Қазақ тіліндегі қалау райлық мән -қы, -кі тұлғалы етістіктердің көмекші етістіктермен тіркесі арқылы да беріледі. Барғым ке-леді, барғың келеді, барғысы келеді тәрізді синтаксистік тіркестер айқын тілек, қалау мәнін берудің негізгі тәсілі есебінде біздің тілімізде аса жиі қолданылады. М.Қашқари ниет, мақсат мәнін беретін бір алуан етістік тіркестері жайлы былай деп жазады: «Сөйлемде хабар беріліп отырған істі істеу оның хақы екенін білдіретін сөздер. Мұны істеуші бір істі істеуге ниет қойғанын білдіретін сипат десе де болады. Бар бұйрығынан оның хақы, оның мақсаты деген мазмұнды беру үшін барғулуқ түрінде жасалады. Сондықтан барғулуқ ерді — оның баруы керек еді, бару оның хақы, ол баруға ниетті делінеді. Ол мұнда турғулуқ ерді — бұл жерде тұру оның хақы, оның мақсаты осы жерде тұру еді». Қашқари айтып отырған тұлға күрделі, оның құрамында біздің тіліміздегі -қы қосымшасы айқын жіктеледі. Екінші жағынан Қашқаридың ол тұлғаны сипат, яғни, сын есім деп түсіндіруі назар аударуды қажет етеді. Қашқари түсінігіндегі сипат екінші жағынан қимыл есімі де. Қимыл есімі тұлғаларының мұндай қолданысы (-ғу) немесе (-қы) тұлғасымен ғана шектелмесе керек. Қашқари осындай ережені -ғлы тұлғасы туралы да айтады: «Істеушінің өз ойында сол істі істеу мақсат екенін білдіретін сипат. Бұл бұдан бұрын айтылған сипатқа істі қалай да істеу ниетінде екенін білдіру жағынан жақын… Мен сеңе барығлымын — мен саған бармақшымын, баруды ойлап жүрмін, ойымда бару ниеті бар,— дейді. Ол мүнда тұруғлы — ол бұл жерде тұрмақшы, тұрып қалмақ ойы бар. Ол меңе келгілі турур — ол маған келуі керек, келуге жазған, келуді ойлап жүр дегені». М.Қашқари көрсетіп отырған -ғулуқ, -ғлы аффикстері құранды: -ғу-\-луқ, -уғ-\-лы элементтерінен құралады. Соңғы элементтері (-луқ, -лы) бір аффикстің тарихи екі варианты, Қашқари материалдары қалау райдың жасалу жолдарын ғана көрсетіп қоймайды, қазіргі кейбір грамматика оқулықтарында ниет есімше деп аталатын форманттардың да жасалу тәсілдерін айқындайды. Осының қайсысында да міндеттілік мәнер бар. Сонымен, қалау райдың бұл түрі таза етістік түбірден емес, қимыл есім тұлғасынан жасалуы ежелгі құбылыс. Қазіргі қазақ тіліндегі барғым келеді тәрізді тәсіл де нақ осы із.
Барғым келеді тұлғасының қалау мәнінде тұрақталуын форманттардың семантикалық жіктелуімен байланыстыруға да болар еді. Атап айтқанда, етістік қимыл есім түлғасында дербес қолданудан қалып, көмекші етістікті тіркес құрамында ғана айтылатын болған. Бұл құбылыс, бір жағынан, есім мен етістік арасында болған тұлғалық жіктелуге (есім мәнінде бұл тұлға дербес айтылады: соққы, турғы, т. б.) де байланысты болса, екінші жағынан тұлғаның қолданылу аясының тарылуының нәтижесі де. Бір кезде етістік есебінде де, есім есебінде де қолданыс тапқан тұлға есім сөздің морфологиялық форманты болып толық қалыптасқан дәуірде етістік форманты ретінде дербес қолданыла алмайды. Бұл ыңғайда Богородицкий айтатын, морфологиялық жіктеліс заңын көруге болар еді.
Қазак тілінде -ғай тұлғасының жіктелуі арқылы да қалау рай жасалады. Бұл тұлға сонымен қоса, келер шақ мәнін де береді. -ғай тұлғасының ежелгі қолданысы шақ мәнін беру Орхон-Енисей жазбаларында сирек, бірақ қалау, тілек мәнінде келер шақ жасайтын тұлға ретінде қолданылған. Ал М.Қашқари -ғай тұлғасын келер шақ жасайтын тұлға деп түсіндірген. -ғай тұлғасының басқалардан айырмашылығы қалау, тілек мәнін білдіруінде. Кейінгі дәуірге қатысты «Кодекс куманикус» тілінде де айырмашылық байқалмайды: біз көңүл көзүбіле байқайбыз, иігейбіз,
жөплегейбіз, бірге күлтебегні бағлағайбыз. -ғай тұлғасының әрі шақ, әрі рай мәнінде қолданылуы ұйғыр жазуының ескерткіштері тілінде, кейінгі дәуірге қатысты Абулғазының «Шежіре-и түркін-де» де байқалады. Ал «Аттухватуз» авторы бұл тұлғаны келер шақ деп түсіндіреді. Қазақ тілінде -ғай тұлғасының шақ мәні әлсірегенде, оның қалау, тілек мәні негізгіге айналған. Мұндай трансформацияға семантикалық негіз де бар: қалау, тілек қашан да болашаққа, алдағы уақытқа қатысты айтылады.