Халықаралық жастар күні

БҮГІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІ

12-тамыз Халықаралық Жастар күні. Аталмыш айтулы күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы, Жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы негізінде бекіткен.
Баршамызға белгілі, жастық шақ адам өмірінің ең маңызды, ең қымбат кезеңі, ең биік шыңы. Адамның бүкіл өмірі, оның осы жастық кезеңіне тікелей тәуелді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар тақырыбы төңірегінде өзінің сұхбаттарында, мақалаларында әрдайым атап өтеді. Президенттің «Абай және XXI Қазақстан», «Абай-рухани реформатор» атты мақалаларында қазақ халқының бас ақыны Абай мұралары арқылы жастар тәлім алып, Абай тұлғасы және оның өшпес рухани мұрасы — ой-бағыт алатын темірқазық іспеттес болу керектігі жөнінде ерекше атап өтеді.
Сонымен қатар, мемлекет еліміздің жастарын қолдауға ерекше баса назар аударылып келеді. Соның бір көрінісі ретінде «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі – Президенттік кадр резервін жасақтауы еді.
Қазақ халқының қаhарман батыры Бауыржан Момышұлы: «Жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашанда әзір болу керек», деп жастық шақты, оның ішінде жиырма жасты тарихи ерліктер жасайтын жасқа қосқан.
Осыған дәлел ретінде Отан тарихындағы бірнеше тарихи тұлғаларға тоқталып кететін болсақ, хан Абылай, тұңғыш географ-ғалым Ш. Уәлиханов, Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары, 1941-1945 жылдары ерліктің үлгісін көрсеткен батыр Әлия мен Мәншүк және өзге де батырларымызды, Сидней олимпиадасының чемпионы Б.Саттарханов, мәнерлеп сырғанаудың майталманы Д.Тен және т.б. тарихи тұлғаларымыз өз ұлтының ұлы мұратын мақсат тұтып, тарихи ерліктер жасап, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге қалдырды.
Қазіргі күнде өзінің дауысымен әлемді тамсандырып, жаhан әлемін қазақша сөйлеткен Димаш Құдайбергеннің алатын орны өте зор.
Қорытындылай келе, Алаш елінің ұрпағы әрқашанда бабалар жасаған тарихи ерліктерді қай заманда да жасауға әзір екендігіне сеніміміз мол. Қорытынды ойды белгілі Алаш зиялысы Мағжан Жұмабаевтың мына өлеңімен аяқтауды жөн көрдік:
«Мен сенемін жастарға,
Алаш туы аспанға
Шығарар олар бір таңда».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *