Тәуелдік категориясы және тәуелдік жалғаулары. Меншіктік пен меншіктелуші арасындағы қатынас, яғни, тәуелділік категориясы түркі тілдері құрамындағы байырғы құбылыстардың бірі. Түркі тілдері тарихындағы ең көне мұралар тілінде де қазіргі тілдегі тәуелдік категориясы мен оның көріністері көп өзгеріссіз берілген. Көне түркі тілінде тәуелдік категориясы морфологиялық тәсілмен (арнаулы қосымшалармен), морфология-синтаксистік тәсілмен (ілік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің тіркесі), синтаксистік тәсілмен (ілік жалғаулы жіктеу есімдіктері арқылы) берілген.
Жекеше: І ж. –м, (-ым, -им, -ум, -үм, -ам, -ем): будун-ым (халқым), қаң-ым (әкем), қут-ым (құтым, бақытым). ІІ ж. –ң, (-ың, иң, уң, -ұң, -үң, -аң, ең): қут-ың (сенің бақытың). ІІІ ж. –ы, -сы, (-ы, -и, -сы, -си, -зы, -зи): уйасы (оның ұясы, ұрпағы), қағаны (ханы), айғучысы (уәзірі).
Көптік: І ж. –мыз (-мыз, -миз, -мүз, -ымыз, -имыз, -умуз, -амаз, -әмәз), ханымыз, ечимиз, қағанымыз. ІІ ж. –қыз, -киз, (-ыңыз, -иңиз), -үнүз: адашыңыз (сіздің жолдастарыңыз), қағаның (сендердің хандарың). ІІІ ж. –ы, -сы, -си (-зы, -зи) –сылар, -силар.
Жазбалар тілінде тәуелдікте тұрған сөз жіктеу есімдіктерімен тіркесіп те, тіркеспей жеке де айтыла береді. Яғни, қазіргі қазақ тіліндегідей, бірде менің кітабым, бірде кітабым, түрінде жеке де айтылады. Тәуелдік жалғауларының ашық дауыстылардан басталатын варианттары көне түркі ескерткіштерінің бәрінде бірдей кездесе бермейді. Бұл варианттар көбінесе Шығыс Түркістаннан табылған жазбалар тілінде (манихейлік текстер, кейбір ұйғыр жазбаларында) ғана ұшырасады.
Түркітануда тәуелдік жалғауларының арғы негізі – жіктеу есімдіктері дейтін пікір тұрақталды. Түркі тілдерінің тарихын зерттеушілер өте көне дәуірде екпін түскен буыннан кейін айтылған айтылған жіктеу есімдіктері бара-бара өзінен бұрын тұрған, негізгі логикалық екпін түскен сөздің энклитикасына айналған дейтін пікірді бекерге шығармайды.