Етістік морфологиялық құрылымы бойынша болымды-болымсыз, рай, жақ, шақ және сан категориялары бар, синтаксистік жағынан сөйлем баяндауышы қызметіне бейім, лексикалық мағынасы — қимыл мен әрекет болатын сөздердің грамматикалық класы ретінде есімдер тобынан айрықшаланып түрады.
Түркі тілдеріндегі етістіктер сыпаты бірыңғай. Екінші сөзбен, қазақ тіліндегі етістіктердің категориялары, түбір мен туынды түбір қалпы басқа түркі тілдерінде де қайталанып, сол дәрежеде көрінеді. Кейбір айырмашылық жеке тұлғалардың синтаксистік қолданысы мен семантикасында ғана бар.
Етістіктердің дербес грамматикалық топ ретінде жіктелуі түркі негіз тілі дәуірінде басталып, кейбір іздері оның жеке тілдерге ыдырау дәуірінен кейін де жалғасады. Соның бір көрінісі — қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде-ақ жақтық қосымшалар етістіктер мен есімдерге бірыңғай жалғанады. Мысалы, қазақ тілінде инже-нер-мін, бара-мын, инженер-сің, бара-сың. Осымен бірге, жақтық косымшалардың «қысқарған» варианты да бар: бар-ды-м, бар-ды-ң. Осындай сыпат басқа тілдерде де сақталған: ноғай тілі ала-ман, ала-саң, тува тілі алыр сен, алыр біс, т. б. Етістіктің жедел өткен жақ тұлғасына қосылатын -м жалғауы есімді тіркестер құрамында да қайталанады: (менің) кітаб-ы-м. Қазақ тілінде (баска да түркі тілдерінде) етістіктің есімше түрленуі бұл айтылғандармен бітпейді. Айталық, қалау рай деп қаралатын (өйткені сондай мән туғызып, сондай қызмет атқарады) -ғы (кимыл есім) + көмекші етістік тіркесі де есімдерше өзгереді: барғым келді, бар-ғың келді.
Тарихи — түркологиялық зерттеулер қазіргі тілдердегі етістік тұлғаларының арғы негізі қимыл есімдері деп дәлелдеді. Қимыл есімі атауы тарихи грамматикада шығу тегі, мерзімі жағынан бүкіл етістіктермен немесе етістік деп аталатын грамматикалық категориямен бірге қалыптасқан топ деген мәнде қолданылады. Қимыл есімдері есім мен етістік қызметін қоса атқарған синкретикалық түбірлерден жіктеліп шыққан топ, сонда көш, той, ақ тәрізді синкретикалық түбірлердің сөйлем құрамындағы бір қызметінен іс-әрекеттің уақыт — мерзімге қатысын, сөйлеушінің іс-әрекет пен оның орындаушысы арасындағы қатысына көзқарасын білдіретін, екінші сөзбен, шаққа, райға жіктелетін сөздердің грамматикалық класы қалыптасты. Қысқасы, қимыл есімдері шақ пен рай тұлғаларының семантикалық көп түрлілігіне негіз болды. Түркі тілдерінің тарихынан белгілі қимыл есім тұлғалары да есім мен етістік қызметтерінде қатар қолданылады (әрине, олардың бұл ерекшелігі алғашқы синкретикалық түбірлерге қарағанда әлдеқайда бәсең). Жалпытүркілік аяда қолданылатын қимыл есімдерінің негізгі түрлері мынадай: -ғы, -ынч (-ынш), -мақ, -ма, -ыш (-ыс), -ық (-ығ), -ы (-у), -а, -ыт, -ын, -мыш (-мыс), -ғын, -ған, -дық, -ыр, -ар, -ғыр. Бұлардың қазіргі тілдерде таралу дәрежесі бірдей емес. Қазақ тілінде -мыс, -ынш, -ғын, -ідық тұлғалары актив қолданылмайды, сондықтан олардың шақ тұлғаларын жасауы да кездесе қоймайтын құбылыс. Оның үстіне, бұл тұлғалардың шақтық парадигма жасау дәрежесі де бірдей емес: -ған, -ар, -а тұлғалары бұл қызметте актив болса, -ыр, -ғы, -ы, -мақ тұлғалары пассив, кейбір етістіктер кұрамында ғана қолданылады. Ал -ыс, -ыт, -ық, -ғын, -дық тәрізді тұлғалар шақ жасауға қатыспайды. Түркі тілдерінің кейінгі дәуірлерінде осы тұлғалардың негізінде екінші дәрежелі қимыл есім тұлғалары қалыптасты: -ығчы (>-ушы), -мақчы (>-мақшы), -ығлы (>-улы), -галы, -асы, -ажақ, т. б.