Қазақ тілі лексикасы туралы жалпы түсінік
Дәріс жоспары:
1. Лексикалық стилистика
2. Синоним, омоним, антонимдердің қолданылуы
Мақсаты: Қазақ тілі лексикасының стилистикамен байланысы туралы жалпы түсінік.
Қысқаша мазмұны:
Көркем әдебиеттегі синонимдер бір сөзді қайталап қолдана бермеу үшін, әрі ойды толықтырып, нақтылып жеткізу үшін, оқырманға әсерлілігін арттыру үшін қолданылады. Жүйелі синонимдерге мәтіннен тысқары күйінде де мағыналық жағынан жақын немесе тепе-тең келетін сөздер жатады. Олар мәтін ішінде қолданбай-ақ, сол күйінде синонимдік қатар жасай алады. Ал, тек мәтін ішіндегі қолданысына қарай синонимдік қатар құрай алатын түрлерін контекстік синонимге жатқызамыз.
Тілімізде синонимдер әр түрлі стильдік мақсаттарға орай жұмсалады. Лексикалық синонимдердің мәтін ішінде атқаруы мүмкін стилистикалық қызметтерін былайша санамалап көрсетуге болады:
1. салғастыру қызметі
2. қарсылықты қатынасты білдіру қызметі
3. юмор туғызу
4. эмоционалдық қызметі.
Антонимдер де сөйлемде сан алуан стильдік қызмет атқара алады. Антоним сөздер арқылы сөз мағынасы әр жақты, шебер айқындалады. Әсіресе сөздердің толып жатқан нәзік қолданыстары нақты ашылады.Антонимдердің қызметінен қарама-қарсы ұғымдағы сөздердің оқиғаға бірдей дәрежеде қатынасатынын байқауға болады. Қарсылықты ұғымдардың екеуі де бір оқиға ішінде қатар жүреді. «Антонимдер сөйлем ішінде тек қарама-қарсылыққа ғана түспей, күшейту, қосымша мағына үстеуді, нақтылауды, салыстыруды, бірлесуді, ауысуды т.б. көрсетеді. Антонимдер ойды ықшамдап, әсерлі етіп беруге де қызмет етеді. Мысалы, Кеңшілікте дос та дос, қасың да дос, Таршылықта қайрылған дос та өзгеше (Абай).
Тіліміздегі омонимдердің әр алуан стильдік қызметі бар. Омонимдердің стильдік қызметтерінің негізгісі – каламбур болуы. Каламбур – сөз бен сөз тіркестерін ұқсас дыбыстаудан пайда болатын стилистикалық оралым. Каламбур көбінесе поэзияда қолданылып, эмоциялық әсерді, ұйқасымдылықты күшейту қызметін атқарады. Каламбур кейде омографтардың, омофондардың көмегімен құрылады.
Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:
1. Балақаев М. Томанов М. Жанпейісов Е. Манасбаев Т. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1974, 264 б.
2. С.Хасанова, Ғ.Жексембаева Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1999
3. Мұсабекова Ф. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. Алматы, 1982
4. Е.Жұбанов Қазақтың ауызекі көркем тілі, Алматы, 1996