Табыс септік. Табыс септік жалғауы әдетте тура толықтауыштың грамматикалық көрсеткіші деп қаралады. Табыс жалғауы қашан да іс-әрекет таралған тура объектіні білдіретін грамматикалық тәсіл есебінде танылды. Табыс септік қазіргі түркі тілдеріндегі тұлғалары бір-біріннен сонша алыстап кетпеген. Көне түркі ескерткіштері тілінде табыс септік жалғаулары мына төмендегідей тұлғаларда кездеседі: 1. –ғ, -г, -ығ, -іг, -ұғ, -үг; 2. –ы, -и; 3. –н, -ні, -ны.
Көне түркі жазбалары тілінде табыс септік жалғауының негізгі қолданысы мынадай: Істің, әрекеттің таралу объектісін білдіреді: …Тоқуз оғуз беглері будуны бу сабымен едгүті есід қатығды тыңда (КТ). «Тоғыз оғыз бектері халқы бұл сөзімді жақсылап есіт, қатты тыңда».
Тура толықтауыш қазіргі тілімізде сабақты етістіктермен ғана байланысады. Алайда, көне түркі ескерткіштерін зерттеушілер ол тілдегі толықтауыштар әрқашан тек сабақты етістіктерге ғана қатысты болып келмейтінін айтады. Көне ескерткіштер тілінде (V-VIII ғ.ғ.) тура толықтауышты өзіне бағындырып меңгеретін етістіктердің толық емес тізімі мынадай (С.Малов): код (қою), келтүр (келтіру), ал (алу), йаратын (жараттыру), көзүн (көріну), бол (болу), сақын (ойлау), сы (сындыру), ас (асу, таудан асу), бар (бару) т.б. Осы етістіктердің біразы іс-әрекетті белгілі бір объектімен байланыстыра білдіруге икем болса, кейбірі мекен-көлемдік т.б. мән беретін сөздер. Бұлар тура объектілік мәнмен бірге, басқа да грамматикалық қатынастарда жұмсала алады. Көне түркі тілінде табыс жалғауы сабақты етістіктермен қатар салт етістіктерге қатысты қолданылған.Табыс жалғауының бұл ерекшелігі олардың тек тура объектіні ғана емес, мекен, көлемдік, құралдық мән туғызуына да мүмкіндік берген.
Табыс септік жалғауының пайда болуын А.Н:Кононов табыстың көне түркі тіліндегі тұлғасы –ғ, (-ығ, -іг) ілік септік жалғауы құрамындағы мұрын жолды –ң дыбысының (-ың) өзгеруіненшыққан деп шамалайды. В.А.Богородский бұл жалғаудың алғашқы түрі оңтүстік-батыс тілдерінде кездесетін –ы, -і варианты деп қарайды. Есімдік түбірге жалғанған кезде түбірдің соңғы –н дыбысы морфологиялық ығысу заңы бойынша қосымшаға ауысқан (мен-і>ме-ні). Кейін осы құрамда есімдіктердің септелуіне де ауысқан. Ал –ы, -і тұлғасын этимологиялық жағынан тәуелдік жалғаудың ІІІ жағымен байланыстырады.