Негізгі сын есімдер Етістіктен сын есім жасайтын аффикстер. Етістіктен сын есім жасайтын аффикстер тобына жатқызылып жүрген қосымшалар о баста таза есім мәніндегі (зат есім, не сын есім) сөздер жасамағаны айқын. Бір кездерде етістік түбірлерге қосылып есімше не қимыл есімін жасаған аффикстер түбірмен бірігіп, контексте қолданылу ыңғайымен бірде зат есім, бірде сын есім қызметінде қалыптасуы түркі тілдерінің даму барысында тоқталмаған процесс. Сол процестің нәтижесінде бүгінгі түркі тілдерінде, соның бірі қазіргі қазақ тілінде арғы негізі етістік, адъективацияға ұшыраған сөздердің едәуір тобы пайда болды.
-қы (-кі) аффиксі бұралқы, күлдіргі, оралғы, шұбалаңқы, ойнақы т.б. сөздер құрамында бар. Бұлардың алғашқы түбірлері етістік екені бұра, жина, күл, ора, шұба, ойна сөздерімен салыстыра қарағанда айқындалады. Көне түркілік ескерткіштерде –ғу, -гү, -қу, -кү пішіндес аффикстер де етістік түбірге жалғанған: Бу ебге кіргү едз ол (МҚ). «Бұл үйге кіретін уақыт».
Сын есімдердің біразы –қ (-ық, -ік, -к) аффиксімен келеді. Батық, жырық, жыртық, жарық, арық, ашық, бұзық, шірік, жатық, бітік, сирек, ширақ, бөлек т.б. сын есімдер бат, жыр, жырт, жар (йару) – көне түркі тілдерінде «жарық беру, жарықтандыру, жарық түсіру» мәніндегі етістік, ары/ар – көне түркі тілінде «шаршау, азу» мәнінде қолданылған етістік, аш, бұз, шірі, жат, біт, сире, жала, шира, бөл етістік түбірлері мен –қ (-ық, -ік, -к) аффиксінің бірігуінен қалыптасқан. Бұл аффикс те көне түркі ескерткіштерінде қимыл есімін, зат есім және сын есім жасайтын тәсіл есебінде жиі кездеседі.
-ыл (-іл, -л). Әбден көнерген, сондықтан жаңа сөздер құрамынан ұшыраспайтын аффикстің бірі осы –ыл аффиксі: қызыл, жасыл, батыл т.б.
Сын есімдердің бір бөлігі (-ын, -ін) –н аффиксті болып келеді: бүтін, жатын, жегін, ұзын т.б. Бұл сөздерді бүт, жат, жатық, жек, жегу, ұзақ, ұза, бүткіл сөздерімен салыстыру олардың о баста құрама екендігін көрсетумен бірге, қимыл есім стадиясын да бастан өткізгендігін көрсетеді.
(-р, -ір) –р тұлғалы сын есімдер: бүкір, жұмыр (осыдан барып жұмырық – зат есім), шымыр, обыр. Бұл сөздердің бастапқы түбірлері бүк, бүгу, жұм, жұму – р аффиксі қазіргі түркі тілдерінің біразында –ыр түрінде есімше қызметінде қолданылады. Қашқари сөздігінде, басақ да бірсыпыра ескерткіштер тілінде бұл аффикс –ыр түрінде кездеседі.
-мыс (-міс, -мыш, -міш) аффиксті сын есімдер: жасамыс, алдамыш, қартамыш (кісі) т.б.Мұндай тұлғалы сын есімдер көп емес. бҰлар тұрмыс, болмыс тәрізді зат есімдермен тұлғалас. –мыс, (-мыш) морфемасы қазіргі кейбір түркі тілдерінде өткен шақты білдіретін есімше тұлғасы.
-қын (-кін, -ғын) тұлғалы сын есімдер көп емес: қашқын, тосқын, шапқын (шапқыншылық кез), жойқын, қуғын, тұтқын, босқын т.б. Осы тұлғалас (қын аффиксімен қалыптасқан) зат есімдер де бар. А.Н:Кононов бұны –қан (-ған) есімшелік тұлғаның фонетикалық варианты деп қарайды.
-қан (-ған) аффиксі кейбір сын есімдер құрамында –аған, -еген түрінде күрделі де болып кездеседі: сүзеген, тебеген, алаған, береген, жатаған, көреген, қабаған т.б.Бұл тұлға құранды: көсемшелік тұлға –а және –ған (е-ген). Бұл аффикс осы күрделі түрінде Қашқари сөздігінде де кездеседі.
Көне түркілік жазбаларда –қы (-кі, -гі, -гу, -гү) аффиксі қимыл есімін жасаған. Мұндай қимыл есімдері бірде істі істейтін құралды, бірде істі істеуші субъектіні білдірген. –қыш аффиксінің алдыңғы элементі -қы – қимыл есім тұлғасы. Ал соңғы –ш іс-әрекеттің субъектіге қатыстылығын немесе сондай іс-әркетке субъектінің икемділігін, ыңғайлылығын білдіретін грамматикалық тәсіл. Тапқы – қимыл-әрекетті орындаушы, соған икемді субъект. Таза етістік түбірден сын есім жасалмауының түпкі себебін сөз таптарының әрқайсысына тән лексикалық мағынадан іздестіру керек. Зат жайлы ұғым мен қимыл жайлы ұғым бір-біріне қарама-қарсы полюстар болса, сын мен сапа жайлы ұғым осы екеуіне де қатысты. Заттың сыны мен сапасы жайлы түсінік ең алдымен заттың өзіне ғана қатысты болады.