Араб тіл білімі.
1. Араб тілі туралы алғашқы еңбектер.
2. Араб тілінің дамуына үлес қосқан ғалымдар еңбектерінің маңызы.
3. Араб тіл білімінің грамматикасы.
Арабтардың тіл туралы алғашқы еңбектері Ефрат пен Тигр бойындағы Баср және Куф қалаларында шықты. Бұл екі қалада грамматикалық екі мектеп – екі бағыт пайда болды. Олар өзара бір-бірімен түрлі мәселелер жөнінде айтысқа түсіп, пікір алысып отырды. Кейіннен грамматикалық ғылым орталығы Араб халифатының сол кездегі астанасы Бағдатқа көшті.
Баср мектебінің өкілі Сибавейхи «Аль-Китаб» деген үлкен еңбек жазды. Мұнда 1000-нан астам өлең бар. Кітап мысалдары Құраннан және ертедегі поэзиядан алынған. Сибавейхи дыбыстардың жасалуының 16 түрлі орнын көрсете келіп, оларды соған сай топтастырады: сөз таптарын етістіктер, есімдер, сан есімдер деп үшке бөлді.
Лексикология мен лексикография саласында арабтар айтарлықтай табысқа жетті. Олар лексика материалдарын көптеп жинап, түрлі сөздіктерге топтастырды; әр пәнге байланысты сөздіктер шығарды. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби тіл білімнің бірқатар теориялық және практикалық мәселелері бойынша да маңызды зерттеулер жүргізген. Ұлы ғалым өзінің «Ғылымды классификация жасау» деген 5 бөлімнен тұратын еңбегінің бірінші бөлімін адамдардың бір-бірімен қатынас жасап, өзара түсінісетін құралы – тілдің заңдылықтары мен ерекшеліктерін зерттейтін ғылымға арнаған. Бұл бөлімі «Тіл туралы ғылым» деп аталады. ХІ ғасырда лексикографиялық теңдесі жоқ бір ірі еңбек пайда болды. Ол – «Диуани лұғат-ат-түрік» (Түркі сөздерінің жинағы) – орта ғасырдағы түркі халықтарының бәріне бірдей ортақ түркі тілдерінің белгілі бір ғылыми жүйеге түсірілген түрікше-арабша сөздігі. Бұл сөздіктің авторы ұлы филолог, ғалым Махмұд Қашқари.
Дәрісті қорытындылау:
1. Арабтардың тіл туралы алғашқы еңбектері Ефрат пен Тигр бойындағы Баср және Куф қалаларында шықты.
2.ХІ ғ. еңбек «Диуани лұғат-ат-түрік» орта ғасырдағы түркі халықтарының бәріне бірдей ортақ түрікше-арабша сөздіктің авторы ұлы филолог, ғалым Махмұд Қашқари.
Бақылау сұрақтары:
1. Араб тіл білімі қай дәуірде дамыды?
2. Араб тіл білімінің өкілдері?
3. Махмұт Қашқари сөздігінің маңызы?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Мұсабекова Ф.М. Лингвистикалық ілімдердің тарихын оқыту. А. 1985
2.Қалиев Б. Жалпы тіл білімі. Алматы,2000
3.Қордабаев Т.Р Жалпы тіл білімі А,1975 және 1981,1999ж