Тілдік одақ. Қазіргі кездегі тілдік одақтар. Тілдік одақтардың пайда болуы тарихы. Ностратикалық тілдер

Тілдік одақ. Қазіргі кездегі тілдік одақтар. Тілдік одақтардың пайда болуы тарихы. Ностратикалық тілдер.

1. Тілдік одақтың пайда болу себептері
2. Тілдік одақ түрлері
3. Тілдік ұқсастық
4. Ностратикалық тілдер семьясының пайда болу жолы, зерттелу кезеңдері.

Тілдік одақ дегеніміз – шыққан тегіндегі жақындық бойынша емес, біртұтас географиялық кеңістікте бір-бірімен ұзақ уақыт бойы қарым-қатынаста болған тілдердің белгілі дәрежеде құрылымдық және материалдық ұқсастығына негізделген тілдердің тарихи бірлігі. Тілдік одақ және тіл семьясы деген ұғымдар бірдей емес.
Қазіргі кезде белгілі тілдік одақтар мыналар: Балқан тілдік одағы – оған үндіеуропа семьясындағы әр түрлі топтарға кіретін болғар, македон, сербехорбат, албан, жаңа грек тілдері жатады. Еділ тілдік одағы – оған фин-угор семьясына кіретін марий, удмурт тілдері, түркі семьясына кіретін башқұрт, татар, чуваш тілдері жатады. Орталық Азия жеріндегі әр түрлі семьяға кіретін иран, үндіарий, дравид, тибет-қытай тілдері жатады. Тілдік одақтар Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка, Океания аймақтарында да қалыптасқаны туралы деректер бар.
Тілдік одақ тіл жүйесінің әр түрлі деңгейлерінде – синтаксис пен морфологияда, фонетикада, синтаксистік стилистикада, сол сияқты лексика мен фразеологияда – болатын құрылымдық, материалдық ұқсас белгілердің жиынтығы қалыптасқан тілдердің ерекше аймақтық бірлігінен пайда болады. Сөйтіп, бір-бірімен қатынастағы тілдердің әр түрлі деңгейде тілдік ұқсастығының болуы тілдік одақ қалыптасуының негізгі шарты болып табылады.
Мысалы, Еділ бойындағы тілдік одақтың негізгі ортақ белгілеріне: синтаксисте – төл сөздердің жасалу тәсілдеріндегі, -ғанда тұлғалы көсемшелік орамдардағы, морфологияда – шақ жүйесі мен шартты рай жасалуындағы, фонетикада – дауыстылардың ықшамдалып айтылуындағы ұқсастықтар жатады.
Тілдік одақ туралы идея Бодуэн де Куртенэнің еңбектерінде берілген. «Тілдік одақ» терминін алғаш қалыптастырған Н.С. Трубецкой. Ол тіл семьясынан тілдік одақты айырып қарау қажеттігін айтқан. Тілдік одақ мәселесімен кейін Р.О. Якобсон, В.Скаличка, А.В. Десницкая, Б.А. Серебренников, Г.В. Церетели т.б. ғалымдар шұғылданған. Тілдік одақ тарихи, аймақтық, құрылымдық-типологиялық тіл білімдерінің тәсілдерін қолданып зерттеуді қажет ететін күрделі нысан болып табылады.
Ностратикалық тілдер. Афразия, үндіеуропа, картвел, орал, дравид, алтай тілдерін біріктіретін тілдердің үлкен семьясы (макросемья языков). Бұл терминді 1903 жылы алғаш ұсынған – дат ғылымы Х. Педерсен (латынша noster біздің деген мағынада). Тілдердің мұндай үлкен семьясы «борей тілдері», «бореал тілдері», «еуроазия тілдері» деп те аталған, бірақ бұл терминдер тәжірибеде қолданыс таппады. Ностратикалық тілдер шығыс ностратикалық (орал, дравид, алтай тілдері) және батыс ностратикалық (афразия, үндіеуропа, картвел тілдері) болып екі топқа бөлінеді. Ностратикалық тілдердің бұлайша бөлінуі жалпыностратикалық вокализмнің (дауыстылар) кейін шыққан тілдердегі тағдырына байланысты: шығыс ностратикалық тілдерде алғашқы тұрақты түбірдің вокализмі сақталған; батыс ностратикалық тілдердегі бір түбірден тараған сөздерде дауыстылардың алмасу жүйесі (аблаут) қалыптасқан.
Ностратикалық тілдер семьясының тараған дәл шекарасы анықталған жоқ. Бірқатар тілдер тобының (эскимос-алеут, чукот-камчатка, нивх, юкагир, Америка үндістерінің тілдері т.б.) ностратикалық тілдерге қандай қатысы бар екені дәл белгісіз.
Ностратикалық тілдердің генетикалық туыстығы олардағы тегі бір түбір, аффикстік морфемалардан (жалпы саны 1000-дай) байқалады. Сонымен бірге түбір морфемалар негізгі сөздік қорға кіретін қарапайым сөздерді (дене мүшелері, табиғат, жан-жануар, өсімдік, кеңістік, қимыл, әрекет, сапа т.б. атауларды) қамтиды. Ностратикалық тілдерге біріккен 6 тіл семьясын тудырған ататілдерде неғұрлым тұрақты грамматикалық морфемалардың генетикалық жақындығы байқалған.
Ностратикалық тілдер семьясының алғашқы шыққан жері археологиялық деректерге қарағанда Таяу Шығыс деп есептеледі.
Ностратикалық тілдер семьясы туралы мәселе салыстырмалы-тарихи тіл білімінің Ностратикалық тілдер семьясының бастапқы кезеңінде пайда болды. Ностратикалық тілдердің алғашқы зерттелуі тілдер семьясын жұптап салыстырудан басталады. Мысалы, орал-алтай тілдерін – В. Шотт, М.А. Кастрен; үндіеуропа-семит тілдерін – Г. Меллер, А. Кюни; үндіеуропа-картвел тілдерін – Ф. Бопп т.б. салыстырып зерттеді.
Дәрісті қорытындылау:
1. Тілдік одақ дегеніміз – шыққан тегіндегі жақындық бойынша емес, біртұтас географиялық кеңістікте бір-бірімен ұзақ уақыт бойы қарым-қатынаста болған тілдердің белгілі дәрежеде құрылымдық және материалдық ұқсастығына негізделген тілдердің тарихи бірлігі.
2. Афразия, үндіеуропа, картвел, орал, дравид, алтай тілдерін біріктіретін тілдердің үлкен семьясы (макросемья языков).
Бақылау сұрақтары:
1.Тілдік одақ дегеніміз не?
2. Ностратикалық тілдер жайлы не білесің?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Аханов К. Грамматика теориясы негіздері. А., 1996
2. Аханов К. Тіл білімдерінің негіздері. А., 1973, 1977, 1993
3. Қордабаев Т. Тілдің структуралық элементтері. А.,1975
4. Хасенов Ә. Тіл білімі А., 1996

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *