Құсық және қақырық түсіргіш заттар
Құсу актысын сопақ мыйда орналасқан құстыру орталығы басқарады; ол орталық тыныс және қантамырларын қозғалтатын орталықтармен, сондай-ақ кезеген нервінің орталығымен байланысты болады.
Дәрілік заттардың қолданып, құстыру орталығын тікелей тітіркендіру арқылы да, сондай-ақ қарын мен ащы ішек кілегей қабықтарын тітіркендіру арқылы да құстыруға болады. Сондықтан құсық түсіргіш заттар нерв орталығы арқылы әсер ететін, рефлекс жолымен әсер ететін және осы екі жолмен бірдей әсер ететін (нерв орталығы мен рефлекс жолы арқылы) заттар болып үш топқа бөлінеді.
Құсу актысы – күрделі процеске жатады. Ол қарынның денсі мен ащы ішекке шектес бөлегінің, диафрагманың (құрсақ көк етінің), құрсақ құрайтын еттердің жыйырылуы нәтижесінен келіп туады, сондай-ақ бұл процесс қан қысымының ұлғаюына, және тыныс алу тоқтауына әкеліп соғады.
Құсар алдында мал лоқсыйды; бұл кезде тыныс жолдарында шырыш шығару көбейіп, ауыздан сілекей ағады, қан қысымы төмендеп, тыныс алу жиілейді; мұнымен бірге қарын және ішек шырындарының секрециясы да күшейеді. Аз дозада құсық түсіргіш заттар тек тыныс жолдарының секреторлық функциясын ғана күшейтеді; сонымен бірге олар шырыштарды сұйылтып, желпуіш эпителийдің және бронх еттерінің қозғалысын қоздырады; осы айтылғандардың бәрі бөлінген шырыштардың ауызға түсіп, ақыр аяғында қақырланып тасталуына әкеліп соғады.