XIX ғасыр тіл білімі.
1. Тіл білімі тарихында салыстырмалы-тарихи тіл білімінің негізін салушы Ф.Боптың , Раск, Якоб Гримм т.б. еңбектері.
2.Тіл философиясының алға қойған мақсаты.
3. Типологиялық зерттеудің кеңірек етек алып, қалыптасуы туралы.
Тілдердің бір-біріне жақын, өзара туыстас болатындығы туралы пікір салыстырмалы-тарихи тіл білімінен, яғни XIX ғасырдан көп бұрын белгілі болған. Түркі тілдерінің өзара туыстас, бір негізден тараған тіл екендігін түркі нәсілді Махмуд Қашқари XI ғасырдың өзінде айқындады.
1538 жылы Француз гуманисі Гвилсльм Постеллустың «Тілдер туыстастығы туралы» деген еңбегі жарияланады.
Ф.Боптың ең басты еңбегі – «Санскрит, зенд, армян, грек, латын, литва, көне славян, гот, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикасы». Расмус Расктің тілдер фактілерін салыстырудан туған ең көрнекті еңбегі «Ежелгі солтүстік тілдері және неміс, ислан тілдерінің шығуы туралы зерттеулер» деп аталады. Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің тағы бір көрнекті өкілі – неміс ғалымы Я.Гримм. Бұл ғалымның төрт томнан тұратын «Неміс грамматикасы» атты еңбегінің бірінші кітабы 1819 жылы басылады.
Дүниеге келу тарихының көнелігіне қарамастан, тіл философиясы осы атауға XIX ғасырда ғана ие болды. Бұл дәуірдегі тіл философиясының алға қойған мақсаты — тілдің табиғаты мен мәнін, оның қоғам өмірінде алатын орны мен қызметін айқындау болды. Бұл мәселемен сол дәуірдің көрнекті ойшылдары — Гердер, Шлегель, Гумбольдт, Шлейхер, Штейнталь сияқты ғалымдар айналысты. Бұлардың ішінде өз дәуірі үшін де, кейінгі заман үшін де ең беделдісі В.Гумбольдт болды. Оның бұл салалардағы тұжырымдары толық баяндайтын еңбектері — «Адамзат тілі құрылысының әр алуандығы туралы» , «Ява аралығындағы Кави тілі туралы» деп аталатын туындылары.
Дүние жүзіндегі тілдердің типологиялық белгілерін айқындап, тілдерді сол белгілеріне қарай жіктеуді алғаш ұсынған неміс ғалымы Ф.Шлегель. Оның 1809 жылы «Тіл және үнділердің даналығы» дейтін еңбегі жарық көреді.
Дәрісті қорытындылау:
1. Тіл философиясының алға қойған мақсаты — тілдің табиғаты мен мәнін, оның қоғам өмірінде алатын орны мен қызметін айқындау болды.
2. Типологиялық зерттеу — мәні, функциясы жағынан тілдердің барлығына немесе көпшілігіне ортақ, жалпылық сипаты бар объектілер салыстырылады.
Бақылау сұрақтары:
1.19 ғ. бас кезінде салыстырмалы-тарихи әдіс негізінде қандай еңбектер жарық көрді?
2. Тіл философиясы қашан пайда болған?
3. Типологиялық зерттеудің қалыптасуы қай кезден басталады?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Мұсабекова Ф.М. Лингвистикалық ілімдердің тарихын оқыту. А. 1985
2.Қалиев Б. Жалпы тіл білімі. Алматы,2000
3.Қордабаев Т.Р Жалпы тіл білімі А,1975 және 1981,1999ж