Ұлттық музыка халқымыздың баға жетпес құндылығы. Ежелден бері атадан балаға мұра болып, сан ғасырлық тарих қойнауынан өтіп, бүгінде жоғалмай, өлмей осы күнге жеткен асыл қазынамызды, біз де ары қарай өсіп келе жатқан ұрпаққа мұра ғып жеткізуіміз керек. Бұл біздің жер бетінде қазақтай елдің өмір сүретінінің айқын дәлелі. «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек», – бұл Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтқан сөзі болатын. Елбасы сөзінің астарына үңілсек үлкен мән жатқанын байқаймыз. Бүгінде эстраданың дәуірлеп тұрған заманында, ұлттық музыканың заман көшінен қалыс қалып бара жатқаны да ақиқат. Алайда 20 ғасырға дейін жазбасыз түрде дамып ауыздан-ауызға, ғасырдан ғасырға, әкеден балаға, ұстаздан шәкіртке мирас болып келе жатқан ұлттық төл өнерімізді бүгінгі таңда өшірмей заман ағымына сай өңдеп, нақыштап айтып орындап жүргендер де баршылық. Олар Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Естай, Ыбырай, Нартай, Мәди, Мұхит, Абай сынды музыка мәдениетіміздің шоқ жұлдыздардың ізін жалғаған Қайрат Байбосынов, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова және т.б көптеген өнер майталмандары. Көшпелі қазақтың тарихы, өмір кезеңі, бастан өткен қиыншылықтары, соғыс күндері, жаугершілік заман, бейбітшілік күндері, осының барлығы ұлттық музыкадан көрініс береді. Мысалы, халық шығармашылығының сүйікті жанры, батырлық және лирикалық-тұрмыстық эпостар «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар», «Қыз Жібек», «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік және Кебек» жырларын айтуға болады. Бұлар қазақ тарихына қатысты нақты оқиғаларды аңыз, мифологиялық түрде жеткізеді. Мыңдаған жолдан тұратын мұндай эпикалық шығармалар ұлттық аспаптарымыз – қылқобыз бен домбыра арқылы орындалған. Домбыра – қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Оның пайда болуы туралы мынадай қызықты аңыз бар. Бірде жаумен күресіп, ұзақ жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан батыр жолай кездескен ауылға тоқтап, демалмақшы болады. Жар жағасындағы көлеңкеге барып жайғасқан батыр ағаштың бөлігін кесіп алып, оған аттың қылын тартып, өзі жасаған аспаптан дыбыс шығармақшы болады. Бірақ аспап дыбыс бермейді. Оны батыр қасына қояды да, ұйықтап қалады. Бір кезде оянса, аспаптан өздігінен дыбыс шығып жатыр екен дейді. Аспапты қолына алып қараса, домбыраның басына, шектің астына салынған ағаш кертпені көреді де, мұны шайтанның ісі деп шешеді. Сонан бері, халық арасында бұл «шайтан тиек» деп аталып келеді. Домбыра – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Қаншама жыршының, қаншама күйшінің толғауларына арқау болған осы киелі домбыра. Ғалым Александр Ефимович Алекторов – «Қолдан істелген екі ішекті домбырадан мұндай нәзік, мұндай әсем дыбыстар шығады дегенге мен еш уақытта сенбеген болар едім! Егер де мына қарапайым жаныңа тиетін әнді өз құлағыммен естімеген болсам, мен оның ызыңдаған жаратылыс үнімен ұласатын күшіне де сенбес едім» деп бекер айтпаса керек! Бүгінде қара домбыраның үнімен әлемді таңғалдырған небір күйлер ерте заманда пайда болған. Домбыра арқылы құстардың, аңдардың, жануарлардың бейнесіне жан бітіп, көшпелі қазақтың рухани өмірі өрнектеліп отырған. Мұндай күй топтарына – «Аққу», «Қаз», «Нар», «Ақсақ қыз», «Ақсақ құлан», «Жорға аю», «Зарлау», «Жетім қыз» және т. б. күй-аңыздар жатқызылған. Домбырамен қатар төл өнеріміздің тағы бір сипатын беретін аспап – қылқобыз. Екі шекті 40-қа тарта аттың ұзын қылы керілген ысқышы бар аспап. Қоғамда қылқобызға қатысты түрлі пікірлер бар. П.Паллас: «Оның даусы аспаптың шегін аттың жалынан керілген қылдан тартылған еспе ысқышпен үйкелегенде аққудың үніне ұқсас дауыс шығады» — десе, Б. Сарыбаев: «Қобыз үні адам даусына ұқсайтын ащы, зарлы, өксікті үн шығарады» дейді. Дегенмен, қобыз десе бірден еске оралатыны Қорқыт. Қорқыттың аты түрік тектес халықтар арасында әртүрлі аңыздар арқылы жақсы танымал. Қазақ аңызы бойынша Қорқыт – әуен әннің атасы, аңыз – адам, сыбызғы киесі. Аңыз бойынша Қорқыт жастайынан адам өмірінің сонша қысқалығына налып, қашсаң құтылмас ажалға қарсы күрескісі келеді. Өз ойын іске асыру үшін және мәңгілік өмір туралы арман қуған Қорқыт адамдар ортасынан кетеді, бірақ, қайда барса да, оның алдынан көр, өлім шығады: ормандағы құлап, шіріп жатқан ағаш та, даладағы қураған шөп те, тау да, тас та –барлығы Қорқытты өлім күтіп тұрғандығынан хабардар етеді. «Қайда барсаң да –Қорқыттың көрі» деген халық мәтелі осыдан қалған. Мұны тығырыққа тірелгенде, бір нәрсеге жолы болмағанда қолданады. Қорқыт жан-дүниесінің күйзелгенін басу үшін шырғай ағашынан алғашқы қобыз жасайды да, оған шек тартып, азапқа толы ойы мен сезімі осы сыбызғы арқылы шертеді. Жыршының жан дүниесінен өрілген осы сыбызғы сазы бүкіл әлемге таралды, кереңнің құлағына жетті дейді аңыз. Сол ықылым заманнан бері Қорқыт әуені мен қобызы – оның көзіндей, киесіндей халық жүрегінде жасап келеді. Қорқыт өзінің ұрпағына ұлы мұра етіп қобыздық күйлер – «Қорқыт», «Желмая», «Тарғыл тана», «Елім-ай», «Ұшардың ұлуы» сияқты және т. б. шығармаларын қалдырды. Олардың бір бөлігі дыбысты беру сипатымен ерекшеленсе, енді бірі табиғаттың табиғи дауыстарын, өмір, өлім, тұрмыс туралы философиялық ойларды берген. Аздап тарихқа көз жүгіртсек алғашқыда ұлттық музыка 19 ғ. таман ғана өзін шектеген дін мен дәстүрлерден арылып, дербес көркемдік шығарма ретінде дами бастаған. Қазақстанның байтақ территориясында әртүрлі дербес кәсіби композиторлық және орындаушы мектептер пайда болды, әрбір аймақ өз ерекшелігін сақтап отырды. Мысалы, Батыс Қазақстанның территориясы домбыралық төкпе күйді дамыту орталығы болып есептелсе, Сарыарқа аймағы (Орталық Қазақстан) – ән орындау орталығы, оңтүстік-батыс аймақ (Қармақшы ауданы) эпостық жырды баяндаудың бай тәжірибесін сақтаған, ал Жетісу өңірі – айтыс дәстүрін, айтыс ақындарының өнерін дамытады. Ал 20 ғасырдың 30-40 жылдары шығармашылықтың жазба түрінде қалыптасқан жаңа кәсіби композиторлық мектебі құрылды. Европалық түрді таңдау нәтижесінде қазақ опералық өнерінің классикалық шығармалары – Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», А. Жұбанов, Л. Хамидидің «Абай», М. Төлебаевтың «Біржан-Сара» опералары дүниеге келді. Бүгінде ұлттық музыканың қыр-сырын үйрететін, білікті маман дайындап шығаратын түрлі оқу орындары баршылық олар: К. Байсейітова және А. Жұбанов атындағы арнаулы балалар мектебі, Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік Консерваториясы, Астанадағы Ұлттық музыка Академиясы, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры, Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясы, Қазақконцерт, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер Институты және басқа да музыкалық – білім, ғылым және мәдени ошақтары жұмыс істейді. Сонымен қатар жыл сайын біздің тәуелсіз республикамыз төл өнерімізді дәріптейтін «Жігер», «Алтын алма», «Жаңа музыка күндері», «Азия дауысы» халықаралық сайысы, биылғы жылдан бастап «Қаратау сарыны» халықаралық дәстүрлі музыка фестивальдері ұйымдастырылып тұрады. Жазушы Мұхтар Әуезов «..қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі шекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш шекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс – тарих үшін елеулі бұйым», – деген қанатты сөзін қазақ халқының ұлттық музыкасына арнап айтқан болатын. Олай болса ұлттық өнерімізді әрқашан ұлықтайық, ұмытпайық!
Барлық құқықтар қорғалған. EL.KZ белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://el.kz/news/archive/content-23597/