Бұл есімдігі

Бұл есімдігімен түбірлес сөздер — мына, мынау. «Құдатқу білікте» бұ есімдігінің муну түрі де кездеседі. Қазіргі түркі тілдерінде осы есімдіктердің дыбысталуы мынадай: башкұрт — бынау, қа-рақалпақ — мынау, т. б. Түркі тілдерінің біразында мұндай есімдік жоқ, оның мәнінде басқа сездер қолданылады. Қазіргі қазақ тілінде мұнау, мұнда, мұндай, бұндай тәрізді есімдік немесе есімдік негізді басқа сөздер де бар. Сонда мына, мынау, мұнау есімдіктерін осылардан туынды мынадай, мұндай, бұндай, мұнда, бұнда сөздерімен салыстырып қарасақ, бұлардың барлығына ортақ түбір—мын, мұн, бұн. Алайда дыбыстық ерекшеліктеріне қарай бұлардың әрқайсысы дербес түбір емес, бір ғана түбірдің фонетикалық варианттары. Бұл жерде түркі тілдеріне ортақ, сол сияқты қазіргі қазақ тілі құрамында да ұшырасатын мынадай дыбыс сәйкестіктері бар: м-б, ы,ұ. Мұндай ерекшеліктер, әсіресе, бір ғана тілдің құрамында кездессе, сол тілдің о бастағы этникалық құрамының куәсы есепті деп қарау орынды. Бір-біріне ұқсас тілдерде сөйлеген тайпалардың қайсысында да өзіндік дыбыстық ерекшеліктер болған, жаңағыдай фонетикалық варианттар соның ізі. Әйткенмен мын, мұн, бұн түбірлерінің құрамындағы түбірдің элементі емес, бұл есімдігінің құрамындағы -л-дің варианты. Егер солай деп қарасақ, түбірдің өзгеру жолын былай керсетуге болар еді: бу/бұ/му/ мұ/мы. Біздің байқауымызша, мына, мынау есімдіктері және мұндай, бұндай есімдік туынды сын есімдер бұл есімдігі қалыптасқаннан кейін барып пайда болған. Сондай екендігіне көрсетіліп отырған сөздердің барлығына ортақ түбір — мын (мұн) екендігі де дәлелдейді. Бұл есімдігінің септелетін негізі бұн (бұның, бұнан, бұнда, бұнымен) екендігін және осы түбірдің өзі атаудан басқа септік жалғауларында м дыбысынан басталып та айтыла беретінін еске алу керек. Мына, мынау есімдіктерінің арғы, алғашқы түбірі мын деп қарасақ, соңғы -а, -ау қосымшаларының арғы төркінін тап басып, дәл айту қиын. Бұл жайында әзірге зерттеушілердің әрқайсысы әр түрлі пікірде: элементін Рамстедт, мысалы, ол сілтеу есімдігінің айтылу практикасында танымастай болып өзгерген варианты деп қарайды. Егер осы пікірді мақұлдасақ, мына сөзі мын (бұл) негізі мен ол сөзінің бірігуінен пайда болды деп қарау керек болады. Бірсыпыра зерттеушілер мұны барыс септік қосымшасы деп есептейді. Алайда осы сөзде бағытты білдіру мәнінен гөрі сілтеу, нұсқау мәні басым жатыр. А. Ибатов басқа түркі тілдерінің материалдарына және Рамстедт келтіретін алтай тілдері фактілеріне сүйене отырып, -е, -а ескі қолданыстан қалған сілтеу есімдігі болу керек дейтін жорамал айтады. Бұл пікір бойынша, мына, міне, міні сөздері екі түрлі сілтеу есімдігінен қалыптасқан болып шығады. Егер түркі тілдерінде де бір   кезде сондай сілтеу есімдігі болған болса, бір мағынадағы екі сөздің бірігуі нендей құбылысқа байланысты болды екен дейтін ой туады. Мынау сөзінін құрамындағы элементі жөнінде біршама сенімді болжамды В. М. Насилов айтады. Ол ұйғыр, т. б. түркі тілдерінің фактілері -и, -ву сілтеу есімдігінің қысқарған варианты екендігін дәлелдейді. Ал ву есімдігі ұйғыр тілінде манаву есімдігінің құрамында сақталса керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *