ГОМЕРДІҢ ҚАЙТАЛАНБАС ТУЫНДЫСЫ   Ақпанова Ғ.К., Қазезова А.М. (М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

ГОМЕРДІҢ ҚАЙТАЛАНБАС ТУЫНДЫСЫ

 

Ақпанова Ғ.К., Қазезова А.М.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

 

 

Зағип өмірдің тұңғиығына батпай, қалайда қараңғыдан ақ сәуле іздеуге тырысқан ұлы ақын, ол — Гомер! Осы есімді ауызға алғанда бірден ұлы грек халқының бүгінде әлем әдебиеті сахнасында ойып алар орны бар «Илиада» мен «Одиссея» дастандары еске түседі. Бұл шығармалар дүние жүзі поэзиясының ортақ мақтанышы. Гомер ел қыдырып жүріп өлең айтатын соқыр ақын болған. Дегенмен көкейге маза бермес бір сұрақ, қалайша қараңғылық түрлі-түсті бояуларды, сұлулықты, батырлықты, адам жанарының көрмей айтуына болатындай дүниелерді тудыра алады. Мысалға, Гомер «Илиада» дастанындағы Еленаның әрбір бойжеткенге дарымас сұлулығын, Ахиллестің күш сынасқанда бір емес бірнеше батырды сұлатып салатындай күштілігін, Гектордың жары Андромаха мен

«Одиссеядағы» Пенелопаның бойындағы нәзіктілік пен адал жарға тән қайсарлықты, рухани тазалық шыңын асқақтата суреттейді. Кейбір зерттеушілер зағип данышпан Гомердің «Илиада» дастанындағы негізгі сюжет Троя соғысын тарихи болған оқиға деп те айтып жатады. Мәселен, әдебиетші-ғалым Әмірхан Балқыбек «Гомер эпосының жаңғырықтары (жалғасы)» атты ғылыми мақаласында: «1880 жылдың күзiнде оксфордтық профессор Арчибальд Сэйс Лондонның «Библия» қауымдастығы алдында өзiнiң «Кiшi Азиядағы хэттер» атты лекциясын оқыды. Осылайша, Гомер Троясының iзiн ала, тарих сахнасына қала емес, тұтас бiр халық қайта шықты. Оның бұдан 3,5 мың жыл бұрын өз жазуы, империясы болғандығы анықталды», — деп жазады [1, 57 б.]. Яғни бұл деректер шынымен де Троя соғысының тарихта болғандығын растайды. Ия, мүмкін тарихта болған да шығар. Бәлкім Гомер өзі куәгер болып, құлағы естіген жайттарды шығармасына арқау еткен де болар. Алайда Гомердің асқан дарындылығына «Илиада» дастанының көркемдік дәрежесі, сюжеттік желісі, суреттеу тәсілдері жағынан қауымдық құрылыста туған ауыз әдебиеті мұраларынан едәуір жоғары тұрғандығы дәлел бола алады.

«Илиада» дастаны үшін, осындай данышпандық шығарма үшін грек халқы Гомерді қатты қадір тұтады. Гомердің 15700 жолдан тұратын көлемді туындысы Троя соғысын бейнелеуде шеберлік танытады. Бұл дастанның кинофильмдегідей Троя емес, «Илиада» деп аталу себебі — ежелгі гректер Трояны «Илион» деп те атаған. Бұдан автордың тіпті дастанның атауына да ерекше мән бергенін көруге болады. Яғни ақын оқырманды біраз ойға батырып, ізденушілік пен қызығушылыққа деген талпыныстарын оятуды көздеген. Бұл шығарманы оқып отырып, әр оқырман оның барлық композициясында бас қаһармандары тек мықты батырлар ғана емес, сонымен бірге құдайлар нәсіліне жақын тұратын жандар екендігін де байқай алады. Олимп тауының әміршілері бұл туындыда жетекші рөл атқаратындығы белгілі. Сондай-ақ Гомер өз дастанында тек алып күш иелерін, батырларды ғана емес, көзге көрінбейтін, күнделікті күйбең өмір кешкен шаруалардың өмірін де назардан тыс қалдырмаған.

Бұл шығармада өзге халықтар әдебиетінде кездеспейтін де, кездесетін де дүниелер басым. Мәселен, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Т. Қобланов: «Гомер поэмаларында басқа халықтардың қаһармандық дастандары, мысалы, қазақтардың

 

бірнеше эпикалық шығармалары, француздардың «Роланд туралы жыры», немістердің

«Нибелунга туралы жыры» және өзге де Шығыс, Батыс халықтарының жырлары ортасында үлкен ұқсастық барлығы айқын көзге түседі. Халық дастандарындағы сияқты, Гомер поэмаларының қаһармандары да өздерінің күш-қайратына сай қару-жарақпен қаруланған. Мәселен, Ахилдің найзасын көтеру үшін досы Патрокль едәуір күш жұмсайды; Нестордың шарап ішетін ыдысының үлкендігі соншалық, әрқандай жан оны жерден әрең қозғайтын; Одиссейдің садағының ауырлығы да сондай, оны Пенелопадан үміткер күйеусымақтардың ешқайсысы да тарта алмайды. Батырлардың қару-жарағы көбінесе алтын-күмістен жасалған, гауһар, ақықтастармен безендірілген; киімдері болса әдемі маталардан тігілген, ат-әбзелдері де бағалы тастарға толы болып келеді», — деп жазады [2, 34-35 б.]. Қаһармандарды осыншалық көкке көтере мадақтау, градация (дамыту) тәсілін қолдану Гомер дастандарында жиі ұшырасады.

Жоғарыдағы Ж.Т. Қобланов ойының дұрыстығы мынада: Бұл шығармалар эпосқа, батырлар жырына бай қазақ ауыз әдебиетіне «Илиада» мен «Одиссеяның» айрықша туыстығы, жақындығы сезіледі. Қазақ батырлары да, мысалы: Қобыланды, Алпамыс, Қамбар сан жорық қиямет қиындықтардан соң әлденеше жыл азап шегіп, туған еліне, отбасы, отанына сау-саламат қауышатыны бар. Оқиға желісі, жырлар әдістері, қиссалық қасиеттері, фантастикалық бейнелер (дәулер, жын-перілер, аруақтар, әулиелер т.б.) аллегориялық әсіреулер, тіл, сөз, теңеу қолданыстары – бәрі қазақ әдебиетіне жақын келеді.

Дегенмен поэманың ерекшеленетін тұстары да аз емес. Ақынның қайталауларды көп қолданғандығын оның шығармасының өң бойынан көруге болады. Бұл әрине ақынның жаңа теңеулер, жаңа образдар таба алмағандығынан емес. Дастандар күйдің сүйемелдеуімен, жаттан айтылатын болғандықтан, жыршы дастанды жырлай отырып, кейде тыңдаушыларға дамыл беріп, өткен оқиғаларды олардың есіне салып, кейбір жағдайларды әсірелеп отыру үшін осындай әдісті қолдануға мәжбүр болады. Сондай-ақ оның шығармаларында ирониялық, сатиралық элементтер де көп кездеседі. Бұл элементтерді қолдану арқылы ақын шығармасының көркін жоғалтпауды көздеген. Егер ашу-ыза, қанды кек шайқас, өлім мен қанаудан ғана құрылған поэма болса, ол оқырманды жалықтырып, не болмады оған кері әсер қалдыруы мүмкін еді, ал ирония мен сатираны кірістіру арқылы Гомер ұтымды тәсіл қолданып, яғни туындысын жалықтырып жіберуден сақтады, оның сәнін келтірді.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.М. Исматова: «Гомер дастандарындағы заттардың өзін ерекше ашып көрсетеді. Мысалы, «керемет», «құнды»,

«бағалы», «күшті», «шуақты» т.б. Керемет деп ол қалаларды және үй жиһаздарын айтады. Құнды, бағалы киімдерді сұлу әйелдердің үстінен табады. Қару-жарақтарға да аса көп көңіл бөледі. Қаруларды жарқыратып, алтындап, күмістеп көрсетеді. Әсіресе, Агемемнонның қаруланғанын әдемі суреттейді. «Шуақ шашқан сарайлар» деп, Алкиноя мен Менелаяның қамалдарын айтады. Бірақ оның шығармаларында бәрі бірдей керемет суреттелмеген. Мысалы, Одиссейдің сарайы өте бай болғанымен қарапайым суреттелген»,

  • деп жазады [3, 29 б.]. Яғни осындай әдіс-тәсілдер, көркемдеп-суреттеу, қарапайымдылықты сақтау арқылы грек ақыны өз туындысына ерекшелік беріп отырған.

Сонымен қатар шығармада көп халықтың дастандарында кездесе бермейтін ғажайып дүниелерді жасаушы құдайлар Гомер дастанының басталуы, шарықтау шегі, аяқталуына дейін маңызды рөл атқарады. Яғни құдайға сену Гомердің эпостарында өте шынайы түрде бейнеленеді, бірақ олар дөрекі адамдармен қарым-қатынаста көрінбейді. Гера, Кирко және Калипсо – бұлар өте керемет әйелдер. Гера мен Зевстің кездесулері әр түрлі деректерде

 

жер мен аспанның некесіндей көрсетіледі. Ақын құдайды поэтикалық түрде бейнелегенде батырлық образдарды пайдаланады.

Поэма 10 жылға созылған Троя соғысы туралы өрбиді. Бұл соғыстың тұтануына Троя шахзадасы Паристің Спарта патшасы Менелайдың үйіне қонаққа барып, адал асын ішіп отырып, аспен ұрғанды таспен ұратындығы, яғни жас Парис патшаның сұлу әйелі Еленаға ес-түссіз ғашық болып, Еленаның жүрегіне де Паристің сымбаты шоқ салып, бір күні Менелай ұзақ сапарға аттанғанда шахзаданың патшаның жарын өз еліне алып қашатындығы себепші болады. Қонағы мен әйелінің опасыздығын көріп ашуға булыққан, намысы тапталған Менелай бірден кек қайтаруға ант етеді. Менелайдың тілегі бойынша бүкіл Грекия өлкесінің патшалары қол жинап, бірнеше кемемен Трояға жорыққа атанады. Олардың қатарында Менелайдың ағасы Микен патшасы Агемемнон мен даңқты батыр Ахилл (Ахиллес) де бар еді. Ахилл – ежелгі гректер армандаған мәрттік, қайрат пен жігерлілік рәмізі, Отанына берік кейіпкер. Грек батырларының ешқайсысы күш жағынан онымен теңдесе алмайтын, ал Троялықтардың Ахиллден қорқатындығы соншалық, олардың тіпті қала қақпасынан шығуға жүректері дауаламайтын. Бірақ  оны шығармасында бас кейіпкердің бірі ретінде көрсеткен Гомер оның дөрекілігін ұмытып кетеді. Яғни Ахилл бір ғана тұтқын қыз үшін соғыс алаңын тастап кетіп, өз жауынгерлерін қалдырып кетеді. Сонымен қатар оның дастанда бірбеткейлігі мен ашуланғыштығын да байқамауға болмайды. Соғыс алаңына тек досының кегін алу үшін ғана оралады. Шығарманың аяқталар тұсында Ахилл Гекторға соңғы сөзін айтқызбастан қинап жанын алады, он күн бойы Троя батырының денесін қала айналасында ұстайды. Дегенмен автор Ахиллді адамгершіліктен де ада етпейді. Батыр Гектордың денесін перзент қазасына күйінген сорлы Приам сұрап келгенде, оның көз жасына жібіп, кешіріммен қарап қайтарады.

«Илиаданың» тағы бір батыры – Агемемнон. Оны адамгершілік қасиеттерден жұрдай, пасық адам екенін Гомер ашып көрсетеді. Дегенмен оның өз жауынгерлерін қимай, соғысқа аттанатындығы да бар. Бұл адамгершіліктен гөрі, намысқа кеп тіреледі. Ақын Агемемнонның Отан алдындағы борышын, намыстың бір ұшқынындай ғып көрсетеді.

Шығарманың шарықтау шегінде асқан ерлікпен қазақ тапқан Троя батыры, ол – Гектор. Гектор – өз Отанына адал, сонымен қатар нәзік жар, бала, әке. Бірақ оның да қисық қырлары жоқ емес. Мәселен, ол әрдайым асығыс шешім қабылдайды, кейде тіпті ақылға қонымсыз, балаша қылықтар да көрсетеді.

Бұл қасиеттерді, яғни Гомер кейіпкерлерін әр қырынан көрсетіп, оған деген оқырманның сүйіспеншілігін оята түседі. Яғни автордың қаһармандары қанша көп болса да, ешқайсысы бірін-бірі қайталамайды. Әрқайсысы өз мінез-құлқымен басқалардан ерекшеленіп тұрады. Демек оқырман шығарманы оқып отырып, бір ғана Ахиллдің, не болмады Гектор мен Агемемнонның бойындағы әртүрлі қасиеттерге, Гомердің адамның ішкі сезім иірімдерін ашудағы осы реалистік әдіске таң-тамаша болып, шығармаға деген қызығушылықтары артады.

Ал соғысқа сылтау болған Паристің сұлу Еленаға деген жалындаған махаббаты үлкен дауылды тоқтата алмайды. Ол жіберген бір ғана ағат қадамның салдарынан бүтін Троя халқы зардап шегеді, дүние-мүліктері тоналып, гректердің айлакерліктерінен барлық қала халқы өртке оранады. Шығарманың тағы да ойландырарлық жәйті, туындыда тек жеңіліс тапқан Илиондықтар ғана жапа шегіп қоймайды, жеңімпаздар да қайтар жолдарында көп қиындықтарға кезігеді. Олардың көпшілігі қайтыс болады. Аман-есен елге жеткендері кісі қолынан өледі. Бір бөлігі теңізде адасып, бірнеше жыл толқындармен алысып, азап шегеді.

 

Шығарманың осылайша аяқталуының астарында да үлкен философиялық тұжырым жатыр.

Демек автор екі жақты соғыстың біріне жақтаспай, соңында екеуінің де басына ауыртпалық түсіреді. Біреуі өртке оранса, енді бірі жеңісіне қуанып та үлгермей, мерт болады. Трояның батыры Гектор Ахиллдің қолынан ажал құшса да, Ахилл де жазасыз қалмайды. Шайқас алаңында болмаса да, айлакерліктің құрбаны болып қаза табады, яғни Ахиллдің табанына оқ тиіп өледі. Бұл тұрғыда Гомер екі жақты бірдей ұстаған, егер Трояның басына қара бұлт үйірсе, гректерге де бір қасіретті төндірген. Мұндай тәсіл шығармада реалистік көзқарас та бар екенін жоққа шығармайды. Өмірде де дәл солай емес пе?! Адам ешқашан бір қалыпты өмір сүрмейді, қайғы мен қуаныш қатар жүреді. Бұл – өмір философиясы.

В.Г. Белинский ежелгі әдеби мұралар құндылығын терең түсінген: «Илиада» … мен үшін өте асқақ үлгі, — деп жазды Белинский Станкевичке, — оның күш-құдіретінен кейде әлдеқандай тәтті жан толқынысына бөленемін», — деген болатын [4, 54 б.]. «Илиада» өзіне терең үңілген жанның бәріне бірдей асқақ үлгі. Өйткені, ол – көненің ғажап туындысы. Оның ғажаптылығы сонда, мәдениет таңы енді ғана арайлап атып келе жатқанда, көне заманда грек халқының қолымен жасалған мәдениет туындылары ғасырлар тасқынынан, дәуірлер сынынан өтіп, біздің дәуірімізге дейін шамамен б.з.б. VIII-VII ғасырлардарда жазылып бүгінге дейін өз орнын, оқуға деген сұранысын, оқырманын жоғалтпағандығында. Жаңа заманда туған Еуропа әдебиетінің көптеген үлгісі әлдеқашан ұмытылып, ал Гомер дастандары сияқты қайталанбас туындылар болса қайта-қайта тәржімаланып, әрдайым оқырман жүрегіне рухани қуат пен эстетикалық ләззат сыйлап келеді. Бұған Гомердің философиялық көзқарасының өте биік болғандығы дәлел. Мәселен, оның туындысының мәнділігі – оның нәзік шеберлігінде. Яғни оның дастандары көне грек халқының ой-сезімдері мен арман-тілектерінің де көрінісі болды, ол шығармаларында адамзаттық ғасырлық проблемаларды да шешуге ұмтылды.

Гомердің философиялық туындыларында сенім, шаманизмдік бағытпен қатар реализмдік бағыт та бар екендігі, ол – ақын поэмаларындағы таңғажайып өміршеңдік. Шығармаларды оқып отырып, оларда хикаяланған оқиғаларды, қаһармандарды көзбен көргендей әсерге бөленуге болады.

Платонның айтқанындай: «Гомер бүкіл Грекияны тәрбиелеген де шығар, бірақ ол өзінің поэмаларын барынша тар ауқымды аудиторияға — әскери және феодалдық аристократия үшін арнаған болатын. Оның әдеби генийі ғажайып еліткіштік қасиетке ие болды, оның шығармалары грек мәдениетінің қалыптасуына және тұтастануына түрткі болды» [5, 25 б.]. Поэманың аяқталуындағы реализм шығарманың сонымен де қызықты екендігін аңғартады. Егер де дастан өзгеше өрбісе, оның бар бояуы кетіп қалар ма еді? Мәселен, троялықтар мен гректер екі жақты бітімгерлікке келіп, Троя шахзадасы Еленаны өз жұбайына қайтарып, соғыстың алдын алғанда, Гектор мен Ахиллдің жекпе-жегі болмағанда бұл шығарма мүмкін қазіргідей көптің жадында сақталмас па еді? Өйткені әрбір туындының өзгеше бір қыры болады. Бұл жағдай да дастанның реалистік тұрғыда аяқталуы – Гомер поэмаларының өзге әдебиетте қайталанбас тұсы. Осы өзгешелігімен де Гомер — өз дәуірінің ұлысы, қайталанбас туынды жасаған тұлға, бүгінгі ұрпақ үшін – антик әдебиетінің негізін салушы.

 

 

Әдебиет:

  1. Әлем әдебиеті. Жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы. – Алматы: «Арыс» баспасы. 2004. — 57 б.
  2. Қобланов Ж.Т. Шетел әдебиетінің тарихы: — Оқулық. – Алматы.: — Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, 2011. -34-35 бб.

 

  1. Исматова М.С. Шет елдер әдебиеті тарихының қысқаша курсы. Оқу-әдістемелік құрал. – Тараз.: Тараз университеті, 2003. – 29 б.
  2. Тәжібаев Ә. Шығармалар жинағы. 4-том. А., «Жазушы», 1981. — 54 б.
  3. Кекілбаев Ә. Шығармалар жинағы. 12 том. А., 2005. – 25 б.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *