ПРОФЕССОР СЕРІК НЕГИМОВ ЖӘНЕ МӘШҺҮРТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

ПРОФЕССОР СЕРІК НЕГИМОВ ЖӘНЕ МӘШҺҮРТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Жүсіпов Н.Қ.

(С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы)

 

 

Қазақтың рухани қазынаның жете игерілмеуі жалпы қазақ мәдениеті, тарихын, қазақ жазба әдебиетінің қайнар көздерін, қазақ тілі, педагогикасы, философиясы т.б. тарихын жан-жақты ізерлеп зерттеу ісін қиындататыны сөзсіз. Мәшһүртану саласы да түрлі-түрлі белестерді, қиындықтарды бастан кешірді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинаған материалдардың аз бөлігін алғашқы қазақ газеті

«Дала уалаяты газеті» / 1889-1900/ бетінде жариялағаны белгілі. Соның нәтижесінде ақынның тірі күнінің өзінде-ақ жинаушылық, жариялаушылық, зерттеушілік т.б. еңбектерін алғаш бағалаған мақалалар да осы аты аталған басылымдарда жарық көреді  [1].

1919 жылы Омбыда шығатын «Трудовая Сибирь» журналында Смағұл Садуақасовтың «Киргизская литература» атты мақаласы шыққаны белгілі [2]. Онда ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, қазақ әдебиеті тарихында жаңа жазба әдебиетінің негізі қаланды дей отырып, негізін салған Мәшһүр Жүсіп пен Абай Құнанбаев делінеді. Міне, бұл ақын шығармашылығын бағалаған алғаш деректер көзі тірісінде басылғандықтан Мәшһүртанудың бірінші кезеңін қамтыса, ал екінші кезең – ақын қайтыс болғаннан кейін 1931 жылдан басталады. Бұл кезде ақын қолжазбалары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорына жеткізілді. Алғашқы мәлімет, яғни Мәшһүр Жүсіптің екі қолжазбасын Ғ. Мүсіреповтың тапсырмасы бойынша тікелей Д. Әбілевтің араласуымен іске асты. Яғни Мәшһүр Жүсіптің үлкен баласы Шарафиден қолжазбаны қалай алғандығы т.т. – бәрі Дихан Әбілевтің естелігінен мәлім [3]. Ал, қалған қолжазбаларын жиені Жүсіпұлы Жолмұрат т.б. тапсырғанын білеміз.

Жазушы Зейтін Ақышев естелігінде [4] Мәшһүр Жүсіптің «Шайтанның саудасы» шығармасының тұңғыш рет қалайша ескі хадим жазуынан қағаз бетіне түскендігі, кейіннен өз тарапынан Д. Әбілевке жіберілгендігі, ал, ол өз тарапынан 8 кластың әдебиет хрестоматиясын құрастырып жүрген Қ. Бекқожин мен Е. Смайыловқа тапсырғандығы жөніндегі деректер бар. Кейіннен бұл дастан хрестоматияға еніп, 1946 жылға дейін 3, 4 рет басылым көрген.

Сөйтіп 1930-40-шы жылдары біртіндеп қолға алына бастаған Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын зерттеу ісі 1940-шы жылдардың аяғында дағдарысқа ұшырайды. Бірінен соң бірі болып ақын шығармашылығына тұрпайы социология тұрғысынан қара бояу жаққан т.б. мақалалар да жарыққа шыға бастайды. Мұндай мақалалардың шығуына сол замандағы Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл

 

және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» 1947 жылғы 21 январь т.б. қаулылары өз әсерін тигізгені мәлім.

Кейіннен, 1956 жылдан бастап-ақ ақын шығармашылығына деген, оның ішінде ақынның халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушылық қызметін бағалау төңірегіндегі пікірлер баспа бетінде көріне  бастады. Мәселен,                                                                            М. Қаратаев сол кезге дейін қазақ әдебиетінің тарихы мен халық творчествосы мәселелері жөнінде орын тепкен қателерді ашып беріп, Мәшһүр Жүсіп сынды ақындарға ғылыми тәжірибесін ескеріп, объективті баға берілуі керектігін айтады [5] .

Сондай-ақ  М.  Әуезов,  Ә. Қоңыратбаев, М.Базарбаев, Х. Сүйіншәлиев,                    Б. Кенжебаев, Ы. Дүйсенбаев т.б. сынды ғалымдар да ақын шығармашылығына жұртшылық көңілін бөлгені, әсіресе оның жинаған фольклор үлгілеріне ерекше назар аударғаны бізге мәлім [6]. Мәселен, мұнда М. Әуезовтың: «Ал, өз шығармаларын былай қойып, басы ашық үлгілерді жазып алып, біздің дәуірімізге жеткізген еңбек Мәшһүрде мол екенін және естен шығармау керек. Сондықтан қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің, ғылымдық бір саласы историография бөлімінде Мәшһүрдің ол түрдегі еңбегіне әрдайым орынды баға берілуі шарт», — деген пікірі, Мәшһүр Жүсіптің фольклористік қызметіне берілген тұңғыш үлкен бағасы болды. Ғалым Б. Кенжебаев: «Мәшһүр поэмалары – ертегі, аңыз негізінде жазылған сюжетті, әңгімелі шығармалар»,-дей отырып, Мәшһүр Жүсіп шығармаларының дені халықтікі екеніне назар аудартады т.т.

Кезінде әдеби мұраларды зерттеуге арналған 1959 жылғы ғылыми теориялық конференция шешімінде де Мәшһүр Жүсіптің халық ауыз әдебиеті үлгілерін көп жинаған ірі фольклорист ретінде бағаланған болатын.

Сөйтіп, 1956-60 жылдар аралығында жарияланған мақалаларда өткен әдеби мұраны пайдалана білу идеясы басым болса, кейін 1961-69 жылдар аралығында бұл  мәселеге көңіл бөлудің бәсеңдегенін де байқаймыз. Әйтсе де Мәшһүр Жүсіп еңбегінің мәні елеулі екендігі туралы пікір айтушылар тоқтап қалған жоқ.

Зерттеуші Ы. Дүйсенбаев [7] ақынның «Шайтанның саудасы» еңбегіне сәтті талдау жасаса, Ә. Жиреншин өз кітабында [8] Мәшһүр Жүсіптің 1907 жылы Қазан баспасынан шыққан еңбектерін жаңа тұрғыда талдап бағалайды.

Алғашқылардың бірі болып, 1970-шы жылдардың өзінде-ақ Мәшһүр Жүсіптің еңбектерін жинақтай бастаған, баспадан жеке кітап етіп шығаруды ойластырған, тіпті бұл мәселені Қазақстан үкіметі басшыларына дейін көтерген ғалым Мұрат Бөжеев болды, бірақ іс аяқсыз қалды: «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтен /1858-1931/ қалған мұра ішінде:  әлеумет мәселесіне арналған неше алуан шығармалар, ұзақ оқиғалы хикаялар, айтыстар, шежірелер, тарихи материалдар, фольклор үлгілері бар. Бұларға қоса ақынның араб, парсы, шағатай тіліндегі көшірмелерін есепке алсақ одан қалған мұра – 30 томдай болады екен. Мәшһүр шығармалары оның өз қолымен, жиені әрі шәкірті Жолмұрат қолымен, араб әрпімен жазылған. Олардың кейбіреуі қауырсын қаламмен хадимше жазылса, қалғандары кейін қолданылған араб алфавитімен жазылған, — дей отырып, — …Мәшһүр  Жүсіп Көпеевтің қазақ фольклоры нұсқаларын жинау ісімен көп шұғылданғаны мәлім. Олардың ішінен «Желкілдек»,  «Ер Көкше»,   «Көрұғлы»,  «Алтын бас, күміс аяқ»,  «Сайын  батыр»,

«Қырғызға барған батыр» сияқты нұсқаларымен қатар Бұхар жырау, Сақау, Шөже, Шортанбай, Орынбай т.т. көптеген ақын сөздерін де кездестіреміз. Мәшһүрдің ескі сөздердің қалпын бұзбай дұрыс жазып алуды борыш санағандығы сондай жыр нұсқалары табиғи көне түрін мол сақтағандығымен көзге түседі», — делінген [7]. Сөйтіп, ғалым Мәшһүр Жүсіптің жазбаларындағы ел аузынан жиналған фольклор үлгілерінің қандай жанрларды  қамтитынына  да,  жалпы  олардың   көлемі қанша  деген сауалдарға  да жауап

 

берумен қатар, қолжазбалардың кімнің қолымен көшірілгендігіне, қай тілде жазылғандығына, тіпті қауырсын қаламмен хатқа түскендігіне т.б. назар аудартады. Сондай-ақ ақынның кейбір туындылары орыс тілінде де жарық көрді: бірі – Москвадан 1940 жылы шыққан «Песни степей» антологиясына, бірі – Ленинградта шыққан «Поэты Казахстана» жинағына кірген. 1983 жылдан бастап Мәшһүр Жүсіп шығармаларына көңіл көбірек бөліне бастайды /оған ақынның туғанына 125 жыл толуына арналып басылған материалдарды жатқызамыз/ [9] .

Қазақстан Республикасы Ғылым академиясындағы М.О. Әуезов «Әдебиет және өнер» институты ғалымдары да бұл іске біраз үлес қосты. «Қазақ фольклористикасының тарихы» /ред. басқарған фил.ғыл. докторы — Р. Бердібаев/ кітабында [10] Мәшһүр Жүсіп өмірі мен еңбегі туралы арнайы бөлім берілген.

Сонымен қатар «Дала уалаяты газеті» кітаптарының алғашқы томында [11] да

/құраст. Ү. Сүбханбердина/ Мәшһүр Жүсіптің 1888-1894 жылдарда сол газет беттерінде жарияланған материалдары қамтылған.

Ақын шығармаларын зерттеудің нәтижесінде 1990-1992 жылдары «Ғылым» баспасынан Мәшһүр Жүсіптің таңдамалы шығармаларының екі томы ғана жарық көрді. Сондай-ақ республика газет-журналдар беттерінде Мәшһүр Жүсіп жинаған жазба мен  ауыз әдебиеті үлгілері т.б. жиі басылуы да – ақын мұрасының құндылығын, көлемділігін дәлелдей түседі.

Дегенмен Мәшһүртану саласындағы ізденістері көкжиегі – осы еліміздің егеменді ел болуымен тұспа-тұс келді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бір топ ғалымдары Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көптомдығының 20 томын әзірледі [12].

Кешегі XIX-XX ғасырлардағы патшалық дәуірде де, кейінгі әміршілдік жүйе үстемдік еткен кеңестік кезеңде де Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өзін діншіл, ұлтшыл десе, еңбектерін зиянды, қауіпті деп тапқаны баршамызға аян. Мәшһүр Жүсіптің артына қалдырған мол мұрасы сан-салалы болып келеді. Алдымен Мәшһүр Жүсіпті қазақ халқы ақын деп біледі. Ақынның түрлі тақырыптағы, түрлі жанрлардағы өлеңдері, дастандары т.б. қазіргі таңның өзінде бес томды құрайды. «Қазақ поэзиясы тарихына Мәшһүр Жүсіп не қосты?» – дегенде, XIX ғасырдың соңғы ширегінде-ақ кемел суреткер ақын ретінде қалыптасқанын көреміз. Атап айтқанда, ақын суреттеудің бай амалдарын: көркем жинақтау, шарттылық, дерексіз ұғымды заттандыру т.б. шебер пайдалану арқасында шағын жанр лирикаға эпос мүмкіндігіндегі жүк артып, шындықты кең қамту шеберлігін көрсетті. Мұның бәрі Мәшһүр Жүсіптің ақындық шеберлігін жан-жақты ізерлеп зерттеу қажеттігін, оның суреттеу амал-тәсілдерінің түрлішелігін, сөз зергері ретінде қазақ әдебиетінің кемелдеуіне көп үлес қосқанын дәлелдейді.

Ал, Мәшһүр Жүсіпті фольклортанушы дегенде, сонау қазақ халқының қаймағы бұзылмаған заманда елдің түпкір-түпкірін аралап, өмір бойы халық ауыз әдебиетін жинауы, жариялауы, зерттеуі дер едік. Фольклор үлгілерін жинағанда да сөздің мағынасын бұзбай, ешбір өзгеріссіз сол қалпында қағазға түсіріп отырған. Мәшһүр Жүсіп сонымен бірге, әр мәтінді кімнен алғанын да көрсетіп отыруды ұмытпаған.

Тәуелсіздік арқасында өз Отанының шынайы тарихын білуге ұмтылған ұлттық сана- сезімнің оянуы – тарих ғылымында қалыптасқан жалған қағидаларға, концепцияларға, бұрмалауларға қайта қарауға да негіз болғаны белгілі. Міне, осы тұста Мәшһүр Жүсіп атамыздың қалдырған тарихи еңбектеріне де ғалымдарымыздың қызығушылығы арта түсті.

 

Мәшһүртануға ат салысып жүрген ғалымдарымыздың ішінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан республикасына еңбегі сіңген қайраткер Серік Негимовтың еңбегі ерекше.

Еліміздің білім және ғылым салаларын өркендетуге елеулі үлес қосып, ұлт мәртебесі мен абыройын көтеруде аянбай еңбектенуіңіз, саналы өміріңізді, барлық күш-жігеріңізді, қажыр-қайратыңызды жас ұрпаққа білім, тәлім-тәрбие беру ісіне аямай жұмсап келуіңіз т.б. – бәрімізге үлгі-өнеге. Ұзақ жыл бойы ғылым саласына қосқан еңбегіңіз елеулі! Талай ұрпаққа білім нәрін құйып, талай жаңа істің басында болып, еңбекте де қажыр- қайратыңыздың арқасында талай абырой биігінен көрініп, ұрпағыңызға үлгі болар абзал жан ретінде өзіңізді танытып, талмай қажырлы күш жұмсап отырсыз. Ұлттық поэтика («Өлең өмірі», 1980), ақын-жыраулар поэзиясы («Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі», 1991), қазіргі қазақ лирикасы, өлең құрылысы, риторика саласындағы («Өнерпаздық өрнектері», 1996, «Шешендік өнер», 1997) және «Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты» (1982), «Жамбыл Жабаев творчествосы» (1989) тәрізді ұжымдық ғылыми монографияларыңыз әрі әдебиеттану әрі фольклортану т.б. ғылымына қосқан өлшеусіз еңбегіңіз болып табылатыны сөзсіз.

Сондай-ақ, «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» (1975), Шашубайдың (1984), Доскейдің (1986), Мәлік Ғабдуллиннің (1985) шығармаларын және «Ардақ» (1989), «Ақ бата» (1992) жинақтарын құрастырдыңыз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағының, «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы», «С. Торайғыров» атты тұлғалық энциклопедиясының редакциялық алқасының құрметті мүшесісіз. Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын зерттеуде бірнеше мақалалардың авторысыз. Ақын өлеңдерінің көркемдік сипаты, сөз саптасы, ой толғауы, тілдік-стильдік ерекшеліктері «Мәшһүр Жүсіп шығармаларының бейнелігі» (Мәшһүр Жүсіп оқулары, 2001, Б. 5-10) атты мақалаңызда жан-жақты талдадыңыз. Мақалада Мәшһүр Жүсіптің өлең, қисса, дастандарында метафоралық сөз қолданыстардың, көркем ерекшеліктердің, поэзиялық сипаттаулардың молдығына т.б. жан-жақты назар аудардыңыз. Сонымен қатар, қазақ билерінің шешендік өнері, дәстүрі мен мектебі ұлт мәдениеті тарихындағы ерекше құбылыс екендігін таныта отырып, «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы би-шешендер мұрасы» (Мәшһүр Жүсіп оқулары, 2008, Б. 46-60) атты мақалаңызда Мәшһүр Жүсіп мұрасында кездесетін қазақтың би-шешендер туралы: Жиренше шешен, Майқы би, Мөңке би, Бейсен би, Төле би, Әйтеке би, Қаздауысты Қазыбек би, Келдібек би, Бекболат би, Тіленше би, Едіге би, Шоң би, Шорман би, Торайғыр би, Алшынбай би, Тайкелтір би, Шобалай баласы Жаңабатыр, Байдалы би, Ақтайлақ би, Боздақ би, Жәуке шешен, Итемген би, Үкібай би т.б. төңірегінде жазған ғылыми ойларыңыз, талдауларыңыз т.б. құндылығын жойған жоқ. Бұлар қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы мен даму тарихында Қазақстанның соттық-құқықтық жүйесін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салт ережелерін кейінгі заманға жеткізуші һәм жетілдіруші т.б. екенін де, әрі ұлт тәуелсіздігін қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау, қорғаныс қабілетін күшейту жолында да өлшеусіз еңбек сіңіргенін ерекше атап өттіңіз. Және де бұл жеке- жеке би-шешендерге арналған мақалаларыңыз (200-дей) «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы» атты тұлғалық энциклопедияға да арнайы енгені белгілі.

Сонымен қатар Мәшһүртану саласы бойынша білікті мамандар, ғылым кандидаттарын да дайындағаныңыз баршаға аян. Қазақ әдебиеті тарихы, әдебиеттану ғылымында бұрын мүлде аз зерттелген саланың бірі шығыс пен қазақ әдебиеті байланысы екені анық. Профессор Серік Негимов жетекшілігімен ізденуші Е.Қ. Жүсіпов «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы шығыс әдеби дәстүрі» (2001) атты диссертациясында белгілі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармашылығына ислам дінінің қалай, һәм қаншалықты

 

ықпал жасағанын қарастырады. Күні бүгінге дейін әдебиет пен дін арасындағы байланысқа берілген оң және теріс пікірлерді байыптай отырып, әдебиет үшін діннің өзіндік игі ролі болғаны белгілі. Бұл зерттеуде: Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы ислам ықпалы мен шығыстық әдеби дәстүрдің сыр-сипаты; Мәшһүр Жүсіп өлең-дастандары сюжетінің бастау көздері; шығыстық әдеби дәстүрдің қазақ әдебиетіндегі, оның ішінде Мәшһүр Жүсіп шығармашылығындағы көркемдік құралдар сипаты; Мәшһүр Жүсіптің өзіндік ізденісі, шығыс әдебиетіндегі бай дәстүрге қосқан үлесі жан-жақты сарапталынады. Сонымен қатар шығыс әдебиетінің тұспалдап, жұмбақтап айту дәстүрі мен Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы өзектестікті, шығыс поэзиясындағы шарттылық дәстүрінің Мәшһүр Жүсіп шығармаларымен үндестігі т.б. сөз болады.

Сондай-ақ профессор Серік Негимов жетекшілігімен 2010 жылы қорғаған Е.Ж. Сарбалаевтың «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы поэзиясындағы азаматтық әуен» атты диссертациясында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармашылығына, поэзиясына тән сипаттарды айқындай отырып, олардың азаматтық тұғырды тиянақтаған, идеялық- тақырыптық арналарын ашып көрсете отырып, өзі өмір сүрген дәуір тынысын бүгінгі күн тұрғысынан қарастырады. Ақынның әдеби мұрасын тарихи-ғылыми тұрғыдан байыптап, туындыларына көркемдік талдау жасап, философиялық ой-тұжырымдарының мән- мағынасын айқындайды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қазақты тәуелсіздік жолындағы күреске, шақырған азатшыл ақын; ел түзейтін демократтық-ағартушылық бағытты ұстанған әдебиет өкілі; қазақтың халық эпостарын ғана емес, көптеген шығыстық сюжеттерді жетік меңгерген кең тынысты дарын иесі т.б. ретінде жан-жақты талдайды.

Қорыта келгенде, бүгінгі мерейжасқа толып отырған қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі профессор Негимов Серік ағайды мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасылық бақыт, шығармашылық табыс тілейміз!

 

 

 

Әдебиет:

  1. Толыбайұғлы М. Қарқаралыдан хат. Дала уалаяты газеті.  1980,      №19, 11 май; Ботбаев М. Кім тұрар сөз сөйлемей көңіл қызса. Дала уалаяты газеті. 1892, №47.
  2. Садуақасов С. Қазақ әдебиеті // «Халық кеңесі» газеті, № 42, 2 наурыз, 1993, 4 б.
  3. Әбілев Д. Мәшһүр Жүсіп // Жұлдыз, №12, 1992, 116-129 б.
  4. Ақышев З. Деректер // Қазақстан мұғалімі, 16 сентябрь,
  5. Қаратаев М. Қайта қарауды қажет ететін мәселе // Қазақ әдебиеті, 10 август, 1956, 3 б.
  6. Қоңыратбаев Ә. М. Ж. Көпеев лирикасы // Қазақ әдебиеті, 19 июнь, 1959, 3 б.; Базарбаев М. Қазақ әдебиет тарихын зерттеудің кейбір мәселелері // Қазақ тілі мен әдебиеті, 10, 1958, 31-39 б.; Сүйіншәлиев Х. Ғылыми мәні зор еңбек // Қазақ әдебиеті, 2 декабрь, 1980, 3 б.; Әуезов М. Әдеби мұра және оны зерттеу. – А., 1961. – 358 б.; Кенжебаев Б. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. – А.: Мектеп, 1976. – Б. 63-65; Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. –А.: Жазушы, 1970. – Б. 7-10.
  7. Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. – А.: Жазушы,1970.
  8. Жиреншин Ә. Қазақстан кітаптары тарихынан. – А. : Қазақстан,
  9. Бөжеев М. Мәшһүр Жүсіп мұралары хақында //Жалын, 3, 1974, 127, 129 б.
  10. Қазақ фольклористикасының тарихы. – А.: Ғылым, 1988. – Б. 353-
  11. Дала уалаяты газеті. – А.: Ғылым,
  12. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 1-20 томдар. – Павлодар, 2003-2013.

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *