Қазіргі қазақ тілінде етістіктің бес түрлі райы

Қазіргі қазақ тілінде етістіктің бес түрлі райы бар деп қаралады. Рай деп әдетте етістіктің модальдық мән беретін түлғалары аталады. Сонда рай аталатын етістік категориялары әрі грамматикалық класс, әрі семантикалық топ құрайды. Арнаулы грамматикалық көрсеткіштер райлық топ құрайды. Алайда кейде бір ғана грамматикалық көрсеткіш екі түрлі рай мәнін беріп, екі түрлі қолданылуы да мүмкін. Бір жағынан мұндай құрылыс рай мәндерінің бір-бірімен тығыз байланыстылығын көрсетсе, екінші жағынан олардың бастапқы генезистік бірлігін де байқатады.

Бұйрық райдың негізгі берілу тәсілі етістік түбірлері екені мәлім. Бүл тәсіл көне туркі тіліне де тән: Етістіктің түбір тұлғасы арқылы… едгүті есід. Кейде осы тұлға көпшемен де қолданылғаны байқалады: Тоқуз оғуз беглері будуны, бу сабымын едгүті есід, қатығды тыңла. Бұл сөйлем бір ғана кісіге емес, көпшілікке арналса да, етістік түбіріне арнаулы қосымша жалғанбаған. Әдетте етістіктің жалаң түбірі деп түркі тілдерінде бұйрық райдың II жақ анайы (немесе қатаң бұйрық) тұлғасы айтылады, Сонда, айналып келгенде, қазақ тіліндегі бұйрық райдың II жақ тұлғасы дегеніміз, сонымен бірге, етістіктің түбірі деп те ұғынылады. Көне түркі тілдері ескерткіштерінің материалдары қазіргі түркі тілдеріне тән осы ерекшеліктерді жоққа шығармайды. Орхон-Енисей жазбалары тілінде де жоғарыда айтылғандай, етістіктің түбір қалпы екінші жағынан бұйрықтық мән беретін тәсілдің бір көрінісі есебінде қолданылған. Алайда осы ретте кейбір тарихи ескерткіштер тілінде, сондай-ақ, қазіргі тілде ұшырасатын мынадай ерекшелік бар: Тарихи тұрғыдан етістік түбір атаулының бәрі бұйрық мәнін беріп, бұйрық райдың II жақ тұлғасы есебінде ұғынылуы бұлжымас заң болмауы ықтимал. Э. Наджип XIV ғасырға жататын қыпшақ ескерткіштері фактілерінің негізінде осындай ерекшелікті көрсете отырып, «Гүлстан» поэмасы тілінде қолданылатын ачып етістігінің тубірі ач (аш, аш адам) бұйрық рай мәнін бермейді. Бұйрық рай мәні осы түбірден жасалған ачық тұлғасы арқылы ғана берілгенін мысалға келтіреді. Қазақ тілінде де нақ осы етістік түбірден бұйрық мәні тумайды. Сонымен қатар, Э. Наджип тат, аң, арқа, қары, қартай сөздерін ескерткіштер тіліне сүйене отырып, әрі етістік, әрі есім, яғни, етістік ретінде бұлардың қай-сысы да бұйрық мәнін бермеген деп түсіндіреді. Қазақ тілінде олардың біразы-ақ басқаша сипат алғанын байқауға болады. Тат — етістік түбірі болып ұғынылады да, есім мәнінде туынды тұлғасы (татым) жұмсалады. Аң сөзі нақ осы күйінде қазақ тілінде ұшыраспайды, осы түбірден жасалған етістік— аңда, аңда-ма, ал есім — аңсыз, аңдаусыз (аңсыз қалды, аңдаусыз қалды). Арқа — тек қана зат есім, туынды етістік — арқала. Тоз түбірі нақ осы күйінде қолданылмайды (тек тоз-тоз қос сөзін ескермесек), бірақ осы түбірден жасалған тозаң зат есімі, тозаңдат етістігі бар. Қары сөзі осы тұлғасында сын есім, қартай тек қана етістік. Бұдан шығатын қорытынды: бір кезде әрі етістік, әрі есім болып ұғынылған түбірлер айқын бұйрық мәнін бермеген. Кейінгі дәуірде олардың кейбірі тек етістік ретінде қалыптасады да, аффикстер арқылы есімге айналады немесе есім есебінде қалыптасады да, аффикстер арқылы етістікке айналады, сөйтіп айқын бұйрық мәніне ие болады. Қазіргі қазақ тіліндегі тарыл, тарық етістігі мен тар есімі тәрізді фактілер де жоғарғыдай. Олай болатыны, егер айталық, бір кезде түбір екі жақтылы болмаса, тар есіміне етістікке жалғанатын етіс қосымшалары қосылмас та еді. Түбірдің о бастағы екі жақты мәнінің нәтижесінде етістікке тән мән туу үшін етіс қосымшалары қажет болды. Кейін қолдану барысында ол да түбір есебінде қалыптасып кетті. Бұл жай бұдан бұрын айтылған етістіктер мен есімдердің синкретизмімен ұштасады. Қазақ тілінде бұйрық райдың II жақ көптік түрінің қосымшасы құрамында келетін, ал өзбек тілінде II жақ жекеше турін білдіретін -ң, -ың, -ің қосымшасы көне жазбалар тілінде ұшырасады: Сү барың тіді, Алтун йышда олурың тіді. И. Батманов бұл қосымшалар бұйрық мәнін жұмсарту, ыңғайластыру мақсатында көбіне көпше, кейде жекеше де мәнде қолданылғандығын айтады. Сол сияқты, ол тілде етістік түбірге -ғыл қосымшасы жалғану арқылы да бұйрық мәні беріледі: Қарағу едгүті урғыл. Бұйрық райдың III жағы -зун -зүн қосымшасы арқылы берілген: Сү басы Йнел қаған Тардуш шад барзун тіді. Ортағасырлық жазбалар тілінің фактілерін осы айтылғандармен салыстырып қарағанда, үлкен айырмашылық байқалмайды. Осы айтылған тұлғалар кейбір өзгерістермен қайталанып отырылады. Ортағасырлық түркі тілдерінің кейбір ерекшеліктерін М.Қашқари былай түсіндіреді: «бұйрық тұлғасына -ғыл, -қыл, -гіл қосымшаларының жалғануы тыңдаушы біреу болғанда ғана мүмкін. Тыңдаушы екі не одан көп болса, бұл қосымшаларды жалғауға болмайды. Оғыздар мен қыпшақтар бірлікте бар, көптікте барың дейді… Бұйрық тұлғасы барлық тілдерде бірдей, бір-бірінен айырмашылығы жоқ». Бұған қарағанда оңтүстік қазақтарының тілінде ұшырасатын барың тұлғасы Қашқари айтып отырған қыпшақ тілінің ерекшелігі. Қашқари материалдарына қарағанда, III жақ қосымшасының басқы дауыссызы орта ғасырға дейін-ақ қатаңға айналды деп қарауға болар еді (-зун>-сун). Жазбалар тілін зерттеушілердің кейбірі (Щербак, Батманов) -сун, -сүн (-зун, -зүн) тұлғалары айқын бұйрық мәнді бермеген деп қарайды да, пожелательная форма деп атайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *