Өнімнің сапасын бақылап қабылдау статистикалық әдістерінің  түрлері

 

 

Өнімнің сапасын бақылап қабылдау статистикалық әдістері сандық, сапалық және альтернативалық сипаттар бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

Сандық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау барысында бақыланатын параметрдің мәндері анықталады, соңынан алынған мәндер бақылау  нормативтерімен салыстырылады, нәтижесіне байланысты бақыланатын жиынтық немесе процесс туралы шешім шығарылады.

Сапалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау барысында әр тексерілген өнім бірлігі белгілі топқа енгізіледі, соңынан әртүрлі топтарда жинақталған өнім бірліктерінің өзара қатынасы бойынша  бақыланатын жиынтық немесе процесс туралы шешім шығарылады. 

Альтернативалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау барысында әр тексерілген өнім бірлігі жарамды немесе жарамсыз категорияларына енгізіледі, соңынан таңдамадан табылған ақауы бар өнім бірліктерінен табылған ақаулар санын немесе өнім бірлігіне келтірілген ақаулар санын бақылау нормативімен  салыстырылады, нәтижесіне байланысты бақыланатын жиынтық немесе процесс туралы шешім шығарылады.

Өнім сапасын  сандық сипаты бойынша бақылап қабылдаудың ерекшелігі – сапаны альтернативалық сипаты бойынша бақылауға қарағанда таңдаманың көлемі азырақ алынады, өнімнің сапасы туралы көбірек ақпарат береді, сонымен бірге қате шешім қабылдау қауіпі бірдей болады. Мысалы, біз электрлік конденсатордың кедергісін өлшеп, оның мәні 1780 Ом деп таптық дейік. Бұл жерде біз конденсатордың сапасы туралы оның кедергісі шекті берілген мәннен төмен екендігіне қарағанда көбірек ақпарат аламыз. Сандық сипаты бойынша бақылау өнімнің әр бірлігінің сапасы туралы көбірек ақпарат беретіндігінен, таңдаманы толық бақылау тұтас бақыланатын партия бойынша көбірек ақпарат береді. Практикада бұл ерекшелік таңдама немесе сынаманың көлемін альтернативалық бақылауға қарағанда азайту арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты өнімнің сапасын бақылау немесе сынау қымбатқа түсетін жағдайларда сандық сипаттар бойынша бақылау дұрыс болып табылады.

Сандық сипаты бойынша бақылау кезінде тексерушінің алдында өнімнің сапалық көрсеткішінің шекті мәнінің болуы және осыған байланысты өнім партиясын қабылдау немесе қабылдамау сияқты проблемалар тұрмайды. Ол жай ғана өлшегіш аспаптардың көрсеткен мәндерін журналға жазып отырады. Бұдан соң таңдаманың орташа арифметикалық мәні есептеледі және оның рұқсат етілген шектен шығу-шықпауы бағаланады және бақылау нормативімен салыстырылады.

Сапалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау сандық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдаумен салыстырғанда бірқатар жақсырақ болып табылады. Негізгі ұтымды жері – сапалық сипаты бойынша бақылау өнімнің партиясын бақылау нәтижесінде өнім бірліктерін жарамды және жарамсыз деп бөліп қана қоймай, оларды категорияларға, сорттарға, кластарға, сапа топтарына бөлуге мүмкіндік береді. Сапалық сипаты бойынша статистикалық бақылауды қарапайым өлшеу құралдарын, мысалы шекті калибрлерді, сонымен қатар күрделі өлшеу құралдарын, оның ішінде автоматты өлшегіш аспаптарды қолдану арқылы жүзеге асыруға болады.

Альтернативалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау өнім бірліктерін бақылау оларды жарамды және ақаулы (жарамсыз) өнімдерге, яғни екі топқа бөлу арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан альтернативалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау сапалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдаудың бір түрі болып табылады және өлшеу құралдарының қолданылуымен жүзеге асырылады.

Бұл әдісті альтернативалық деп атау бақылаушы өнімнің жеке бірлігін қабылдау немесе қабылдамау туралы шешімді тікелей бақылау процесінде шығаруы керектігінмен (альтернатива тұрғанымен) байланысты. 

Альтернативалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау кезінде бақылау нормативі болып қабылдау немесе бракқа шығару сандары табылады. Бұл сандар ГОСТ 18242 мемлекетаралық стандартында берілген кестелерден алынады.

Қабылдау саны деп өнімнің партиясын қабылдау үшін критерий болып табылатын, таңдамадағы ақаулы өнім бірліктерінің максимум санына немесе 100 өнім бірлігіне келетін ақаулар санына тең бақылау нормативін айтады.

Бракқа шығару саны  деп өнімнің партиясын бракқа шығару (қабылдамау) үшін критерий болып табылатын, таңдамадағы ақаулы өнім бірліктерінің минимум санына немесе 100 өнім бірлігіне келетін ақаулар санына тең бақылау нормативін айтады.

Өнімнің сапасын альтернативалық сипаты бойынша статистикалық бақылау сандық сипаты бойынша бақылаумен салыстырғанда таңдаманың көлемі көбірек болуын талап етеді, азырақ ақпарат береді. Екі әдісте де қате шешім қабылдау қауіпі бірдей болады. Бұған қарамастан, альтернативалық сипаты бойынша бақылау практикада жиі қолданылады.

Оның себептері:

— әдіс жеңіл орындалады, біліктілігі жоғары мандардың болуын, көп уақытты, күрделі өлшегіш аспаптарды, көп мөлшерде материалдық шығындарды талап етпейді;

— таңдаманы бақылау нәтижелері бойынша өнімнің бақыланатын партиясы туралы шешім шығару үшін көптеген жазу мен есептер жүргізуді талап етпейді;

— бақылаудың бұл әдісі таңдамадағы өнім бірліктерін бірден жарамды және ақаулы деп бөліп тастауға мүмкіндік береді.

Жарамды өнім деп барлық қойылатын талаптарды қанағаттандыратын өнімді айтады. Ақаулы өнім бірлігі (ақаулы өнім) деп бір де болса ақауы бар өнім бірлігін айтады. Ақау — өнімнің тағайындалған талаптарға сәйкессіздігінің әрқайсысы.

Ақаулық деңгейі. Өнімнің бақылауға түсетін партиясында технологияның немесе өндіру процесінің ерекшеліктеріне байланысты ақаулы өнім бірліктері кездесуі мүмкін. Ақаулы өнім бірліктерінің үлесі ақаулық деңгейімен сипатталады. Ақаулық деңгейі неғұрлым төмен болса, өнімнің сапасы соғұрлым жоғары болып табылады. Ақаулық деңгейі деп өнімнің 100 бірлігінен табылатын ақаулы өнім бірліктерінің санын айтады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *