Бұйрық рай

Бұйрық раймен семантикалық та, грамматикалық та тығыз байланысты болып келетін — қалау рай. Түркологияда кейде қалау райдың бірсыпыра тұлғаларын бұйрық рай деп немесе керісінше бұйрық рай тұлғасын қалау рай деп қараудың да сондай объективтік себептері бар. Контексте кейде бұйрық рай тұлғасы қалау райлық мәнде қолданылады да, қалау рай мәнін беретін болады. Алайда мұндай құбылыс грамматикалық тұлғаның контекстік мәні ғана екені белгілі жайт. V—VIII ғасыр ескерткіштері тілінде қалау райдың I жағы -айын, -ейін, -йын, -йін жекеше, -алым, -лым көпше аффикстері арқылы жасалған: Түрк будун өлтүрейін, уруғсыратайын. Осы аффикстер еш өзгеріссіз осы мәнде орта ғасыр жазбаларында да ұшырасады. Орта ғасыр жазбаларында, әсіресе, Алтын Орда әдеби тілі ескерткіштерінде бұлардан басқа -ғайым, -гейім, -ғайын, -гейін (жекеше), -ғалым, -гелім, -ғалың, -гелің, -ғалы, -гелі түлғалары бар. Э.Наджип соңғы аффикстердің «Мухаббат-нама», «Гүлстан» поэмаларының тілінде жиі қолданыс тапқанын айтады.  -ғай-ын күрделі формантының алғы бөлігінің құрамынан ғ элементінің түсіп қалу салдарынан барып -айын тұлғасы қалыптасқан. Сонда барайын тұлғасының құрамындағы түбірге тікелей жалғанған көсемше форманты емес, қалау рай тұлғасының қысқартылған түрі болып шығады. Егер түркологияда кең таральш жүрген осы пікірді ұстансақ, барғай едім құрамындағы -ғай мен -ай, -ын құрамындағы -ай генезистік тұрғыдан бір ғана тұлға болып шығады. Қазақ тілінде -айын тұлғасының варианты да бар. Махамбет шығармаларындағы -ман болымсыздық қосымшасы мен -йын қосымшаларының бірігіп, редукцияға ұшырауының нәтижесі: бар-ма-йын, бар-ма-н. Қазақ әдеби тілінде барғай едім тұлғасы норма да, барғаймын тұлғасы архаикалық элемент. Бұл тұлғаның көпше түрі —айық  (барайық). Айырма   соңғы   элементтерінде   ғана, жақтық қосымша болумен бірге сандық та қосымша. Бірсыпыра түркі тілдерінде оның орнына -мыз (м-ыз, -з көптік қосымшасы) аффиксі жұмсалатыны белгілі, -айын аффиксінің құрамындағы -ын — жіктеу есімдігінің рефлексі. Бұл жердегі өзгеріс тіл құрамында болған тарихи фонетикалық тенденциялармен байланысьш жатыр. Оны былай деп түсіндіруге болар еді: -ғай + мын>(ғ)ай + (м)ын>ай + ын>а + йы’н. Сонымен, бұл жерде фонетикалық өзгерістің нәтижесінде морфологиялық ығысу процесі де орын алған: алдыңғы қосымшаның құрамындағы дыбыс соңғы қосымшаның құрамына ауысып, орныққан.

         Қалау райдың I жақ көпше, жекеше түрлерін салыстырғанда, айырмашылық тек соңғы элементтерінде ғана (-ын және -ық) еке-ні, ал алдыңғы злементтерінің бірдейлігі (-ай) көрінеді. Сөйтіп қалау рай жасайтын қосымша бұл ыңғайда біреу ғана, жекелік, көптік мән арнаулы аффикстер арқылы беріледі. Қөне түркі тілінде, сондай-ақ қазіргі кейбір түркі тілдерінде I жақ көпше мән беретін -алым қазақ тілінде осы сипатта ұшыраспайды. Тек говорлық ыңғайда соңғы элементін өзгертіп, -алық түрінде айтылады. Осы тұлғамен байланысты ескере кететін бір факт мынадай: «Кодекс куманикус» тілінде осы аффикс -алым түрінде берілген. Ал шағатай тілі ескерткіштерінде бұл тұлға кейде -алы түрінде, яғни, соңғы элементінсіз де кездеседі. Қазіргі қазақ тілінің батыс және оңтүстік говорларында да осы сипатта (-алы) айтылады. Қөне жазбалар тіліндегі -алым құрамындағы жақтық қосымша. Қазақ тілінде жақтық қосымша сақталмай, көптік қосымшамен (-қ) және -й -мен айтылатын вариант қана (-айық) сақталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *