Тілдің синтаксистік қүрылысындағы мұндай өзгерістер өткен дәуірлерден сақталған жазба ескерткіштер тілінін синтаксистік құрылысын зерттеу, оларды қазіргі әдеби тіліміздің синтаксистік құрылысымен салыстыра қарау арқылы айқындалады.
Тілдің синтаксистік құрылысындағы құбылыс, ең алдымен, оның құрамына енетін жеке сөздер тіркесінен айқын көрінеді. Адамдардың өзара пікір алысып, бір-бірімен түсінісуінде шешуші роль атқаратын сөйлемдердің бірден-бірге жетіліп жақсаруы, икемді, орамды болуы, бәрінен де бұрын, сөздер тіркесіндегі құбылыстарға байланысты. Сондықтан тарихи синтаксистің міндеті — тіл дамуының әрбір тарихи кезеңдеріндегі сөздер тіркесінің түрін, сөздерді бір-бірімен байланыстыратын амал-тәсілдерді, олардағы құбылыстарды зерттеу болмақ. Осыған қоса тарихи синтаксис өзінің зерттеу объектісі болған дәуірлер ішіндегі сөйлем түрлерін, олардың құрылыс ерекшеліктерін, заман өткен сайын болған өзгеріс-құбылыстарын, толығу, жетілу, жаңару бағыттарын, ол бағыттардың себептерін айқындайды. Сонымен бірге, тілдің тарихи синтаксисі тілдік категориялардың, соның ішінде синтаксистік нормалардың да қандай турлерінің өзгерімпаз екендігін, қандай категориялар мен нормалардың тұрақты, өмірлі болатындығын да ескерусіз қалдырмайды. Тілдің тарихи синтаксисін зерттеудегі мақсат — синтаксистік категориялардағы өзгеріс — құбылыстарды көрсетіп қана қоюмен тынбайды, соған қоса ол өзгерістердің тілдің синтаксистік құрылысын жетілдіруде, оны икемді, орамды етуде қандай роль атқарғандығын да, оның тіл дамуындағы мәнін де ашу болып табылады.
Қандай тілдің болмасын синтаксистік құрылысындағы құбылыстарды зерттеуде морфологияға соқпай кету мүмкін емес. Морфологияның қарауына жататын грамматикалық формаларсыз синтаксис жоқ. Сондықтан тарихи синтаксис сөздерді, сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыру, оларды синтаксистік қарым-қатынасқа келтіру қызметінде пайдаланылатын формалардағы құбылыстарды да ескерусіз қалдыра алмайды. Өйткені ондай формалардағы, оның функциясындағы құбылыстар белгілі бір синтаксистік нормаға, синтаксистік қатынасқа, олай болса сөйлем құрылысына өзгеріс енгізбей тұра алмайды.
Тілдің әр дәуірдегі синтаксистік құрылыс ерекшелігін, қала берді, сөйлемдердің структурасын дұрыс ашуда сөйлем құрамына енген сөздердің атқаратын синтаксистік функцияларының шешуші мәні бар. Сөйлем құрамындағы сөздер, яғни сөйлем мүшелері сөйлемді сөйлем ететін ең негізгі, ең қажетті элемент. Құрылыс материалынсыз ешкандай құрылыстың болмайтыны сияқты, сөйлем мүшесінсіз де ешқандай сөйлемнің болуы мүмкін емес. Сөйлемдегі болатын структуралық өзгеріс, жаңалық бәрінен бұрын сөздердің сөйлем мүшелік қызметіндегі өзгерістерге, олардың бір-бірімен қарым-қатынас түрлеріне тікелей байланысты және соның негізінде ғана туып, қалыптасады. Міне, сондықтан сөздердің синтаксистік функциялары, сөйлем мүшелері, олардың түрлері, өзара қарым-қатынастары тарихи синтаксистің қарауына жататын елеулі объектінің бірі болып табылады.
Сонымен, айтылғандарды жинақтап келгенде, тарихи синтаксис жазба ескерткіштер тілінің синтаксистік құрылысын зерттегенде, төмендегі негізгі мәселелер тұрғысынан қарау керек. Олар:
- Сөз тіркестері, олардың тіркесу амал-тәсілдері.
- Сөйлем мүшелері, олардың формалық құбылыстары, құрамдары, орналасу, басқа мүшелермен байланысу жолдары.
- Сөйлемдер құрылыстары, олардың мағыналық және структуралық типтері (жай және құрмалас сөйлемдер, т. б.).