Функциялық және семантикалық жағы

Функциялық және семантикалық жағынан -мыш ерді формасымен ұқсас бұл тұлға өнімді қолданылу сипатына ие болып, келе-келе қыпшақ, қарлұқ тобындағы тілдердің ерекшелігіне айналып кеткен. «Қүдатқу білікте» ескі үйғыр ескерткіштерінде кездесетін аналитикалық өткен шақ формаларының бірі -ды ерті (ерді) тұлғасы: берді ерді (КБ.), көртүм ерті (Алтын ярук), алды ерті (Юр). Мағынасы -ған еді, -мыш ерді формаларымен сәйкес келетін бүл тұлға қазіргі гагауз, түрік тілдерінде сақталған. Көне түркі тілдеріне тән болған, кейін ығысу нәтижесінде қолданылудан шығып қалған күрделі өткен шақтың бір түрі -дуқ ерті формасы «Тефсирде», Рабғузи шығармасында кездеседі. «Мен бутларны хақиқат көрмедүк ердім, турдум, Маккага бардым, көрдүм. (Теф.); «Эй, ата, биз йабанда йылқы, қарамал, күзәйү, болуб, Иусуфны отағ да қойдуқ ерді (Рабғ.)» Қазіргі қазақ тілінде кеңінен қолданылатын -п еді аналитикалық өткен шақ формасының алғашқы ұшырасуы XIII—XIV ғасырлардан («Тефсир», «Оғызнама», «Қисса ал энбие») басталады: «Берке эмгек бирле ел күнни босып ерді» (он), «Тоқы мушриклар таба кетиб ердиләр (Теф.)». XV ғасырдан кейінгі кезеңдерде бұл  қосымшаның өнімді  жұмсалуы  байқалады.

Жіктеу жалғауларын тікелей қабылдау арқылы қазақ тілінде нақ осы шақ (жай түрі) мәнін беретін төрт қалып етістігінің (отыр, тұр,.жатыр, жүр) қалыптасу жолын бақылау олардың XII—XIV ғасырлардан бергі кезеңде осы функцияда қолданыла бастағанын көрсетеді. Бұл төрт етістіктің жазбалар тілінде осы шақ мағынасын беруі -ур есімшесінің тіркесуіне байланысты болған. Тілдің даму процесінде ықшамдалу нәтижесінде қазіргі қалыпқа түскен. Олардың ескерткіштерде қолданылуы мынадай болып келеді: «Иүрүрмен йерде изни көрмек үчүн» (МН.). «Сулайман тахт үзе ол турур» (Рабғ.). «Иүгүрүб тышқары чықты ерсе көрді: Иав турур (Ш. Тер.). Нақ осы шақтың күрделі түрі жазба ескерткіштер тілінде XIV ғасырдан жұмсала бастайды да сирек кездесуімен ерекшеленеді; «Халқның тұзың йейүб йүрүрмен (Ш. Тер.).

         Қазақ тіліндегі ашық рай тұлғаларының дамуын жалпы түркі тілдеріндегі шақ категориясының қалыптасу процесімен, ескерткіштер тілімен байланыста қарастыру белгілі бір қорытындылар жасауға мүмкіндік береді. Тілдің тарихи даму барысында шақ және рай тұлғаларының өзара жіктелісі болған. Шақ формаларының бірқатары функңионалды-семантикалық және құрылымдық өзгеріске түскен. Соның нәтижесінде кейбіреулері ығысып, қолданудан шығып қалып жатса, екінші бір тұлғалар дербес шақ формасына айналып отырған. Жеке ұлт тілдерінің түркі семьясынан бөлініп, қалыптасуына байланысты    әрбір   түркі тілдеріндегі   шақ формалары өзіндік дыбысталу және семантикалык, даму сатысымен ерекшелене бастаған.

         Етістіктердің жақ, сандық жалғауларды қабылдау мәселесі негізінен жіктік, тәуелдік және көптік жалғауларға байланысты әңгімеленеді. Айналып келгенде, етістік тұлғаларының жақ, сан жайлы ұғым туғызуы аталған грамматикалық формаларды қабылдауы болып табылады. Осыдан бұрынғы тақырыптар бойынша айтылғандарды қорыта келгенде, етістіктерге жалғанатын жақтық және сандық жалғаулар үш түрлі топқа бөлінеді. Бұндай әр түрлілік, бір жағынан, жекелеген етістік категорияларының тарихи ерекшелігін көрсетсе, екінші жағынан, белгілі бір дәрежеде сол қосымшалардың тарихи дамуы, өзгеру   сатыларын да  байқатады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *