Жоғарыда қай (қан) түбірі — есім сөз деген тұжырым айтылды. Сол тұжырымды дәлелдейтін тағы.бір факт — оның септелуі, қайда және қайдан сұрау есімдіктері жатыс және шығыс септік жалғаулары мен есім түбірдің бірігуінен барып қалыптасқандығы анық. Ал қайсы есімдігі есім түбір мен тәуелдік жалғаудың III жағының бірігуінен қалыптасқан. Көне жазбалар тілінде де қай-дан, қандан, қайда, қанда, қайдын түрінде ұшырасады. Жалғаулар құрамындағы дауыстылардың батыс және оңтүстік тілдер ыңғайына қарай дыбысталуын еске алмасақ, қазіргі тілдерден ешбір айырмашылық байқалмайды.
К,анша, қалай, қандай сұрау есімдігі қан түбіріне әр түрлі сөз тудырушы аффикстердің жалғануы арқылы жасалған. Қанша, қа(й)-ла-й және қан-дай, қанша есімдігінің кұрамындағы -ша, сірә, орысша, қазақша, балаша тәрізді туынды үстеулер құрамындағы осындай аффикстен бөлек болмаса керек.
Қашан есімдігінің қалыптасуын Ф. Г. Исхаков қан-шағ-ын, яғни, қан және шағ сөзінің көне түркілік құралдық септік (творит. падеж) тұлғасының (ын) бірігуі, сөйтіп қысқаруының нәтижесі деп түсіндіреді. Қазіргі қазақ тілінде, сондай-ақ басқа да түркі тілдерінде қай және шақ сөздерінің тіркесі мезгіл — уақытты білдірудің қалыптасқан тәсілі екендігі белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, бұл пікір шындыққа саяды.
Көне түркілік жазбалар тілінде кеңірек мағынада кездесетін не есімдігі де қазіргі тілде бірсыпыра сұрау есімдіктерінің жасалуына өзек болған. Бұл топқа немене, неге, неше тәрізді сөздер жатады. Бұлар не-ме-не, не-ге, не-ше тәрізді құрама элементтерге ажырайды. Немене сұрау есімдігінің құрамындағы -ме сұраулық шылау. Неме сөзі қалыптасып, заттық ұғым алған кезде, сұраулық мән туғызу үшін екінші рет не қосылған. Неше есімдігінің құрамындағы -ше осыдан бұрын айтылған қанша есімдігінің құрамындағы морфема екені анық.
Не сөзі о баста зат есім мәнінде қолданылған. Солай екендігіне қазіргі тілдегі кейбір қолданыстары да айғақ. Не нәрсе, не іс, не зат тәрізді тіркестер құрамындағы не — тек зат есім мәнін ғана береді. Не — о баста тек зат есім болғандығын оның септеулік тұлғаларының сұрау есімдіктері есебінде қалыптасуы да дәлелдейді. Нені, неге, неде, неден, немен тәрізді тұлғалардың сұрау есімдіктері есебінде қалыптасуы сөз мағынасын саралап түсінуге ұмтылудан туған болса керек. Тура объект мәні нені, жанама объектілік мағыналар неге, неде, неден (септік жалғаулардың семантикасына сай) сұрау есімдіктері арқылы ашылатыны мәлім. Не сөзінің септік тұлғаларының сұраулық мәндерде қалыптаса бастауы сонау ескі дәуірден басталған процесс. VIII ғасыр жазбалары тілінде мынадай тұлғалар ұшырасады: негү: біз икегү, негү тіп өтүне-лім (біз екеуміз қалай етінейік), неке: неке қорқурбыз (неге қор-қамыз), неде: неде өтру йоқ (не үшін жоқ). Сонымен, не сөзінің объектілік мән беретін септік жалғауларында қолданыла бастауы ертеден кездеседі. Оның үстіне, көне түркілік жазбалар тілінде не есімдігінің септік тұлғалары кейде қазіргі тіліміздегі мағынасынан өзге, басқа сұрау есімдіктері орнына қолданылғандығы да бар. Жоғарыда келтірілген біз икегү негү тіп өтүнелім сөйлемі құрамындағы негү есімдігі қазіргі тіліміздегі қалай сұрау есімдігінің орнына қолданылған (негү, -гү барыс жалғауының оңтүстік
тілдерге тән варианты). Не есімдігінің және оның әр түрлі тұлғаларының баска сұрау есімдіктері орнына қолданылуы көне түркілік жазбаларда жиі үшырасады. Мысалы: не қағанқа ісіг-күчіг берүрмен «қай қағанға ісім мен күшімді жұмсармын». Не ийрде «қай жерде». Қазіргі қазақ тілінде қалай, қандай есімдігінің орнына нендей, қанша деудің орнына неше сұрау есімдіктерінің қолданылуы бір кезде, тілдің көне дәуірінде не түбірлі есімдіктердің қолданылу аясының кеңдігінен қалған із.
Не есімдігі ескі жазбалар тілінде де басқа сөздермен тіркесіп, сұрау мәнді тіркестер жасаған. VII—VIII ғасыр жазбалары тілінде не үчүн, не ийрде, некуке керек тәрізді сұраулық тіркестер ұшырасады. Қазіргі тіліміздегі не қылды, не етті, не істеді, не үшін, не мақсатпен тәрізді толып жатқан тіркестер бір кезгі ескі түркілік модель бойынша қалыптасқандығы анық.