Ежелгі жазбалар тілінде де -р тұлғас

Ежелгі жазбалар тілінде де тұлғасының нақ сондай ерекше қолданысы (бірде осы шақ, бірде келер шақ мәндерін білдіруі) бар. Бірақ бірнеше вариантта айтылған: ашық дауыстылармен -ар, -ер, қысаң дауыстылармен -ыр, -ір, сол сияқты ерін дауыстыларымен де -ур, -үр. Алайда жазбалар тілінде -ар-мен -ыр арасында айқын айырма әрқашан болған деу қиын. Өйткені бір ғана сөз бірде -ар, бірде -ыр, кейде -ур (-үр) аффикстерімен қолданылады және қай шақта қолданылғаны контекстік қоршаудан ғана ажырайды. Көңіл аударарлық жайт — аса жиі ұшырасатын варианты -ыр, ал -ар варианты әлдеқайда сирек. Бұған қарағанда, бір себептен, бір ғана аффикстің көп варианттылығын әр турлі тайпа тілдерінің тоғысуы деп қарауға да болатын тәрізді.

         Бұл тұлғаның болымсыз түрі –мас//з. Соңғы элемент р емес, -з//с (бұл жерде тағы да р>з сәйкестігін еске алу керек). Қазақ тілінде тек -ар, -ер ғана сақталған және семантикалық жағынан бір-бірінен ерекшеленбейді. -ыр варианты қазақ тілінде жеке сөздер құрамынан ғана ұшырайды (жатыр). Кейбір зерттеушілер (Мыс, Н.А. Баскаков) тур, жүр етістіктерінің о бастағы аорист формасы турыр, жүрір түрінде болған деп қарайды. Кейін соңғы -ыр буыны түсіп қалған, бірақ аффикстің мәні қысқарған түбірде сақталып қалған. Бұл етістіктердің қазіргі тілде осы шақ жасайтын арнаулы тәсіл есебінде қолданылуы да соған байланысты болса керек.

         В.Котвич жоғары етістіктердің бастапқы түбірі ту, жү (йү), соңғы -р (ту-р, жү-р) аорист форма деп қарайды. Оның дәлелі түр, тұт етістіктеріне ортақ бүтін -ту, -тут етістігінің соңғы элементі қаузатив түлға, олай болса, тұр етістігінің (сол сияқты, отыр, жатыр етістіктерінде) соңғы   элементтері осы   шақ мәнін   берген тұлға. Қазіргі қазақ тіліндегі -атын есімшесі — біршама жаңа тұлға. Орта ғасыр жазбаларында: барчаның баратурған йуртыға кетеді (Ш.Тер.). Қазақ фольклорында: артынан бір нәрсе келе жатса пысқыратұғын еді («Ер Тарғын»). Сонда -атын тұлғасының қалыптасуын мына тәрізді деп қарауға болады: (көсем-ше)+түр (көмекші етістік) + -ған//а-дур + ған (орта ғасыр жазбаларында -адурған тұлғасы кездеседі) //-а + тур + ған>а + ту(р)-\-ған>а-\-ту-{-ғын>атын. Соңғы дауыстының қысаңдануы екпін түспеудің салдары болу керек. Сонымен, -атын тұлғасы өзінің құрамындағы морфологиялық тұлғалардың мәнмәнерін сақтаған (-а және -ған).

         Қимыл есімі -гу, -гү. Қашқари еңбегінде бұл форманттың екі түрлі қолданылуы көрсетілген: бір жағынан ол гу формантын есім орнына қолданылатын етістік деп түсіндіреді, екінші жағынан есімдермен изафет құрайтындығын көрсетеді: Сенің барғуң ка-чан — сен қашан барасың. «Қудатқу білік» тілінде бұл формалы сездердің баяндауыш қызметінде қолданысы бар: удушуғ білігіг өзүм сөзлегү уққанды, білгенді өзім айтамын (айтуға тиіспін). Қазақ тілінде бұл формант көбінесе есім сөздер құрамында ғана сақталған, сондай-ақ, келер шақ жасауда қолданылады: -бар-ғы-м келді, бар-ғы-сы келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *