Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы
Қызылжар, аманбысың мен келген жер, Өлеңмен өміріне өң берген жер.
Құрметтеп текті ұлдарын төрге шыққан, Осындай мерейтой қып дем берген жер. Мағжанның өлеңінен қуат алып,
Сегіз сері әнімен тербелген жер.
Белгілі бұл өлкенің жыр мектебі, Дұрыс қой жақсыларды үлгі еткені. Серіктей ағамызды ақсақал ғып, Ақсақалов әкім де құрметтеді.
Оразаның тұсында орайласқан, Жүректе бүгін талай гүл көктеді. Қасиетті Рамазан құтты болсын, Қадірлі Пайғамбардың үмбеттері!
Кеп отыр мынау тойға қатарыңыз, Алғанбыз талай сізден батаны біз. Аңыз болып халықта айтылып жүр, Жинаған нақыл менен мақалыңыз. Туған жердің төрінде масайрадың. Ағарған ақсақал боп сақалыңыз.
Серік аға, бүгінгі құтты болсын, Әкімнен алып жатқан шапаныңыз! Манаш ата ордасы құрметтеді,
Бұл сіздің туған жер мен отаныңыз. Тағы да құтты болсын деп айтайын, Құрметті профессор атағыңыз!
Ғалымға біздің қазақ бас иетін, Бабаның жырын жинау өсиетің. Сәбеңдердің сарқытын жеген жігіт, Алдына келген жанның ас үйетін. Баяндама ретінде мен айтайын, Сері ағамның бес бірдей қасиетін.
Жасынан шешендікке төселген кім, Өнегемен жігіті өсер ме елдің?
Серік ағам азамат құйма құлақ, Көзін көрген көшелі көсемдердің. Ізіндей көрем сізді, Серік аға,
Қанай би, Дулат бидей шешендердің.
Ғылымның майданында сыналған кім, Пайымды пікірінде тұра алған кім?
Зерттеп жыраулардың мұраларын, Ұлының ұлағатын ұға алған кім. Ол біздің Серік аға жалғасындай,
Шал ақын, Қожаберген жыраулардың.
Ақтаған ұл болған соң бар сенімін, Ел жұрты құрметтейді нар Серігін. Зерттеп серілердің мұраларын, Ақтаған азамат қой ел сенімін.
Сондықтан ізбасары деп білемін, Біржан сал, Ақан сері, сал-серінің.
Бірі ғой Серік ағам табанды ердің, Үлгіні талай мәрте маған бердің. Жақсылардың ізбасар інісі деп, Өзіңізді үлгілі адам көрдім.
Серік ағам інісі деп білемін,
Мағжан, Сәбит, Сәкендей қаламгердің.
Жасынан ғалым болып танылған кім, Мен оны мықтылық деп қабылдармын. Ұлыларды ұрпаққа ұлағат қып,
Сөз берсе ағыл-тегіл ағылған кім? Көсемдерше көл-көсір көсіледі, Жағынан болған жоқ қой жаңылған күн. Серік ағам жалғасы деп білемін.
Мәлік, Айқын, Ысқақтай ғалымдардың.
Қызылжар ұлағатты ұлы ма екен, Жүрекке күн секілді жылы мекен. Тектілерді тудырған бұл өлкенің, Әрдайым қасиетін біліп өтем.
Серіктей ағаларға үлгі болған, Кешегі шешендердің тілі ме екен. Бүгінде қабырғалы ғалым болды, Ғылымда ата болу ұлық екен.
Ғалымға қошеметтеп қол соғайық, Алланың да бір аты ғылым екен.
Түсіпті ізгілікті ізге келіп. Жігітсіз аманатқа сіз де берік. Ағамыздың бес бірдей қасиетін, Өлеңмен суырып сап тізбеледік.
Жетпісте жиырма бесте жігіттейсіз, Самайыңа тұрған жоқ мұз бөгеліп. Ағарған сақал-шашы қар секілді, Ақсақал атаныңыз жүзге келіп.