«МЕНІҢ КҮЙЕУІМ БӘРІНЕН ДЕ ЖАҚСЫ ЕКЕН ҒОЙ!»

«МЕНІҢ КҮЙЕУІМ БӘРІНЕН ДЕ ЖАҚСЫ ЕКЕН ҒОЙ!»

Бірде бір имамның алдына арызын арқалаған әйел келеді де:
– Екі жыл бұрын сіз біздің некемізді қиған едіңіз. Енді бізді ажырастыруыңызды сұраймын. Мен енді онымен тұрғым келмейді, — дейді. Имам:
– Ажырасуыңызға не себеп? – деп сұрайды. Әйел:
– Барлығының күйеулері уақытында үйге қайтады, менің күйеуім ғана үнемі кешігіп келеді. Сол үшін үйде күн сайын ұрыс-керіс болады. Тамыр-таныстың, көрші-қолаңның күйеулеріне қарасам, әйелдерін алақанына салып отырғандай, біреуінің ұрсысып жатқанын көрмейсің. Соларға қарасам, өз күйеуіме суып қала беремін. Қашанға дейін ұрсысып жүрмекпіз? – дейді.
Әйелдің сөзіне таң қалған имам:
– Сонда себеп тек осы ғана ма? – дейді.
Әйел:
– Иә, мен мұндай кемшілігі бар адаммен өмір сүргім келмейді, — деп жауап береді. Аз ойланған имам:
– Қалауыңыз сол болса, ажырастыруға болады, бірақ менің қояр шартым бар. Қазір үйіңізге қайтыңыз да, маған дәмді бәліш пісіріп әкеліңіз. Алайда тәттіні пісірерде үйіңізден тұз да, су да, ұн да алмаңыз, барлығын көршілеріңізден сұраңыз. Сондай-ақ, оларға өз өтінішіңіздің себебін жақсылап түсіндіріңіз, — дейді.
Әйел үйіне жетісімен дереу іске кіріседі. Көрші әйелге барып:
– Айман, маған бір шыны су берші, – дейді.
Ол:
– Сендерде су жоқ па еді? Аулада ағып жатқан жоқ па? – дейді.
– Су бар ғой… Мәселе мынада, мен бүгін имамға барып күйеуіме шағым айттым. Бізді ажырастыруды сұрап едім, маған осындай тапсырма берді, — дейді.
Көрші әйел мұны ести сала:
— Сен менің күйеуімді білсең ғой… — деп өз жарын жамандай бастайды. Айманның әңгімесіне қаныққан соң, тұз сұрамақ болып Әсия деген көршісінің есігін қағады. Ол:
– Бір қасық дейсің бе? Тұзың бітіп қалды ма? – дейді.
– Тұз бар ғой… Мәселе мынада, мен бүгін имамға барып күйеуіме шағым айттым. Бізді ажырастыруды сұрап едім, маған осындай тапсырма берді, — дейді.
Әсия оның сөзінің соңын тыңдамастан:
— Оой, сен менің күйеуімді көрсең ғой… — деп барлық өкпе-назын жайып салады. Осылайша қандай әйелге барса да күйеулерін жамандағанын естиді. Ақырында, үлкен дәмді нан пісіріп, имамның алдына қайта келеді:
– Сізге мың алғыс! Менің еңбегімді отбасыңызбен бірге бағаларсыз. Бірақ күйеуіммен ажырасамын деген ойдан бас тартамын, — дейді. Бұға таң қалған имам:
– Айналайын, қызым, неге олай дедің? — дейді.
Сонда әйел шаттанып:
– Менің күйеуім аналардікінен қарағанда әлдеқайда жақсы екен ғой! — деп жауап берген екен…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *