ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР – КРЕДИТТІК ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ НЕГІЗІ

 

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР – КРЕДИТТІК ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ НЕГІЗІ

 

Жамитова А.С.

(ҚР Ұлттық ұланы Әскери институты тілдік дайындық кафедрасының профессоры аға лейтенант)

 

 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеттері – ұлттық және адамзаттық құндылықтар ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу»  деп жазылған [1,211]. Сонымен қатар, білім беру саласындағы мемлекеттік саясат концепциясында және басқа да нормативтік құжаттарда жеке тұлғаның жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау арқылы оның шығармашылық мүмкіндігін дамытуға басты назар аударылады. Сондықтан да білім беру жүйесінің одан әрі дамуын көздеуіміз қажет.

Қазіргі білім беру саласында озық педагогикалық технологияларға баса мән беріліп отырғаны заңды нәрсе. Әлемдік білім кеңістігіне ену үрдісі негізгі мәселе болғандықтан, тәжірибеде озық деп танылған оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдану және оны іске асыру мәселесі өзекті болып отыр. Жоғары оқу орындарында оқыту үрдісін түбегейлі жетілдіру қажеттілігі туындады. Бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеуде білім беру ісі маңызды орын алатыны анық. Осыған орай, кредиттік оқыту жүйесі енгізілді.

Оқытушы міндеті студентке сапалы білім, саналы тәрбие беріп қана қоймай, білім алушының өздігінен жұмыс істеуін, теориялық білімін тәжірибеде танытуға баулу болып табылады. Бұл студенттің оқытушымен бірлескен өздік жұмысы болмақ. Ал, бүгінгі таңда кредиттік оқыту жүйесінде басты талап осы мәселе төңірегінде болып отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы №1459 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған

 

Мемлекеттік Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттарында «Оқу үрдісін ұйымдастырудың дәстүрлі жүйесінің орнына оқытудың кредиттік жүйесі енгізіледі, ол оқитындардың өз бетінше белсенді жұмыс істеуін ынталандырады, жеке білім бағытын таңдаудың болуын, ұтқырлығын, бакалаврлардың, магистранттардың және докторанттардың академиялық еркіндігінің үлкен дәрежесін қамтамасыз етеді, білім туралы құжаттардың әлемдік білім беру кеңістігінде танылуына әсер етеді» деп атап көрсетілген [2]. Кредиттік жүйе білім беру үрдісінің демократиялығымен сипатталады. Ол әр білім алушының өрісінің өсуіне, ерекшелігі мен қабілеттерін ескеруге мүмкіндік береді. Оқытудың кредиттік жүйесі блім беру үрдісіне икемділікпен қарауға үлкен мүмкіндіктер туғызады. Кредиттік технологияның негізгі мақсаты – әлемдік стандарттар талаптарына сәйкес мамандарды дайындаудың сапасын жоғарылату, оқу үрдісін жоспарлауды икемді ету, аудиториялық және өздік жұмыстың оңтайлы қарым-қатынасын орнату. Сонымен қатар, жаңа мемлекеттік стандарттарды, оқу пәндері мазмұнының стандарты, білім беру үрдісін ұйымдастыру принциптері, кредиттің мемлекеттік білім беру стандарты нормативіне енуі, студенттердің білімін бағалау әдістері, оқуды жекелендіруді қалыптастыру. Бұл жүйе елдің дәстүрлі білімінің сақталуына ықпал етеді.

Оқытудың кредиттік технологиясы – ЖОО-ның әлемдік кеңістікке енуіне зор ықпал жасайтын шынайы жол. Кредиттік технологияны енгізу екі маңызды үрдісті жандандыруға бағытталған:

  • Ұлттық білім беру жүйесін жаңа арнаға түсіру;
  • Әлемдік білім беру кеңістігімен ықпалдасу.

Жоғары оқу орнының негізгі мақсаты – студентке теориялық білім беріп қана қоймай, сол білімді өз бетімен ізденіп табу қабілетін, оқу әрекетінің ғылыммен, кәсіби әрекетімен байланыстыра білу дағдысын қалыптастыру.

Студенттің өз бетімен білім алу дағдысын қалыптастыру зор міндет. Осы дағды арқылы маман өмір бойы шығармашылықпен жұмыс істейді, ізденеді, білімін толықтырады. Өздік жұмыс нәтижесінде білім алушы зор біліммен қаруланып, білік пен дағдыға ие болады, өз дүниетанымын кеңейтіп, ұғымдарды ойына түйеді. Бұл пікірден өздік жұмыстың оқу әрекетінің негізгі бөлігі екенін түсінеміз. Өздік жұмыс білім алушының көзқарасын кеңейтіп, таным белсенділігін арттырады, білім деңгейін жоғарылатады, білім алушы жұмысының мазмұндылығын арттырады. Сонымен қатар, білім алу үшін қажетті білім, дағды, іскерлікті, өз бетімен жұмыс істей алу қабілетін қалыптастырады. Ғылыми әдебиеттерде өздік жұмыс дидактикалық міндеттерді өздік орындауға, танымдылық қызметке деген қызығушылықты қалыптастыруға және белгілі ғылым саласы бойынша білімдерді толықтыруға бағытталған студенттердің оқу қызметін, логикалық ойды, шығармашылық белсенділікті, зерттеу қабілетін қамтамасыз ете, практикалық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Бұл жүйе оқу материалын игеруде зерттеушілік қабілетін, логикалық ойлау жүйесі мен шығармашылық белсенділігін арттырады. Енді студенттің оқытушымен бірлескен жұмысын практикалық сабақтан қалай ажыратамыз деген сұраққа мына екі пікір жауап бола алады. А.Әлімов практикалық сабақ туралы былай дейді: «Практикалық сабақ студенттерге теориялық мәлімет бойынша  нақты әрекеттер арқылы машықтанып, сол амалдар негізінде мәліметті игеру, меңгеру, тереңдету, дамыту мүмкіншілігін береді. Студенттер практикалық сабақта өз әрекеттерін жалқыдан (нақты мәліметтер) жалпыға (теориялық тұжырымдар) бағыттайды. Практикалық сабақта студенттер талдау және іздену жұмыстарымен айналыспайды. Практикалық сабақтың мақсаты –студенттерді лекцияда келтірілген теориялық

 

мәліметтерді өздерінің белсенді әрекеттерімен «тануға», «дәлелдеуге», өз қолымен

«жасауға» жұмылдыру». [3, 243].

Филология ғылымдарының докторы, доцент Н.Ә.Ілиясова СОӨЖ сабағын ұйымдастырудың нәтижесін былайша қорытындылайды: «СОӨЖ сабағы негізінен, студенттердің белгілі бір тәжірибе, дағдылар жинақтауына, адамдармен қарым-қатынас жасап үйренуіне, өзінің және басқалардың құндылықтарын бағалай алуға арналған сабақ формасы» — дейді [3,41]. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Н.Ермекова:

«СОӨЖ оқу материалын оқытушымен бірлесе отырып өз бетінше игеруінің аудиториялық формасы. Оқытушының міндеті студентке сапалы білім беріп қана қою емес, оны студенттің өзі игеріп, тәжірибеде қолдануға машықтана алуына қол жеткізу. Сондықтан да студент өз білімін толықтырып, жетілдіріп отыруға ұмтылуы керек. СӨЖ бен СОӨЖ тапсырмалары дәріс сабағында қамтылмаған не аз қамтылған, материалды әрі қарай тереңдете оқытуға бағытталған тақырыптарды қамтиды. СӨЖ оның оқу материалын игеруде зерттеушілік қабілетін, логикалық ойлау жүйесі мен шығармашылық белсенділігін арттыруға бағытталуы тиіс. ОКЖ оқу әдістемелік жұмыстарды қайта құруға міндеттеп отыр» деген  пікірді  ұстанса,  филология  ғылымдарының  докторы,  доцент Н.Ә.Ильясова:

«СОӨЖ студент пен оқытушының өзара бірлесе отырып, жасаған жұмыстарының көрсеткіші. Оқытушы СОӨЖ сабақтарында орындалатын тапсырмалардың әдіснамалық негізін, идеясын, мақсатын анықтап, әр тапсырманы қалай орындау керектігіне жетекшілік жасайды» дейді [3,41].

СОӨЖ сабақтарын ұйымдастыруда студенттің жазу, сөйлеу дағдылары қалыптасады. Қазақ тілі мен әдебиеті немесе филолог маманға ең қажетті құрал да осы болмақ. Оқытушы студенттерге шығармашылық тапсырма беру арқылы тақырыптың мазмұнын ашуға, студенттердің ойын дамытуға қол жеткізеді. Бұл тапсырмалар интербелсенді әдістерді қолдану негізінде жүзеге асады.

Практикалық және СОӨЖ сабақтарында инновациялық технологияны қолдану мәселесі маңызды болмақ. Яғни, интербелсенді технологияны терең зерделеп, оларды белсенді түрде оқыту үрдісіне енгізу заман талабы демекпіз.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.А.Сатбекова білім беру сапасы жайлы ойын былайша өрбітеді: «Білім берудің сапасы түпкілікті нәтиже деп қарастырылмайды екен. Сонымен бірге, білім берудің сапасы сол нәтижеге тиімділікпен қол жеткізетін мүмкіндіктер мен әлеуеттер, сыртқы және ішкі үйлесімді күштерді дұрыс, ретпен жұмсаудың және сапалы қасиеттерді қалыптастырудың үдерісі ретінде де танылады» [4,7]. Ғалым айтқандай, алға қойған мақсатқа жету үшін оқытудың тиімді жақтарын басшылыққа алсақ, оқу үрдісін жүйемен, ретпен жұмсасақ жұмысымыз нәтижелі болатыны айдан анық.

Инновациялық озық технологиялар білім алушылардың интеллектуалдық ойын дамытуға, алған білімін өздігінен қолдануға, білім алуға деген ұмтылыс пен ынтаны жоғарылатуға, студенттің танымдық көзқарасын кеңейтуге, өмірде қажетті біліммен қарулануға, өзіндік ой-пікірінің қалыптасуына, белгілі бір жағдайды бағалауға, пәндік білік пен дағдының қалыптасуына, ақпараттық технологияны игеріп, оларды түрлі мақсат пен міндеттерді шеше білуде қолдануда, пікірлерді саралауға септігі мол. Кредиттік технология негізінде оқытуда инновациялық әдістердің маңыздылығы ерекше. Зор біліммен қаруланған жан-жақты офицерді дайындаудағы басты мәселе инновациялық тәсілдерді терең сараптап, таңдап, сабақта белсенді қолдану. Білім алуды жеңілдететін әдістеме құру басты мәселе болып отыр. Әсіресе, қоғамдық ғылымдарды оқытуда интербелсенді әдістер оқытушының шеберлігі мен іскерлігін қажет етеді.

 

Әдіс-тәсілдердің әртүрлі болуы білім алушының қызығушылығын арттырады. Зерттеулерді зерделей келе, оқыту сапасын арттыратын тәсілдерді топтастырған едік. Олар: жобалау технологиясы, портфолио, тұсаукесер (презентация), іскерлік ойындар,

«тендер» ойыны, майндмэппинг, концептуалды кесте, гарвард талдау әдісі, «кімнің күні жарқын?», аңдатпа құру, «тақырыптық бәйтерек», синквейн әдісі, график толтыру, кластер құру әдісі, дорба тарату, баспалдақ әдісі.

Оқытудың дәстүрлі жүйесінде шәкіртке берілетін білім іскерлік пен дағдыны меңгерту көзделсе, оқытудың жаңа технологиясында бұған қоса, әрбір оқушының өзін-өзі дамытып, тұлғалық «мендік» танымын қалыптастыру өріс алуы міндетті. Технологиялар уақыт өткен сайын жаңарып, толығып дамып отыратыны заңдылық. Әр технологияның өзіндік қыр-сыры, өзіндік ерекшелігі бар. Оны таңдау, тәжірибеде қолдану әр оқытушының еркінде. Сабақ барысында ұтымды технологияны қолдану оқытушының шеберлігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.

 

 

 

Әдебиет:

  1. ҚР «Білім туралы» Заңы. Астана, 2004. -211б.
  2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасы. аkorda.kz
  3. Сатбекова А.А. Ермекова Т.Н. Студент пен оқытушының бірлескен өздік жұмысын ұйымдастыру әдістемесі. – Алматы, 2012. -159 б.
  4. Сатбекова А.А. Қазақ тілін оқыту әдістемесі және жобалау технологиясы. Алматы, 2010. -207 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *