Есім сөз таптарының даму тарихы

Түркі тілдеріндегі есімдіктер жайлы сөз болғанда, ең алдымен, жіктеу және сілтеу есімдіктерінің генезистік бірлігі айтылады. Белгілі түрколог Н. К. Дмитриев өзінің «Башқұрт тіліндегі сілтеу есімдіктері» дейтін мақаласында түркі тілдеріндегі сілтеу есімдіктерінің шығу тегі жағынан жіктеу мүмкіндіктерімен бірлікте қарау керек. Ал соңғылар шақ тұлғаларына негіз болды деп жазды. Мұндай пікірдің тууына бірінші негіз: жіктеу есімдіктері мен сілтеу есімдіктерінің мағыналық орайластығы. Шынында да, мен — мынау, сен — сонау, ол — ол, анау тәрізді орайлас мағыналық қатарлар құратынын еске алсақ, түркі тілдеріндегі, сол сияқты қазақ тіліндегі жіктеу және сілтеу есімдіктерінің мағыналық мұндай орайластығын жайдан-жай пайда болған құбылыс деп қарауға келмейтіні анық. Тіл кұрамындағы мағыналық орайластық әрқашан генезистік бірліктің ғана нәтижесі болуы мүмкін екендігі белгілі. Оның бер жағында, жіктеу және сілтеу есімдіктерін өзара тығыз байланысты топтар деп қарауға тағы да мынадай дәлел бар: біріншіден, III жақта жіктеу есімдігі мен сілтеу есімдігі бір ғана сөзбен —ол арқылы беріледі. Ол сөзі әрі жіктеулік мәнді, әрі сілтеулік мәнді түбір күйінде де, септеулі күйінде де бере алады. Екіншіден, ол сөзі жіктеулік мәнде болсын, сілтеулік мәнде болсын, септеген уа.қытта оның құрамында -н пайда болады. Нақ осы -н сілтеу есімдіктерінің басқасының құрамында да (сол, бұл, т. б.) септелген кезде пайда болып отырады. Мұның I—II жақ жіктеу есімдіктерінің құрамындағы осындай дыбыстан (ме-н, се-н) пәлендей принциптік айырмашылығы байқалмайды. Н. А. Баскаков «Түркі тілдеріндегі жіктеу, сілтеу есімдіктердің арақатынасы» атты мақаласында есімдіктердің даму жолын мынадай схемамен көрсетеді: сілтеу есімдіктері «тәуелдеу (притяжательные) есімдіктері» жіктеу есімдіктері. Бұған қарағанда есімдіктердің ішіндегі ең көне, байырғысы — сілтеу есімдіктері (зерттеушілер бұлардың қалыптасуын келемдік орыналасумен байланыстыратыны мәлім) болып шығады да, ең жаңасы жіктеу есімдіктері болып танылуға тиіс. Есімдіктер дамуы нақ осындай схемамен жүрді ме, жоқ па, оған қарамай бір даусыз нәрсе мынадай: осы аталған есімдік топтары бір-бірімен мағыналық жағынан да, құрылымдық жағынан да орайласып, астасып жатады.
Салыстырыңыз: мен-менікі (кейбір тілдерде меніңкі) -мынау, сен-сенікі-сонау, ол — ол-оныкі-анау. Оның үстіне мынау есімдігінің міне (яғни, қысаң дауыстылы варианты бар, е~і) варианты барлығын да еске алу керек.
Сонымен, жіктеу есімдіктері бұрын қалыптасты ма, әлде сілтеу есімдіктері бұрын қалыптасты ма — бұл мәселе қалай шешілсе де, олар қашанда бір ғана генезистік тұлғалар есебіне танылуы дәлелді. Қайсысы бұрын қалыптасса да, тілімізде қазір екі түрлі мағынада (орайлас болса да) жұмсалатын және екі түрлі дыбыстық құрамда тұрақталған есімдік топтарының қайсысы да тілдің кейінгі даму барысында күрделеніп, әр түрлі грамматикалық сипат, әр түрлі мағына алған күрделі сездер болуы керек. Тарихи-салыстырма зерттеулердің нәтижесі бұлардың да басқа сөз таптары ізімен туынды түбірлерден қалыптасып, тұрақталғандығын дәлелдейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *