордың басты жанрларының бірі – шешендік өнер оның рухани азығы болды. Ол ғұмыр бойы мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді, би-шешендер мұрасы мен ақын-жыраулар шығармаларын, бата сөздерді және ауыз  әдебиетінің  басқа  да  көптеген  үлгілерін  жалықпай  жинап,  қажымай  насихаттап,

 

зерттеп келеді. Ғалым жинаған материалдың көпшілігі кітаптарға еніп, ғылыми зерттеу айналымына да түсті. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көрген он томдық «Қазақтың ата заңдары» антологиясына ғалымның «Ұлттық шешендік өнер» еңбегінен үзінді келтірілуінің өзі көп жайтты аңғартса керек.

Профессор С.Негимов шешендік өнермен тікелей байланысты бір бата сөз жанрының өзінен үш бірдей кітап құрастырып, халық игілігіне айналдырды. Өзі де шешендік өнерден үлкен тәлім алып, бұрынғының билеріндей шешен де әсем сөйлеуге дағдыланды. Қазір көпшілік алдында кеңінен көсіліп сөйлеп, шешендік сөз тіркестерімен жұрт алдына шыққанда ғалымның шешендік талантына ел сүйсінеді. Ұлы дала елінің атақты жыраулары мен би-шешендері, суырыпсалма жыр жүйріктері туралы бірнеше халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап, тыңнан ой өрбітуі осы шешендік өнерге деген сүйіспеншілігі мен адалдығынан болар.

Жезтаңдай, ділмар, от ауызды, орақ тілді, тілге жүйрік,сөз қисынын тауып айтатын халық қалаған сөз шеберін, ел-жұртты елеген, халқы қалаған азаматтарды ардақтаудың ана тілімізде атаулары мен дәріптеу, бейнелеу сөздерін айтып тауысу қиын. Оны қазақ теңеп те, бейнелеп те, асқақтатып та айта білген. Әділдікті ту еткен биді «қара қылды қақ жарған», шешенді «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен»сияқты теңеулермен мадақтап, ардақтаған, дәріптеген.Ел сыйлаған адамдар есімі халық жадында мәңгі сақталған. Мыңдаған, жүздеген жылдар өтсе де, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер және басқа да көптеген би-шешендердің есімін жұрт әлі де мақтанышпен айтып отырады. Осы ретте түгел сөздің түбін түсірген, аталы да, баталы да сөздерді қисынын келтіріпайтып жүрген, шешендік сөзді өмірінің сәніне, ғылыми жұмысының мәніне айналдырған фольклортанушы-ғалым Серік Негимовөлең сөзге дес бермеген, ауылдың алты ауызын аңыратып, ердің құнын екі- ақ ауыз сөзбен бітіретін данышпан халықтың ардақты перзенті ретінде шынайы шешендік өнерге машықтанған, шешендік өнерді сүюді де, бағалай білуді де өз еңбектері арқылы үйретіп, ұғындырып келе жатқан зиялы азамат.

Шешендік өнерді ең асыл өнер деп бағаласақ, көпті көрген, көп еңбек жазғанқұймақұлақ оқымысты Серік Нығметоллаұлы көкейге тоқығанын, содан жасаған ой-түйіндерін жастарға үйретуден жалықпайды. Үлгі-өнегеге толы аталы сөз бен шешендік кемеңгер ойдыжан азығы қылғанзерделі жанның бір көргенін, бір оқығанын лезде үйреніп, лезде жаттап ала қоятын, өзінің білгенін біреуге жеңіл де тез түсіндіре қоятын қабілетіне, зеректігіне барша жұрт қайран қалады. Міне, осындай шешендік зор қасиет-қабілетке ие профессор Негимов халқының сөз өнері, шешендік өнері жайында тереңнен ой толғап, нақты тұжырымдар жасаған ғалымдардың бірі ретінде алдағы уақытта да өзiндiк ұлттық eрeкшeлiктeрдi, қасиeттeрдi бойына жинақтап, көркeмдiк қyатымeн, ғибраттық сарынымeн дараланған, аса бай ақындық тiлiмeн өзгeшe қалыпта көрiнгeн, халқымыздың рyхани азығына айналған көркeмдiк құбылыс – би-шешендер мұрасын ұрпаққа ұлағат, кейінгіге аманат, келер күнмен бірге жасайтын рухани асыл қазына тұрғысында  зерттеп,  тың  еңбектер  жазады  деп  кәміл  сенеміз.2009 жылы  жарық көрген

«Таным мен пайым» атты іргелі ғылыми еңбегінің «Студенттерді шешендік өнерге тәрбиелеудің басты шарттары» деген тарауын тұтастай жас ұрпақты шешендік өнерге баулу мәселелеріне арнап, «Тәуелсіз Қазақстанның жарқын да салтанатты болашағын жасайтын бүгінгі студенттердің рухани бітім-болмысын, ұлттық сана-сезімін, биік дүниетанымын қалыптастыруда шешендік өнердің мән-мағынасы мейлінше зор» деп (3,

103) діттеген мақсатының маңыздылығына терең бойлайды. Шешендік өнердің сыр- сипатына үңіле келіп, студенттерді осындай ізгі қасиетке тәрбиелеудің негізгі шарттарын нақты тізбелеп көрсетеді.

 

Інжу-маржандай ғасырлар бойы халық жадында сақталып, көптің көкейіне орнаған, халық талғамын өтеген шешендік сөздердің тәрбиелік мәні зор. Оны керекті жерінде жаңартып, жасартып, кәдеге жарату, әлденеше ұрпаққа жаттап жеткізуді Серік Негимов еңбектері іске асырады. Қара қылды қақ жарған әділдік күшті,қызыл тілден бал тамған шешендік күшті десек, талапты жастар осындай ғибратты ғалымдарданшешендікке үйренуді өздеріне міндет, мұрат тұтулары қажет. Ал шешендік өнер халық даналығының жас ұрпақты тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке баулитын тәрбие құралы екенін әсте естен шығармауымыз тиіс.

 

 

 

Әдебиет:

  1. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы,
  2. Негимов С. Әдебиет әлемі. – Алматы,
  3. Негимов С. Таным мен пайым. – Алматы,

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *