Бағалы терілі аңдардың жалпы сипаттамасы

Бағалы терілі аңдардың жалпы сипаттамасы.

1.Бұлғын тұқымдас аңдар сипаттамасы

2.Құндыз тұқымдас аңдар сипаттамасы

3.Ірі жыртқыш бағалы терілі аңдар ерекшеліктері

Бұлғын — көрікті әрі сымбатты аң. Денесінің ұзындығы 43-53 см, салмағы 1-2 кг келетін терісі өте бағалы аң. Жүні ұзын, әдемі, әрі жылтыр келеді. Қыста бұлғынның жүні әдемі, үлпілдек, жібектей жұмсақ, қылшықтары жылтылдап тұрады. Қазақстандағы терісі аса бағалы аң — бұлғынның өте көп тараған жері — Алтай таулары. Бұлғынның жемдері — кеміргіштер мен самырсын жаңғағы өте азайып кеткен жылдары тәжірибелі аңшылар оны арнаулы жем — ет ілген қақпанмен ұстап, көп олжаға батады. Тас сусарының жалпы бейнесі бұлғынға ұқсас. Бірақ одан үлкенірек және құйрығы ұзындау. Қысқы терісінің жүні күлгін сары араласқан қоңыр жирен немесе күрең сарғыштау түсті келеді. Түбіті күлгін түсті. Алқым астында және мойынының төменгі жағында ақ дағы бар. Соған қарап кейде аңшылар оны ақтөс сусардеп те атайды. Еркек аңның дене тұрқы 43-59 см, ал ұрғашылары бұған қарағанда аздап кішірек. Ақтөс сусар республикамыздың оңтүстік және оңтүстік-шығыс тауларында кездеседі. Бұл аң аршалы, шыршалы тау ормандарында тіршілік етуге бейімделген. Тас сусарының қараша-желтоқсан айларында жүні жылт-жылт етіп, құлпырып тұрады. Дала күзені — кәсіптік жолмен бағалы терісі үшін ауланатын аң. Ол күзендердің ішіндегі ең ірісі. Дене тұрқы 29-52, құйрығы 7-18 см, ал салмағы 2 кг. Бұлаң республикамыздың барлық облыстарында да кездеседі, бірақ барлық жерде бірдей емес. Ол негізінен Орал, Ақтөбе, Жезқазған, Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарының шөлейтті және далалық аймақтарында жиі кездеседі. Дала күзенінің мекен ететін жері — жайқалып өскен шабындығы бар далалы аймақ, шөл-шөлейтті өңірлер, өзен мен көлдер жағалауы және ормандар арасындағы ашық алаңдар. Бұл аң жылына бір рет туады. Сасық күзен көктемде және күзде екі рет түлейді. Оның терісі қарашадан бастап құңды /23/.

Ақкіс- дене тұрқы 18-26 сантиметрдей ғана келген, өте жылдам қимылдағыш жыртқыш аң. Қыста бүкіл денесі қар түстес ақ, тек құйрығының ұшы ғана қара. Жазда ол екі түрлі болып келеді — арқа жағы қоңыр қызғылт, ал бауыры ақшыл сарғыш. Сусар тұқымдастарының ішінде біздің елімізде ең көп тараған осы түр. Қазақстанның тек шөлді аймақтан басқа барлық жерлерінде кездеседі. Ақкіс республикамыздың солтүстік бөлігінде және оңтүстік-шығыс жақтағы таулы өңірде өте көп таралған. Батыс Қазақстанда Жайық өзені бойында біраз кездеседі. Солтүстіктегі облыстардың территориясында ақкіс өзендер мен көлдердің жағасындағы қамыс, тал іштерінде, сай-сала, жыраларда, қайың, көктерек өскен алқаптарды мекендейді. Бұл жыртқыш жылына бір рет қана өніп-өседі. Ақпан-мамыр айларында ұйығып, 9 айдан соң 3-18, орташа 8-9 күшік туады. Ақкіс жылына екі рет: көктемде және күзде түлейді. Көктемгі түлеуі наурызда басталып, сәуірде аяқталады. Күзгі түлеуі қазан айында аяқталады. Қараша айының басынан оның терісі бірінші сортқа жатқызылады. Терісі аппақ қардай жалт-жұлт еткен бұл аңның аз-көп болуы оның қорегінің мөлшеріне байланысты. Өте құнды ақкіс терісі шет елдерге шығарылатын тауардың бірі.
Құндыз — басы кішілеу, құйрығы ұзын, дене пішіні 95 сантиметрдей келген аң. Арқасы мен артқы жағының түсі жылтыраған қара қоңыр, бауыры ақшылдау болады. Құндыз нағыз тұщы су маңын мекендейтін жыртқыш. Құндыз көбіне таудан аққан, жары биік, жағасында ағаш немесе қамыс өскен өзендерді мекендейді. Кейбір аудандарда бұл аңды ретсіз аулау салдарынан жойылу қаупі төнген. Қазіргі кезде құндыз Оңтүстік Алтай, Жоңғар және Іле Алатауларында ғана кездеседі. Бірақ өте сирек. Терісі өте бағалы, әсем де құнды. /24/. Қара күзеннің Отаны — Солтүстік Америка. Бұл аңды жерімізге жіберу 1933 жылы басталған еді. Жерсіндіру жұмысы сондай табысты болды. Бұл -терісі аса бағалы аң. Қысқы жүнінің жалпы түсі денесінің барлық бөлігінде біркелкі қара қоңыр келеді.Тек иек астында ақ дағы болады. Үлпілдек түбітті терісі жылт-жылт етіп сәндігімен көз тұндырады. Дене пішіні орташа 39 сантиметрдей. Қара күзен Алтай өлкесінен Шығыс қазақстан облысының территориясына 1945 жылы ене бастады. Әр түрлі бұталы ағаштар мен қарағай өскен өзен бойы бұлардың жақсы мекені. Бұл жыртқыш жылына екі рет түлейді. Көктемде наурыз-сәуір айларында, ал күзде тамыз-қараша айларында. Аса құнды, әдемі қара күзен терісін дайындау қараша айында басталып, ақпанда аяқталады. Қазақ ССР Ғылым академиясы Зоология институтының ғылыми қызметкерлері Ю.Г.Афанасьев пен Ю.С.Лобачев 1957-1968 жылдар аралығында қара күзеннің биологиясын, таралуын, өсіп-өнуін зерттеп, Шығыс Қазақстан облысындағы бұл аң қорының қанша екендігін анықтаған /25-26/.
Аю терісі, майы және шипалық қасиеті бар өті үшін ауланатын бағалы аң. Семіз аюдан 120 килограмм ет, 50 килограмм витамині көп май алуға болады. Аюдың майын жергілікті халықтар ерте заманда әр түрлі ауруларға, әсіресе туберкулезге және белі ауырған адамдарға ем ретінде пайдаланған. Әр түрлі ауруларға шипа болатын аю өті ерекше зат. Ол әсіресе, Оңтүстік-шығыс Азияда халықтық медицинада өте жоғары бағаланады. Қытайда, Индияда, Тайландта, Бирмада және Жапонияда аю өтін ішек-қарын, бауыр ауруларын, сары ауруларды, жұқпалы іш ауруын, көз қарығуын, қатерлі іріңдер мен жараларды емдеуге жиі пайдаланады.
Елімізде өз ішінде аю өті бұрынғы қасиетін төмендеткенмен де, халықаралық саудада ол әлі де өте жоғары бағаланады. Біздің елімізде бұл аңның өтін дайындау, ешбір жерде жоспарланбаған. Оны аз мөлшерде тек тәжірибелі аңшылар ғана дайындай алады. Күз, қыс айларында алынған аю өтінің шипалық қасиеті өте күшті /27/.
Ор қоян — қояндардың ішіндегі ең ірісі. Салмағы 6-7 килограмдай болады. Бұл Батыс Қазақстанда кең таралған терісі бағалы аң. Сонымен қатар, Жайық өзенінің жайылымында да бұл аң аз емес. Ор қоян көбінесе ашық далалы жерлерде, арасы сирек шоқ тоғайдың арасында, өзеннің жайылмасында, шоқ-шоқ бұтаның арасында, жыра бойында, көлдің жағасын мекендейді. Ор қоян жылына екі-үш рет көжектейді. Бұл аңдардың кәсіптік маңызынан басқа, ауыл шаруашылығына тигізетін зияны да көп. Әсіресе, ор қоян орман шаруашылығына өте үлкен зиян келтіреді. Олар Жайық өзенінің жағасында өсетін әр түрлі орман ағаштары мен бұталы өсімдіктерге, егінді қорғайтын орман алқаптарына зиянды/29/.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *