Cона, сонау (сонда үстеуі де) есімдіктері

Қазіргі қазақ тіліндегі сона, сонау (сонда үстеуі де) есімдіктерінің жасалуы да нақ осы тәсіл арқылы жүрген. Тек бұл жерде ош және ан (ол есімдігінің варианты) элементтерінің бірігіп қалыптасуын көру дұрыс. Әйтпесе, сона, сонау сездерінің құрамында л емес, н дыбысының айтылуын дыбыстық үндесу заңдылығымен түсіндіру мүмкін емес.

         Осы, осынау есімдіктері де ош және о есімдігінің тіркесінен қалыптасқан. Қырғыз тілінде бұл есімдік ушул, ушу түрінде айтылса, башқұрт тілінде ошо түрінде айтылады. Тағы да бұл ретте қырғыз тіліндегі ушул тұлғасын ең ескісі деп негізге алуға болады. Қырғыз тіліндегі тұлға уш+ул — құрама бөліктеріне ажырайтыны анық. Радлов қазақ тіліндегі осы сөзін ош + бу деп этимологиялаған. Біздің байқауымызша, Радлов сол дәуірдегі кітаби тіл құрамында көп қолданыс тапқан үшбу сөзімен байланыстырған тәрізді. Анығында, қырғыз тіліндегі ошу сөзіне берілген этимология қазақ тіліндегі осы сөзіне де келер еді. Қырғыз тіліндегі ошу сөзін былай талдайды: ош-у. Егер қазақ тіліндегі осы сөзін, Радлов айтқандай, ош-бу деп қарағанда, ортаңғы — б -дыбысының түсіп қалуын ешбір заңдылыққа сыйғызуға болмас еді. Ош сөзі мен о сілтеу есімдігінің тіркесінен құралғандығын қырғыз тіліндегі ушул сөзі де дәлелдейді. Сөз соңындағы (есімдіктер құрамында) -л-дің факультативті элемент екені қашанда белгілі. Сонда қазақ тіліндегі осы есімдігінің қалыптасу жолын былай деп қарауға дәлел бар: ош-ол//ос-ол/І-ош-о/Чос-о >ос-ы. Сөз соңында еріндік дауыстының езулікке айналуы тарихи тұрғыдан қазақ тіліне әсте жат кұбылыс емес.

         Сұрау есімдіктері. Сұрау есімдіктерінің қазіргі тұлғалары тарихи тұрғыдан құранды. Сонымен бірге, сұрау есімдіктері тілдің көне дәуірінде казіргі тілдердегідей сан жағынан мол, тұлғалық жағынан әр қилы болмаған. Бұған дәлел ретінде қазіргі заманда белгілі болып отырған ескерткіштер тілдеріне жүгіну орынды. Орхон-Енисей жазбаларында, мысал үшін, сұрау мәнінде қолданылған сөздер саны 2—3-тен аспайды. Сұрау есімдіктерінің сан жағынан молайып, тұлғалық жағынан әр қилы бола бастауы кейінгі дәуірлерде, алғашқы түбірлердің күрделеніп, ұялас туынды түбірлердің молаюымен тұстас болғандығы анық. Сұрау есімдіктердің құрамының не біріккен, не түбір мен қосымшаның кірігуі арқылы қалыптасуы соның нәтижесі.

         Қазіргі түркі тілдерінде сұрау мәнінде қолданылатын есімдіктер негізінен 3 түбірдің айналасына топталады. Олар: кім, не, қай (қан). Бір тілде сұрау есімдіктерінің саны аз, бірінде көп болуы да мүмкін. Бірақ қайсысы да осы түбірлер негізінде жасалған. Әрине, чуваш, т. б. кейбір тілдерде шет тілдерден ауысқан сүрау мәнді сөздер де кездеседі. Бірақ ондайлар аса көп емес. Егер жеке тілдерге тән дыбыс ерекшеліктерін (тарихи тұрғыдан әбден түсінікті) ескерсек, түркі тілдеріндегі сұрау есімдіктері ортақ түбірлерден ортақ тәсілдер арқылы күрделеніп, өзгеріп отырғандығын көреміз.

         Сұрау есімдіктеріне негіз болған не, қай (қан), кім түбірлері о баста есім болған. Ондай жорамалға әлгі түбірлердің кейінгі барысында есім ұялас туынды сөздер жасауы ғана емес, түбір қалпында қолданысы да дәлел бола алады. Мысалға қай сөзінің дербес қолданысын қарастырайық: қай кісі, қай нәрсе, қай бір адам, т. б. Қай түбірінің мүндай атрибуттық ыңғайда дербес қолданылуы екі түрлі жайды аңғартады, біріншіден, түбір есім екендігі байқалса, екіншіден, тап осы қолданыс бұл түбірдің қатыстық мәнін көрсетеді. Сонда қай есім түбірі о баста сұрау мәнін емес, қатыстық мән (относительное) берген. Нақ осындай ерекшелікті не, кім сөздері жайлы да айтуға болар еді. Не нәрсе, не іс және кім де кім тәрізді тіркестер құрамында бұлар да атрибуттық қызметте жұмсалып, қатыстық мән береді. 8—9-ғасыр жазбалары тілінде не есімдігінің қолданысы да сұраулық мәннен гөрі қатыстық мәнді көбірек танытады: не қағанқа ішіг-күчіг берурмен — қай қағанға ісім мен күшімді жұмсармын. Бұл сөйлемде не есімдігі қатыстық мәнде және қай есімдігінің орнына жұмсалғандығы анық. Жалпы 8—9-ғасыр ескерткіштері тілінде не және қай есімдіктерінің қолданысы өзара айқын жіктелмегендігі байқалады. Салыстырыңыз: не ойун, не ийрдә (қай, қандай ойын, қай жерде).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *