Сөйтіп фузия – түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің морфологиялық құрылысына үлкен із қалдырған процестің бірі, фузия арқылы жеке түбірлер, түбір мен қосымшалар, қосымшалар мен қосымшалар бір-бірімен жымдасып, ажыратып болмастай күйге жеткен. Көп ретте фузияға ұшыраған тілдік элементтер өзінің о бастағы дербестігінен айырылып қалады.
Морфологиялық құрылымның дамуы барысында бір ғана тұлғаның әр түрлі варианттары грамматикалық және мағыналық жақтарынан дифференцияланып, әрқайсысы өзінше, грамматикалық және семантикалық дербес мәнге ие болатын кездері де бар. Қазіргі тілімізде қыстақ, қыстау, бақ, бау, тақ, тау, адыр-айыр, адақтау-аяқтау тәрізді бір грамматикалық классқа жатқанмен, әр түрлі дыбысталатын сөздер бар. Бұлардың бір-бірінен грамматикалық айырмашылығы жоқ. Бар айырма – олардың мәнінде, қазіргі қолданылуында.
Сөздердің белгілі бір морфологиялық тұлғада қалыптасуы кейде аналогия жолымен де болады. Тілді қолданушылардың санасында ұқсас, орайлас сөздердің морфологиялық жағынан ыңғайлас қолданылатын кездері бар. Қазіргі қазақ тілінде жирманшы – жиырмасыншы деген жарыспалы сөздердің пайда болуында аналогияның ізі байқалады.
Морфологиялық тұлғалардың тарихи өзгерісін байқауда фонетикалық заңдылықтардың мәні зор. Дыбыстардың тарихи ауысулары мен сәйкестіктері, редукция және элизия құбылыстары, екпіннің ықпалы т.б. сөздің құрылысына, морфологиялық тұлғаға әсер етпей қоймайтыны айқын. Сонымен бірге, сөз құрамында дивергенция және конвергенция құбылыстарының да ізі кездесіп отырады. Дивергенция, яғни, бір дыбыстың бірнеше вариантқа ыдырауы сөздің немесе грамматикалық тұлғаның да бірнеше вариантта айтылуына негіз жасайды. Дивергендік варианттардың мысалы ретінде қазақ тілінде ертеден сақталып қалған жер-су аттарының құрамындағы кейбір аффикстер мен олардың қазіргі тілде өнімді қолданылатын варианттарын салыстыруға болар еді. Шідерті, Өлеңті, Мойынты тәрізді атаулар құрамындағы –ты//-ті мен қазіргі тілдегі –лы//-лі бір ғана аффикс.
Сөздің, гармматикалық тұлғаларды бойында кездесетін кейбір өзгерістердің себебі – дыбыстардың конвергенциясы. Богородицкий конвергенция деп атаған бұл құбылыс генезисі жағынан әр түрлі топтарға жататын сөздер мен тұлғалардың дыбысталуы жағынан бірыңғай, бірдейлігін білдіреді. Ол баста әр түрлі генезистен тараған, соған орай бір-бірінен өзгеше дыбысталған кейбір сөздер мен тұлғалар дыбыстардың акустикалық заңына негізделіп, бір ғана фонетикалық пішін алады да, сырттай қарағанда морфологиялық бір ұя, бір тұлға тәрізді көрінеді.
Морфологиялық категориялардың ішіндегі ең бастылары – сөз таптары.
Түркі тілдерінің өте көне дәуірінде осы күнгідей сан салалы, жіктелген сөз таптары айқын көрінбеген. Орхон-Енесей жазба ескерткіштерінде қазіргі қазақ тіліндегі сөз таптарының бәрі бірдей кездеспейді. Және барларының өзі де осы күнгі тіліміздегідей дамыған, сараланған дәрежеде емес. Ол тілде бір-бірінен айқын сараланған сөз таптары зат есімдер мен етістіктер. Есімдер тобында басқалардан айқын жігін ашқаны – сан есімдер.
Түбірлердің синкретизмі. Тілдің морфологиялық құрылысының даму ерекшелігі туралы айтқанда бір ескеретін жай – түбірлердің синкретизмі мәселесі. П.М.Мелиоранский Күлтегін ескертішіне байланысты бірсыпыра қосымшалардың есім түбірге де, етістік түбірге де жалғануының себебі сірә түбір атаулының омонимдес болуынан шығар деген ой айтқан. Кейінгі уақытта да түркі тілдеріндегі есім, етістік түбірлердің омонимдігі проблемалық мәселе ретінде жиі сөз болып жүр. Түбірлердің бұл ерекшелігі көбіне контекст құрамында айқындалады. Етістік түбірдің есім мағынасы тұрақты тіркестер құрамында ұшырасады.
Э.В.Севротян келтірген материалдарға негізінде қазақ тіліндегі мынадай ұқсас түбірлерді көрсетуге болады: аң түбірінен қазақ тілінде аңсыз (байқамсыз) сын есім, сол түбірден аңда (кейде аңлау), аңса етістіктері жасалған. Бұлармен түбірлес аңсар сөзі аңсарым ауды тұрақты тіркесінде ғана сақталған. Аңды туынды етістігі – актив сөз. Сол сияқты, аш – етістік, ашық – сын есім (әрекеттің нәтижесі), ашық – сын есім (түсті білдіреді), аш – сын есім. Егер осы келтірілген мысалдарды байырғы түбірлер деп қарасақ, есімдер мен етістіктердің түбір сәйкестігін – бір ғана түбірден (немесе фонетикалық құрамы бірдей түбірлерден) әрі есім, әрі етістік жасалғанын көреміз.