Есім сөздердің даму тарихы

Тіліміздегі «есімдер» деп аталатын топқа жататын сөздердің грамматикалық кластары тарихи даму тұрғысынан бір-бірімен ұштасып, байланысып жатады. Мысалы, зат есімнің жеке семантикалық топтарының қалыптасуы жайлы айтқан дәл сондай тұлғалы сын есімдер тобының қалыптасуын назардан тыс қалдыруға болмайды.

         Сөздердің грамматикалық кластарға жіктелуі сөйлем ішіндегі мәні мен қызметіне байланысты болған құбылыс. Айталық сөйлем құрамында үнемі бастауыш қызметінде жұмсалу, яғни, айтылатын ойдың иесін білдіріп, басқа сөздерге тәуелсіз қолдану зат есімдердің дербес, тәуелсіз қолданылатын сөз ретінде қалыптасуына мүмкіндік жасады. Акад. И.И.Меншанинов: «Зат есім өзінің сөйлемде заттық мағынадағы мүше (бастауыш, толықтауыш) болуымен жіктеліп шықты» — дейді. Ал сол зат есімдермен іргелес, соларға бағынышты қолданылатын сын есімдердің сөз табы ретінде қалыптасуы туралы үндіевропа тілдерінің материалдары негізінде акад. В.М.Жирмунский: «Грамматикалық жағынан тұлғаланған сын есімдер категориясының қалыптасуы, яғни, есімдердің зат есімдер мен сын есімдерге жіктелуі, үндіевропа тілдерінде салыстырмалы грамматика әдістері арқылы көрінеді», — дейді. Нақ осы тұжырымды түркі тілдеріндегі, солардың бірі – қазақ тіліндегі зат есімдер мен сын есімдерге де қолдануға болады. Алтай тілдері тарихын зерттеушілер де сөз таптарының қалыптасуы туралы осыған ұқсас пікір айтады. Сонымен, есім сөз таптарының грамматикалық класс ретінде қалыптасуы тек зат есімдер мен сын есімдер арасындағы байланыстан ғана көрінбейді, олардың басқа топтарының да алдыңғы екі топқа қатысынан байқалады. Бұл айтылғандарға қоса акад. И.И:Меншаниновтың сөздердің атрибут (анықтауыш) мүше болып жұмсалуынан сын есімдер, пысықтауыш мүше ретінде жұмсалуынан – үстеу қалыптасты дейтін ескертпесін еске алу керек. Егер осы айтылғандардың бәрін қорытындылай келсек, есімдердің әрі грамматикалық класс болуымен бірге, лексикалық та топ екендігін, осы ерекшеліктердің өзі, айналып келгенде, олардың тарихи қалыптасуынан туғандығын көреміз.

         Есім сөз таптарының ішінде оқшау тұратыны – үстеулер. Үстеулер шығу төркіні, қалыптасу тәсілі жағынан да әр қилы. Морфологиялық жағынан үстеулер бірде есім негізді болып отырады. Осындай әр тұлғалық оларды біршама кеш қалыптасқан грамматикалық класс деп қарауға мүмкіндік береді. Бүгінгі тілдегі көпшілі үстеу сөздердің құрама бөлшектерге оңай ажырауы да соған дәлел.

         Есімдердің бір тобы – сан есімдер түп негізі жағынан басқа сөз таптарымен ұштасып жатады. Егер сандық ұғымды білдіретін сөздердің қалыптасуы аналитикалық ойдың синтездеу дәрежесіне көтерілуінің нәтижесі екенін еске алсақ, мұндай пікірдің дұрыстығы әсте талас туғызбайды.

         Сонымен есім сөз таптарының дамуы, тарихи өзгерісі олардың бірыңғай қалыптасуына алып келеді. Есім сөз таптарын, оларға тән категориялар мен тәсілдерді тарихи тұрғыдан қарастырғанда да осы ерекшелік ескерілуге тиіс болады.

                   Зат есім – есімдер тобындағы сөздердің ішіндегі дербес қолданылатыны. Есімдердің басқа топтары осы зат есімдер айналасына топталып, осыған қатысты ғана қолданылады. Сөйтіп зат есімдер тек заттық мән-мағына туғызушы ғана сөздер емес, соғансйкес дербес қолданылатын да сөздер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *