АЙҚЫН НҰРҚАТОВ – БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ СЫНШЫСЫ
ф.ғ.к., доцент м.а. Кажибаева Г.К.
(Ш.Уәлиханов атындағы КМУ)
Келес Бақытгүл
(филология мамандығының IV курс студенті, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ)
Әдебиеттану саласында балалар әдебиеті тарихы мен теориясы жайлы ғылымның қазіргі кезде кемелденгені белгілі. Жалпы балалар әдебиетінің мәселелері жайында: А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Әуезов, Б.Сахариев, М.Иманжанов, Ш.Ахметов, Б.Кенжебаев, А.Нұрқатов, С.Қирабаев т.б. ғалымдардың әр түрлі кезеңдердегі ой-пікірлері осы саланы зерттеудің негізгі бастауы тәрізді. Ғалым Айқын Нұрқатовтың қазақ балалар әдебиетінің даму бағытын, бағдарын, жаңашылдығын, жетістігі мен кемшілігін арнайы қарастырғанзерттеу, сараптама мақалалары бар. Мұның өзі зерттеушінің әдебиетімізге шын жанашырлығын айғақтай түседі. «Сапарғали Бегалин» (1953), «Менің достарым» (1953), «Балалар поэзиясы жайында» (1954), «Балаларға арналған шығармалар туралы» (1954), «Алғашқы дауыс» (1955), «Сағат» (1959), «Мұқан Иманжанов» (1959), «Өтебай Тұрманжанов» (1965) атты талдау, сараптама сын мақалалары соның дәлелі. Қарапайымдылық пен нақтылыққа негізделген ғалымның ғылыми ұстанымы бұл мақалаларда да көрініс табады. Тақырып жағынан да ерекше нақтылыққа ие.
«Сапарғали Бегалин» (1953) атты мақаласында «…көптеген шығармалары қызғылықты әрі өмір шындығын дұрыс бейнелегені шынайы» деп бағалайды. Қазақ совет әдебиетінің ең қарт өкілдерінің бірі Сапарғали Бегалиннің балалар әдебиетіне қосқан үлесін сараптайды сыншы. Оның «Жылқышы қыз», «Төлбасылар», «Шопан даңқы»,
«Алданған жолбарыс», «Бес батыр» сияқты әңгімелерін оқушылардың қызыға оқитындығын және тіпті жазушы қаламынан туған Сәтжан повесін қазақ балалар әдебиетінің ең көрнекті, елеулі шығармаларының бірі деп есептейтіндігін айтады. Ғалым бұл тұста Сапарғали Бегалиннің балалар әдебиетінде орны биік тұлға әрі балалар әдебиетінің дамуына үлес қосқан шебер қаламгер екендігін әділ бағалайды.
«Соңғы жылдарда Сапарғалидың балаларға арналған «Ермектің алмасы», «Жас бұтақ», «Жеткіншектер» атты әңгімелер жинақтары шықты. Ол қазір балалар өмірінен алып, «Бала мерген», «Қант – бұршақ» атты әңгімелер және басқа да шығармалар жазып жүр» деп жазушының шығармашылығын даму сипатына бағасын береді [1.18].
Мақала жазушының 60 жасқа толуына арналған. Сондықтан мерейтойға арналғандықтан жазушы шығармаларындағы өсу, кемелденуді жазған. Мақаланы сыншы:
«Жасы алпысқа толған қадірлі жазушысына жас оқушылар өздерінің алғысын айтады және оның әлі де ұзақ өмір сүріп, жақсы шығармалар жазуына тілектестік білдіреді» деп барша оқырмандар атынан ой түйіндейді [1.18]. Сыншы болмысындағы мәдениет сезіледі.
«Менің достарым» (1953) мақаласы Нығмет Ғабдулиннің алғашқы кітабына («Менің достарым») арналған. Жинақтағы әңгіме («Кездесуден кейін», «Уәде», «Барлаушы профессор», «Әбілдің қателігі») тақырыбының кеңдігі, бала өмірінің бақытты шақтары толық суреттелгені және ол әңгімелердің қызықты, әрі тартымды екендігі талданған.
«Балаларға арналған шығармалар туралы» (1954) мақаласында сыншы «Балалар әдебиеті – қазақ совет әдебиетінің ең жас, кенже саласы. Абайдың өнер-білімге, мәдениетке шақырған кейбір ғибраттық өлеңдерін, Ыбрайдың шағын әңгімелері мен новеллаларын, орыс жазушыларының шығармаларынан кейбір аударғандарын былай қойғанда, революцияға дейін қазақтың шын мәнісіндегі балалар әдебиеті болды деп үзілді- кесілді айту қиын. Қазақ совет балалар әдебиеті – жаңа дәуірдің перзенті» [1.19]деп балалар әдебиетіне өзіндік баға беріп кетеді. Балалар әдебиетіне творчестволық жаңа күштер қосылып, аттары әдебиет майданында соңғы жылдары белгілі бола бастаған Б.Соқпақбаев, Н.Ғабдуллин, С.Сарғасқаев сияқты жастар балалар әдебиетінің кадрларына айналып, балаларға арналған кітаптар, повестер, әңгімелер, өлеңдер жинақтары көптеп басылып шығарылғанын айтады. Мысалы, 1953 жылы С.Мұқановтың «Бақташының баласы», Н.Ғабдуллиннің «Алғашқы сапар» , Б.Соқпақбаевтың «Алыстағы ауылда» , С.Сарғасқаевтың «Бір отрядта» повестері, С.Бегалиннің «Жас бұтақ», О.Шипиннің
«Жеткіншек», Б.Соқпақпаевтың «Бақыт жолы» , С.Сарғасқаевтың «Достар» атты жинақтары шықты. Және ғалым мына пікірін ұсынып, үлгі етеді: «Балаларға арнап повесть, әңгіме, өлеңдер жазумен бірге олар үшін жаңа ертектер де жасау керектігін әрқашан ұмытпау керек. Алайда, ертек – қазақ балалар әдебиетінде ең ескерусіз қалып келе жатқан жанр. Біздің ақын-жазушыларымыздың көпшілігі бұл жанрға жете мән бермей жүр. Ертектің тәрбиелік маңызы зор екенін естен шығармау керек.
«Баланы тәрбиелеу оның ең бірінші тыңдаған ертегісі мен өлеңінен, ең бірінші көрген суретінен басталады» — деп жазады совет балалар әдебиетінің көрнекті шеберлерінің бірі ақын Сергей Михалков. Балалар үшін бұрыннан бар, халық ертегілерінің тәуірлерін басып шығару, олардың мазмұнымен байланысты қызық суреттер салу керек. Сонымен бірге советтік дәуіріміз, жаңа адамдарымыз, олардың істері туралы жаңа ертегілер де жасау қажет, Совет тақырыбына жаңа ертектер жазуға бола ма? Бұл әбден мүмкін нәрсе . Бұл ретте жазушы С.Бегалиннің «Жас бұтақ» атты жинағына енген «Бес батыр» деген ертегіні мысалға алуға болады ». Расында, ертегі бала танымын кеңейтетін тәрбие құралы іспетті.
Ғалым балалар әдебиетіне қатысты қай жанр болсын назардан тыс қалдырған емес. Бұған дәлел осы аталған мақалада айқын көрініс табады. Балаларға арналған шығармалар ұғынуға жеңіл, қарапайым болса ғана, өзінің кішкентай оқушыларына әсер ете алмақ. Бірақ қарапайымдылықты сылтау етіп, балалар үшін қарадүрсін шығармалар жазуға болмайды. Бізде балаларға арналып жазылған шығармалардағы екінші бір басты кемшілік
- үлгі алуға, еліктеуге татырлық типтік образдардың әлі де болса жоқтығын – назарға алады.
«Алғашқы дауыс» мақаласы жазушы Сайд Баязитовтың «Күтпеген кездесу» атты алғашқы жинағына арналған. «Соңғы кездерге дейін балалар әдебиеті қазақ совет әдебиетінің артта қалған саласы боп келді. Мұның ең басты себептерінің бірі оның
тұрақты кадрларының болмауына байланысты еді. Кейбір авторладың анда-санда ғана жазған жекелеген шығармалары, әрине, балалар әдебиетін құрай алмайды. Сондықтан да қазақ совет балалар әдебиетін дамыту, жетілдіре түсу республикамыздың ақын, жазушыларының алдына кезек күттірмейтін міндет ретінде қойылды. Бұл міндет ең алдымен мәдени дәрежесі мен талғауы өлшеусіз артқан оқушылар жұртшылығының, халықтың өз тілегінен – уақыт талабынан туды…» — деп басталатын мақала ғалымның балалар әдебиетін назарға алып жіті бақылауы, оқырман қауымы мен жазушы тарап қаламгерлер қауымын да тәнті етеді [2.3].
Жазушының «Табылған жалау» әңгімесі жөнінде: «С.Баязитов бұл әңгімесінде балаларды адалдыққа, шыншылдыққа үйретуді мақсат еткен. Ол бұл идеяны өз тарапынан тікелей айтпайды. Бірақ әңгіме кейіпкерлерінің іс-әрекеттері және ондағы оқиғалрдың өрбуі арқылы автор оқушыны осындай логикалық тоқтамға әкеледі. Сөз болып отырған әңгіменің тартымдылығы да, әсер етушілік күші де оның осы қасиетінде болса керек» деп әңгіменің көркемдік табиғатына шынайы баға береді [2.3]. Бұл – сыншының әділдігін, жазушы позициясын түйсінудегі көрегендігін дәлелдейді.
«Жас жазушылар әңгімелерін зер салмай, жай қарағанда елеусіз болып көрінетін қарапайым оқиғаларға құруға, сол арқылы оқушыға тәп-тәуір ойлар айтуға ұмтылады. Бұл
- балаларға арналып жазылатын шығармалар үшін ең қажетті қасиеттердің бірі» деп жазушы әңгімесіндегі жетістіктерді атап, қаламгерді жігерлендіреді [2.3]. Жігерлендіре отырып қана жазушы шығармасындағы кемшіліктерді баяндайды.
Сыншы жинаққа енген әңгімелердің өзіндік жазылу мәнерін, көркемдік табиғатын бағалай отырып барып қана, кей әңгімелердегі олқылықтарды атап дәлелді көрсетеді.
«Жинақта бұдан басқа да нашар, жеңіл-желпі әңгімелер бар. сарайын, психологиясын айқын танытуға әлі де болса олақ» деп әңгімедегі селкеулікті түйіндеп береді [2.3]. Немесе
«Сөз болыр отырған жинақтағы «Шолпан», «Календарь», «Кесте» сияқты әңгімелер де осы еңбек тақырыбына арналған. Бірақ, бұл тақырыпты автор аталған әңгімелерінде бір дәрежеде шеше алмай ала-құлалыққа ұрынған» деп әңгімедегі олқылықты тізбелеп жатпай, қысқа қайырып, дәл, айқын атап береді [2.3].
1954 жылы шыққан Саид Баязитовтың аталған әңгімелер жинағы балалардың қуанышы мен қызығын қатар суреттейтін, олар кешкен өмірдегі арман мен қиялдың тамаша көріністерін баяндайтын әңгімелерге толы. Балаларды адалдық пен шыншылдыққа үйретуді мақсат еткен мұндай әңгімелердің өте тартымды әрі әсерлі шыққанын баяндайды. Әсіресе, «Елка», «Екінші тайм» сияқты әңгімелерді ерекше атап көрсетеді. «Ұғынысқан достар», «Қызық балапан», «Конструктор» әңгімелерінің сәтсіз, жеңіл-желпі жазылғанын да айта кетеді. Сонымен қатар сыншы авторға әңгімелердің көпшілігінде алға қойған мақсатына жете алатындығына, әңгіме композициясын қарапайым бірақ тартымды етіп құратындығына және сюжет желісіне жас оқушыға білім берерлік қосалқы нәрселерді де араластырып отыруға тырысатындығына сүйсіне отырып, кейіпкерлерді тек өзіне ғана тән тілмен сөйлетуге, сол арқылы олардың ой сарайын, психологиясын айқын танытуға әлі де болса олақ екенін ескертеді.
Мақаланы түйінін сыншы жас жазушының балаларға арнап әңгіме жазудағы қабілетіне үміт артумен дәйектейді. «С.Баязитовтың тұңғыш жинағы оның балаларғ арнап қызғылықты, тартымды шығармалар жазуға икемділігін барын көрсетеді» [2.3]. Жазушының алғашқы жинағына берген талдауынан Айқын Нұрқатовтың шығарма талдауда тыңғылықты жауапкершілігін, мәдениеттілігін аңғарамыз.
«Сағат» (1959) мақаласында Аманжол Шәмкеновтың балаларға арналған туындыларын талдайды. Ғалым бұл мақаласында балаларға арналған шығармалар әйтеуір
қызғылықты болу үшін не ермекке бола жазылмайтынын, әрқашан белгілі бір педагогикалық нысана көздейтінін, сол көздеген идеяны, тәрбие мен тағылымға жанасты өзіндік ойларын оқушысының ұғымына, жас ерекшеліктеріне орай қаншалықты дәрежеде суреттей алуы әр автордың шеберлігіне, қалам сілтеуіне байланысты деп ой түйеді. Және А. Шамкеновтың өлеңдерінде ұқыптылыққа, еңбек сүйгіштікке баулу тақырыбы мол орын алып, тақырыпты шешуде автор әртүрлі көркемдік тәсілдер қолданғанын айтады. Алайда,
«Кезекші» деген өлеңінде ақынның тікелей ғибрат еткен қисынсыз сөзін оның мүлт кеткен бір жері деп ұғынады. «Мен де кесте тігемін» деген өлең де еңбек өнер тақырыбына арналады. Өлеңнен мысал келтіре кетсек:
Енді өйтпеймін, сен енді, Үйрендім мен ақыры, Әдемі боп келеді, Мамамның «Үш батыры». Бітіруге жақынмын
Мен де ала мысықты. Үйде күнді батырдым, Қараңғылық түсіпті.
Шақырса да Ернар кеп, Шықпадым мен далаға. Ойнап кетсем елбеңдеп, Кесте тігіп бола ма?!
Ғалым осы өлеңмен қатар жинақтағы «Ақылды бала», «Көмектесем мамама» өлеңдерінде жас баланың қуанышы, мақтанышы, балалық аңқаулығы мен өрескел сезіне бастаған сезімдерін әсерлі баяндағанын айтады. Десе де, бірсыпыра өлеңдерінде автор жаза басып, талпынысынан айырылып қалатын кездері де болады («Лагерьге сапар»,
«Шофер қуанышы»). Жинақтағы «Ернардың кәсібі», «Фуражка», «Сағат» өлеңдері бала ұғымына жеңіл, қызықтылығымен, ойнақылығымен ерекшеленеді. Мысалы, «Сағат» өлеңі:
«Болды уақыт, әне, шын, — Дейді, — өзің қарашы».
Түсіне алмай мәнісін
Қайран қалды мамасы, — деп аяқталып, оқырмандарына езу тартқызады. Бұл өлеңдегі киноға бару үшін асыққан Ернар сағат тілін бұрап қойып, баланы да ересек адамды да еріксіз күлкіге қалдырады. Ғалым «Сағат» А.Шамкеновтың балаларға арнап қызғылықты, әсерлі шығармалар жазуға қабілеті барын танытып, ақын бұл салада болашақта да беріле еңбектенуі тиіс дегенді айтады.
Осы мақалада балалар әдебиетінің атқарар қоғамдағы мәнін де сөз етеді: «Бұл ретте жас буынды өміршең де өнерпаз, ойлы да сергек етіп тәрбиелеуге тиіс балаларға арналған көркем әдебиет әсіресе белсенді рөл атқармақ. Сондықтан бұл салада туған әрбір жаң құбылысқа жеткілікті назар аударылып отырмағы ләзім» [1.123].
Мақалда сыншы балалар әдебиеті жанрының заңдылықтарына да назар аударта отырып, А.Шамкенов өлеңдеріндегі селкеуікті қысқа да нұсқа дәлелдейді: «Бірақ қандай үлкен тақырып жазса да, ақындарымыз балалар әдебиетінің жанрлық ерекшеліктерін ескеруге, оның ішкі заңдылықтарынан ауытқумауға тиіс. Балаларға арналған поэзияда әсірелеу, жаңылтпаш, жұмбақ, сөз ойнақылығы сияқты ауыз әдебиетіне тән сипаттар да, бояу айқындығы, оқиға өрбуінің динамикалылығы мен өткірлігі, лептілік тәрізді белгілер де ұласа, ұштаса түседі. Белинский сөзімен айтқанда, балаларға арналған кітаптар «жеңіл,
еркін, ойнақы, қарапайым тілмен» жазылуға тиіс. А.Шамкеновтың өлеңдерінде түр байлығы, бояу алуандығы мол сезіле беремейді» [1.127].
Бірақ мақала соңында: «Қорыта айтқанда, «Сағат» А. Шамкеновтың балаларға арнап қызғылықты, әсерлі шығармалар жазуға қабілеті барлығын танытты. Ақын бұл салада болашақта да беріле еңбектенуі тиіс» деп жазушының қабілетіне үміт ұялата отырып талап қояды [1.127].
«Мұқан Иманжанов» (1959) еске алу мақаласында жазушының балаларға арналған бірнеше әңгімелеріне тән ерекшеліктерді: бала кейіпкер бойында сәбилік аңқау мінез, сүйкімді бала мінезін суреттей білу қырларын жеткізеді. Әсіресе, «Жол үстінде», «Талап»,
«Бөбек», «Ораз бен Боря» әңгімелерінде арманшыл бала бейнесіне тән сан-қырлы мінез әсерлі суреттелгенін байқайды. Жазушының көзге өте қарапайым, өте болмашы көрінетін жайлардың сырын терең ашып, қызғылықты суреттеуі оның әңгіме жазудағы басты ерекшелігі деп түйеді сыншы-ғалым.
«Тіпті шағын әңгімелерінің өзінде де Мұқан кейіпкерлерінің іс-әрекетін, ой- сезімдерін шынайы суреттей алатын. Әрине, бұл оның шеберлігіне байланысты еді. Сондықтан да, оның кейпкерлерін оқушы ұмытпайды. «Бар ырыс, бар тыныс, бар тіршілік бір бойынан табылған бақыт кітабы – ұлы заңды» шын жүректен сүйетін, бала мінезді, ақ көңіл, адал жүректі Мейрам қарт («Кітап»), мейлінше кішіпейіл, еңбек сүйгіш Раушан («Таныс қыз»), өз міндетіне аса жауапты қарайтын, қоғамшыл қарапайым кондуктар («Кондуктар») және басқалар өздерінің мінез-құлқымен, ісімен, кескін-келбетімен оқушының есінде қалып қояды» [3.375] деген талдауында ықшамдылық, дәлдік бар. Сыншы жазушының шеберлігін дәлелдеп береді. Сонымен қоса М.Иманжановтың балаларға арналған шығармаларының құндылығын көрсетеді.
Сыншы әрі М.Иманжановтың адами қасиетін де даралап атап өтеді. «Ол жас әдебиетшілердің де жанашыр досы еді. Әдебиетке соңғы жылдарда келген жастардың ішінде одан творчестволық қолдау көрмегені кемде-кем. Оның бізге қалдырған мұрасы біркелкі мол, әрі өзінше көркем. Оның жақсы шығармалары болашақта да жас ұрпақты адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, достыққа баули бермек» [3.377]. Айқын Нұрқатов мақаланы жазушы шығармашылығына аса бір мейіріммен, сағынышпен, сүйсініспен жазғандығы байқалады. Мақала жазушының қайтыс болғанына бір жыл толғанына арналып жазылған.
«Өтебай Тұрманжанов» (1965) мақаласында ақынның қазақтың бай ауыз әдебиетін жинауы, және балаларға сол дәстүрді сақтай отырып өлең, ертегілерді ұсына білуін даралап көрсетеді. «Әдебиетке жиырмасыншы жылдардың бас кезінде келген ол ұлттық поэзиямыздың туып, қалыптасуына өз қаламының қуатына лайық үлес қосты»деп бағалайды[3 .353].
Ақынның өмір жолын, жалпы шығармашылығынңың қалыптасу, даму белестерін сөз ете отырып, шығармаларының мәнін ашады. «Халық тілін, оның ерекшеліктерін, шешендік өрнек, нақыштарын жақсы білуі Ө.Тұрманжановтың өлеңді халық ұғымына түсінікті, қарапайым етіп жазуына мүмкіндік береді» деп ақын поэзиясының ерекшеліктерін танытса, «…ой айқындығы, сезім шыншылдығы, өлең тілінің жатықтығы мен оралымдығы сияқты, жалпы поэзияға тән сипаттар – ақын жинақтарының атап айтарлық құнды да құнарлы қасиеті» деп алдыңғы ойларын шегелей түседі [3.356].
Ө.Тұрманжановтың поэмаларындағы («Қыран қыз», «Пулемет») жетістік пен олқылықты қатар жұптап көрсетеді. «Сюжеттік желісінде, оқиғалық өрбуінде схемалықтың салқыны барлығына қарамастан, бұл шығарма ынтызарлықпен оқылады. Мұның сыры поэма тілінің молдығы мен суреттілігінде, ақынның кейіпкерлерінің жан
сарайын, сезім күйлерін әсерлі етіп аша білуінде» [3.356] деп нақты да әділ талдау жасайды. Мақала түйінінде ақын болмысын, табиғатын «талай жасқа келіп, талайды бастан кешірген, бірақ жаны қартаймаған, қаламы қараймаған» деп бағалайды. Бұл бағалаудан Айқын Нұрқатовтың сыншылық мәдениетін аңғара түсеміз.
«Біліктілік өнегесі, сыншылдық, ойшылдық дәрежесі, таным-пайым өресі, пікір айту мәдениеті айрықша Айқын Нұрқатов, шын мәнісінде, көрнекті әдебиет тарихшысы, білімдар сыншысы және пайымдау қабілет-қарымы тегеурінді әдебиет теоретигі еді»,- деп ғалым, айқынтанушы С.Негимов ғалымның тұлғасына әділ баға берген [4,5].
Қазіргі кезеңде А.Нұрқатовтың ғылыми мол мұра мұрасы жинақталып, баспадан шықса, арнайы ғылыми мектептері туған жерінде, оқу орындарында ашылып зерттеу жасалуда. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтікмаңызды түрлерін басып щығару» бағдарламасы бойынша ғалымның бес томдық шығармалар жинағы 2013 жылы «Ана тілі» баспасынан (әр томы екі мың данадан) жарық көрді. Құрастырып, алғы сөзін жазған – филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.
Әдебиет:
- Нұрқатов А. Шығармалары. 5 томдық шығармалар жинағы.IV том.– Алматы: «Ана тілі». 2013. Б- 384
- А.Нұрқатов. Алғашқы дауыс. «Коммунизм таңы». 27.03. 1955
- Нұрқатов А. Шығармалары. III том. – Алматы: «Ана тілі». 2013. Б-384
- Нұрқатов А. Шығармалары. I том. – Алматы: «Ана тілі». 2013. Б-384