Қазақ тілі тарихында дыбыстардың зерттелу жайы.

Тіл жүйесін құрайтын дыбыстарды парадигматикалық тұрғыдан сипаттау фонема туралы қалыптасқан ұғымға сүйенеді. Фонеманы танудың негізі дыбыстық құрамы ұқсас сөздердің құрамындағы айырмашылықты анықтап, сол айырмашылықтар арқылы сөз мағыналарының өзгеретіндігін білу болып табылады. Сөздің құрамындағы сондай жүйелі дыбыстық өзгерістерді (парадигматикасын) айқындап, олардың тілдің морфемалық құрылымы мен лексикалық құрамына әсерін қарастыру – тарихи фонетиканың басты міндеттерінің бірі.

         Қазақ тілінің дыбыстық, фонологиялық жүйесінің даму, тарихи өзгерістерін анықтап білу көне түркі тілінің бізге жеткен нұсқаларын зерттеуге құрылады.

         Ғылымда «Орхон-Енесей жазба ескерткіштері  дейтін атпен белгілі көне түркі тілінің фонетикалық жүйесі қазақ тілі құрамында негізінен сақталғанымен, дыбыстық құрамда жеке дыбыстардың қолданылуында едәуір өзгерістер болғанын байқаймыз. Ондай айырмашылықтар сол тілдің фонетикалық жүйесін сыйпаттағанда анық көрінеді.

         Көне түркі тілінің нұсқалары руникалық жазу арқылы жетті. Ал руникалық жазу тілдің морфологиялық құрылымына негізделген. Сондықтан да ол жазу жеке фонеманың өзіндік сыпатынан гөрі фонемаларды бір-бірінен дербестейтін айырмашылықтарды белгілеген.

         Көне түркі жазуы консонанттық негізде жасалған. Сондықтан жеке дауыстылардан гөрі буын сапасын дауыссыздар таңбасы арқылы белгілеу ол жазуда басым болған.

         Қазақ тілі – қыпшақ тобындағы тілдер тобына жатады. Ал қыпшақ тобындағы тілдердің қарлуқ, оғыз тобындағы тілдерден фонетикалық негізгі айырмашылықтары мына төмендегідей: 1) 8-9 дауысты дыбыс бар, ы, і, у, и дыбыстары түрлі мәнермен айтылады: татар, башқұрт тілдеріндегі бұл дыбыстар қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдеріндегі сондай дыбыстарға сәйкес келе бермейді; 2) аффикстер құрамында еріндік дауыстылар айтылмайды; 3) сөз құрамындағы еріндік үндесу әлсіз. Қазақ тілінде сөздің бірінші буынында еріндік, кейінгі буындарда қысаң дауыстылар келсе, алдыңғылары соңғыларға әсер етеді. Бірақ өте әлсіз байқалады, сондықтан жазуда ескерілмейді; 4) созылыңқы дауыстылар жоқ. Екінші топқа жататын созылыңқылар орнына қыпшақ тілдерінде дифтонгілер айтылады; 5) көне түркі тіліндегі ғ, г дауыссыздары мен дауыстылардың тіркесі орнына өзгерген жаңа тіркестер (ау, ой, ыу, ей, ій, үй, үу, ұу) қолданылады; 6) көптеген тілдерде сөз басында айтылатын қатаң п орнына ұяң б айтылады, бірақ жіктеу есімдіктері м, б дыбыстарымен мен, бен түрінде дыбысталады; 7) сөз басында қатаң т, қ, к дауыссыздары жиі қолданылады; 8) сөз басында й, ж, дж дыбыстары жарыса қолданылады; 9) сөз ішінде екі дауысты дыбыс аралығында п, қ, к қатаңдары ұяңдап кетеді. 

         Қазақ тілінің этногенездік негізі жайлы осы орайда айта кететін бір жай:

         Қазақ тілі қыпшақ тілдері тобына жатады дейтін тұрақталған көзқарасты қостай отырып, оның тек қана қыпшақ тайпалар одағы тіліне ұласа бермейтін кейбір субстраттық құбылыстары бар екендігі.

         Қазақ тілі қарақалпақ, ноғай тілдерімен бірге қыпшақ-ноғай тобын құрайтыны, яғни Ноғай ордасы халықтарының негізінде қалыптасқаны мәлім. Дегенмен, қазақ халқының субстраты қатарында басқа да тілдік негіздер болғандығы айқын. Соған орай қазақ тілінің тек өзіне ғана тән ерекшеліктері мынадай: 1) фузияда л~д~т сәйкестігі бар; 2) сөз басында айтылатын й~ж~дж сәйкестігінен қазақ тілінде ол позицияда ж дыбысы айтылады. Й дыбысы эпизодтық ыңғайда біріккен сөздер құрамында сөз ортасында ғана айтылады: барайатыр; 3) сөз соңында тек с (ш емес) дыбысы айтылады: Тас; 4) қазақ тіліндегі ш қарлұқ тілдеріндегі ч дыбысына сәйкес, с дыбысы ш дыбысына сәйкес қолданылады; 5) сөздің абсолют басында ұяңдардан гөрі қатаңдар жиі қолданылады, бірақ т~д, б~п сәйкестігі сирек те болса ұшырайды; 6) интервокал позицияда т,  қ, к дыбыстары ұяңдайды, бірақ қазақы, қалмақы тәрізді сөздер құрамында ұяңдамай, қатаң сыпатын сақтайды; 7) қазақ халық тілінде мына тәрізді дыбыстар сәйкестіктері бар: а~ы (оңтүстік, Қостанай, Түркіменстан), о~ұ (Оңтүстік, Маңқыстау, Түркіменстан, Қарақалпақстан), й~ж~дж (Шығыс Қазақстан, Шу бойында). Бұл сәйкестіктер көбіне бір тіл құрамында ғана емес, тілдер арасында кездеседі.

         Қазақ тілі фонетикалық жүйесінің біраз ерекшеліктері әр түрлі дәуірде басқа мәдениеттермен, тілдермен байланыста болудың, әр түрлі қарым-қатынасқа түсудің нәтижесі іспеттес қалыптасқан.

         Ондай жолмен пайда болған ерекшеліктердің бастылары мыналар: 1) араб-парсы мәдениетінің ықпалымен сөздің абсолют басында, бірінші буында з, ғ, г, ә дыбыстары айтылатын болды; 2) біздің заманымыздың алғашқы жылдарында-ақ Еділ, Жайық төңірегінде мекендеген қазақ тайпаларының Шығыс славяндармен – орыстармен қарым-қатынасының; XVIII ғасырда  Қазақстанның Россия қол астына кіруінің нәтижесінде әбден тұрақты сипат алған байланыстың нәтижесінде орыс тілінің қазақ тіліне әсері күшейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *