Бактерицидтік заттардың әсер етуінің мәні олардың химиялық қасиеттеріне байланысты. Микроб клеткасының липоидына еритін липоидотропты заттар клетканың ішіне еніп, микробқа өлтіре әсер етеді. Екінші біреулері микроб протоплазмасының белогін ұйытып, оның коллоидты құрылысын бұзады. Үшншілері өздерінің суды тартып алатындығымен микроб денесін құрғатып жібереді. Төртінші бір заттар клетканы өздерінен ткань ферменттерінің әсерімен бөлініп шығатын атомдық оттегімен тотықтырады. Ең ақырында, клетканың бетіне сіңіп, оның осмостық қысымы мен сыртқы тартылуын (қабығын) өзгете алатын заттар да болуы мүмкін.
Бұл әсерді организмнің реакциясынан тыс, жеке алып қарауға болмайды. Кәзіргі ұғымдарға сәйкес, енгізілетін затқа организмнің, әсіресе орталық нерв системасының реакциясын (жауабын) ескеріп отыру қажет.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, заттың бактерицидтігі микробты мүлде жойып жібермейді, тек ол микробты бір формадан екінші формаға ауыстырып, оның патогендік (ауыр тудырғыш) қасиеттерін құртады деп түсіну қажет. Бір заттың өзінің қолданылып отырған ертінділерінің концентрациясына байланысты ол дезинфекциялаушы да, антисептикалық та зат болуы мүмкін.
Дезинфекциялаушы заттар зақымдалған тканьге әсер еткенде ол, көбінесе нерв ұштарын тітіркендіріп ауру сезімін білдіретінін ескерген жөн. Олардың тканьді бұзатынын ескерсе, микроорганизмдерді организмнің, атап айтқанда лейкоциттердің өздерінің жұтуына мүмкіндік туғызып, дезинфекциялаушы заттарды тек антисептикалық әсер ету мақсатында әлсіз концентрациямен қолданған пайдалы болады.
Ал дезинфекциялаушы заттардың өзі, тікелей микробқа тигізетін әсерінен басқа, аздап тканьді тітіркендіруі мүмкін, бұл қанның көбірек келуіне, клеткалардың жақсырақ қоректенуіне және жарада грануляцияның жас дәнекер тканьнің тезірек өсуіне көмектеседі.
Бактерицидтік заттардың әсері ортаға да байланысты, Липоидтропты заттар майы көп ортада, белокті ұйытқыш заттар белогі көп ортада нашарлау әсер етеді, иондармен әсер ететін заттар иондарға ыдырайтын қосылыстар бар жерде әлсіз келеді.
Ортаның зарарлану дәрежесінің, яғни ондаған микроб санының үлкен маңызы бар. Дезинфекциялаушы әсер микробы көп ортада, микробы аз ортадағыдан гөрі әлсіздеу болады.
Кейбір бактерицидтік заттардың бүкіл молекуласымен әсер ететін, ал екінші біреулерінің тек иондарымен әсер ететінін ескпген жөн, сондықтан олардың ерігіштік қасиетін бәсеңдететін заттарды қосудың мәні бар. Мысалы, натрий хлориды қосылса, фенол ертітінділерінің дарындылығы арта түседі, ал липоидтар қосылса, олардың дарындылығы едәуір кеміп кетеді. Натрий хлоридын сулема (алмас) ертіндісіне қосқанда, ертіндінің әсері кемиді, өйткені сулеманың иондарға ыдырауы азаяды.
Ауыр металл тұздарының әсері күшті спирт ерітінділерінде едәуір азаяды, ал әлсіз ертінділерде күшейе түседі. Мұның мәнісі мынада: алғашқысында иондарға ыдырау қыйындайды да, соңғысында едәуір күшейе түседі, оның үстіне, иондардың клеткаға енуі де арта түседі.
Кейбір бактерицидтік заттардың қоспалары тіпті күшті концентрациялы жеке алынған заттардан артық әсерлі болады. Мысалы, фенолдың ертіндісіне сабын қосса, фенолдың әсерін күшейтеді, өйткені сабын майларды сабындай, олардың фенолмен қосылуына жол бермейді. Ал егер осы ертіндіге күкірт қышқылын қосса, мұндай қоспаның әсері бұл заттардың жеке түрінегі әсерінен анағұрлым асып кетеді.
Кәдімгі ерітінді түрінде организмнен тыс жерде (in vitro) бактерицидтік әсері нашар байқалатын немесе мүлде байқалмайтын және организмде (in vivo) немесе олардың ертінділеріне қан плазмасын не тканьдік сұйық заттарды қосқаннан кейін сыртқы ортада өте күшті әсер ете алатын заттар бар.