КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ «МАХАББАТ» КОНЦЕПТІСІНІҢ ТІЛДІК СИПАТЫ

КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ «МАХАББАТ» КОНЦЕПТІСІНІҢ ТІЛДІК СИПАТЫ

 

Хамзина Г.С., Ержанова А., Наширова А., Шералиева Г.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

 

 

Махаббат – эмоциональдық күй. Ол жағымды да жағымсыз да эмоциямен беріліп, түрлі лексикалық тіркестері болуы мүмкін. Махаббат концептісі басты жалпы адами ұғымды білдіретін кез-келген тілде кездесетін ұғым. Тілдер санасында махаббат жағымды реңкте бақытпен; қуанышпен; іңкәрлікпен; қызығушылықпен; рақаттылықпен; масаттанумен; қамқорлықпен; толқумен астасады. Сондай-ақ, махаббат қайғымен, сағыну, азаппен, дертпен, үреймен, торығу, қажумен жағымсыз эмоциялармен берілуі де мүмкін. «Махаббат» концептісін лингвомәдени эмоциональдық тұрғыдан қарастырудың маңызы зор. Эмоцияны вербальдайтын тілдік бірліктер концептінің тілдегі көрінісі болып табылады. Концептің эмоционалды және рационалды деп бөлінуі шартты.

«Махаббат» концептісінің негізгі логикалық моделі мынадай: сүю, жақсы көру, жан тәнімен шексіз сүю, махаббаты үшін барлығына да даяр болу.

Меніңше, махаббат – дүниедегі барлық күштің көзі, барлық қуаттың бұлақ –бастауы.

Онсыз еш жерде жеңіс жоқ.

Ендеше, қыздар, махаббаттың мөлдір бастауы – сендерді көргенде қалай тебіренбейін, қалай қуанбайын мен!

Өзіңді уыз махаббатыммен сүйгенім үшін кеш.

Махаббат пен сана бірін-бірі тыңдамайтынын, әрқайсысы тек өз дегенім ғана болсын дейтінін мен бірінші рет осы кеште ұққандай болдым.

Махаббат бар жерде көз жасы қоса жүреді.

Адамның өмірі қысқа болғанымен, махаббаты ұзақ өмір сүреді.

… Мені махаббаттың улы жыланы шақты аямай. Жаныма дәрі, дертіме шипа сен ғана! Еркектер әлімен күшті болса, әйелдер махаббатымен мықты.

Әйел махаббаты — ең күшті махаббат. Әйел махаббаты — әлемнің тұтқасы.

 

Жоғарыда аталған шығармадағы махаббат концептілерінің басым көбі тұлғааралық махаббатқа арналғандығын және зат есім сөз табына жататындығын көруге болады. Махаббаттың түрлеріне байланысты бөлген концептілер кездеседі: уыз махаббат; асыл махаббат; шексіз махаббат; ескі махаббат; жаңа махаббат.

М.Әуезов: «Абай өзінен бұрыңғы әдебиет тілін халықтық әдебиет тілі сапасында өсіре, байыта, сұрыптай түскен және өз шама-шарқынша қазақ әдебиет тілін жасауда белгілі бір дәрежеде Қазақстанның көп өлкесінің тіл қазыналылығын кеңінен пайдаланып, халықтың әдебиет тілін биік белге шығара түскен классик ақын дейміз», — десе, қазақ тіл білімнің көрнекті қайраткері, ғалым А.Байтұрсынов: «Абайдың өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен»[1, 5 б.], — деп тұжырымдаған. Сондай-ақ, «Махаббат» концептісін Абай мен Шәкәрім шығармаларының өн бойынан кездестіріп отыруға болады. Ұлы ақын Абай шығармаларында «махаббат» концептісі адамдар арасындағы көңіл тазалығы, пәктік, шынайылық, құрметтеу, ізгілік, сену сияқты адами қасиетке тән когнитивтік модельдерден тұрады.

Қалмаған Онегиннің ешбір бағы, Өтіп кеткен жүректің отты шағы. Мінсіз тілмен сөзіңді жазыпсың-ақ,

Ұнатпаған жерім бар сүйтсе-дағы. Сонымен қатар, «махаббат» концептісінің адами қасиеттердің жоғары құндылығын білдіретін ерекшелігі Абайдың дарынды шәкірті – Шәкәрім шығармаларында да ерекше бір мазмұнға толы негізде беріледі. Шәкәрім шығармашылығында

«махаббат» концептісінің қолданысын махаббат тақырыбына арналған лирикалық өлеңдерін жеке қарастыру арқылы «махаббат» концептісі адамзатқа ортақ, әр алуан мазмұнға толы екендігін аңғарамыз. Ақын шығармаларында «Махаббат» концептісі екі ғашық арасындағы сезімді ғана емес, елге, жерге, ананың балаға, баланың анаға, рухани жақын адамдар арасындағы қатынасқа негізделген, үлкен бір философиялық мазмұнда көркем сөзбен беріледі.

«Махаббат» концептісін жырға қосып ішкі мазмұнын беруде Шәкәрім шығармашылығының ерекшелігі қос ғашықтың арасындағы махаббат арқылы «махаббат» атты күрделі ұғымның ішкі мазмұны сөз етіледі.

Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы «махаббат» концептісі адамзатқа ортақ, оның өмірдегі адамдар арасындағы сан алуан қатынастар мен адамдардың аллаға деген ынтық көңіліне негізделген махаббаттың маңызының зор екендігін танымдық тұрғыда аңғаруға болады. Қос ақынның шығармаларынан «махаббат» адамның адами қасиеттерінің біріне саналатындығы анық көрінеді. Абай мен Шәкәрімнің махаббат туралы ұғым-түсініктері  қазақы танымнан алшақ деуге келмейді. Керісінше, екі ақынның дүниетанымында да халықтық ұғымдағы «Екі жарты – бір бүтін», «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу», «Қисық болса да жол жақсы, долы болса да қыз жақсы», «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан», «Жалғыз жігіт – жарымас», «Теңін тапсаң, тегін бер» деген сияқты т.б. паремиялық түсініктерден байқалатын махаббат туралы түсініктер көрініс беріп, өлең тілінде, екі ақынның көркемдік танымында ерекше қырынан айқындала түседі.

Демек, «махаббат» концептісін Абай шығармаларының өн бойынан толықтай кездестіріп отыруға болады. Ал ақын шығармасындағы «махаббат» концептісі адамдар арасындағы қөңіл тазалығы, пәктік, шынайылық, құрметтеу, ізгілік, сену т.б. адами қасиетке тән когнитивтік модельдерден тұрады.

Адам тәжірибесі арқылы ғана танып білуге болатын құбылысты дамыту барысында ғана түсінуге болатын ұғымдарды көзбен көріп, қолмен ұстап тану мүмкін емес. Сондықтан философиялық мәні басым, адамның қажеттілігін өтейтін абстрактілі ұғымдарды нақты тұрақталған дефинициялармен танытуға болмайды. Оны адам қалай сезінеді, қалай басынан өткереді, сол әсері арқылы танытады [2, 20 б.]. М.Шаханов поэзиясында метафизикалық

 

концептілер жиі кездеседі. Солардың бірі «махаббат» концептісі көптеген қазақ майталман ақындарының шығармаларында жырланады, себебі махаббат ұлы, ерекше сезім. Абай Құнанбаев айтқандай: «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңыз». Ақынның сөзімен келіспеу мүмкін емес, өйткені махаббат, пәктіктің, тазалықтың, сезімнің символы іспеттес. М.Шаханов та Абай сияқты махаббатты ерекше бір сезіммен жырлаған. Мысалы:Бақытты болыңдар! –Тек махаббат пілтесімен жаныңдар! [3, 272 б.]. Осы жодардан-ақ ақынның махаббатты ерекше бір леппен жырлайтыны, ұлы символ, ғашықтық символы етіп көрсетеді.

Концепт жеке тұлғаның ғаламды тану тәсілі десек, М. Шахановтың концептуалдық ғалам бейнесінде айрықша орын алатын «махаббат» концептісі эмоционалдық, мәдени және көркем концептілердің барлық белгілерін иеленіп, автордың өзіне тән күшті идеялық- эстетикалық реңкте бейнеленіп вербалданады. Ақынның шығармаларында махаббат (атау), сүю (етістік) сөздері «махаббат» концептісін когнитивті-пропозициялық құрылым арқылы анықтауда маңызды рөл атқарады. Автордың поэтикасында махаббат лексемасы көп қолданылады.

Ақын танымындағы махаббат – бар дүние болмысына, барша адамзат баласына деген сүйіспеншілік. Ақын нені жырласа да, ғашықтықпен жырлайды. Адамдар арасындағы қарым- қатынасты бейнелеу туған табиғатқа, жер-анаға, өз ұлтына, елінің тағдырына деген сүйіспеншілігімен ажырамастай байланыста.

Автордың шығармаларында махаббат ұғымы ерекше сипатқа ие, барлық ой- толғамдарының бәрі махаббат сезімімен тығыз байланысты. Ақын ұғымында махаббат тәрбиелік мәндегі құндылық, этикалық, эстетикалық салаларды бір арнаға тоғыстыратын философиялық-дүниетанымдық категория болып табылады. Махаббат ұғымы адам өмірі мен болмысының терең қойнауына бойлауға, оның өмірлік ұстанымдарының дұрыс бағытта құрылуына ықпал етуге көмектеседі.

«Әйел» концептісінің айрықша бір танымдық бөлігі — «махаббат» фреймі деп айтуға болады. Әмбебап, метафизикалық деп танылатын махаббат концептісінің өзегі әлем бейнесіндегі түсінікпен сәйкес келсе де, қаламгер танымындағы шеткері аймақтарда түрлі ассоциативтік-бейнелік, эмоционалды-бағалауышты модельдермен беріледі. Бұл орайда М.Жұмабаевтың тілдік тұлғасын қарастырған Ж.Ермекованың «ғаламның діни-мифологиялық бейнесіндегі, ғаламның тарихи бейнесіндегі, ғаламның философиялық бейнесіндегі, ғаламның психологиялық бейнесіндегі махаббат модельдерін» 7 топқа бөліп қарастырғанын және олардың арасында ең көп вербалданатыны «ер мен әйел арасындағы махаббат концептісі» екенін атап көрсеткенін [4, 11 б.] айта кету орынды.

Көркем шығармаларда «Махаббат- күрес» моделін деп ерекше көрсетуге болады.

Белгісіз дұшпандарыңның араларыңа от жағу салдарынан, жуық арада екеуің айырылып кеттіңдер.

-Бұл мен әлдеқашан ойланған нәрсе, Қайреке!

Бұрын да айтқам, әлі де айтам, шын сүйіскен Бәтесті, қанаушылардың талап жеуіне жол бере алмаймын ! (С. Мұқанов « Мөлдір махаббат»)

Сүйгеніне қол жеткізу үшін неден болса да тайынбай, Бәтесті қанаушылардың талап жеуіне жол бермеуге бел байлауы бір жағынан махаббат үшін күресті білдірсе, екіншіден ер азаматқа тән батырлық, шекіспей беріспеуді дәріптейді.

-Түк те ұяты жоқ –деді Қалиса, ғашық екені рас болса, қыз жігітті іздеді не? … Жігіт қызды іздеді не? Әсіресе, мынадай қыз бен жігіттің теңеліп тұрған шағында?

-Күйеуін қыздың өзі іздеп шығуын, бұл араның елінде бұрын естігенің бар ма? (С. Мұқанов « Мөлдір махаббат»)

Қазақ лингвомәдени қауымында қалыптасқан нормаға сай қыз жігітті іздемейді. Бұл құндылықтар жүйесінде қазақ қызына жат қылық болып саналады.Бірақ, бақыт та, махаббат та

 

күресті қажет ететіндіктен, махаббат жолында адам ер мен әйелге бөлінбей, сүйгені үшін күресуі керек.

Д.Исабековтің туындысында «махаббат — сор» танымдық моделі өзектенген. Махаббат адамның жақсы қасиеттерін ашып, ұлғайтып көрсететіндіктен, оның азабы мен қайғысының өзі кез келгеннің еншісіне бұйырмайтын, маңдайына жазылмайтын сыбаға деп түсініледі. Концептінің метафорамен вербалданған тармағы Бағиланың ішкі монологінде ойсурет құрылымда танылады: «Сонда… Сонда мен бұдан былай не істемекпін? Мұның бәрінің апарып тірейтін жері не болмақ? Көзді жұмып алып, қайда барары белгісіз кеменің соңынан ілесе беруге болмайды ғой. Ол кеме, әрине, өзгелерге мүлде ұқсамайтын алып та сырлы кеме, баратын жері де мен көрмеген ғажайып бір ертегідей қала, бірақ маған басқа қала керек, мүлде басқа қала. Ол, тіпті, кішкене ғана порт болуы мүмкін, әйтсе де мен баратын жер — сол… ойда жоқта кездескен бір кеменің алыптығына, жүрер жолының қызғылықты да қиындығына, барар қаласының бір-біріне ұқсамайтын әсерлілігіне елігіп, сол кеменің ақылды да ашулы, сабырлы да салқын капитанымен алаңсыз еріп кете бермекпін бе?». Ойсурет құрылымды тармақта «махаббат — сор» танымдық моделі бұлардан басқа жол, дауыл, жартас, туған порт, жаға тәрізді лексемалармен репрезенттеледі. Бұл метафоралардың семантикасында үміт, қауіп, қатер, сенімсіздік сияқты түрлі сезімдердің кең ауқымы қамтылғанмен, трагедиялық тармақтың мықтылығы,  беріктігі  Жасынның  шешімінен көрінеді: Осы ой арпалысы өзін тынымсыз мазаласа да, ұстап тұруға болмайтын еріксіз күш оны аэрофлот агентствосының тоғызыншы кассасына қарай итермелей берді. Ол біреу зорлағандай қиналып билет алды, амалсыз самолетке отырды. Самолет те біреу зорлағандай орнынан қинала қозғалды, қинала екпін алды. Әйелдің бөлмесінен бері созылған адалдықтың жібі бырт етіп үзіліп кетті. «Махаббат» концептісінің ассоциативтік өрісіне кіретін адалдық семасының концептуалдық метафора арқылы объективтенуінің өзі коннотативті.

Қаламгердің тағы бір кейіпкері «әйел» концептісінің жағымсыз тармағын көрсетеді.

«Есепшот, түйетауық және домино» әңгімесіндегі Пістекүлдің бейнесі өзі/өзге оппозициялық бағалауына негізделген, яғни «өзін ауылдағы ең ажарлы, өжет, екі сөйлеу дегенді білмейтін және көзі ашықтығы жағынан өзгелерге қарағанда оқ бойы озық әйелмін деп санайтын; Өзі туралы мұндай берік байлам оның кеудесіне нан пісіріп, көшеге шыға қалса, былайғы жұртты көзіне ілмей, бойын тәкаппар ұстауға  тырысатын;….  білдей  бұғалдырдың әйелі…» Пістекүл өзгелердің танымында шалдуар, шайпау, ұрысқақ. Соңғы бағалауды ішкі интертекстуалдылық көрсетеді:

Әй, Пістекүл, Пістекүл, Сен қылатын іс не бұл? Саған жақсы ат әпермес Ұрыс деген түспегір.

Ағасы шығарған өлеңдегі бағалау автордың субъективті пікірі деуге болады, яғни «…ішкі интертекстуалдылық (романға хаттардың, күнделіктердің, кейіпкерлердің әдеби шығармаларының т.б. келтірілуі) — шын мәнінде, жалған болады, себебі келтірінді элементтерді автордың өзі жазады» [5].

Келтірілген мысалдардан көрініп тұрғанындай, Д.Исабековтің әр шығармасындағы

«әйел» концептісінің танымдық тармақтары туындыларында қайталанбай, соны образ жасауға мүмкіндік берген. Бұл концептіні вербалдаған тілдік бірліктердің эмоционалдық, коннотациялық бояуының қанықтығы қаламгер сөзқолданысының авторлық мәнерін танытады, өзі жақсы білетін, ұстанатын ұлттық таным, болмыс ерекшеліктерін оқырмандардың бірнеше буынына жеткізуді діттейді. Қаламгер концепт құрайтын құрылымдық элементтердің қарапайым, күрделі, бейнелі, кеңейтілген, метафораланған формаларын ұтымды, уәжді қолдану арқылы өз кейіпкерлерінің бітім-болмысын дәл, әсерлі, көркем бере алған.

 

Шығармаларда махаббат ұғымы ерекше сипатқа ие, барлық ой-толғамдарының бәрі махаббат сезімімен тығыз байланысты. Жазушы ұғымында махаббат тәрбиелік мәндегі құндылық, этикалық, эстетикалық салаларды бір арнаға тоғыстыратын философиялық- дүниетанымдық категория болып табылады. Махаббат ұғымы адам өмірі мен болмысының терең қойнауына бойлауға, оның өмірлік ұстанымдарының дұрыс бағытта құрылуына ықпал етуге көмектеседі.

 

 

Әдебиет:

  1. Жампейсова Ж.М. А.Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны. – Қазақ газеті 1913. — 6 б. Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Филология», №1(47),
  2. Абдрахманова М. Б. Концепт хромотологиясы// ҚазҰУ Хабаршысы №7, 2005. – 22- 25 бб.
  3. Шаханов М. Тілсіздендіру анатомиясы. – Алматы: Рух-дария, 2006. 361 б.
  4. Ермекова Ж.Б. Мағжан Жұмабаевтың тілдік тұлғасы: Филол. ғыл. канд. диссерт. авторефераты. – Алматы, 2010. – 25 б.
  5. Арнольд И.В. Проблемы диалогизма, интертекстуальности и герменевтики. – СПб.: Образование, 1995.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *