Тарихи этимология

Біздің қазіргі заманғы тіліміз даму барысында қайта құрылған, өзгеріске түсіп, жаңарған жүйелер тобымен бірге, «қайшылықтар», тілдің басқа жүйелік заңдылықтарымен үйлесе бермейтін құбылыстар тобынан тұратыны белгілі. Тіл механизімінің логикалық жетілгендігі соншалық, тіл қолданушылар ондай «үйлеспеушілікті» байқамайды. Тарихи грамматика сондай «үйлеспеушіліктердің» тарихи сырын ашу арқылы тіл жүріп өткен жолды бағдарлайды. Мәселен, қазіргі қазақ тіліндегі қысаң дауыстыларға, -қ, -к дауыссыздарына аяқталатын есімдер (көбіне сын есімдер), құрамында (сөз ортасында) нт, лт, рт, рқ тәрізді сонорлар мен қатаңдардың тіркесі бар екі буынды есім түбірлер, ғ, г, з дыбыстарынан басталатын есім сөздер, барғысы келеді тәрізді күрделі етістіктер т.б. қазақ тілі жүріп өткен жолды мегзейді, оның фонетикалық, грамматикалық құрылымында, лексикалық қорында болған өзгерістерге сілтейді.

         Диалект халықтың бір ғана тобының территориялық, не әлеуметтік тілдік ерекшелігі деп қаралады, ал халық қалыптасқанға дейінгі дәуірде әрбір диалект бір тайпаның, рудың тілі болған. Сондықтан бүгінгі тіл құрамындағы диалектілік айырмашылықтар көбіне тілдің көне дәуірінің біртұтас халық тілі қалыптасқанға дейінгі сипаты болып келеді. Диалектілік айырмашылықтардың бір тобы тілдің кейінгі дәуірлерінде пайда болуы да мүмкін. Соңғы топ әдетте тілдік байланыс, қатынастардың (языковые контакты) немесе экстралингвистикалық факторлардың жемісі болуы әбден ықтимал. Диалектілік ерекшеліктердің осы екі тобы да  тіл тарихын, тілдің құрылымдық тарихын жасау үшін аса қажетті материал болады. Мәселен, диалектілік айырмашылықтар жазба ескерткіштер тілі ерекшеліктерін салыстыратын, сол арқылы тілдік өзгерістер айқындалатын тірек. Диалектілік ерекшеліктердің алдыңғы тобын ескерткіштер тілімен салыстыру арқылы тарихи құрылымдық өзгерістер айқындалса, соңғы тобын салыстыру арқылы тілдің экстралингвистикалық ықпал арқылы дамуы анықталады. Кей мәселелер жөнінде диалектілік ерекшелік тіл тарихын зерттеуде сүйенетін жалғыз ғана көз болады. Мысалы: ж~ш~н: шайқал, найқал, бұл сәйкестіктің арғы түбі й-ге барып тірелетіні айқын, сонда й~ж//ш~н, әлде й~н~ж~ш, о~ұ, арғы түбі у, сонда у~ұ~о; барулы~баратын, барамын екен~барады екенмін; барамыз екен~барады екенбіз, баралы~барайық т.б. Бұндай тұлғалар мен дыбыстық сәйкестіктер қазақ тілінің этногенезін, оның құрамына енген ру-тайпа тілдерін, оның қандай құрылымдық өзгерістерді басынан өткізгендігін айқындайды.

         Тілдің құрылымдық тарихын зерттеп білуде дәйек болатын бір сала – ономастика. Ономастикалық материал тілдің лингвистикалық және экстралингвистикалық даму жолдарының бірлікте болатынын дәлелдейді. Ономастикалық атаулар көбіне тілдің қалыптасқан сөз өзгеру жүйесінің аумағына сыймайды. Олар тілдің даму барысында жоғалып кеткен сөз өзгерту модельдері бойынша жасалған болып келеді не ұмытылып кеткен мағынаны өз бойында сақтауы мүмкін. Мысалы: Ақсу – ақ ~ аққан су: бұл сөздің құрамынан синкретикалық түбір (ақ – етістік және есім) мен сөздің ұмытылған қолданысын (ақ етістік түбірдің есімдерше қолданысын) көруге болар еді. Ономастикалық материалдардың мынандай екі тобы бар: бір тобы – микротопонимдер мен антропонимдер. Микротопонимдер (шабындық, жайлау, қыстау, ұсақ өзен атаулары) мен антропонимдер (кісі аттары т.б.) құрамында өздері пайда болып, қалыптасқан аймақ, өлке тұрғындары тілінің белгілері сақталады. Ондай тілдік айырмашылықтар сол аймақты, өлкені мекендеген ру-тайпа тілдерінің негізгі белгілерін айқындауға мүмкіндік туғызады. Ономастикалық материалдардың екінші тобы – топонимдер. Топонимдер тілдік байланыстың, тілдік ықпалдасудың ерекше бір түрінің куәсы, соның нәтижесі де болып отырады. Мәселен, географиялық атаулар мыңдаған жылдар бойы, сол географиялық аудандағы тұрғындар ауысып жатса да, өзгермей қала беруі ықтимал. Бұл жағдай белгілі бір тілдің тарихындағы субстрат тілді анықтауға бірден-бір мүмкіндік туғызады. Мысалы, Оңтүстік Шығыс Қазақстан түп негізі монғол тілдеріне барып тірелетін атауларға толы. Мысалы: Зайсан, Тарбағатай, Талғар, Түрген т.б. Бұл атаулар осы аймақтың алғашқы тұрғындары (немесе осы аймақта алғаш көшіп-қонып жүргендер) кімдер болғанын анықтайды. Топонимикалық атаулар бір аймақта әр түрлі тарихи-әлеуметтік себептермен әр сипатты мәдени-тілдік топтардың тоғысуының куәсы, нәтижесі де болады. Мысалы, Қырым түбегінде гректер, осман түріктері, қыпшақтар мен оғыздар, кейін орыстар мен украиндықтар орнығып, мекендеді.

         Тарихи грамматикалық зерттеу, сондай-ақ басқа тілдерге ауысқан сөздерге және басқа тілдерден қазақ тіліне ауысқан сөздерге де негізделеді. Қазақ тілінен басқа тілдерге сөз ауысудың екі кезеңін айтуға болар еді: бірінші кезең қазақ халқы қалыптасқанға дейінгі дәуірлерде жеке ру, тайпа тілдерінен басқа тілдерге ауысқан сөздер. «Игорь полкі туралы сөздің» тілін зерттеуші түрколог Менгес сол заманғы шығыс славян тілдеріне ықпал жасаған тілдердің бірі қыпшақ-половец тілі екенін айтады. Науаи «Екі тілдің айтысы («Мухакамат әл-лұғатайин») атты еңбегінде келтірілетін, парсы тілдеріне ауысқан түркі сөздері. Ол сөздердің көпшілігі-ақ бүгінгі қыпшақ тобына жататын тілдерде, әсіресе, қазақ тілінде өзгеріссіз айтылады. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *