Ағылшын тілінде оқуға үйрету

І Кіріспе

Тақырыптың  өзектілігі: Рухани интеграция дәуірлеген бүгінгі таңда ағылшын тілі — ғаламдық феноменге айналды. Мемлекетаралық байланыстарды нығайту елдердің экономикалық қарқынына ғана  емес, ол руханиятқа, соның ішінде, тілге де тәуелді. Оқыту саласына түбегейлі өзгеріс жүріп жатқан, оқыту әдістері мен оның мазмұны қайта қарастырылып жатқан қазіргі таңда шетел тілдерін оқытудың орны бөлек. 

Қазір шетел тілін  оқыту методикасы ғылым болып  қалыптасып келе жатқанына ешкім  күмән келтіре қоймас. 1930 жылы Е. М. Рыт методикаға алғаш анықтама берген. Ол: «Шетел тілін оқыту методикасы салыстырмалы тіл білімінің тәжірибелік айқындауышы», — деп баға берген.

Әдістеменің ғылым ретінде  сипат алуындағы алғашқы бағыттар Б.В.Беляевтің есімімен ұштасады. Ол әдістемені қолданбалы психология саласына теліді. Алайда, аудитория жұмысына сай іс әдістерін қолданудағы айырмашылықтар, материалдарды сараптау — методиканың басты мәселесі болған. Сондықтан әдістеменің бұл анықтамасы кең жайылған жоқ. Педагогика мен методика үйретуде бір ғана нысанға ие. Ол – оқыту процесстері, тәрбиелеу, оқытудың мақсат-міндеттері, сабақтың мазмұны. Мұның ішінде біртұтас болып қалған педагогикалық ғылым ретіндегі әдістемеге берілген анықтама. Методика — өз алдына ғылым. Оның зерттеу әдістері мен өзіне тән заңдылықтары бар. Оған берілген нақты анықтама мынадай: «Оқыту методикасы – оқыту жүйесін, тәсілдерін, заңдылықтарын, мақсаты мен мазмұнын зерттейтін, сондай-ақ шетел тілі материалы арқылы оқу-тәрбие үрдістерін үйрететін ғылым».

Заман ағымына қарай  тікелей әдіске енгізілген өзгерістер педагогикада туындаған прогрессивті идеялармен терең байланысты. Көп ұзамай шетел тілдерін оқытудың салыстырмалы әдісі қалыптасты. Бұл әдіс бойынша шетел тілін үйрету ана тілімен салыстыру негізінде жүргізіледі. Осы тәсілдің негізін қалаған — педагог ғалым Л.В.Щербу. Мұның ізін ала тікелей және салыстырмалы әдістерді қиыстыру арқылы аралас әдіс пайда болды.

Қазіргі таңда байланыс пен шығармашылық оқытуға негізделген  коммуникативті-бағдарлау әдістемесінің  орны бөлек. Қоғамымыздың өрлеп кемелденген заманында ғылымның шоқтығы биікке көтеріліп, оның сан алуан салалары елеулі табыстарға жетуде. Осындай ғылыми салалардың бірі – шетел тілін оқыту әдістемесі. Осыған сай шет тілін меңгеру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында.

Өздік жұмыстың мақсаты: Ағылшын тiлi сабақтарының басты мақсаты — шәкiрттерге өз елiнде басқа пәндерден, күнделiктi өзiн қоршаған ортада, қоғамнан алған бiлiм, бiлiк дағдыларына қоса басқа елдердiң тыныс-тiршiлiгiнен хабардар болып, мағлұматтар алып, жеке бас тәжірибесiн жетiлдiре түсуге көмектесу. Ағылшын тiлiн үйрену баланың өз бетiнше бiлiм алуына, интермәдениет коммуникациясын бойына сiңiруіне септiгiн тигiзедi.

Өздік жұмыстың міндеттері:

— ағылшын тілі және оны оқытудың әдістерін анықтау;

— ағылшын тілін оқытудың қазіргі замандық әдістемесін енгізу;

— ағылшын тілінде ертегіні үйрету әдісін қалыптастыру;

— ағылшын тілінде ертегіні оқытудың әдістерін дамыту.

Зерттеудің  ғылыми болжамы:

Егер ағылшын тілі мұғалімдері оқушыға тілді меңгерту барысында  мультимедиалық-инновациялық технологиялар негізіндегі заманауи әдістерді қолданса, онда тіл үйренушілердің тілдік ұғымын қалыптастыруы жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. Өйткені қазіргі технология жетістіктері тілдерді тиімді меңгеруге, тілдік ерекшеліктерді ойдағыдай қабылдауға жол ашты.

Өздік жұмыстың  ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні:

— мектеп оқушыларына  шет тілін меңгертудің принциптері  теориялық тұрғыдан негізделді;

— мектеп қабырғасынан-ақ  арнайы ағылшын лингвистикасына  бейімдеу жолдарын жүйелеу, логикалық  талдау, салыстыру, сұрыптау әдістері арқылы қалыптастырудың әдістемелік негізі жасалды.

Өздік жұмыстың дәлелділігі мен негізділігі:

Қорытындылардың әдіснамалық  және теориялық қағидалар арқылы дәлелденуімен, зерттеудің ғылыми ақпаратының  мазмұнына сай болуымен, кешенді әдіс-тәсілдердің пайдаланылуымен, ұсынылып отырған әдістеменің тиімділігімен, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін тәжірибелік-эксперимент жұмысы арқылы тексеру және практикаға енгізумен қамтамасыз етілді.

Өздік жұмыстың  әдістері мен тәсілдері. Зерттеу барысында жинақтау, сипаттау, жүйелеу, салыстыру, дедуктивті-индуктивті тұрғыдан жіктеу, талдау, қорытындылау әдіс-тәсілдері кеңінен қолданыс тапты.

Өздік жұмыстың құрылымы: Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Бөлімдердің атауы, құрылымы және мазмұны жұмыстың тақырыбына, мақсатына және міндеттеріне сәйкес келеді.

 

 

ІІ Негізгі бқлім

2.1 Ағылшын  тілі және оны оқытудың әдістері

 

Ағылшын тілі — Үнді-Еуропалық  тілдер жанұясының батыс герман тобына жататын тілі. Герман тобына ағылшын тілінен басқа неміс, норвег, швед, нидерланд және өзге де тілдер жатады. Ағылшын тілі ежелгі тіл болып есептеледі, ол қазіргі Ұлыбритания аумағын ежелден басып алған Англо-Саксондардың тілі, бірақ жауланған келттердің тілдері әсерін тигізген.

Осыдан 300 жыл бұрын  ағылшын тілінің жалғыз ғана нұсқасы  болған еді. Ол алғаш Британияда қалыптасты. Бұдан соң ағылшын тілі Америка, Австралия, Жаңа Зеландия, Индия, Азия және Африка халықтарының ортақ  тіліне айналды. Бірақ, осы аталған елдерде ағылшын тілі әр түрлі деңгейде дамыды, жетілді, толықты, байыды. 

Ағылшын тілі — дүниежүзілік тіл немесе халықаралық тіл. Бірақ, алғаш рет отарлауды бастаған голландықтар мен испандықтар. Ал, олардың  тілі неге әлемдік тілге айналмады? Өйткені голландықтар «біздің тіл көркем, әуезді, сендер грамматиканы білмейсіңдер, тілді бұзасыңдар», – деп отар елдерді өз тілінде сөйлетпей қойған. Ағылшындар «қалай сөйлесеңдер де өздерің біліңдер, біз ақпаратты түсінсек болды», – деген. Ағылшын тілінің грамматикасы екі септіктен тұрады. Сондықтан сөйлеуі — жеңілдеу, бірақ жазылуы — күрделі.

Ұлттық география қоғамының  деректері бойынша әлем халықтарының 70 проценті бар болғаны қырық  тілде ғана сөйлейді екен. Әлемдегі ең көп тараған әрі қытай тілінен кейінгі халық саны бойынша ең көп пайдаланатын тіл — ағылшын. Ағылшын тілі Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Жаңа Зеландия, Аустралия және басқа елдерде ана тілі болып есептеледі. Одан басқа көптеген мемлекеттердің ресми тілі болып саналады. Қазіргі қоғамда «ең сәнді» болып келетін ағылшын тілінің Америкалық ағылшын, Канадалық ағылшын, Австралиялық ағылшын, Жаңа Зеландиялық ағылшын секілді түрлерінен басқа отыздан астам диалектілік түрлері бар. Бірақ олар бір-біріне ұқсамайды.

Жуықта елімізде Мемлекет Басшысының жетекшілігімен «тілдердің үш тұғырлығы» тұжырымдамасы әзірленді. Өз мемлекетінің тілін білу — әрбір азаматтың борышы. Орыс тілін білу де қосымша дәлелдеуді қажет етпейді, ол Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс тілі бола отырып, ұлтаралық қатынас құралы ретінде маңызды рөл атқарады. Әлемде 250 миллионға жуық адам орыс тілінде сөйлейді. Бүгінгі күні ағылшын тілін оқып-үйрену аса маңызды қажеттілік болып табылады. Өйткені ол, шын мәнінде, әлемдік тілге айналып кетті. Ағылшын тілін меңгермей, жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы айту мүмкін емес. Сондықтан қазір қытайлықтардың өзі де ағылшын тілін бар ынтасымен оқып-үйренуде.

Ағылшын тілі — БҰҰ-ның  негізгі алты тілінің бірі болып  саналады.  

Ағылшын тiлi пәнi мектепте бiлiм, тәрбие берумен қатар жасөспiрiмдердiң жеке бас қасиеттерiн тұлға ретiнде жетiлдiруге, қоғамдағы өз орнын табуға ерекше ықпал етедi.

Ағылшын тiлi пәнiнiң басты  мiндетi — шәкiрттердiң тiлдiк қарым-қатынас  жасай алу бiлiктiлiгiн жетiлдiру.

Ағылшын тілін оқыту  барысында белгілі бір әдістемені қолдану әр түрлі шарттарға байланысты. Ол шарттардың ең бастысы ағылшын тілін оқытудың алдына қойылатын мақсат. Сонымен қатар ағылшын тілін оқып-үйренуге бөлінген уақыт, сағат саны да белгілі бір әдістемені қолдануға ықпал етеді. Шет ел тілін оқып-үйретуде шәкірттердің жас ерекшелігі де әдістеме таңдауда ескерілуге тиіс.

Оқыту шарттарының ішінде оқыту мақсаты аса маңызды  рөль атқарады. Қоғамның дамуы, оның басқа  елдермен саяси, шаруашылық және өзге де байланыстары шетел тілін оқытудың мақсаттарын анықтауға тікелей әсер етеді.

Осы замандық ағылшын  тілін оқыту әдістерін салыстыра  сипаттау өте маңызды. Өйткені, пайда  болған әрбір жаңа әдістің артықшылығы  мен кемшілігі болуы заңды.

  Сондай-ақ салыстыра сипаттау оқытушының таңдауы үшін де маңызды. Әдістердің түрі — сан алуан. Бұл тәсілдердің өзгешеліктерін білмей отырып, оны таңдау қиынға соғады. Сондықтан да ағылшын тілін оқыту әдістемесіне сипаттама беру — тым өзекті. 

Аталмыш зерттеудің міндеттері бүгінгі ағылшын тілін оқыту  әдістерінің негізін салған басты принциптерінен дараланып шыққан. Оқыту әдістері: Логикалық ойлау; Сатылау; Рольдік ойындар; Тізбектеу әдісі; Мәдени қарым-қатынас; Проблемалық оқыту; Медиация; Проекттілік (жобалау) әдісі; Миға шабуыл; Анализдеу; Пікір таластыру; Шығармашылық қалыптасу әдісі;  Болжау; Интерактивті әдістер; Көру, есту кинестетикалық; Коммуникативтік, Тандем, Витагендік әдіс, Іс-әрекеттік және аралықтан (қашықтан) оқыту әдісі.  

Адамзат тарихында білім  берудің әр алуан әдіс-тәсілдері  әзірленген. Шетел тілін оқытудың жолдары алдымен оқу мен аудармаға лайықталған білім беру процесі аясындағы латын және грек тәрізді «өлі тілдерді» оқыту үшін әзірленген бағдарламалардан алынды. 

Мұндай әдістің негізі XVIII ғасырдың аяғында қаланып, XX ғасырдың бел ортасында «Grammar-translational method» (грамматикалық-аударма әдісі) атауымен ресімделді.

Жоғарыдағы әдіске сай, тілді меңгеру үшін грамматика мен  сөздікті меңгеру қажет болды. Ал мұны жетілдіру процесстері бір  грамматикалық құрылымнан келесіге қарай бағытталған қимыл деп пайымдалды. Сөйтіп, осы тәсілмен оқытуды жоспарлаған оқытушы, алдымен қандай грамматикалық құрылымды баяндауды ойластырады. Одан соң сол тақырыптарға орай жеке сөйлем мәтіндері жинақталады. Бұдан соң олардың аудармасы қамтылады, алдымен – шет тілінен ана тіліне, кейін – керісінше.

Қолданысқа ертеден  кіргеніне қарамастан, бұл әдістің  өзіне тән артықшылықтары бар. Біріншіден, ол грамматиканы жетік меңгеруге  жол береді. Екіншіден, бұл тәсіл — тілді грамматикалық формулалардың  қосындысы іспетті қабылдайтындарға, логикалық ойлау деңгейі тым жоғары жетілген азаматтарға әбден ыңғайлы. Шетел тілін үйретудің осы тәсілі 50 жылдардың аяғына дейін үстемдік етіп келді. Айта кететініміз, барлық данышпандар мен феноменальді білікті аудармашылар қазіргі кезеңге дейін осы әдіспен оқып үйренді.

50 жылдардың орта тұсында  бұл тәсіл лингвистердің заман  ағымына қарай қалыптастырған  талабына толық жауап бере  алмады. Соның нәтижесінде сан  алуан әдіс-тәсілдер дүниеге келтірілді. Солардың бірқатарын сипаттап көрелік:

60 жылдары пайда болған  «Silent way» (үнсіздік әдісі) атауына  лайық, бұл әдістің ағылшын  тілін игертудегі принципі —  тіл  үйренушіге кедергі келтірмеу  әрі оған оқытушының көзқарасын  араластырмау. Осы әдістеме бойынша  оқытушы бастапқыда еш нәрсе  айтпайды. Сөздің айтылуының кіші деңгейін оқыту барысында ол күрделі түрлі түсті таблицаларды қолданады. Кестедегі белгілер мен түстер белгілі бір дыбысты таңбалайды. Сөйтіп жаңа сөздер таныстырылады. Мәселен, «table» сөзін айту үшін алдымен «т», одан кейін «эй» дыбысының белгісі саналатын квадрат көрсетіледі. Осылайша, квадраттар мен түрлі таяқшалар арқылы жасалған сабақтағы манипулиямен оқыту ісі өз мақсатына сай ілгерілей береді.

Аталған әдістің артықшылықтары неде? Оқытушының тілді білу деңгейі  оқушының тіл білу деңгейіне ықпал етпей, сөйте келе тілді оқушының оқытушыдан артық меңгеріп кететін кездері болады. Бұдан бөлек, оқу процесінде оқушы еркін сөйлеп үйренуге мәжбүр болады. Осы тәсіл жоғары технологияға құмар жандарға тым қолайлы.

Келесі тағы бір қызықты әдіс «Total-physical response» (физикалық сезіну әдісі) деп аталады. Бұл әдістің негізгі ережесінде айтылғандар: Өзіңіздің белгілі бір себептермен өткізіп алған нәрселеріңізді түсінудің қажеті жоқ. Осы теорияға сай оқушы алғашқы сатысында ештеңе айтпайды. Алдымен, ол жеткілікті деңгейде білім алуы керек. Алғашқы жиырма сабақта оқушы үнемі ағылшын сөздерін тыңдайды. Ол не оқыса да, оқығаны жөнінде тіс жармайды. Содан соңғы оқу процесі — оқығанын не тыңдағанын қимылмен сезінетін кез. Физикалық қимылдарды білдіретін сөздер арқылы барлық сөздерді меңгеруге мүмкіндік туады. Мәселен, «тұр» деген сөзді түсініп, барлығы орындарынан тұрады, «отыр» дегенде олар отырады. Оқушы біраз мәлімет жиғанда барып (алдымен тыңдады, сосын қозғалыста болды), ол сөйлеуге дайын бола бастайды. Бұл әдістің басымдығы, оқушы үйрену процесінде өзін өте жайлы сезінеді. Керекті эффект адамның алуға тиісті ақпаратын жіберіп алу есебінен жетіледі. Тағы бір айтарлығы, тілді үйрену үрдісінде келтірілген тәсіл бойынша оқушылар бір-бірімен қарым-қатынас жасай алады.

Ойға шому («Sugesto pedia») деп аталатын әдіске де көңіл бөлген орынды. Бұл тәсіл 70 жылдары қолданысқа енді. Бұл әдіске сай, ағылшын тілін  мүлдем басқа адам бола отырып (әсіресе, үйрену кезеңінде) ұғынасың. Осындай  жолмен тіл үйрену барысында топтағы барлық оқушылар өздеріне жаңа есім таңдап, жаңа өмірбаян ойлап табады. Осының нәтижесінде олар өздерін мүлдем басқа әлемде – зердеге тоқыған ағылшын әлемінде отырғандай күй кешеді, қызықты қиялға беріледі. Мұның бәрі оқып-үйрену процесіндегі кез келген адамның кеңінен көсіле сөйлеуіне әрі оның сөзі тұпнұсқаға барынша ұқсас болуына ұйғарылып жасалған.

Ағылшын тілін үйренудің  келесісі — аудиолингвистикалық әдіс («Audio-lingual method»). Ол 70 жылдардың аяғына қарай келіп қосылды. Оның жай-жапсары келесідей: бірінші кезеңде оқушы фонограммадан немесе оқытушының түсіндірмесінен тыңдағанын бірнеше рет қайталайды. Одан соң, оған бір-екі фразаны (тіркесті) айтуға рұқсат етіледі, ал қалғандары да осы тәріздес қайталаулардан тұрады.

70 жылдары пайда болған тәсілдің бірі – коммуникативтік әдіс. Оның басты мақсаты – әңгімелесушілердің сөздері түсінікті болуы үшін адам баласын бір-бірімен қарым-қатынас жасауға үйрету. Коммункативтік әдіс қазіргі таңда да жұмыс барысында жиі қолданыс тапқан. Осы замандық коммункативтік әдіс — білім берудің әр алуан әдістемесінің даму жолынан өткен, ағылшын тілін үйретудегі бірқатар үлгілі тәсілдердің үйлесімді көрінісі.  

Әдіссіз оқыту процесі  жүзеге асу мүмкін емес. Осы оқыту  әдісі дегеніміз не? Оқыту әдісі – дидактиканың ең басты құрамды бөлігінің бірі. Оқыту әдістері білім берудің мазмұны сияқты, оқытудың жалпы мақсаттарымен және міндеттерімен анықталады. Оқыту процесінің нәтижелі және сапалы болуы оқыту әдістемесінің тиімді шығармашылықпен жүзеге асырылуына байланысты. Ол — мұғалім мен оқушының бірігіп жұмыс атқаруы. Оның арқасында білім, іскерлік, дағдының қалыптасып, оқушының дүниетанымдылығы мен қабілеттілігінің артуы.

Тілді меңгеруде сөздік қордың бай болуы да манызды мәселе.

Ағылшын тілі сабағындағы сөздік қорды дамыту жұмыстары мынадай әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асады. Ол – сұрақ-жауап, сөйлесу, әңгімелесу, әңгіме, түсінігін айтқызу, көрнекілік, аударма, кітаппен жұмыс, мәтінмен жұмыс әдістері. Әр сабақ сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар, түрлі суреттер, кестелер, видео кассеталар, тақырыптар бойынша электронды оқулықтар мен сабақты көркемдеп отырса, оқушылардың сөздік қоры біршама толығады. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Әр түрлі жаңа технологиялар тәжірибеде қолданылуда. Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану білім сапасын көтереді. Тіл үйретудегі ең басты міндет – оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіру. Олардың сөздік қорын дамытуға бағытталған әдістердің жалпы міндеті — сөздің мағынасын дұрыс түсініп, оны өз сөзінде дұрыс қолдану.

  Түсіндіру әдісі  — жаңа сөз,  сөз тіркесі, сөйлемдерді түсіндіруде  қолданылады. Сабақ сайын үйретілетін  жаңа сөздер бойынша, яғни сөздік  жұмысында іске асады. Сондай-ақ  ағылшын тілі грамматикасының  кейбір ерекшеліктері түсіндіріледі.

Көрнекілік әдісі – сабақ  сайын жүргізілетін әдіс. Басқа  тілді үйретуде ең нәтижелі  әрі жиі қолданылады. Көрнекілік  тақырыпқа сай, көзге тартымды  яғни эстетикалық талаптарға  сай әрі екі немесе үш түстен  болуы керек. Бұл әдістің сөздік  қорды дамытуда орны бөлек.

 Келесі әдіс – сұрақ-жауап  әдісі. Бұл — балалардың тілін  дамыту үшін манызды әдістің  бірі. Қай сынып болсын, сабақтың  қай кезеніңде болсын қолдануға  қолайлы. Өте белгілі де тиімді  әдіс.

Практикалык әдіске ойын элементтері  бойынша тіл үйрену кіреді. Дидактикалық ойындар оқушылардың білімін бекітіп, сөздік қорын молайтады. Оқытушы ойынның тәртібін білмейтін балаға үйретеді, түсіндіреді. Оқушылармен түрлі әдеби-музыкалық ойындар өткізу – олардың сөйлеу машығын қалыптастыру үшін қажет. Оқушылар сөйлемді оқығанда сөйлеу дикциясын дұрыс келтіріп үйренеді. Рөлге бөліп ойнайтын ойын баланың ойын өз бетінше тұжырымдап айтуына көмектеседі. 

Интерактивтік әдіс. Интерактивтік  деген сөз энциклопедияда көрсетілгендей, интеракция деген ұғымнан келіп шығады. Ал интеракция жеке индивидтердің, топтың, жұптың өзара біріккен әрекетке бір-біріне кезегімен әсер етуі. Бұл әдіс, әсіресе, сұхбат құруда оқушылардың белсенділігін арттырады. Бірігіп жұмыс істеуге үйретеді. Олардың ізденуін, шығармашылықпен әрекет етуін қамтамасыз етеді. Интеракция кезінде оқушылардың істі ұйымдастыра білу қабілеттері де көрінеді. Интерактивті әдіспен сабақ өткізу кезінде оқытушы кеңесші, серіктес рөлін атқарады. Ал топ белсенді түрде әрекет ете отырып, бірін-бірі қолдау, толықтыру арқылы сұхбат құруға үйренеді. Екі оқушының сұхбатына үшіншісі де араласуына болады. Ол қарсы топтың оқушысы болуы да мүмкін.

Бұл әдістің негізгі мақсаты  – оқу процесінің барлық сатысында  біріккен әрекетке жағдай жасау. Әр оқушы  жеке тапсырмамен жұмыс істей отырып, топ мүддесін ойлауға үйренеді. Әрқайсысы өз міндетіне жауапкершілікпен қарай отырып, ортақ нәтижеге қол жеткізуге ұмтылады.

 

 

2.2 Ағылшын тілін оқытудың  қазіргі замандық әдістемесі

 

Оқыту процесі, әсіресе, тіл үйрету өте күрделі де қиын жұмыс. Ол ақпараттарды жүйелеу мен қабылдаудан, таным мен түсініктен, бақылау мен анықтаудан, өңдеу мен салыстырудан, есте сақтау мен ізденуден тағы басқалардан тұрады.

Оқыту процесі жыл сайын толығып, жаңарып отыратындықтан, қазіргі  тіл үйренушіге қойылатын талап та, жауапкершілік те арта түседі. Соңғы кездері оқушылардың мүмкіндіктерін ашып, белсенділігін арттырып, қызығушылығын оятуға арналған жаңа әдіс-тәсілдер қалыптаса бастады. Ол тәсілдер тіл үйренушінің дербес танымдық белсенділігін арттыратын жаңаша оқыту әдістемесі.

Жаңаша оқыту әдістемесі дегеніміз  – тілді жаңа озық технологиялармен оқыту деген сөз. Ал бұл озық технология бұрыннан келе жатқан әдістерді өңдеу, жөндеу, талдау арқылы жетілдіру, жаңа жолдарды іздестіру, сол бағытпен жұмыс  істеу дегенді білдіреді. Жаңаша оқытудың көздейтін мақсаты – оқыту процесін үйрету емес, тіл үйренушіге ерік беру, таңдау жасату, оған бағыт-бағдар беру, бақылау арқылы оның қабілеті мен мүмкіндігін ашу. Сондай әдістеменің бірі — белсенділікті арттырып оқыту. Бұл әдістемеге рольдік ойындар, өрнектеу (моделирование), диаграмма арқылы тіл үйрету, іскерлік ойындар т.б. жатады. Бұл әдістемені пайдалану кезінде жаңа техника құралдары: аудио-бейне құралдар, әр түрлі көрнекі құралдар, компьютер, лайдпро, кодоскоптар қолданылып, үйренушінің тіл үйренуге қызығушылығын арттырады. Ақпараттар жиынтығын жақсы қабылдайды, белсенділігі жоғарылайды, өз бетінше естігенін, көргенін, байқағанын, бойға сіңіргенін ойда қорытады.

Рольдік ойындарды ойнаған кезде  үйренушінің барлық қабілеті оның іс-әрекеті негізінде беріледі. Оның ойлауы мен іс-әрекеті қатар жүреді. Тіл үйренуші өткен материалдарды қайталау арқылы лексикалық та, грамматикалық та дағды қалыптастырады.

Жаңаша оқыту әдістемелерін  оқытушы өз мүмкіндігінше бұрыннан бар дағды, әдістерді басшылыққа ала отырып, оны түрлендіріп, жандандырып тәжірибеде қолданады. Бұдан ұтатынымыз – тіл үйренушінің танымдық қабілетін дамытуға, әрбір тілдік материалға, қиындықтарға даяр болу мен оны жеңе білу, қарым-қатынас жасай білуіне ықпал етеміз.  

Компьютерлік технология – оқытудың арнайы жиынтығы мен  әдістемесін, әдісін және тәрбие құралдарын анықтайтын технологиялық-педагогикалық  процессті ұйымдастырудың ең тиімді жолы.

Соңғы жылдары ағылшын  тілін оқыту мен білім беруді компьютерлендіруде ақпараттық технологияларды пайдалануға баса назар аударылуда. Қазіргі ақпараттық құралдар – бұл тек спутниктік және кабельдік телевидение, бейне және дыбыстық жүйелер, электронды ойындар емес, сонымен бірге тілді оқытудың жаңа жүйесі, ерекшелігі және тәсілін атқаратын негізгі бағыт болып табылады. Ал қызығушылық дегеніміз – тіл үйренушінің шығармашылық және ойлау қабілетін арттыруға септігін тигізетін ынталылық.

Жаңа ақпараттық технологияларды  пайдаланатын әдістер мен Интернет секілді қазіргі тәсілдер – жеке бағдарламалық бағытта көмегін тигізеді, оқушының қабілетіне қарай оқытудың дифференциациясын қаматамасыз етеді.

Бүгінгі таңда адамзат  өмірінде компьютердің қолданылмаған  жері жоқ. Әр салада компьютерлік технология белсенді қолданылуда, ал интерактивті бағытта оқытушы мен оқушыға көмекші құрал.

Психологиялық тұрғысынан қарағанда компьютермен оқытудың тиімділігі мол. Оқу-әдістемелік жұмысының тиімділігін, практикалық сабақтың қызығушылығын  қамтиды. Егер компьютерлік бағдарлама сауатты құрылса, онда ол оқытушыға уақыт үнемдеуге және үйретудің кейбір тиімді сәттеріне назар аудартуға көмегін тигізеді. Сондай-ақ нұсқаушы – компьютердің арқасында оқушы бойында түйсіну пайда болады. Компьютерлік технологияның тиімділігін арттыру үшін бағдарламада әр түрлі жаттығуларды, ойын элементтерін және ән-музыканы қолдануға болады.

Аталмыш технология –  практикалық сабақты жүйелі ұйымдастыруда  маңызды. Компьютерлік технологияларға  әр түрлі ғылым мен практикадағы арнайы ақпараттық әдістер, тақырып  бойынша лексика-грамматикалық жаттығулар жатады.

Соның ішінде, үйрету технологиясында  қарастырылған үйрену мен дағдылану  әрекеттерінің қалыптасуы әр сабақта  қолданылады:

Ойлау қызметін жинақтап қорыту;

Практикалық іс-әрекет пен  ойлаудың жылдамдығы;

Ойлау мен еңбектің икемділігі және дербестігі.

Лексикалық және грамматикалық  материалдарды сұрыптау ұстанымдары  анықталып, оны компьютерлік технология бойынша практикалық сабақта  тиімді түрде беру жолдары белгіленеді  әрі бақылау жұмыстарын жүргізуге  болады. Мысалы:

а) сөздің жеңіл-қиындығы мәнін ескеру;

ә) сөздің тіркесу қабілеті;

б) сөздің синонимдік қасиеті;

в) сөз мағынасын түсіндіру  және оны сөйлемде дұрыс қолдану,

г) сөздің мағынасын дұрыс  аудару.

Компьютерлік технология арқылы сөздерді таңдау, іріктеу мәселесімен  айналысуға болады. Оқушы түсінігін кеңейтіп, сөздерді дұрыс қолдануға дағыдаланады және тақырып бойынша ойларын жеткізуде осындай компьютерлік технология пайдалы.

Бұл технологияның ерекшелігі – сөздерді есте сақтап, тез меңгеруге  және байланысты лексика-грамматикалық  материалды арнайы компьютерде дайындау қажет.

Компьютермен жұмыс  істеу өте қызықты. Үлгерімі нашар  оқушының да компьютермен жұмыс істеуге  ынтасы зор болуы ғажап емес. Өйткені, кейбір жағдайда компьютер оның білмегенін көрсетіп, көмекке келеді. Ол оқушының білім сапасын жоғарылатуға, жекелей ерекшеліктерін ескертуге ықпал етеді. Жаттығу жұмыстарын орындау барысында оның жауаптарына машина тура және үздіксіз серпілісті қамтамасыз етеді. Оқушы жұмыс қарқынын өзі ажырата білсе, компьютер оқытудың даралығын жақсартады. Оқушы қанша қате жіберсе де, қатені талдау мен түзетуге уақыты иол болады.

Ең алдымен, компьютер  оқытушыға оқушының өз бетінше жұмысын  ұйымдастыруға жәрдем береді. Ол үшін мынадай жаттығулар мен әдістемелік  тәсілдерді қолдану дұрыс.

Сұрақ-жауап диалогы.

Оқушы сұраққа құрылған лексика-грамматикалық материалдар  негізінде сұрақтарға жауап беруі  керек.

Таңдамалы жауаптармен  жүргізілетін тапсырма. Компьютерге  жауап беру үшін оқушы ұсынылатын нұсқалардың бірін таңдауы қажет.

Еркін құрылған сөйлемдерді  стильдік түзету.

Толықтыруды керек ететін жаттығулар.

Компьютер толықтыруды  керек ететін сөйлем жиынтықтары  мен мәтіндерді ұсынады. Сөздерді аудару үшін көмекші құрал ретінде беріледі немесе компьютер ұсынған жауаптардың  нұсқалары ішінен қажетті сөздер мен сөз тіркестерін толықтырады.

Сөздікті меңгерудегі  өзін-өзі бағалауға арналған жаттығулар.

Асықпай компьютермен еркін  жұмыс істей отырып, оқушының өз бетімен ойлануға дағдалануы, оқу  қабілеті артып, білім нәтижесіне көз  жеткізеді. Тілді меңгеруге деген  ынтасы мен белсенділігі күшейе түседі. Демек, бұл бастаманың біраз ізденістерді қажет ететіні сөзсіз.

Ал тіл үйретудегі басты мақсат – тіл үйренушінің  коммуникативтік компетенциясын функциональдық негізде қалыптастыру. Сабақтың құрылымындағы  жүйелілік, когнитивті компоненттерімен қоса коммуникативтік-әрекеттік әдістеме басым болса, тіл үйренуші екінші тілді нәтижелі меңгереді. Ана тілін қандай мақсатқа, қандай тәсіл арқылы пайдаланса, ағылшын тілін де солай қолдана алады.

Компьютерлік бағдарламалар  күн сайын жетілдіріліп, қарқынды даму үстінде. Компьютер кеңселік құжаттарды әзірлеу үшін ғана емес, сонымен қатар бірнеше күрделі әрекеттерді орындайтын тиімді құрал болып саналады. Компьютердің адам өміріне енуіне байланысты жаңа мәдениет қалыптасуда. Бүгінде әлемдік Интернет жүйесі арқылы ақпарат алып қана қоймай, білім алудың жаңа түрі аралықтан оқыту әдісі пайда болды. Бұл бір қарағанда білім алушы үшін тиімді. Білім алушының өзі тұратын жерден ешқайда шықпай-ақ өз үйінде отырып, дәріс алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ өзіне ыңғайлы уақытта өз бетінше оқуына болады. Аралықтан (қашықтықтан) оқытуға арналған жобалардың көпшілігінде білім берудің қалыптасқан түрі, мысалы, өз бетінше орындауға арналған дәрістік және оқу материалдары, оларды меңгеруге бағытталған тексеруші жаттығулар мен бақылау түрлері берілген. Дәрістер оқушыға компакт-дискілерге, мультимедиалық материалдарға және аудиовизуальдық құралдардағы семинарларда беріледі. Бейне дәрістер мен семинарлар күндізгі оқу түріндегі атмосфераны қамтамасыз етіп қана қоймай, оқушының тақырыпқа бірнеше рет қайтып оралуына мүмкіндік береді. Ол дұрыс түсінбеген тақырыбын өзіне ыңғайлы уақытта игеруіне болады. Оқу үрдісін басқару, ағымдық материалдар бойынша ақпарат алмасу және бақылау жұмыстарының орындалуын тексеру электронды пошта арқылы жүзеге асырылады. Электронды пошта арқылы әр оқушы жеке немесе бүкіл топ болып оқытушымен ақпарат алмаса алады.

Оқу материалы ретінде  оқушыға дәстүрлі оқулықтар мен  оқу құралдары және интерактивті қасиеті шектеулі бейне және мультимедиалық материалдар ұсынылады. Басқаша айтқанда, мультимедия технологиясының көмегімен бейне, мәтін және графика арқылы оқу курсының материалдары жасалады. Аталған бағыттың жаңадан пайда болуына қарамастан аралықтан оқытудың жақсы дамып келе жатқаны байқалады.

Аралықтан оқыту екінші жағынан алғанда тілдік пән үшін тиімсіз. Мұнда жазба тілді меңгеруге арналған бағдарламалар бар. Осыған дейін тілді сырттай оқып үйренуге болатындығы жайында әдіскер ғалымдар арасында пікірталас туған емес. Себебі – тілді үйренуші оны қарым-қатынас құралы ретінде үйренгісі келетіндігінде. Тілді коммуникативті тұрғыда қолдану мақсаты мен талабы адамдардың сөйлеу әрекетімен белгіленеді. Сондықтан білім алудың осы саласы оқу үрдісінде оқытушының үнемі болуын қажет етеді.

Кейбір дәстүрлі, әдістемелік жағынан жетілдірілген телекурс, видеофильмдер өз бетінше тіл үйренушіге аралықтан оқуда қосымша материал ретінде ұсынылады. Өз бетінше тіл үйренуші үшін бұл тиімсіз және тәжірибе көрсеткендей оң нәтиже бермеді. Өйткені тілді ойдағыдай меңгеру үшін интерактивті орта, қарым-қатынастық механизм керек.

Тілді сырттай оқу  бөлімінде үйрену тиімді нәтиже бермейді. Тіл үйренудегі коммуникативтік  әдіс басым тұрған бүгінгі әдістеме ілімі қатысымдық бағыт ұстанған әдістеме оқулықтарды дүниеге әкелді. Ол оқулықтардың мақсаты — тіл үйренушінің тілді қарым-қатынас құралы ретінде пайдалануға үйрету болғандықтан, ол оқытушының қатысынсыз жүзеге асырылмайды әрі тілдік материалдарды толық қамти алмайды. Оның үстіне тіл үйренуші бастауыш топта оқитын болса, мәселе күрделеніп кетеді.

Алайда, аралықтан оқытудың тілдік пәндер үшін болашағы жоқ деп  айтуға болмайды. Тіл үйренгісі келетіндер баршылық. Ол әр түрлі жастағы адамдар  мен мамандық иелері. Сонымен қатар  түрлі мақсат көздеушілердің тіл  үйренуді қалауына қарай жүзеге асады.

Бүгінде шетелдік ғалымдар тіл білімінің фонетика саласы бойынша  мультимедиалық оқулықтарды сараптай келе, арнайы жасалған компьютерлік бағдарламалар  арқылы оқушыға тек тілді үйретіп, оқытып қана қоймай, сонымен қатар  дыбыстар мен сөздерді дұрыс айтуға жаттықтыратын электронды оқулықтар жасауға мүмкіндік барлығын айтады.

Қазіргі ақпараттық технология мен телекоммуникациялардың қарқынды дамуы болашақта компьютер мен  модемді көпшіліктің пайдалануына болатындығын көрсетеді. Сонықтан ағылшын  тілін аралықтан оқытудың жүйелілік бағдарламасын дайындау қажеттігі айқындалады.

Мультимедия технологиясының  көмегі арқылы тек өз бетінше тіл  үйренумен қатар, аралық оқытуды  ұйымдастыруда мынадай қажеттіліктер  туындайды:

Кез келген оқушының компьютерді  пайдалануға мүмкіндігі болуы;

Электронды оқулық тестік жүйемен және тренажермен тілдік деңгейді меңгеруге байланысты құрылуы;

Электронды оқулықтар  оқушыны қызықтыратын тілдік материалды меңгеруге негізделген видеосабақтар  мен қысқа метражды көркемфильмдер, кесте, сызбалардан тұруы. Яғни, анимациялық, мультимедиалық элементтері бар виртуальді оқулық болуы керек;

Оқушылардың тілдік материалды тексеруге негізделген сөйлеу әрекетінің барлық түрін қамтыған жаттығулардың  өз бетінше және жеке үйренуіне болатын  режімде, пайдаланушының талабын қанағаттандыратын болуы тиіс;

Тілдік бірліктердің қолданылуын жаттап алуға мүмкіндік  беретін, грамматикалық материалдардың бірнеше лексикалық материалмен  қолданылуына жаттықтыратын қосымша  оқу құралдарымен (кітап, радио, кино, видео) қамтамасыз етілуі;

Тіл үйрену үрдісінің  бастапқы кезеңінен бастап шығармашылық, қарым-қатынастық, проблемалық мақсаттарды  қойып, онда көрнекі құралдардың (графика, анимация, видео, т.б.) пайдаланылуын  қамтамасыз етілуі керек.

Аралықтан оқыту жүйесінде  оқытушымен үнемі байланыста бола отырып, мультимедиалық оқулықты жетілдіруге болады. Мысалы, гипероқулыққа айналдыруға мүмкіндік туады. Өйткені, онда тілдік әрекеттердің шығармашылық түрі жазу мен сөйлеуді бақылауға мүмкіндік туады.

Бүгінде авторлық мультимедиалық оқулық жасауға арналған компьютерлік бағдарламалар бар. Онда кез келген оқытушы өзінің қалауынша, мемлекеттік стандарт пен типтік бағдарламаға сәйкес мультимедиалық оқулық дайындай алады. Ол үшін тіл үйренудегі компьютердің әдістемелік қызметін айқындайық:

Көмекші қызметі;

Қатысымдық – чат  арқылы тілдесуге болады.

Ұйымдастырушылық-қызықтырушылық – қазіргі уақытта компьютер  адамдарды қатты қызытырады, осының өзі жағымды фактор болып саналады.

Негізгі қызметі;

Ақпарат берушілік –  компьютердің ең тиімді жағы ақпарттты сақтауға және оны өңдеуге мүмкіндік беруі. Сондықтан компьютер тіл үйренуде ақпараттық жүйе ретінде пайдаланылады.

Жаттықтырушы – компьютер  арқылы тіл үйренуде оқушының тілдік материалды жаттап алуы үшін бірнеше  рет қайталауына мүмкіндік болады.

Бақылаушылық-түзету–ағымдық және қорытынды бақылау жұмыстарын тексеруге, тексерудің обьективті, яғни шынайы болуына, оқытушының бақылау жұмысын тексеруге уақытын бөлмеуге, бақылау жұмысының қорытындысын жасауға тиімді.

Өзге тілді компьютерлік технология арқылы оқытуды енгізу – тіл үйренушінің тілді меңгеруін белгілі бір дәрежеге көтереді деген пікірде сарапшылар. Компьютерлік технология арқылы оқытылған тілдік материалдар көп уақытқа дейін адамның жадында сақталады. Дәстүрлі оқу-әдістемелік әдебиеттерге қарағанда (оқулықтар, аудио, видео, плакат, таблица, кестелерге) компьютерлік оқулықтардың жүйелілігі мен бірнеше оқыту түрлерінің тоғысуына байланысты, яғни, оқытудың интерактивті түрінің қолданылуына орай тіл үйренушінің компьютер мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануына жол ашық.

Білім беру үрдісіне жаңа технологияның енуі көптеген педагогикалық  мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ол дидактикалық және психологиялық  ұстанымдарды жүзеге асыруға да жағдай жасайды.

 

ІІІ Қорытынды

 

Жаңа өмір талабы кез  келген адамды алаңдатады. Шетел тілі қазіргі заман талабына сай көптеген мектептерде 2-сыныптан бастап жүргізілуде. Бұл оқушы бойында ертеден  бастап ұлтаралық, мәдениетаралық бірлестікке  дайындықтың қалыптасуына ықпал етеді. Шетел тілін бастауыш мектептен бастап оқытудың артықшылығы әрбір баланың психологиялық ойлауына, шет тілі сөзіне көңіл аударуына, түсінуіне оң әсер ететіндігі, сонан соң негізгі мектепте білімін берік нығайтып, білім сапасын арттырып, шетел тілінде қарым-қатынасқа түсіп ерте мәдениетаралық коммуникацияға мүмкіндік береді.

Шет тілін оқып, үйрену бірден қалыптаса қоймайды. Өз ана  тілін әлі толық меңгермеген  балаға шетел тілін үйрету оңайға соқпасы анық. Бұл кезде мұғалімге  үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сол үшін бастапқы сыныптарда-ақ оқушыларды түрлі тәсілдермен білім алуға үйрету керек.

Шетел тілін оқыту — оқушылардың  санасында мәдениетаралық коммуникация іскерліктерін қалыптастырудың  нақты жолы. Бұл жерде мәдениетаралық коммуникация ұлттар мен мәдениеттер арасындағы өзара байланысты түсіну ретінде қарастырылады. Оқытудың мәдениетаралық коммуникацияға байланысты бағыт-бағдары әдістеменің логикалық жалғасы болып табылады.

Сонымен, шетел тілдерін оқытуда екі халықтың мәдениеті  мен олардың тілдерінің ерекшеліктерін ескеру аса қажет.

Шетел тілдерін оқыту  мәселелерін қарастырғанда ең алдымен  ана тілінің алар орны туралы мәселе сөз болады. Бұл жайында ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас бар. Оның бірі – шетел тілін оқытуда  тек ана тіліне сүйене, ана тілімен салыстыра отырып оқыту қажет деп санаса, екіншісі – шетел тілі сабағын ана тілінің көмегінсіз тікелей меңгерту керек деп есептейді. Ғалым Л. В. Ляховицский: «Шетел тілін меңгеруде ана тілінің ерекшеліктерін ескеру, үйренуші үшін жаңа тілде кездесетін қиындықтарды түсінуде өте қажет. Тек қана ана тіліне сүйене отырып, кездесетін осындай қиындықтарды жоюға болады. Шетел тілінде жаттығулар жасау арқылы сабақта ана тілін қолданбауға болады, бірақ ана тілі оқушылардың санасында сақталады. Ал егер сабақта ана тілінің ерекшеліктеріне көңіл бөлмесе, оқушылардың шетел тілін меңгеруіне кей жағдайда зиян келуі мүмкін. Яғни, сабақ тек шет тілінде ғана болса, оқушылар үшін түсініксіз тілдік материалдардың саны көбейе түсіп, ол оқушының шетел тілін меңгеруіне қызығуын төмендетеді», — дейді. Ғалымның пікірін негізге ала отырып, ағалшын тілін оқытуда ана тілінің ролі жоғары, сондықтан ағалшын тілін қазақ тілімен салыстыра отырып оқыту жөн деп санаймын.

Ағылшын тілін үйренушіге арналған 10 маңызды кеңес:

  1. Ағылшын тілін үйренумен күн сайын айналысу керек.
  2. Егер оқуға деген құлшынысыңыз төмендеп жатса, ағылшын кітабын қоя тұрып,  радио тыңдау керек. Сонымен  қатар аудиокітаптарға не сөздікке  көз салған жөн.
  3. Контекс үзінділерін жеке бөліп жаттауға болмайды.
  4. «Дайын фразаларды» қажетті орнына қолдану үшін жаттау керек.
  5. Ағылшын тілінде естіген әңгіме мәтіндерін, фильм көріністерін ойша тәржімалауға  талпыныңыз.
  6. Арнайы қате жіберілген жаттығуларды қайта оқудың қажеті жоқ. Көп қайталап оқылған мәтін  еріксізден қателерімен қоса жатталып қалады. Қатесін біле тұра, мәтінді дұрыс оқу керек.
  7. Ағылшын идиомалары, дайын фразалары мен афоризмдерін жазып алып, әрдайым есте сақтау керек. Мәселен: «I am only pulling your leg»  (Мен сені еліктіремін).
  8. Ағылшын тілі – бір мезгілде әр тараптан меңгеруге ұмтылғандар үшін үлкен қамал. Олар газет оқу, радио тыңдау, дубляжданбаған фильм, оқулықтағы жаттығуларды пысықтау арқылы ағылшынды игерудің жолын табуда.
  9. Сөйлеуден, сөйлеу кезіндегі кейбір қателіктерден қорықпаңыз. Егер ойыңыздағы болмай жатса, оған да жасымаңыз.
  10. Ең бастысы, ағылшын тіліне деген қабілетіңіз бен қалауыңыз өсіп, мақсатыңызға жететініңізге  нық сеніміңіз болсын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:  

 

1). И. П. Иванова «Теоретическая грамматика современного английского языка», Москва, 1988 г. стр. 232-337.

2). Л. С. Бархударов  «Грамматика английского языка», Москва, 1986 г., стр. 310.

3). 1. Иманқұлова С. «Жаңаша  оқыту әдістемесі», Әл-Фараби  атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  хабаршысы, Филология сериясы, 97-98 беттер, №1, 2006 ж..

4). М. С. Сақтағанова,  Н. Қ. Алиева, Н. Қ. Айтбаева  «Ағылшын тілін оқытудың әдістері»,  Білім, 43-бет, №3, 2006 ж..

5). Г. Ботағарина, «Ағылшын  тілін оқытудағы бүгінгі белес», Білім, 70-бет, №3, 2006 ж..

6).  Г. Шамшырақова  «Ағылшын тілін оқытудың құрылымы», 12-бет, Кәсіптік мектеп,  №3, 2007 ж..

7). Гүлмира Жұмайқызы,  «Ағылшын және қазақ тілдеріндегі  салыстырмалы ерекшеліктер», Білімдегі  жаңалықтар №3, 53-54 беттер, 2006 ж..

8). Ж. А. Жақыпов «Аударматануды аңдату», Астана, Аударма баспасы — 2004, 234-236 беттер.

9) М. Новщкан, Н. Д.  Кучин «Практическая грамматика  английского языка», Москва, Изд.  «Высшая школа», 1978 г. стр. 350-358.

10). Қазақ грамматикасы, Алматы «Жазушы», 1990 ж. 681-717 беттер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *