Тілдің морфологиялық құрылымының тарихи даму оның туыс тілдер матеиалдарымен, тілдік тарихи ескерткіштер фактілерімен салыстырып зерттеу арқылы ғана емес, сол тілдің өз құрамында қалыптасқан тілдік элементтерді зерттеу арқылы да ашылады. Қазіргі қазақ тілінің осы күнгі морфологиялық құрылымының бүгінгі қалыпқа жету жолын да аталған әдістерді қатар қолдана отырып зерттегенде ғана айқын түсінуге болады.
Егер қазіргі қазақ тілінің фактілерін тарихи ескерткіштер фактілерімен салыстырсақ, онда бүгінгі тілімізде негізгі, я алғашқы түбір делініп жүрген біраз түбір сөздердің өзін алғашқы түбір мен өлі қосымшаға айыруға болатынын көреміз.
Морфологиялық элементтердің динамикалық дамуын қарастырғанда белгілі бір тілге тән тұлғаларды, мүмкіндігіне қарай, көне заман ескерткіштері фактілерімен де, туыс тілдер фактісімен де салыстыра қарау қажет.
Тілдің морфологиялық құрылысының даму кезеңдерін білуде жергілікті ерекшеліктерді әдеби тіл нормаларымен, көне дәуір ескерткіштерімен және туыс тілдер материалдарымен салыстырып қараудың маңызы зор. Бұл тұрғыда мына жай еске алынады: жергілікті ерекшеліктер барлық жағдайда тілдің көне дәуірінің қалдығы бола бермейді. Олардың едәуір бөлігі кейінгі кезеңдерде көрші халықтармен жиі қарым-қатынас жасап, араласудың салдары болуы да мүмкін. Алайда, мына жай да ескерілуі тиіс: халықтың этникалық негізі көптеген ру-тайпалардан құралғандықтан, қазіргі уақытта кейде оғыз тілдерінің белгісі, қарлұқ тілдерінің элементі деп жүргендердің біразы-ақ халықтардың құрамына енген сол тайпалар тілдерінің қалдығы болуы да мүмкін. Сол себептен де жергілікті говорларда кездесетін бірсыпыра грамматикалық (морфологиялық) ерекшеліктердің тіліміздің морфологиялық құрылымының тарихи даму жолдарын зерттеуде бағалы материал болуы әбден ықтимал жай.