Тіл және қоғам.
1. Дыбыс тілінің пайда болуы.
2. Тіл және этникалық бірлік.
3. Тілдердің бөліну, бірігу үдерістері.
Қоғамсыз тіл болмайды, тілсіз қоғам да болмайды деген қағида қазіргі заман тіл білімінде берік орын тепкен, талассыз тұжырым деуге болады. Тілдің қоғамдық мәні жөніндегі алғашқы бұлдыр болжам ежелгі заман ойшылдарынан басталғанымен, тілді қоғамдық құбылыс деп санау, тіл мен қоғам байланысын арнаулы проблема етіп көтеру 19 ғасырдан ғана басталды.
Дыбыс тілінің пайда болуы. Дыбыс тілінің шығуына байланысты олар айтқан дыбысқа еліктеу, одағай сөз, келісім теорияларының қай – қайсысы да ғылыми тұрғыдан алғанда сын көтермейтіндіктеріне қарамастан, барлығы да тіл – адамға құдайдың берген сыйлығы дейтін діни көзқарасқа қарама – қарсы тілді адам баласының өз табысы, өз жемісі етіп көрсетті.
Дыбыс тілі өз табиғатынан – ақ әлеуметтік қажеттіктен туған қоғамдық құбылыс ретінде дүниеге келген. Ғалымдар дыбыс тілі жеке дыбыстарға сараланатын сөз түрінде бірден пайда болған емес, жалпы жан иелерінде болатындай әр түрлі диффузды дыбыстарды адам тектес маймылдар да шығара білген болу керек, өз үйірлестеріне бір нәрсені хабарлау үшін қолданылған сонда диффузды, яғни мағыналық жағынан да, материалдық жағынан да бөлшектеп саралауға болмайтын одағай дыбыстарды олар дыбыс тілінің бастамасы ретінде қолданған болар да, келе – келе солардың негізінде дыбысты тіл пайда болған болар деп жорамалдайды.Дыбыстық сигналдарға қосымша маймыл – адамдар ымдау, нұсқау сияқты әр түрлі дене қимылдарын да қатынас құралы ретінде пайдаланған болу керек дегенді де айтады.
Тіл ғылымында тілді адамдардың этикалық бірліктерінің атымен ру тілі, тайпа тілі, халық тілі, ұлт тілі, туыстас тілдер семьясы деп атаушылық бар.Тілдерді былай бөлу – этникалық тұрғыдан сипаттағандық.
Тілдердің бөліну, бірігу үдерістері. Адамдардың қоғамдық бірліктері сияқты олардың тілдері де бір – бірінен ажырап бөлшектену, қосылып бірігу жолынан өткен.Тілдің қай – қайсысы да осы күнгі дәрежесінде пайда бола қалмаған. Баяғы замандардан бері қоғамдық құрылыста талай өзгерістер болды. Әрбір қоғамдық экономиялық формацияның өзіндік ерекшеліктері, айрықша белгілері азды – көпті болса да, тілде белгілі із қалдырып отырады.Өйткені тілдің тағдыры сол тілде сөйлейтін, сол тілді жасаушы, оны қолданушы қауым, халық тағдырымен тығыз байланысты,
Дәрісті қорытындылау:
1. Тілді қоғамдық құбылыс деп санау, тіл мен қоғам байланысын арнаулы проблема етіп көтеру 19 ғасырдан ғана басталды.
2. Этникалық бірліктің қандай түрінде болса да, олардың тұтастығын, бір бүтін екендігін білдіретін негізгі белгілердің бірі – тіл.
3. Тіл дамуында болатын дифференциациялық үдеріс басқа қоғамдардан гөрі ру қоғамында молырақ болады.
Бақылау сұрақтары:
1.Тілдің қоғамдық мәні жөніндегі алғашқы болжам, тіл мен қоғам байланысын арнаулы проблема етіп көтеру қай кезден басталды?
2. Тіл табиғатына қарай қандай құбылыстар қатарына жатады?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Аханов К. Грамматика теориясы негіздері. А., 1996
2. Аханов К. Тіл білімдерінің негіздері. А., 1973, 1977, 1993
3. Қордабаев Т. Тілдің структуралық элементтері. А.,1975