Қазақ тілі тарихи грамматикасы

«Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» пәні түркі тілдерін салыстыра зерттеудің нәтижесінде, отандық түркітанудың жинақтаған алғашқы зерттеулер жүйесі ретінде қалыптасты. Бұл пәннің құрамынан екі түрлі саланы ажыратуға болады: біріншіден, барлық түркі тілдерінің түп негізін жобалау, әрбір тарихи дәуірлерде оларға ортақ даму заңдылықтарын ашу сипатындағы зерттеулер. Отандық түркология (дүние жүзілік түркология да) осы сипатты еңбектерден басталады. Олар – түркі тілдері тарихында белгілі ескерткіштерді филологиялық тұрғыдан зерттеу, олардың әрқайсысының бүгінгі түркі тілдеріне қатысы тәрізді мәселелерді  зерттеу арқылы түркі негіз тілдің сипатын жобалау, әрбір тарихи кезеңдерде жалпы түркі тілдерінде болған фонетикалық және грамматикалық өзгерістердің түрлері, тілдік жаңалықтардың  қалыптасу кезеңі және олардың тіл құрылымын қамту дәрежесі, тілдік өзгерістердің этно-географиялық таралушегі т.б.

         Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасының екінші саласы – синхраондық салыстыру, бүгінгі түркі тілдерінің белгілі жүйелер бойынша салыстыра келіп, олардың арасындағы айырмашылықтар тобын белгілеу.

         Қазақ тілінің тарихи грамматикасы түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасымен байланысты. Ең алдымен жалпы түркологиялық зерттеулер болды да, кейін сол зерттеулердің бір саласы ретінде қалыптаса бастады. Жеке түркі тілдерінің әрқайсысының тарихы да ең әуелі осы жолмен пайда болды. Қазақ тілінің тарихы жайлы ғылымның өз бастауын әуелі тарихи-салыстырмалы түркологиядан алды.

         «Тарихи грамматика» «түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасынан» бөлек, дербес пән, ғылым саласы. Тарихи-салыстырмалы түркология жалпы түркілік күйді, тарихтың көне, ескі дәуірлеріндегі оларға ортақ заңдылықтарды түсіндіріп, жеке тілдердің қалыптасу дәуіріне келген жерден қазақ тілінің тарихы басталады. Жалпы түркілік сипат аяқталып, жеке тайпалар мен рулардың халық болып бірігу дәуірінде-ақ қазақ тілінің тарихи мәселелері өз ерекшелігімен бой көрсете бастайды. Бұл түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасының алғашқы саласынан барып туатын айырмашылық. Ал түркі тілдерін синхрондық күй тұрғысынан салыстыру, сол арқылы олардың өзара айырым белгілерін айқындау – бұл тарихи грамматикамен тікелей байланыспайтын сала. Мұндай зерттеу – тілдердің бүгінгі дербестігі, олардың әрқайсысына тән заңдылықтар жүйесі орныққандығы тұрғысынан, яғни жеке, дербес тілдер болғандықтан ғана мүмкін болады. Тарихи грамматика бір тілді диахрондық тұрғыдан түсінуге құрылса, салыстырмалы грамматика тілдер тобын синхрондық тұрғыдан ғана қарастырады.

         Тарихи грамматика өз қорытындыларында, өз зерттеулерінде көне ескерткіштер фактілеріне сүйенеді. Әсіресе тарихи морфология, тарихи синтаксис негізінен көне ескерткіштер фактілерін хронологиялық ретпен қарастырып, талдауға негізделеді. Тарихи грамматика көне ескерткіштер фактілерін ретроспективтік әдіспен динамикада алып, талдау жасап қорытындылайды. Ал «көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» пәні VII ғасырдан XVI ғасырға жалғасатын мұралардың әрқайсысының тілін сипаттауды ғана мақсұт тұтады.

         Қазақ тілі фонетикасы мен грамматикалық жүйесінің тарихи дамуын зерттеуде сүйенетін көздер: көне дәуір ескерткіштері, қазіргі қазақ тілі, қазақ тілі диалектілері, фольклор, ономастика, басқа тілдерден ауысқан сөздер, XVIII-XIX  ғасырларда жазылған әр түрлі кітаптар, қолжазбалар т.б.   

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *