Грамматикалық стилистика туралы жалпы түсінік.
Дәріс жоспары:
1. Морфологиялық құрылыстың негізгі стильдік белгілері.
2. Морфологиялық тұлғалардың жеке стиль түрлеріне қатысы.
Мақсаты: Грамматикалық стилистика туралы жалпы түсінік беру.
Қысқаша мазмұны:
Морфологияның стилистикалық құралдарына морфологиялық ұғымдар, категориялардың варианттық түрлері, яғни синонимдер және грамматикалық категориялардың бір ғана мағынада емес, әр түрлі мағынада жұмсалатын түрлері, яғни омонимдер т.б. тілдің икемділік қасиетін танытатын бірліктері жатады. Морфологиялық синонимдер морфологиялық тұлғалардың, қосымшалардың мағыналас болып келуі.
Морфологиялық құралдардың қолданылу сипатына қарай жазба стильдерді екі топқа бөліп қарастырушылық бар. Морфологиялық құрамы тұрғысынан кеңсе стилі мен ғылыми стиль бір-біріне жақын. Көркем әдебиет стилі мен публицистикалық стиль бір-бірімен үндесіп жатады. Соған орай публицистикалық стильде жиі кездесетін морфологиялық тұлғалар көркем әдебиет тілінде де біршама жиі қолданылады.
Кеңсе және ғылыми әдебиеттер тілінің басты бір ерекшелігі олардың құрамында автордың субъективтік көзқарасы, қатынасы көрінбейді. Соған орай кеңсе қағаздарының тілінде, сондай-ақ ғылыми әдебиеттер тілінде кішірейткіш мәнді аффикстер көп қолданылмайды.
Зат есімге қосылып, кішірейткіш мәнге үстеме экспрессивтік мәнер туғызатын аффикстер де ресми –іскери стиль мен ғылыми стильде жиі ұшыраса қоймайды. Ғылыми стиль мен ресми-іскери стильде кездесе қоймайтын морфологиялық тұлғалардың бірі – сын есімнің салыстырмалы, күшейтпелі шырай, яғни сын есімнің салыстырмалы шырайын жасайтын –рақ, -рек жұрнағы және толық мәнді сөздің алғашқы буыны қайталану арқылы, сондай-ақ, өте, аса, тым, тіпті сөздерінің негізгі сын есімдерге тіркесе келуі арқылы жасалатын күшейтпелі шырай түрлері.
Ғылыми стиль мен ресми стильде халықаралық, көзқарас, еңбеккүн сияқты біріккен сөздер көп жұмсалады.
Көркем әдебиет тілі мен көсемсөз стилінде тілге тән морфологиялық тұлғалардың барлығы бірдей қолданылады.
Әдеби тіл нормасына жатпайтын және жергілікті тіл ерекшеліктер болып табылатын морфологиялық тұлғалар да бұл стиль салаларында кездесе береді.
Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:
1. Балақаев М. Томанов М. Жанпейісов Е. Манасбаев Т. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1974, 264 б.
2. С.Хасанова, Ғ.Жексембаева Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1999
3. Мұсабекова Ф. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. Алматы, 1982
4. Е.Жұбанов Қазақтың ауызекі көркем тілі, Алматы, 1996
5. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. А, 1984
6. Серғалиев М. Стилистика негіздері. Астана, 2006.