Қазіргі қазақ тіліндегі зат есім категорияларының негізгі түрлері көне түркі тілінде де кездеседі. Ол тілде де зат есімдер басқа сөз таптарымен салыстырғанда септелетін, көптелетін, тәуелденетін сөздер есебінде ерекшеленген.
Түркі тілдерінің көне дәуірлеріне қатысты мұралар тілінде де жекелік мәнді білдіретін арнайы аффикстер болмағаны мәлім. Көптік мән арнайы жалғаулар арқылы да, яғни, морфологиялық тәсіл, сөздің лексикалық мағынасы, яғни, лексикалық тәсіл арқылы және сөз тіркестері синтаксистік тәсіл арқылы да берілген.
Кейбір жеке сөздердің лексикалық мағынасының өзінде топтасу, жинақтау ұғымы жатады. Мысалы, йылқы (жылқы), барым (мүлік-дүние) тәрізді сөздер қолдануына қарай жекелік те, топтау ұғымын да берген. Сонымен бірге, көптік ұғым сан есім мен зат есімнің тіркесі арқылы да жасалған. Мысалы, алты йегірма йаш (он алты жас), екі шад (екі шал) т.б. Сондай-ақ көптік мән қос сөздер арқылы да берілген. Мысалы, шад–апыт (шадтар, би-бектер).
Көптік мағынаны тудырудың негізгі жолы – көптік жалғаулары. О-Е жазбаларының тілінде көптік жалғауларының екі түрі кездеседі: -лар, -т, -лар жалғауы көптік мағына тудырудың негізгі тәсілі. Мысалы, беглер (бектер), кунчуйлар (әйелдер, ханымдар). Жинақтық мән беретін сөздер көбіне –лар жалғауынсыз да қолданылған: Тоқуз оғуз бегілері будуну бу сабымын егүті есід қатығды тыңла деген сөйлем құрамында бег (бек) сөзі көптік жалғаумен келсе, жинақтық мән беретін будун (халық) сөзіне жалғанбаған. Кейінгі дәуір жазбаларында да –лар көптік мән берудің басты тәсілі есебінде қолданылған: Білге кетік кішілер енім сөзүм ешідіңлер (КК.). Қазіргі қазақ тіліндегі –лар жалғауының қолданылуымен салыстырғанда, көне түркі тілінің біраз ерекшеліктері бар. Олар мына төмендегідей: сан есіммен бір тіркесте келген зат есімдер де кейде –лар жалғауын қабылдайды: маңа төрт йекілер йақын келті (ЗБ). Кейде алдында сан есім айтылған бірыңғай мүшелердің әрқайсысына –лар жалғанып қолданылады, төрт атларым, йылқыларым (ЗБ). Қос сөздердің әр сыңарларына жалғанады: куртлар – қоңыздар (ЗБ). Кейде жинақтық мән берілетін сөздерге де – лар жалғанып келеді: Қар, буз қамуғ ерішді. Тағлар суғы ақышты (МҚ). А.М.Щербак – лар аффиксінің Х-ХІІІ ғ. Жазбаларында мынадай қолданыстарды көрсетеді. – лар жалғауы изафеттің бірінші сыңарына ғана жалғанып келеді: Тағлар сувы (МҚ). Кейде – лар изафеттің екі сыңарына бірдей жалғанып келеді: қушлар авлағулары. Кейде – лар изафеттік тіркестің соңғы басыңқы сыңарына ғана жалғанады. Ащру улу йазлықлы турмен менің йаман ішлерімнен, йаман сағынчымдан (КК).
Қысқасы, — лар аффиксі өзінің мәні мен қолданылуы тұрғысынан көне түркі тіліндегі негізгі ерекшеліктерін сақтаған.