М.Қашқари -мыш аффиксі

Орта ғасыр ескерткіштері тілінде ұшырасатын -матын, -мадын, -майын тұлғалары нақ осы күйінде қазақ тілінде сақталмаған. Тарихи жағынан бұл күрделі: -ма — етістіктің болымсыздық аффиксі, -йын Орхон жазбаларында ұшырасатын -йин, -йын көсемшелері екені айқын. Бұл аффикс ескерткіштер тілінде де істің істелу тәсілін, қандай жағдайда істелгендігін білдірген. Қысқасы, қазіргі қазақ тілінде -май, -мей (көрмей сөйлеме, білмей айтпа) тұлғасы беретін мағыналарда қолданылған. Орта ғасыр ескерткіштері тілінде де бұл аффикс бірде толық түрінде (-майын), бірде қысқа түрінде (-май) айтылған. Қазақ тілінде толық түрі -майынша күрделі аффиксінің құрамында ғана ұшырайды. Соңғы мезгіл мәніндегі -ша қосымшасының қосылып, бірігіп жұмсалуы Алтын Орда жазбаларының тілінде ұшырасады. Соңғы -ша қосымшасының ықпалымен бүкіл аффикс мезгілдік мәнге ие болған. Бұл шолу түркі тілдеріндегі көсемше тұлғалары есім негізді дейтін А.Н.Кононов пікірінің дұрыстығын дәлелдейді.

         Сонымен, көсемше формаларының көпшілігіне-ақ есім сөз таптарына тән қосымшалар негіз болған. Ал онда етістік негізге есім қосымшаларының (септік жалғауларының) жалғануын қалай түсінуге болады? Бұл жерде түркі тілдері тарихында болған мынадай ерекшелікті еске алған жөн: есім-етістік түбірлер өз семантикасын (я есім сөз табы ретінде, я етістік сөз табы ретінде) контекс құрамында ғана анықтады. Сабақтастырушы жалғаулықтар қалыптаспаған дәуірде сөйлем құрамында адвербиалдық мән берудің ұтымды тәсілі — септік жалғаулары болды. Тұрлаусыз мүше қызметіндегі қимыл есім өзінен кейінгі предикат мәніндегі етістікпен септік жалғауы арқылы қатысқа түсті. Нақ осы тәсіл қазіргі тіл құрамында да бар.

         Есімше. Көне түркі тілінде есімшелік тұлғалар да сан жағынан әлдеқайда көп. Бір қызметте кейде бірнеше морфологиялық тұлғалар қолданылған. Бұған қарағанда, тілдің даму барысында есімшелік тұлғалардың азаюына бұрын бірнеше формалар арқылы берілетін мағыналық мәнерлердің бір ғана форма айналасына шоғырлануы себеп болса керек. Қазіргі тіліміздегі кейбір есімше тұлғаларының қызмет аясының өте кең болуы   тілдің   тарихи   даму барысында болған осындай процеспен байланысып жатады.

         Көне түркі тілінде қолданылған кейбір есімшелік форманттар қазіргі түркі тілдерінде сол күйінше қолданыс тапса (кейбір фо-нетикалық айырмашылықтарын ескермесек), бір тобы жеке сөз-дер құрамында «өлі» қосымша болып сақталып қалған. Көне түркі тілінде қолданыс тапқан есімше форманттарының кейбір басты ерекшеліктері мынадай: -мыш Орхон-Енисей жазбалары тілінде, сондай-ақ, кейінгі орта ғасыр жазбаларында да есімшенің өткен шағын жасаған аффикс: қалмыш (қалған), тегміш (түйіскен), қазіргі біздің тіліміздегі -ған аффиксінің қызметін атқарған. Бұл формант, сонымен қатар, қимыл есімінің қызметінде де кездеседі. Бұл мәнде ол қазіргі біздің тіліміздегі тұйық рай тұлғасы -г/-ға сай: бітміш (жазу, жазба), берміш (беру, бересі). -мыш форманты ашық райлы етістік қызметінде де қолданылып, сөйлемнің баяндауышы болған: йоқ ерміш (жоқ еді). Сонымен бірге тұрлаусыз мүшелер қызметін атқарып, әр түрлі септік жалғауын қабылдаған: адырылмышда (айырылысқанда), бітмішін (бітісімен). Шылаулармен де бір тіркесте қолданылған: будун болмыш үчун (халық болғаны үшін). Орта ғасыр жазбалары тілінде -мыш тұлғасының істің болған-болмағанын дүдамал, оны біреудің сөзі арқылы хабарлау мәнінде де қолданылатыны кездеседі.-ған этимологиялық жағынан құранды. Оның алғашқы бөлімі -ға — қимыл есім тұлғасы да, соңғы ежелгі дәуірде өткен шақты білдірген қосымша, -к қосымшасы қазіргі чуваш тілінде осы мағынада қолданылады.

         -р (-ар, -ер) есімшесі қазіргі түркі тілдерінде, соның бірі қазақ тілінде келер шақ мәнін беретін арнаулы грамматикалық тәсіл. Келер шақ көрсеткіші есебінде бұл тұлға V—VIII ғасыр ескерткіштері тілінде, негізінен, мына төмендегідей қызметте қолданылған: есімше, яғни, өзінің тура мәнінде: көрүр көзүм, білір білігім, йүкүнүр күн; осы шақ мәнінде: берүр, барыр; келер шақ мәнінде: йылан йыл онунч айқа Иноз Иненчу Бес балыққа барырмен. Сонымен бірге, ертім көмекші етістігімен тіркесіп келсе, созылыңқы өткен шақ мәнін де береді. Әр түрлі септік жалғауларын қабылдап, субстантивтеніп, сөйлем құрамында тұрлаусыз мүшелер қызметін де атқара алады. тұлғалы есімшелердің V—VIII ғасыр жазбаларынан байқалатын осы мағыналары көп өзгеріссіз орта ғасыр жазбаларының тілінде де көрінеді. Жоғарыда көрсетілгендей, аффиксі ашық дауыстымен де, қысаң дауыстымен де айтылған. Түркологияда Радловтан бастап, осы аффикстің ашық дауыстылы варианты мен қысаң дауыстылы вариаитының арасында қолданылу мәні жағынан айырма бар деген пікір орын теуіп келе жатыр. Ең алдымен мұндай пікір қазіргі кейбір түркі тілдерінің фактілеріне негізделгендігін айту керек. Қазіргі азербайжан тілінде осы шақ мәнін беретін есімше -ыр, келер шақ есімше -ар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *