Қазіргі қазақ тілінде де III жақтық бұйрық рай деп танылып жүрген тұлғаның контекстік қолданылуында кейде бұйрықтан гөрі ұйғару, шешім мәні басым болып отыратыны бар. Бұйрық райдың III жағы ежелгі түркі тілдеріндегідей еріндік дауыстылармен емес, езулік дауыстылармен айтылады. А. М. Щербак еріндікпен (-сун) айтылуы шығыс түркістандық тілдерге тән де, екеуі жарыса қолдану батысқа орналасқан тілдерге тән болса керек деп пайымдайды. Егер осы пікірді қолдасақ, қазақ тілінде езуліктермен айтылу тайпалық кезден қалыптасқан деп қарау мақұл. Қазіргі оңтүстік-шығыс тілдерінде ұшырасатын, сол сияқты қазақ тілінің Жетісу говорында кездесетін -ғын тұлғасы тек қана XIV ғасырдан кейінгі уақыттағы жазбаларда қолданылған. Алайда кейбір мәліметтерге қарағанда -ғыл және -ғын аффикстерін екі түрлі тайпа өкілдерінде қолданылған варианттар деп есептеуге де мүмкіндік бар. Алтын Орда ескерткіштерінде тек қана -ғыл қолданылған. Ал «Мухаббат-нама» тілінде -ғын варианты ұшырайды. Қалай болғанда да, қазақ тілінің жетісу говорында кездесетін -ғын аффиксі батыс тілдерінің қалдығы емес, шығыс түркі тілдерінің әсерінен пайда болған деуге дәлел бар. -ғыл, -ғын аффикстерінің_ генезисі жайлы бір кезде Ж.Дени айтқан, кейін Котвич қостаған пікірді де еске түсіру орынды. Дени -ғыл, -ғын аффикстерінің арғы түбі -қыл етістігі деп қарайды. Егер осы пікірді тарихи тұрғыдан шындыққа жақын десек, негізгі етістіктің грамматикалық мәндерінің көрсеткіші есебінде айтылған көмекші етістік аналитикалық қолданылу салдарынан аффикске айналған. Ондай процестердің схемасын былай беруге болар еді: бар + қыл (синтаксистік тіркес) >барғыл>барғын. Котвич мынадай қосымша дәлел айтады: Моңғол тілінде -цыл етістігі -ңы түрінде айтылады. Егер моңғол тілі осы етістіктің өте архаикалық тұлғасын сақтаған деп қарауға болса, онда түркі тілдеріндегі сыпаты тарихи тұрғыдан түбір мен қосымшадан (-л) тұрады деп білу керек. III жақ аффиксі -сын жайлы әзірге мынаны ғана айтуға болар еді: аффикстің алғашқы элементі -сы моңғол тілінде де ұшырасады және ол тілде II жақты білдіреді: олай болса III жақтың тұрақты форманты болмаған. Ал Н.А.Кононов -сын аффиксі III жақтың тәуелдік жалғауына ұқсас дейтін пікірді қостайды. Бұл екі пікірдің бір-біріне қайшылығы жоқ, қайта бірі екіншісін толықтырып тұр. Якут тілінде осы аффикс -ты түрінде I жақ қосымшасы есебінде жұмсалатынын ескерсек, о баста III жақтың тиянақты қосымшасы еместігін байқауға болады. -сы элементінің жеке түркі тілдерінде әр түрлі ұғынылуы, яғни, әр турлі жақты (бірде II, бірде III) білдіруі де оның о баста айқын етістік қосымшасы болмағандығын дәлелдейді. Түркі тілдерінің көпшілігінде -сы(н) қосымшасы III жақтың форманты екені мәлім. Осыларды ескерсек, бүйрық рай қосымшасы мен тәуелдіктің III жағының семантикалық байланысы бар сияқты. Екеуі де бөгде жақты, көз алдында көрініп тұрмаған субъектіні білдіреді. Семантикалық байланыс әдетте бір ғана форманттың әр түрлі бағытта дамуының белгісі болып отырады.
Бұйрық райдың III жағының қосымшасы -ың да о баста II жақ тәуелдік жалғауы дейтін де болжам бар. Тәуелдіктің II жағымен бұл тұлғаның сырттай ұқсастығы, әрине, айқын. Н.А.Кононов осман түріктері тілінде қолданылатын осы тұлға жайлы былай деп жазады: «Предполагают, что первоначально формально не дифференцированное имя-глагол, используемое в повелительном значении, отличалось от имени ударением, двусложное слово име-ло в таком случае ударение на первом слоге».
Сонымен жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды мынау: айқын бұйрық мәнін беретін бұйрық рай қосымшаларының қайсысы да шығу, қалыптасу тегі тұрғысынан тәуелдік жалғауларымен байланысты. Тұлғалық жағынан жіктелмеген есім-етістік түбірге қосылған ондай қосымшалар бұйрық рай мәнінде екпінсіз болған. Сонымен, бұйрық рай қосымшалары генезистік жағынан тәуелдік жалғауларымен, олар арқылы жіктік жалғауларымен байланысып жатады да, есімдіктермен келіп ұштасады.