Компоненттер мағынасындағы қайшылық кейде -да/-де шылауының көмегінсіз, сөйлем мағыналары арқылы да беріледі. Мысалы:
Мен саңа мұтайба (қалжың) қылұп ат с ам, сен шынға алұп ачуың келді (204).
Бағыныңқы компонент баяндауышы шартты рай формалы етістіктен болатын сабақтас сөйлемдердің бағыныңқы компонентінде сұрау есімдігі келсе, басыңқысында соған лайықты сілтеу есімдігі келетін сабақтас сөйлемдер де кездеседі. Мысалы:
Атаң не иерге баруға ниет қылған болса, сен шол иерге атаң орнына баш болұп бар (118). Сен не иолда болсаң, мен шол иолда болор едүм (11).
Баяндауышы шартты рай формалы етістіктен болған бағыныңқы компонент басыңқы сөйлемдегі іс-әрекеттің мезгілін, немесе өзімен мезгілдес болған іс-әрекеттерді білдіреді. Мысалы:
Ялдап юри берүп артұма қарасам, алты кіші һанұз маңа атұп тұрорлар (Ш). Яу ярдин түшэйім десә, иол иоқ (193). Бір күн ол аның үйіне барып кірсе, Саларның беш-алты ақсақалы отыр екен (133). Тұрайын десе, қол-аяқының харакаты тоқтады (41).
Шежіреде өте жиі кездесетін сабақтас сөйлемнің бір түрі — бағындырушы -ки жалғаулығы арқылы жасалатын сөйлем. Бұл жалғаулық ( ^ ) «Тауарихта» кім ( ^ ) түрінде танбаланады. Мұндай сабақтастар компоненттерінің баяндауыштары етістіктің, ашық райында, тиянақты формада айтылады да, бір-бірімен тек -ки жалғаулығы арқылы байланысады. Бұл жалғаулық сабақтас құрмалас сөйлем жасауда азербайжан, өзбек тілдерінде жиі кездеседі, бірақ қазақ тілінде ол жоқ. Мысалы:
Оғұз хан ғаскарының қолына шол қатар көп мал түшді ки, хатта юкләп алұп кетәргэ көлік иетмәді (12). Үлығ падшаһларның ғадатлары шол еді ки, иырақ сафарға барғанда өзі һәм. яқын бекләрі үй жамағатларыны біргә ертіп баралар еді (13). Тимур-Мүлік мың иігіті илан шондай ерлікләр көрсәтті ки, ахыр Аламыр иігітлэрі тамам шаһид болдылар (71). Яғмор шол қадар яғды к и, селләр ақды (80). Ол күн шон-дай ұрыш болды ки, Хорезм шаһ ғаскариндин һишкім дарвазадин шықмаға хадды болмады (72).
Бұл тәріздес сабақтас құрмалас сөйлемдер қазақ тілінде бірінші компонентінің баяндауышы сондай, соншалық, соншама, сол деген есімдіктерден болатын сөйлемдер арқылы беріледі. Мысал үшін алсақ, осының алдындағы соңғы сөйлем қазақ тілінде. Ол күнгі ұрыстың қаттылығы сондай, Хорезм шаһ әскерінен ешкім қақпадан шығуға халі болмады — деген түрде берілер еді.
Шежіреде бірді-екілі жерде болса да, мақсат бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер де кездеседі, бірақ олардың жасалуында қазіргі тілдердегіден біраз өзгешелік те жоқ емес. Мысалы:
Қылған ішләрі халық ішінде тамам ұнтұлұп кетмәсұн үшін, үш-төртні нақыл қылайым (163). Түн болғандин соң мағұллар шол иердә қоналар екен деп білсінләр үшүн, түрлі иерлэргә отлар яқдылар (65).