БІЛІМ АЛУШЫНЫҢ ТІЛДІК ҚАБІЛЕТІН ЖЕТІЛДІРУ
п.ғ.д. Р.С.Рахметова
(Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ассоциативтік профессоры)
Қазіргі жаһандану заманындағы ғылым-техниканың жетістіктері білім беру жүйесіне өз әсерін тигізе бастады. ХХІ ғасырда өндірістік, әлеуметтік қатынастардың күрделенуіне байланысты адами ресурс сапасын жақсарту өзекті мәселеге айналды. Осымен байланысты білім беру жүйесіне де жаңа талаптар қойыла бастады. Білім беруде адамның тұлғалық және кәсіби дамуына баса мән берілуде. Педагог-ғалымдардың пікірінше, білім беруді дамыту саясаты әр жеке адамның дербес ерекшеліктерін, оның қажеттіліктерін, қызығушылықтарын және қабілеттіліктерін ескере отырып тұлғалық бағытта жүргізілуі тиіс. Сондықтан қазіргі мәдениаралық қарым-қатынас жақсы дамыған заманда оқушылардың тілдік қабілетін жетілдіруге айрықша мән беруді өмірдің өзі талап етіп отыр. Нарық заманында оқушының өз ойын еркін әрі жүйелі жеткізе білуі маңызды. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінен басқа тілде оқытатын жалпы білім беретін мектеп оқушыларына үйрету және олардың тілдік қабілетін жетілдіру өзекті мәселе.
Өйткені осы уақытқа дейін өзге тілді дәрісханаларда қазақ тілін меңгертуге біржақты назар аударылып келді. Оқушылар тілдің тек грамматикасын ғана меңгеріп, оны күнделікті қарым-қатынаста еркін қолдана алмай келеді. Қазақ тілін оқушылардың күнделікті қарым-қатынас құралына айналдыруда тілдік қабілеттің алатын орны айрықша.
Ғалым Т.Қордабаевтың «оқыту ісінде мұғалімдер бір жақты кетпей, яғни тілдік материалдарды ғана білгізумен тынбай, оқушылардың сол тілдік материалдарды сөйлеулерінде (жазуларында) дұрыс іріктеп ала білу, орынды қолдану қабілеттерін арттыруға да үздіксіз назар аударып отырса демекпін. … Ал көп ұлттың баласы бір топырақты мекендеп, бір ауамен тыныстап отырған соң, бір-біріміздің тіліміз бен салтымызды қадірлеп, шын достық ниетпен өмір сүруге тиіспіз. Біздің тіліміз бен салтымыздың да өзіне ғана тән қадір-қасиеті, жақсылығы, басқаға үйретері бар»,- деген пікірін әр мұғалім сабақ үрдісінде жадынан шығармауы абзал. Ғалымның «… тілдің нормаға сай, бейнелі де тартымды болуына ерекше көңіл бөлу қажет» деген ойлары құптарлық жайттар [1,139 ].
Қазақ тілін оқыту әдістемесінде сөйлесім әрекеті туралы алғаш зерттеу жазған Ф.Ш.Оразбаева: «Тілдік қатынас жүзеге асу үшін, айтылған не жазылған хабардың қабылданып, оған жауап қайтарылуы, яғни істің ортақ атқарылуы басты шарт. «Сөйлесім»
– осы шартты және ортақ тілдік әрекетті аңғартатын сөз», дейді. Ғалым «Адам не туралы сөйлейтінін, тіл арқылы нені жеткізетіндігін білгенмен, тілді, сол сияқты сөйлеуді өзіне бағындыра алмайды, яғни сөйлесім әрекеті, адамның сөйлеу тілі өзіне тәуелді емес, ол – табиғат берген, жаратылыстан туған күрделі процесс. Адам сөйлеуді жетілдіреді, дамытады, соның заңдылықтарын қарастырады, бірақ сөйлеу тілін өзі жасай алмайды. Осыдан сөйлеудің, тілдің қоғамдық-әлеуметтік сипаты аңғарылады. Хабардың қай түрі болса да шындыққа құралу керек, сонда ғана тілдік қатысым өз бетінше дамиды және сөйлеу/ информацияны қабылдау, оған жауап қайтару, қайта жауап алу/ қатысымдық құбылыстың мәнін ашады, адамдар арасындағы әлеуметтік көпір бола алады» ,– деп, адам өмірінде сөйлесім әрекетінің бес түрінің (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім) маңызды рөл атқаратынын айтады 2,7, 52.
Коммуникация сөйлеу тілімен байланысты болса, сөйлеуге де тілдің жүйелілік және құрылымдық сипаты тән. Егер ондай жүйе болмаса, өзара түсінісу де болмас еді. Қазақ тілінің агглютинативті, яғни жалғамалы сипаты үйренушілер үшін көп қиындық туғызатыны анық. Бұның бір жағынан үйренушінің ой логикасын, ойлау қабілетін дамытатыны белгілі. Бірақ оларды үйрету оқыту процесінің мақсаты болмауы керек. Көп жағдайда қазақ тілін үйрету грамматикалық формаларды меңгеру лексикалық минимумды жаттықтырумен шектеледі де, үйренуші қарым-қатынас жасауға қабілетсіз болып келеді. Көптеген үйренушілер үшін қазақ тілін оқу қиын, қызықсыз әрекетке айналып отырғаны анық. Тек коммуникация ғана үйренушілерді қызықтыра алады. Тілдің грамматикасын да үйренушілер сөйлесу үшін, қатысым үшін үйренуге дайын болатыны анық 3.
Ал оқушының сөйлеу тілін дамыту оның тілдік қабілетімен тығыз байланысты. Өйткені әр оқушының тілді меңгеру деңгейі әр түрлі. Ол өмірдің қажеттілігіне де тәуелді. Дегенмен тілді меңгеруде жеке бастың тілдік қабілеті ерекше мәнге ие. Психологтардың пікірінше, оқушының тілдік қабілеті түрлі ір-әрекеттерді жүйелі орындауының арқасында дамып, жетіліп отырады. Психолог-ғалымдар қабілетті жалпы және арнаулы қабілеттер деп екіге бөліп қарастырады да, тілдік қабілетті арнаулы қабілетке жатқызады. Олардың тұжырымынша, адамның тілді меңгеру қабілеті оның өзіндік дара, туа біткен қасиетіне байланысты. Бірақ кейбір ғалымдар тілді түрлі іс-әрекеттерді жүйелі іске асыру арқылы
меңгеріп, тілдік қабілетті жетілдіруге болады деп есептейді. Сондықтан оқушының тілдік қабілетін мемлекеттік тілді игерту арқылы жетілдіру өзекті болып табылады.
Баланың белгілі бір нәрсеге қабілеті барлығын да жиі айтамыз. Яғни адам баласы біреуге мінездеме бергенде оның қандай қабілеті барлығын сөз етеміз. Мектепте оқушыларға түрлі қоғамдық жұмыстар тапсырғанда немесе түрлі шараларға тарту кезінде де олардың қабілетіне назар аударамыз. Әр бала өзіне тапсырылған жұмысты әр түрлі деңгейде орындап жатады. Мұны да біз оның қабілеттілігімен байланыстырамыз. Қабілеті жоқ адам болмайды. Әр баланың әйтеуір бір нәрсеге бейімделген қабілеті болады.
Өмірде өзінің қабілетіне лайық мамандық таңдамаған адамдар жеткілікті. Сондықтан әр ата-ана баласының мамандық таңдауына еркіндік беріп, мамандықты оның қабілетіне сай таңдауына бағыт-бағдар берсе дұрыс болады. Өйткені қандай да болмасын бір нәрсеге қабілеті жоқ адам болмайды. Қабілет, ол біреуде күшті, біреуде аз болуы мүмкін.
Қабілеттілік туралы пікірлер қазақ ағартушыларының еңбектерінде де сөз болады. А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатовтардың педагогикалық мұраларында білім беру үрдісінде балалардың қызығушылығы мен қабілеттілігін қалыптастыру мәселесі қозғалған. Ж. Аймауытов «Психология және мамандық таңдау» еңбегінде белгілі ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп, мамандықты дұрыс таңдауға арналған кеңестерін ұсынған. Ғалымның пікірінше, адам өзіне туа біткен, табиғат сыйлаған қасиеттерімен санасуы қажет. Яғни ғалым адамның іштен туа біткен қабілетіне аса мән береді 4. Ж. Аймауытов әр адам белгілі бір кәсіптің түрін таңдап алғанда өзінің неге қабілеті барлығын ескеруі қажет деп есептейді.
Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» еңбегінде адамның жаны туралы айтып, оны ақыл-оймен, есте сақтау қабілетімен, іскерлікпен бірлікте қарастырады. Педагог-ғалым:
«Адам жанында әсерлену болу үшін жалғыз әсерлену ғана емес, барлық жан көріністері болу үшін бір шарт бар. Ол шарт – іскерлік. Іскерлік сыртқы дүниедегі бір затқа яки ішіміздегі бір жан көрінісімізге, ойға, ішкі сезімге, қайратқа жанның төнуі, нүктеленуі деген сөз. Іскерлік болмаса, біз сыртқы заттардан әсер алып, олармен таныса алмаймыз. Ойымыздың дұрыс, ашық болуы, ішкі сезімдеріміздің жанды болуы, қайратымыздың түзу бет алуы осы іскерлікке байлаулы», дей келіп, іскерлікті жіктеп көрсетеді. Іскерлік төмеңдегі түрлерге бөлінеді:
1. Әсер берген заттың яки көріністің мінезіне қарап екіге бөлінеді. Еріксіз іскерлік һәм ерікті іскерлік. Біз тілемеген уақытта яки тілегімізге қарсы бір нәрсе біздің іскерлігімізді еріксіз тартса, міне осындай уақытта болатын іскерлік еріксіз іскерлік деп аталады.Мысалы, біз шын ынтамен бір кітап оқып отырмыз. Іскерлігіміз кітапта, кенет үй артында біреу ән шырқай бастады. Сонда осы ән біздің іскерлігімізді кітаптан еріксіз тартып алады. Ал енді егер біз өзіміз тілеп бір нәрсеге іскерлігімізді өзіміз аударсақ, міне осындай уақытта болатын іскерлік ерікті іскерлік деп аталады.Мысалы, біз қазір бір өлеңді жаттап алайықшы деп жаттап отырғанда іскерлігімізді өз еркімізбен өлеңге жұмсап, жан- жақта сөйлесіп жатқан сөздерді естімейміз5.
Қ.Жарықбаев қабілетті екіге бөледі де, оған мынандай анықтама береді: Адамның ақыл-ой ерекшеліктерінің жеке қасиеттерін көрсететін кез келген адамнан табылатын қабілет жалпы қабілет деп аталады. Іс-әрекеттің жеке салаларында ғана көрініп, оның нәтижелі орындалуына мүмкіндік беретін қабілетті арнаулы қабілет деп атайды 6, 256. Психологтың тұжырымынша, адамның қабілеттерінің жан-жақты жетілуі еңбектің ескі бөлінісін, яғни ой еңбегі мен дене еңбегі болып бөлінуін, сөйтіп адамның белгілі бір кәсіпке немесе мамандыққа танылып қоюын бірте-бірте жоюды көздейді. Ғалым қабілеттіліктің дарын және талантпен байланысын айта келіп, талантты қабілеттіліктің ең
жоғары сатысы деп есептейді. Қ.Жарықбаев қабілеттіліктің шегі жоқ деген пікірді ұсынады. Яғни адамның қабілетін дамытуға, жетілдіруге болатынын айтады.
Сонымен көптеген ғалымдар қабілет деп әр адамның белгілі бір іс-әрекет түріне икемділігін айтады. Яғни қабілет дегеніміз мақсатқа бағытталған, тәлім-тәрбие жұмысына байланысты адамның бір іс-әрекетке ұйымдасқан түрде бейімделуі және оны нәтижелі етіп атқаруы.
Ғалымдардың пікірінше, тілдік қабілет мағынаға бірігетін барлық тілдік жүйені қамтып, баланың танымдық қабілеті арқылы қалыптасады.
Б.Хасанұлы: «Адамға тілдік қабілет туа бітеді, сол қабілеттің арқасында ол биологиялық тіршілік иесінен әлеуметтік тіршілік иесіне айналады. Адам әлеуметтену барысында тілдік қабілетін жетілдіреді де, тілдік тұлғаға айналады», деп есептейді [7, 230].
Н.Ильясова «Тілдік қабілеттің жетілуі тілді таныммен сабақтастыра зерттеуге, тіл арқылы адамды тануға, тіл мен адамды біртұтастықта қарастыруға арқау болып, тіл мен тұлғаның, тіл мен қоғамның өзара әрекеттесуінен қалыптасатын мәдени-әлеуметтік факторлардың мәнін ашады. Дәлірек айтқанда, адамдардың тілдік мәдениетін (немесе тілді қолданудағы адамдардың мәдениеті) айқындауға мүмкіндік береді» деп, оның маңызын айқындап көрсетеді 8, 240.
А.Абасилов «Тілдік қабілет мағынаға бірігетін барлық тілдік жүйені қамтиды. Тілдік қабілет баланың когнитивтік озық дамуының негізінде қалыптасады. Тілдік қабілет когнитивті жүйе ретінде тілдік қабілет базасында дамитын өзге когнитивті жүйелерден (математикалық ойлау, музыкалық қабілет) ерекшеленеді» деген тұжырым ұсынады 9, 28. Жалпы тілдік қабілетті ғалымдар психолингвистикалық тұрғыдан зерттеуді ұсынады. Өйткені әр адамның тілдік қабілетін жетілдіру өте күрделі құбылыс болып саналады.
Үйретіп отырған тілдің сан қырлы ерекшелігін танытып, оқушылардың тілдік қабілетін дамытуға, олардың тілін ұштап, ойын байытуға сабақтың қызықтылығы, тартымдылығы ерекше ықпал етеді.
Қазақ тілінде оқытпайтын жалпы білім беретін мектеп оқушысының тілдік қабілетін жетілдіру бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Әдіскер-ғалымдар оқушының тілдік қабілетін дамытуды бірнеше мәселемен байланыста қарастырады. Ғалымдардың бір тобы баланың тілдік қабілетін жетілдіру оның тек өзіне, танымдық қабілетіне, тілдік құрылымдарды есінде жақсы сақтап, оны өзгертіп қолдана алуына байланысты деп есептесе, екінші бір топтағы ғалымдар тілді меңгеруді баланың берілген материалды тез жаттап алуымен бірлікте қарайды. Ал үшінші топтағылар баланың тілдік қабілеті оның ойлау, есте сақтау қабілетімен байланысты деп есептейді.
Ғалымдар баланың тілдік қабілетін дамыту үшін барлық оқу-тәрбие үрдісін коммуникативтік бағытта іске асыру қажет деп санайды.
Қазақ тілінде оқытпайтын жалпы білім беретін мектеп оқушысының тілдік қабілетін жетілдіруде мәтін айрықша орын алады. Өйткені оқушының тілді меңгеруіне қажетті лексикалық минимум білім мазмұнында ұсынылған лексикалық тақырып бойынша беріледі. Ал лексикалық тақырып мәтін арқылы меңгертіледі.
Мәтін – қазақ тілін оқыту барысында үлкен орын алатын оқыту нысаны. Біріншіден, тілден білім беретін материал оқыту мәтіндері түрінде болса, екіншіден, жаттығулардың тұтас мәтін түрінде берілуі де мәтінмен орындалатын жұмыстардың сараланып жүйеленуін қажет етеді. Мәтіннің қызметін таныту – тыңдаушыға тіл бірліктерін функционалдық тұрғыдан танып-білуге, сол арқылы тыңдаушының логикалық ойлауы бірізді қалыптасуына мүмкіндік береді. Өйткені мәтінде тіл бірліктері (сөз, сөз тіркесі, сөйлем) тегіс қатысады. Сондай-ақ мәтіннің стильге қатыстылығы да ескеріледі [9,120].
7-сыныпқа арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті. Бәйшешек» оқулығында мәтінмен орындалатын жұмыстарды «мәтіналды жұмыс, мәтінмен жұмыс, мәтінсоңы жұмыс» деп үшке бөліп берілді 10. Бұл оқушыға берілетін білім мазмұнын жүйелеп беруге мүмкіндік берді. Оқушы мәтінмен жұмыстың әр кезеңінде қандай жұмыс атқаратынын біліп отырады. Мәтіналды жұмыс оқушыны өткелі отырған тақырыпқа ену, оны алдын ала болжау немесе өткен материалды қайталап, бекіту бағытында берілді. Мұғалім оқушыға мәтін ұсынғанда оның түрлерін өзі бірінші ажыратып алуы шарт.
Мәтіннің үш түрі бар: әңгімелеу мәтіні, пайымдау мәтіні, сипаттау мәтіні. Әңгімелеу мәтіні оқиғаны ретімен баяндайды. Мәтіндегі сөйлемдер іс-қимылды білдіреді. Әңгімелеу мәтіні «не істейді, не істеді» деген сұрақтарға жауап береді. Тірек сөздері етістіктерден болады. Сөйлемдер тізбектеле байланысып, мәтіндегі негізгі ой соңында айтылады.
Сипаттау мәтінінде зат немесе құбылыс суреттеліп, сипатталады. Ол сөйлемдер заттың сынын білдіреді. Сипаттау мәтініндегі сөйлемдер заттың түр-түсін, қасиетін суреттейді. Сипаттау мәтіні «Қандай?» деген сұраққа жауап береді. Тірек сөздер сын есімдерден болады. Пайымдау мәтінінде оқиға, құбылыстардың себебі дәлелденеді. Мәтіндегі сөйлемдер себебін ашып көрсетеді. Пайымдау мәтіні «Неліктен?» деген сұраққа жауап береді. Бірінші сөйлемде негізгі ой айтылып, қалған сөйлемдерде сол ой дәлелденеді. Тірек сөздері өйткені, себебі, біріншіден, екіншіден және т.б.
Мысалы, оқушыға «Ғаламтормен жұмыс жасау мәдениет» деп аталатын бөлімдегі
«Ғаламторды пайдаланамын» сабағы бойынша мынандай мәтін ұсынылды:
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандық жастарды әлеуметтік желілерде көп отырмауға шақырды. Президенттің айтуынша, нағыз досты ғаламтордан іздемеу керек. «Твиттерде» немесе басқа да әлеуметтік желілерде отырып, уақыттарыңды босқа ысырап етпеңдер. Ең дұрысы өз араларыңда көп әңгіме-дүкен құрыңдар. Өйткені, нағыз дос ғаламторда емес, жаныңда жүргенін ұмытпа. Бүгінгі қоғамда адамдарды кітап оқитындар мен компьютерде отырып, уақыт өткізетіндер деп екі топқа бөлуге болады. Компьютерде отыратындар өмір бойы кітап оқитындарға қызмет етіп өтеді», — деді Н.Назарбаев.
Әлеуметтік желіадамдарды бір-бірімен байланыстыратын веб-сайт. Сонымен қатар жастар мәдениетін дамытатын құрал. Әлеуметтік желіде байланыс жасау үшін бізге ең алдымен интернет керек. Ал интернетке қосылу дегеніміз — басқа жерлерде тұрған мыңдаған компьютерлік жүйелермен байланысу деген сөз.
Ұлыбританияның зерттеу компаниясының мәлімдеуінше, бүкіл әлемде әлеуметтік желі қолданатын азаматтардың 47 пайызы оған ұялы телефон арқылы кіреді. Қазір кез келген ұялы телефонда әлеуметтік желілерге қосылу үшін қосымша бағдарламалар орнатылатын болды. Ал интернеттегі әлеуметтік желілердің қолданушыларының орта жасы 7-ден 48-ге дейін болып отыр(интернет материалдарынан).
Мәтін бойынша бірнеше тапсырмалар берілді. Бұл тапсырмалар сөйлесім әрекетінің түрлері аясында ұсынылды. Жалпы оқушының тілдік қабілетін жетілдіруде ауызша және жазбаша тапсырмалар да қолданылады. Оқушы кей жағдайда ауызша жақсы сөйлегенмен, айтқан ойын қағазға жүйелі әрі сауатты түрде түсіре алмауы ықтимал.
Оқылым. 1-тапсырма. Мәтінді оқып, мәтінге тақырып қойыңдар. Мәтінді бірнеше мағыналық бөлікке бөліңдер.
Айтылым.2-тапсырма. Жұптық жұмыс. Мәтіндегі тірек сөздерді кестеге түсіріңдер. Парталас көршің екеуің олардың не себепті тірек сөз болып тұрғанын бір-бірлеріңе түсіндіріңдер.
3- тапсырма. «Ал интернеттегі әлеуметтік желілердің қолданушыларының орта жасы 7-ден 48-ге дейін болып отыр» деген пікірмен келісесің бе? Егде адамдар қазіргі таңда әлеуметтік желілерді пайдаланбай ма? Нақты дәлелдер келтіріп, өз ойларыңды айтыңдар.
4- тапсырма. «Компьютерде отыратындар өмір бойы кітап оқитындарға қызмет етіп өтеді», — деген Н.Назарбаевтың сөзі бойынша пікірталас өткізіңдер.
5- тапсырма. Ғаламтордан Қазақстан туралы қазақ тіліндегі ақпаратты жинаңдар.
Ақпаратты қалай тапқандарың туралы айтыңдар.
Жазылым.6-тапсырма. Өзің жиі қолданатын әлеуметтік желі туралы шағын мәтін құрап жазыңдар. Мәтінде бүгінгі сабақта өтілген мақсат үстеулерін пайдаланыңдар.
Сонымен бірге «Синектика» әдісі бойынша хат жазу ұсынылды: Ғаламтор өмірімізге енгелі адамдардың кітап оқуы азайып кетті. Ғаламтордан бас көтермейтін 7-сынып оқушысына сөреде ұмытылып қалған көркем-әдеби кітаптың атынан хат жаз. Хатыңда ғаламторда дұрыс жұмыс істеу мәдениеті туралы да ұмытпа 11, 8.
Қорыта келгенде, оқушылардың тілдік қабілетін жетілдіру үшін көп еңбектену қажет. Бір сабақтың үстінде баланың сөйлеу тілін дамыту мүмкін емес. Сондықтан мұғалім баланы қызықтыратындай тапсырмаларды іріктеп алғаны дұрыс.
Әдебиет:
1. Т.Қордабаев. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы:Рауан, 1991, 256. 139.
2. Ф.Ш. Оразбаева. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының Республикалық баспа кабинеті, 2000. 127.
3. Қадашева Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі – Алматы, 2005.
4. Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы.– Алматы: Ғылым, 1998. – 4-т. – 448 б.
5. ЖұмабаевМ. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1993. – 112 б.
6. Жарықбаев Қ. Психология. – Алматы: Білім, 1993. – 272 б.
7. Хасанұлы Б. Махамбеттің тілдік тұлғасы: әлеуметтік лингвистикалық және психолингвистикалық сыр-сипаты. // Халықаралық конференция материалдары. – Алматы, 2003. –230-235.
8. Н.Ильясова. Сөйлеу ұғымының лингвистикалық мәні //ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы.
№1(135).2012. 241-245.
9. А.Абасилов. Әлеуметтік лингвистика. Адматы, 2016. 248.
10. Ф.Ш.Оразбаева, Ж.Т.Дәулетбекова, Р.С.Рахметова, А.Қ.Рауандина, Б.Қ.Мукеева. Қазақ тілі. Бәйшешек. Оқулық: Қазақ тілінен басқа тілде оқытатын 11 жылдық жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған. Алматы: Көкжиек-Горихонт, 2017. І бөлім. 152.
11. Ф.Ш.Оразбаева, Ж.Т.Дәулетбекова, Р.С.Рахметова, А.Қ.Рауандина, Б.Қ.Мукеева. Қазақ тілі. Бәйшешек. Оқулық: Қазақ тілінен басқа тілде оқытатын 11 жылдық жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған. Алматы: Көкжиек-Горихонт, 2017. ІІ бөлім. 140.
ӘОЖ 821.512.142.